Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w09 15.9. 30—32 бет.
  • Мен өмірдің мәнін таптым

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Мен өмірдің мәнін таптым
  • 2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Жақсы өмірді іздеу
  • Көзімнен перде алынғандай болды
  • Отбасымның шындықты қабылдауы
  • Қартайған сайын байлығым молая түсті
  • Қызметте өткізген мағыналы өмірім
2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w09 15.9. 30—32 бет.

Мен өмірдің мәнін таптым

АЙТЫП БЕРГЕН: ГАСПАР МАРТИНЕЗ

Менің оқиғам қарапайым ауыл жігітінің қалаға барып байығаны жайлы деуге болады. Бірақ қол жеткізген байлығым іздеп барғанымнан басқа екенін көресіздер.

БАЛАЛЫҚ шағым Испанияның солтүстігіндегі жері құнарсыз Риоха өлкесінде өтті. Он жасымда мектепті тастауыма тура келді, бірақ ол кезге дейін хат танып қалғанмын. Алты бауырыммен бірге мал бағып, азғана жерімізге егін егіп, күні бойы еңбектенетінбіз.

Жоқшылық көргендіктен біз дүние-мүлікке көп мән беретінбіз. Сондықтан бізден гөрі жақсырақ тұратындарға қызғана қарайтынбыз. Әйтсе де, епископ біздің ауылды “қарауындағы елді мекендердің ішіндегі ең діншілі” деп мақтап кеткен болатын. Бірақ ол уақыт өте келе көпшілігінің католик дінінен кететінін білмеген еді.

Жақсы өмірді іздеу

Мен өз ауылымда тұратын Мерсэдес деген қызға үйлендім. Көп ұзамай ұлды болдық. 1957 жылы жақын маңдағы Логроньо қаласына көштік, біртіндеп бүкіл отбасым да сол жаққа қоныс аударды. Қалаға барғаннан-ақ мамандықтың жоқтығынан күн көріске қаражат табу мүмкіндігімнің аз екенін түсіндім. Қайдан басшылық табуға болатынын білгім келіп, жергілікті кітапханаға бардым. Нақты не қажет екенін білмей, әйтеуір бірдеңе іздеуге кірістім.

Бірде радио бағдарламасында хат арқылы Киелі кітап зерттеу курсы ұсынылғанын естідім. Курсты бітіргенде менімен евангелист протестанттарының өкілдері байланысты. Олардың ғибадат орындарында екі рет болдым да, беделді мүшелерінің арасындағы бақталастықты байқап, қайтып ол жаққа аяқ баспауды шештім. Содан діндердің бәрі осындай екен деген ойға келдім.

Көзімнен перде алынғандай болды

1964 жылы үйіме Ехоба куәгері Еукенио есімді жас жігіт келді. Олар туралы бұрын ештеңе естіген емеспін. Дегенмен Киелі кітап жайлы әңгімелесуді қатты қаладым. Жазбаларды жақсы білемін деп ойлайтынмын. Содан әңгіме барысында курстан біліп алған бірнеше жазба орнын қолданып жауап бердім. Кейбір протестанттық ілімдерді қорғауға тырысып баққаныммен, оларға өзім де сенбейтінмін.

Еукениомен екі рет ұзақ әңгімелескеннен кейін, оның Құдай Сөзін шебер қолдана алатынын мойындауға тура келді. Мені таңғалдырғаны — ол мектепте менен де аз оқығанына қарамай, жазба орындарын тауып, олардың мәнін түсіндіре біледі. Еукенио маған Киелі кітаптан біздің соңғы күндері өмір сүріп жатқанымызды және жақында Құдай Патшалығы жерде жұмақ орнататынын көрсетті. Мұның бәрі мені қатты қызықтырды (Заб. 36:11, 29; Ишая 9:6, 7; Мат. 6:9, 10).

Содан Киелі кітап зерттеу сабағына қуана келістім. Зерттеу барысында ашылып отырған шындықтың бәрі дерлік мен үшін жаңалық әрі көңілге қонымды еді. Алдымда ұмтылуға тұрарлық болашақ күтіп тұрғанын түсіндім. Осылайша ізденісім нәтижелі аяқталды. Енді тұрмыс жағдайын жақсарту бос әурешілік, ал жұмыс мәселесіне қатысты қиыншылықтармен күрес маңызды болмай қалды. Ауру мен өлімнің өзі жойылғалы тұрғанда, басқа қиындықтар тіпті де жойылады емес пе?! (Ишая 33:24; 35:5, 6; Аян 21:4).

Киелі кітаптан білгендерімді бірден туысқандарыма айтып, Құдайдың жерді адал адамдар мекендейтін мәңгі мекен етпек ниетін құлшына түсіндіруге кірістім.

Отбасымның шындықты қабылдауы

Біраз уақыт өткенде туысқандарымның көбісімен жексенбі сайын түстен кейін ағамның үйінде жиналып, Киелі кітап уәделері жайлы әңгімелесіп тұруды шештік. Бұған біз аптасына екі-үш сағат жұмсадық. Еукенио Киелі кітапқа қызығушылық танытқан туыстарымның осыншама көп екенін көргенде, әр отбасымен жеке кездесудің қамын жасады.

120 шақырым жердегі шағын ғана Дуранго қаласында да туыстарым тұратын. Ол жерде Куәгерлер жоқ еді. Үш айдан соң жұмыстан бірнеше күнге демалыс алып, біліп алған шындықтармен бөлісу ниетімен сондағы туыстарыма бардым. Сол жолы әр күні кешке бар-жоғымыз он адамдай жиналып, түннің бір уағына дейін әңгімелесетінбіз. Бәрі де мені зор ықыласпен тыңдады. Қысқа сапарымның соңында оларға Киелі кітап пен оған негізделген әдебиеттер қалдырып кеттім. Кейін арагідік байланысып тұрдық.

Дуранго қаласына Куәгерлер алғаш рет уағыздауға келгенде, Киелі кітап зерттеуді тағатсыздана күтіп жүрген 18 адамды тапты. Куәгерлер әр отбасымен жеке-жеке өткізетін зерттеу сабақтарын ұйымдастыруға қуанышты болды.

Осы уақытқа дейін әйелім Мерсэдес шындықты қабылдамай келген: Киелі кітап ілімдері қызықтырмағандықтан емес, адамдардан қорыққандықтан. Сол жылдары Испанияда Ехоба куәгерлерінің ісіне тыйым салынған болатын, сондықтан ол билік басындағылар екі ұлымызды мектептен шығарады және бәріміз қуғынға ұшыраймыз деп қорықты. Бірақ бүкіл отбасы шындықты қабылдап жатқанын көргенде, ол да Киелі кітап зерттеуге ықылас білдірді.

Екі жылдың ішінде отбасымның 40 мүшесі өмірін Құдайға бағыштап, шомылдыру рәсімінен өтті. Сөйтіп, отбасым да менікіндей мақсатқа ұмтылды. Мен өзімнің нағыз құнды нәрсеге қол жеткізгенімді түсіндім. Бәріміз де Құдайдың рухани байлығына молынан кенелдік.

Қартайған сайын байлығым молая түсті

Жиырма жылды екі ұлымыздың тәрбиесіне және жергілікті қауымға көмектесуге арнадым. Кейін Мерсэдес екеуіміз Логроньоға көшіп бардық. 100 000 тұрғыны бар қалада 20-ға жуық қана Куәгер тұратын. Көп ұзамай маған қауымда көп жауапкершілік жүктелді.

Мен жұмыс істеген фабрика күтпеген жерден жабылып, елу алты жасымда жұмыссыз қалдым. Көптен бері толық уақытты қызметті армандап жүргенмін, сондықтан мүмкіндікті пайдаланып ізашарлық қызметті бастадым. Зейнетақымның аздығынан күн көру қиындау болды. Алайда Мерсэдес азын-аулақ жұмыс істеп, қаржы жағынан жәрдемдесіп тұрды. Сөйтіп өзімізді ең қажет нәрселермен қамтамасыз етіп, мұқтаждық көрген жоқпыз. Мен әлі де ізашармын, ал әйелім арагідік қосалқы ізашар болып, уағыздау ісіне қуана қатысып жүр.

Әйелім бірнеше жыл бұрын Киелі кітапты кішкентай кезінде зерттеген Мерша есімді әйелге жүйелі түрде журналдар беріп тұрды. Мерсэдес оның әдебиеттерімізді қызығып оқитынын, әрі Киелі кітап шындығын әлі де бағалайтынын байқады. Ақыр соңында Мерша Киелі кітап зерттеу сабағына келісіп, рухани өсе бастады. Алайда күйеуі Висенте көп ішетін және оның тұрақты жұмысы жоқ еді. Мұның салдарынан отбасын қаржылай қамтамасыз ете алмады. Ішімдіктің кесірінен некелері де ойран болуға шақ қалған еді.

Әйелім Мершаға Висентені менімен сөйлесуге талпындырып көр деген кеңес берді. Висенте мұны құп көргендіктен, екеуіміз бірнеше рет кездесіп әңгімелестік. Кейін ол Киелі кітапты зерттеуге келісті. Содан ол өзгеріс жасай бастады. Алдымен бірнеше күндеп ішпейтін болды. Келе-келе ішпейтін кезеңі бір не бірнеше аптаға созылды, ақыр соңында біржола қойды. Мұндай өзгерісті өзгелер де байқады, әрі отбасында ынтымақ орнады. Қазір ол бүкіл отбасымен, әйелі мен қызы да, Канар аралдарында тұрады, әрі сондағы шағын қауымға керемет көмек көрсетіп жүр.

Қызметте өткізген мағыналы өмірім

Қырық жыл бұрын Киелі кітап ілімдерін қабыл алған туыстарымның кейбірі қайтыс болды. Сонда да үлкен отбасым өсіп жатыр, Құдайдың батасына молынан кенелуде (Нақ. с. 10:22). Киелі кітап зерттеуді қырық жыл бұрын бастаған туыстарымның бәрі дерлік бала-шағаларымен бірге Ехобаға осы күнге дейін қызмет етіп жүргендерін көргенде, зор қанағат сезінемін!

Қазір Куәгер туыстарым көп, араларында ақсақал, қызмет көмекшісі, ізашар ретінде қызмет етіп жүргендері аз емес. Үлкен ұлым әйелімен Мадридтегі (Испания) Ехоба куәгерлерінің филиалында қызмет етеді. Мен шындыққа келгенде Испанияда шамамен 3 000 Куәгер болатын. Қазір 100 000-нан асады. Толық уақытты қызметтен зор қуаныш алып жүрмін, әрі қызметте өткізген мағыналы өмірім үшін Құдайға мың да бір рақмет айтқым келеді. Мектепте бірнеше-ақ жыл оқыған болсам да, аудандық бақылаушының көмекшісі ретінде арагідік қызмет етіп тұрамын.

Бірнеше жыл бұрын туып өскен ауылдың елсіз қаңырап бос қалғанын естідім. Жоқшылықтың кесірінен бәрі үй-жайларын, жерлерін тастап, жақсы өмір іздеп кетіпті. Сол ауылдан кеткендердің көбісі, өзім де, рухани байлық таба алғанына қуаныштымын. Өмірдің мәні бар екенін және Ехобаға қызмет ету біз ойлағаннан да зор бақытқа жеткізетінін білдік.

[32-беттегі сурет]

Мартинез бауырластың шындықта жүрген барлық дерлік туыстары

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу