Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w09 15.8. 12—16 бет.
  • Жер бетінде мәңгі өмір сүру — қайта жанған үміт

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Жер бетінде мәңгі өмір сүру — қайта жанған үміт
  • 2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Үміт беретін шындықты жасыру
  • Түнекте жанған шындық
  • Пайғамбарлықтардың мәнін білетіндер көбейеді
  • Алдағы салтанатты бостандық
  • Жер бетінде мәңгі өмір сүру — мәсіхшілердің үміті
    2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Жер беті Құдай туралы білімге толған кезде
    Мәңгілік өмірге алып баратын білім
  • Көкте Құдай Патшалығы орнады!
    Құдай Патшалығы билік етуде!
  • Апокалипсис — үрей ме, әлде үміт пе?
    2000 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
Көбірек мәлімет
2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w09 15.8. 12—16 бет.

Жер бетінде мәңгі өмір сүру — қайта жанған үміт

“Ал сен, Даниил, осы сөздерді... соңғы мерзімге дейін сақтап қой; оны көп адам оқиды да мәнісін білетіндер көбейеді” (ДАН. 12:4).

1, 2. Осы мақалада қандай сұрақтарды қарастырамыз?

БҮГІНДЕ миллиондаған адам Киелі кітаптағы бір шындықты анық түсінеді. Бұл — адамзаттың жұмаққа айналған жерде мәңгі өмір сүру үміті жайлы шындық (Аян 7:9, 17). Құдай адам баласын біраз жыл өмір сүріп, кейін өлсін деген емес, мәңгі өмір сүрсін деген ниетпен жаратқанын о баста-ақ анық білдірген (Жар. 1:26—28).

2 Исраилдіктер болашақта адамзат Адам ата жоғалтқан кемелділікке қайта жететініне сенген. Мәсіхшілердің грек жазбаларында да Құдайдың жерді жұмаққа айналдырып, адамзатты мәңгілік өмірге жеткізетіні айтылған. Олай болса, үміт беретін мұндай шындықты неліктен қайта ашу керек еді? Ол қалай ашылып, миллиондаған адамға белгілі болды?

Үміт беретін шындықты жасыру

3. Жердегі мәңгілік өмір жайлы шындықтың жасырылғаны неге бізді таңғалдырмайды?

3 Иса жалған пайғамбарлардың шынайы ілімді бұрмалап, адамдардың көпшілігін адастыратынын алдын ала айтқан (Мат. 24:11). Елші Петір мәсіхшілерге: “Сендердің араларыңда да жалған ұстаздар болмақ”,— деп ескерткен (Пет. 2-х. 2:1). Ал елші Пауыл: “Адамдар дұрыс тәлімді еш қабылдамайтын уақыт та туады. Олар жеке құмарлықтарының жетегінде кетіп, құлақтарына жағатындарды айтатын мұғалімдерді көптеп шақырып, соларды тыңдайтын болады”,— деген (Тім. 2-х. 4:3, 4). Адамдардың адасуына Шайтанның да қатысы бар. Ол жолдан тайған мәсіхшілер арқылы Құдайдың адамзат пен жерге қатысты керемет ниеті жайлы шындықты жасырды (Қорынттықтарға 2-хат 4:3, 4 оқы).

4. Жолдан тайған дінбасылары адамзаттың қандай үмітінен бас тартты?

4 Киелі жазбаларда көктен билік жүргізетін Құдай Патшалығының адамзат орнатқан биліктерді жоятыны түсіндірілген (Дан. 2:44). Иса өзінің мыңжылдық билігі кезінде Шайтанды түпсіз тұңғиыққа лақтырады, өлгендерді қайта тірілтеді және жер бетіндегі адамзатты келмелділікке жеткізеді (Аян 20:1—3, 6, 12; 21:1—4). Алайда жолдан тайған мәсіхшілер әлемінің дінбасылары осы шындыққа жат идеяларды қабылдады. Мысалы, III ғасырда Шіркеу басы болған александриялық Ориген Мыңжылдық патшалықтың жерге төгетін баталарына сенгендерді қатты айыптады. Ал католик теологы гиппоналық Августин (б. з. 354—430 жылдар) “мыңжылдық билік болмайды деген идеяны қолдады” (“Католик энциклопедиясы”)a.

5, 6. Неге Ориген мен Августин Мыңжылдық билік іліміне қарсы шықты?

5 Неге Ориген мен Августин Мыңжылдық билік іліміне қарсы шықты? Ориген Грек пәлсапасының өлмейтін жан туралы идеясын ұстанған александриялық Клименттің шәкірті еді. Сондықтан ол да жан туралы идеяның ықпалында болды. Теолог Вернер Яганың айтуынша, Ориген “Платоннан бастау алған жанның бәрін қамтитын болмысы туралы ұғымды мәсіхшілердің іліміне енгізді”. Осылайша ол Мыңжылдық биліктің жердегі баталарын рухани әлемге “көшірді”.

6 Августин отыз үш жасында өз кезіндегі мәсіхшілікті қабылдамас бұрын неоплатонист болған, яғни Платонның идеясын жетілдірген Плотиннің (III ғасыр) пәлсапасын ұстанған. Мәсіхшілікті қабылдаса да, Августиннің неоплатонистік көзқарасы өзгермеді. “Оның ой-санасы Жаңа өсиет ілімдері мен Платоннан қалған грек пәлсапасын қосып балқытқан орынға айналды”,— деп жазды “Жаңа британия энциклопедиясы”. Аян кітабының 20-тарауында суреттелген Мыңжылдық билікті Августин “бейнелі мағынада түсіндірді”. “Бұл түсіндірмені... уақыт өте келе Батыс теологтары қолдана бастады, нәтижесінде Мыңжылдық билік жайлы шындық ұмыт болды” (“Католик энциклопедиясы”).

7. Қандай түсінік адамзаттың жерде мәңгі өмір сүруге деген үмітін біртіндеп жойды және қалай?

7 Ежелгі бабылдықтардың тән өлгенде жан немесе рух тіршілік ете береді деген түсінігі әлемге кең тарап, адамзаттың жерде мәңгі өмір сүру үмітін бірте-бірте жойды. Бұл көзқарасты мәсіхшілер әлемі қабылдағаннан кейін, олардың діни ғұламалары көктегі үмітке қатысты айтылған жазба орындарын бұрмалап, жақсы адамдардың бәрі көкке барады деп үйретті. Осылайша жердегі өмір уақытша тұраққа, яғни көктегі өмірге лайық болу үшін сынақтан өтетін жерге айналды. Яһудилердің жердегі мәңгі өмір сүру үміті де осындай күйге ұшыраған еді. Олар өлмес жан туралы гректердің идеясын қабылдағандықтан, жерде мәңгі өмір сүру үміті сөнді. Мұндай сенім адамның Киелі кітапта суреттелген болмысына қайшы келеді. Адам — рух емес, тәндік жаратылыс. Себебі Ехоба алғашқы адамға: “Сен топырақтан жаратылдың”,— деген (Жар. 3:19). Адамның мәңгілік отаны — көк емес, жер (Забур 103:5; 113:24 оқыb).

Түнекте жанған шындық

8. 1600 жылдары кейбір ғалымдар адамзаттың үміті жайлы не айтты?

8 Мәсіхшілерміз деп жүрген діндердің көбісі жерде мәңгілік өмір болатынына сенбегенімен, Шайтанның шындықты жасырмақ әрекеті сәтті бола бермеді. Киелі кітапты мұқият зерттеген бірталай адам Құдайдың адамзатты кемелділікке жеткізу ниетінің кейбір тұстарын дұрыс түсініп, шындықтың жарығын көрген (Заб. 96:11; Мат. 7:13, 14; 13:37—39). 1600 жылдары Киелі кітапты аудару мен басып шығарудың арқасында көп адам оны оқи алды. Бір ғалымның 1651 жылы айтқан сөзіне сай, Адам атаның кесірінен “Жұмақ пен жердегі мәңгілік өмір жоғалтылды”, ал Иса арқылы “барлық адам жердегі өмірге қайтадан ие болады; басқа ешқандай түсінікті бұлай үйлестіру мүмкін емес” (Қорынттықтарға 1-хат 15:21, 22 оқы). Әлемге танымал ағылшын жазушысы Джон Милтон (1608—1674 жылдар) “Жұмақтың жоғалуы” және “Жұмақтың қайта табылуы” атты еңбегінде адал адамдардың жұмақ орнаған жерде алатын сыйларына көңіл бөлді. Милтон Киелі кітапты зерттеуге көп жыл жұмсағанымен, Жазбалардағы шындықтың Мәсіх келген кезде ғана толық ашылатынын мойындаған.

9, 10. а) Исаак Ньютон адамзаттың болашағы туралы не жазған? ә) Неге Ньютон Мәсіхтің келетін кезіне әлі көп уақыт бар деп есептеді?

9 Дүниеге танымал математик Исаак Ньютон (1642—1727 жылдар) — Киелі кітапты терең зерттеген адамдардың бірі. Ол қасиеттілер көкке барып, Исамен бірге көзге көрінбей билік ететінін түсінген (Аян 5:9, 10). Ал Патшалықтың азаматтары жайлы: “Сот күнінен кейін пенделер жерді мың жыл ғана емес мәңгі мекен етеді”,— деп жазды.

10 Ньютон Мәсіх келетін уақытқа әлі талай ғасыр бар деп есептеген. “Құдай патшалығы орнайтын кез әлі алда деп есептеуінің бір себебі,— деп жазды тарихшы Стефан Снобелен,— ол кең тараған Үшбірлік ілімінен, яғни жолдан таюшылықтан, еш жақсылық күтпеді”. Ізгі хабар әлі де жасырын еді. Ньютон өз заманында оны уағыздай алатын мәсіхшілердің ешбір тобын көрген жоқ. Ол: “Даниял және Жохан [Аян кітабында] жазған пайғамбарлықтардың мағынасы заманның ақырына дейін ашылмайды”,— деп жазды. Мұның себебін түсіндіріп, былай деп жалғастырды: “Даниял: — Оны көп адам оқиды да мәнісін білетіндер көбейеді,— деген. Демек, Ұлы азаптың алдында Ізгі хабар барлық халыққа уағыздалуға тиіс, содан кейін дүниенің ақыры келеді. Ал оған дейін уағыздалмаса, қолдарына пальма бұтағын ұстап Ұлы азаптан аман өтетін барлық ұлттан шыққан үлкен топ сансыз көп бола алмайды” (Дан. 12:4; Мат. 24:14; Аян 7:9, 10).

11. Милтон мен Ньютонның кезінде адамзаттың болашағы жайлы шындық неге жасырын еді?

11 Милтон мен Ньютонның кезінде шіркеудің ресми түрде қабылдаған ілімдеріне қайшы келетін түсінікті ашық айту қауіпті болған. Сондықтан Киелі кітапты зерттеу еңбектерінің көбісі олар өлгеннен кейін ғана жарық көрді. XVI ғасырда орын алған Реформацияc кезінде өлмес жан туралы ілім өзгеріссіз қалды және ықпалды Протестант шіркеуі Мыңжылдық билік басталып кеткен деген Августиннің идеясын уағыздай берді. Тура білім соңғы заманда көбейді ме?

Пайғамбарлықтардың мәнін білетіндер көбейеді

12. Тура білімнің қай кезде көбейетіні айтылған?

12 Даниял ‘соңғы мезгілде’ тура білімнің көбейетінін айтқан (Дан. 12:3, 4, 9, 10). Иса: “Әділдер... күн сәулесіндей жарқырайтын болады”,— деген (Мат. 13:43). Тура білім соңғы мезгілде қалай көбейді? Соңғы мезгіл басталған 1914 жыл жақындағанда орын алған кейбір тарихи оқиғаларды қарастырайық.

13. Расселл жоғалтылғанды қайта қалпына келтіру мәселесін зерттеген соң не деп жазды?

13 1800 жылдардың соңына таман шындықты іздеген бірнеше адам “дұрыс ілімнің үлгісін” түсінуге тырысты (Тім. 2-х. 1:13). Солардың бірі — Чарлз Тейз Расселл. 1870 жылы ол басқалармен бірігіп Киелі кітап зерттеу тобын құрды. 1872 жылы олар Адам ата жоғалтқанды қайта қалпына келтіру мәселесін зерттеді. Кейінірек Расселл: “Сыналып жатқан қауымның (майланған мәсіхшілер қауымының) алатын сыйы адал адамзаттың сыйынан мүлдем өзгеше екенін осы уақытқа дейін біз анық білмей келдік”,— деп жазды. Адал адамзаттың алатын сыйы — “Адам ата жоғалтқан, бірақ қайта қалпына келтірілген Едем бағындағы кемелді өмір”. Расселл Киелі кітап зерттеуде басқалардың көмектескенін айтқан. Олар кімдер?

14. а) Елшілердің істері 3:21-дегі сөздерді Генри Данн қалай түсінді? ә) Данның айтуынша, кім мәңгі өмір сүреді?

14 Олардың бірі — Генри Данн. Ол “Барлық нәрсе қалпына келеді... сол күндерді Тәңір қасиетті пайғамбарларының аузымен баяғыда-ақ жариялап қойды” деген жазба орнын түсіндірді (Ел. іс. 3:21). Данн қайта қалпына келтірілетін жайттардың бірі Мәсіхтің Мыңжылдық билігі кезінде адамзаттың кемелділікке жетуі екенін білді. Сондай-ақ ол көп адамды қызықтырған “Кім мәңгі өмір сүреді?” деген сұрақты зерттеді. Сөйтіп ол миллиондаған адамның қайта тірілген соң шындықты біліп, Мәсіхке сенім білдіруге мүмкіндік алатынын түсіндірді.

15. Джордж Сторрз қайта тірілуге қатысты нені түсінді?

15 1870 жылы Джордж Сторрз да әділетсіздер мәңгі өмір сүру мүмкіндігіне ие болу үшін қайта тіріледі деген тұжырымға келді. Сондай-ақ ол қайта тірілген соң мүмкіндігін дұрыс қолдана алмағандар “жүз жасаған болса да, қарғысқа ұшыраған күнәкар боп өлетінін” түсінді (Ишая 65:20). Сторрз Бруклинде (Нью-Йорк) өмір сүрген және “Киелі кітап зерттеушісі” деген журнал шығарған.

16. Қандай сенім Киелі кітап зерттеушілерін мәсіхшілер әлемінен бөлді?

16 Киелі кітапты зерттеу барысында Расселл ізгі хабарды кеңінен жариялайтын уақыттың келгенін ұқты. Сондықтан 1879 жылы ол “Сион күзет мұнарасы және Мәсіх билігінің жаршысы” (қазір “Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды”) деп аталатын журнал басып шығару ісін қолға алды. Бұрын адамзаттың болашағы туралы шындықты аз ғана адам түсінсе, енді көп елде “Күзет мұнарасын” жүйелі түрде алып тұратын Киелі кітап зерттеушілер тобы пайда болды. Олар көкке саны шектеулі адам барады, ал миллиондаған басқа адам жердегі кемелді өмірге ие болады деп сенді. Осылайша олар мәсіхшілер әлемінен бөлінді.

17. Тура білім қалай көбейді?

17 Алдын ала айтылған “соңғы мезгіл” 1914 жылы басталды. Адамзаттың болашағына қатысты тура білім көбейді ме? (Дан. 12:4). 1913 жылға дейін Расселлдің 2 000 газетте жарияланған уағызы жалпы алғанда 15 000 000 оқырманның қолына тиді. Ал 1914 жылдың соңына таман үш құрлықтың 9 000 000 тұрғыны Мәсіхтің Мыңжылдық билігін фильм және слайдтар арқылы түсіндіретін “Жаратылыстың фотодрамасын” көрді. 1918—1925 жылдары Ехобаның қызметшілері 30-дан астам тілде жерде мәңгі өмір сүру үмітін түсіндіретін “Қазір өмір сүріп жатқан миллиондаған адам ешқашан өлмейді” деген баяндаманы ұсынды. 1934 жылы Ехоба куәгерлері жерде мәңгі өмір сүруге үміттенген адамдардың шомылдыру рәсімінен өтуі керек екенін түсінді. Бұл оларды Патшалық туралы ізгі хабарды жаңа қарқынмен құлшына уағыздауға талпындырды. Жерде мәңгі өмір сүру үміті бүгінде миллиондаған адамның жүрегін Ехобаға деген ризашылыққа толтыруда.

Алдағы салтанатты бостандық

18, 19. Ишая 65:21—25 тармақтардан болашақта өмірдің қандай болатынын білеміз?

18 Ишая пайғамбар киелі рухтың жетелеуімен болашақта Құдай халқының қандай өмірге қол жеткізетіні жайлы жазды (Ишая 65:21—25 оқы). 2 700 жыл бұрын осы сөздер жазылғанда өсіп тұрған кейбір ағаштар әлі күнге дейін тірі. Өмірдің қаншалықты ұзақ әрі күш-қайратқа толы бола алатынын көз алдыңа елестетіп көрші!

19 Сол уақытта өмір қазіргідей бесіктен молаға дейінгі қысқа сапар емес, білім алуға, құрылыс істерімен айналысуға және жерді өңдеп күтуге шексіз мүмкіндік беретін мәңгілік саяхатқа айналады. Адамдармен достығыңды қаншалықты нығайта алатыныңды ойлап көрші. Сүйіспеншілікке негізделген мұндай жақын қарым-қатынас мәңгі жалғаспақ. ‘Құдайдың рухани балалары салтанатты бостандыққа’ ие болғанда, жердегі өмір қандай керемет болады десеңші! (Рим. 8:21).

[Сілтемелер]

a Августин Құдай патшалығының Мыңжылдық билігі болашақта емес, Католик шіркеуінің негізі қаланған кезде басталып қойған жайт деп тұжырымдады.

b Забур 103:5: “Сен жерді берік негізге орнаттың, Ол ешқашан қозғалмайды орнынан”.

Забур 113:24: “Заңғар көк — Жаратқанның иелігі, Ал жер бетін Ол адамзатқа берді”.

c XVI ғасырда кейбіреулер Католик шіркеуінен және оның кейбір ілімдерінен бас тартты, олар протестанттар деп аталды.

Түсіндіріп бере аласыңдар ма?

• Жерде мәңгі өмір сүруге үміт беретін шындық қалай жасырылды?

• 1600 жылдары Киелі кітапты оқыған кейбір адамдар нені түсінді?

• 1914 жылға таман адамзаттың болашағы жайлы шындық қалай айқын болды?

• Жердегі үміт жайлы білім қалай көбейді?

[13-беттегі суреттер]

Жазушы Джон Милтон (сол жақта) және математик Исаак Ньютон (оң жақта) жерде мәңгілік өмір болатынын білген

[15-беттегі суреттер]

Алғашқы Киелі кітап зерттеушілері адамзаттың шынайы үмітін дүниежүзіне жариялайтын уақыт келгенін түсінген

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу