Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w09 15.1. 17—20 бет.
  • “Жол міне, мынау, сонымен жүріңдер”

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • “Жол міне, мынау, сонымен жүріңдер”
  • 2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Рухани мұқтаждығының қанағаттандырылуы
  • Қызмет жемісі
  • Конгрестерден күш алу
  • Ғалақад мектебі және тағайындалу
  • Отбасындағы қайғы
  • Басқа жерлерге тағайындалу
  • Олар шындық ‘жолымен’ жүріп келеді
  • Анамнан қалған мұра
  • Құдаймен де, анаммен де татулығымыз жарасты
    2015 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Ата-анам науқас болса...
    Жастардың сауалдары
  • Аналар, Әуникені үлгі етіңіздер
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2022
2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w09 15.1. 17—20 бет.

“Жол міне, мынау, сонымен жүріңдер”

Эмилия Педерсонның өмірі

АЙТЫП БЕРГЕН: РУТ Е. ПАПАС

МЕНІҢ анам Эмилия Педерсон 1878 жылы дүниеге келген. Ол мектеп мұғалімі болғанымен, негізінде, адамдарға Құдайға жақындауға көмектесуді қалайтын. Шағын қала Джаспердегі (Миннесота, АҚШ) үйімізде тұрған үлкен сандық мұның дәлелі деуге болады. Анам Қытайда миссионер ретінде қызмет етуді армандайтын. Бұл сандықты сол үшін алған болатын. Бірақ шешесі қайтыс болған соң, жоспары өзгеріп, үйінде өзінен кейінгі бауырларына қарап қала береді. Ал 1907 жылы Теодор Холинге тұрмысқа шығады. Мен 1925 жылы 2 желтоқсанда туылдым және жеті баланың кенжесі болдым.

Анамның Киелі кітапқа негізделген сұрақтары көп-тін, әрі ол солардың жауаптарын іздеумен болды. Сұрақтарының бірі күнәкарлар азапталатын тозақ оты туралы ілімге қатысты еді. Ол лютеран шіркеуіне келген бір дінбасынан бұл ілімді Киелі кітаптағы қандай жазба орындары растайтынын сұраған болатын. Бірақ ол Киелі кітапта не жазылғаны маңызды емес екенін, адамдарға тозақ оты жайлы бәрібір үйрету керектігін айтады.

Рухани мұқтаждығының қанағаттандырылуы

1900 жылдың басында анамның сіңлісі Эмма музыкадан сабақ алу үшін Нортфилд қаласына (Миннесота) барған болатын. Ол ұстазы Милиус Кришнсонның үйінде тұрады. Оның әйелі Киелі кітапты зерттеуші екен (ол кезде Ехоба куәгерлері солай аталған). Эмма оған әпкесінің Киелі кітапты беріліп оқитын адам екенін айтады. Содан көп ұзамай, Кришнсон ханым анама Киелі кітап сұрақтарының жауаптарын жазып жібереді.

Бірде Киелі кітапты зерттеуші Лора Отхауд Джасперде уағыздау үшін пойызбен Су-Фолстан (Оңтүстік Докота) келеді. Шешем одан алған Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді зерттеп, 1915 жылы Киелі кітаптағы шындықты өзгелермен бөлісе бастайды. Ол Лорадан алған әдебиеттерді таратып жүреді.

1916 жылы анам Су-Ситиде (Айова) өтетін конгреске Чарлз Тейз Расселлдің келетінін естиді. Ол сонда барғысы келеді. Сол уақытта анамның бес баласы бар еді, ал ең кішісі Марвин бес айлық болатын. Соған қарамастан ол балаларын ертіп, Су-Ситидегі конгреске бару үшін пойызбен 160 шақырым қашықтықты жүріп өтеді. Анам Расселл бауырластың баяндамасын тыңдайды, “Жаратылыстың фотодрамасын” көреді және шомылдыру рәсімінен өтеді. Үйге келген соң, конгресс жайлы мақала жазып, онысы “Джаспер журналында” жарық көреді.

1922 жылы анам Сидар-Пойнтта (АҚШ, Огайо) өткен конгреске барады, оған 18 000-дай адам қатысады. Сол конгрестен соң ол Құдай Патшалығын жариялауды еш тоқтатқан жоқ. Шынында да, оның үлгісі бізді “Жол міне, мынау, сонымен жүріңдер” деген шақыруға құлақ асуға талпындырды (Ишая 30:21).

Қызмет жемісі

1920 жылдың басында ата-анам Джаспер қаласының сыртына көшіп барды. Әкемнің табысты ісі және асырауы керек үлкен отбасы болды. Ол Киелі кітапты анам сияқты зерттемегенмен, уағыздау ісіне шын жүректен қолдау көрсететін және ол кезде пилигримдер деп аталған аралаушы қызметшілерді үйге қабылдайтын. Осындай бауырластардың бірі баяндама айтқанда, үйімізге жүз шақты адам келіп, қонақ бөлмеміз, асхана мен жатын бөлмеміз толып кететін.

Мен шамамен жеті жаста болғанда, нағашы әпкем Лети телефон соғып, көршілері Эд Ларсен мен оның әйелі Киелі кітапты зерттегісі келетінін айтты. Олар Киелі кітаптағы шындықты қуана қабылдап, кейінірек көршісі әрі сегіз баланың анасы Марта ван Даленді де зерттеуге шақырады. Марта мен бүкіл отбасы да Киелі кітап зерттеушілері боладыa.

Шамамен сол кездері бізден бірнеше шақырым жерде тұратын жас жігіт Гордон Каммеруд әкемнің қолында жұмыс істей бастады. Гордонға жұрт: “Бастығыңның қыздарынан абай бол. Олар “біртүрлі” дінді ұстанады”,— деп ескерткен болатын. Алайда Гордон Киелі кітапты зерттеуді бастап, көп ұзамай-ақ шындықты тапқанына көзі жетеді. Үш айдан соң шомылдыру рәсімінен өтеді. Оның әке-шешесі де шындықты қабылдайды. Сөйтіп, біз, яғни Холиндер отбасы және Каммерудтар мен ван Далендер отбасы жақын достасып кеттік.

Конгрестерден күш алу

Анамның Сидар-Пойнттағы конгрестен жігерленгені сонша — бұдан былай ешбір конгресті жіберіп алғысы келмеді. Бала кезімде осындай жиындарға бару үшін ұзақ сапар шеккеніміз жадымда жақсы сақталыпты. 1931 жылы Колумбуста (Огайо) өткен конгрестің маңызы аса зор болды, өйткені сонда “Ехоба куәгерлері” деген атау қабылданды (Ишая 43:10—12 ЖД). 1935 жылы Вашингтон қаласында өткен конгресс те жақсы есімде. Сол кезде Аян кітабындағы “өте үлкен тобырдың” кім екені анықталған тарихи баяндама айтылды (Аян 7:9). Сол конгресте 800-ден астам адам шомылдыру рәсімінен өтті, олардың арасында әпкелерім Лилиан мен Еуника да болды.

Отбасымызбен 1937 жылы Колумбуста (Огайо), 1938 жылы Сиэтлде (Вашингтон), 1939 жылы Нью-Йорк қаласында өткен конгреске бардық. Бізге ван Далендер, Каммерудтар және тағы басқа отбасылары қосылды. Жол-жөнекей шатыр тігіп, тынығып алатынбыз. 1940 жылы Еуника Лео ван Даленге тұрмысқа шығып, екеуі ізашар болды. Сол жылы Лилиан мен Гордон Каммеруд үйленіп, олар да ізашарлық қызметті бастады.

1941 жылы Сент-Луисте (Миссури) өткен конгресс ерекше болды. Мыңдаған жастар “Балалар” деп аталатын кітап алды. Бұл конгресс мен үшін де елеулі оқиға болды. Одан көп ұзамай, 1941 жылдың 1 қыркүйегінде, мен, ағам Марвин және әйелі Джойс ізашарлық қызметті бастадық. Ол кезде 15 жаста едім.

Біз тұратын жақта егін шаруашылығымен айналысатындықтан, бауырластар үшін конгрестерге бару қиын болатын, өйткені олар жиі орақ кезіне сай келетін. Сондықтан конгрестен соң, үйдің артындағы аулада оған бара алмағандар үшін бағдарламаны қайталайтынбыз. Бұл бір қуанышты сәттер еді.

Ғалақад мектебі және тағайындалу

1943 жылы ізашарларды миссионерлік қызметке үйрету үшін Ғалақад мектебі ұйымдастырылды. Бірінші сыныпта ван Далендер отбасының алты мүшесі: ағайынды Эмиль, Артур, Гомер және Лео, сондай-ақ олардың немере ағасы Дональд және Леоның жұбайы, менің әпкем Еуника оқыды. Біз олармен көңіліміз толқи қоштастық, өйткені оларды қайтып көретін-көрмейтініміз белгісіз еді. Мектепті бітірген соң, алтауы да Пуэрто-Рикоға тағайындалды. Ол кезде онда он шақты ғана Куәгер болатын.

Бір жылдан соң Лилиан мен Гордон, Марвин мен Джойс Ғалақад мектебінің үшінші сыныбына шақырылды. Олар да Пуэрто-Рикоға жіберілді. Сосын, 1944 жылдың қыркүйегінде мен, 18 жасымда, Ғалақадтың төртінші сыныбына бардым. 1945 жылдың ақпанында мектепті бітіріп, Пуэрто-Рикодағы бауырларыма қосылдым. Мен үшін қызықты дүниенің есігі ашылды! Испан тілін үйрену қиынға соқса да, көп кешікпей-ақ кейбіріміз 20-дан астам Киелі кітап зерттеу сабағын өткіздік. Ехоба ісімізге батасын берді. Бүгінде Пуэрто-Рикода 25 000-дай Куәгер бар!

Отбасындағы қайғы

1950 жылы Лео мен Еуниканың ұлы Марк дүниеге келеді, бірақ олар Пуэрто-Рикода қала береді. 1952 жылы олар демалыс алып, туысқандарына бармақ болады. Сөйтіп, 11 сәуірде ұшаққа отырады. Өкінішке қарай, ұшақ жерден көтеріле бере мұхитқа құлайды. Лео мен Еуника қаза болады. Ал мұхит бетінде қалқып бара жатқан екі жасар Маркті бір кісі құтқарушы салға лақтырады да, қолдан тыныс алғызылып, бала аман қаладыb.

Осы оқиғадан 5 жылдан соң, 1957 жылдың 7 наурызында, әкем мен шешем Патшалық сарайына бара жатқанда, көліктерінің дөңгелегі жарылып қалады. Әкем жол жиегінде оны ауыстырып жатқанда, бір көлік қағып кетіп, бірден мерт болды. Жерлеу рәсіміне арналған баяндамаға 600-дей кісі келіп, әкемізді құрмет тұтатын айналадағы адамдарға жақсы куәлік берілді.

Басқа жерлерге тағайындалу

Әкемнің өлімінің алдында ғана мен Аргентинаға тағайындалған болатынмын. Ал 1957 жылдың тамызында Анд тауларының етегіндегі Мендоса қаласына келдім. 1958 жылы Ғалақадтың 30-сыныбын бітірген Джордж Папас Аргентинаға тағайындалады. Ол екеуміз жақсы достар болып, 1960 жылдың сәуірінде үйлендік. 1961 жылы анам 83 жасында қайтыс болды. Ол шындық жолымен адал жүріп, көптеген адамдарға да осылай етуге көмектесті.

Джордж екеуміз он жыл бойы әртүрлі миссионерлер үйінде болып, олармен қызметтестік. Сосын, жеті жыл аудандық қызметте болдық. Ал 1975 жылы ауырып жатқан туыстарымызға көмектесу үшін Құрама Штаттарына оралдық. 1980 жылы күйеуім испан тілді танапта аудандық бақылаушы ретінде қызмет етуге шақырылды. АҚШ-та испан тілінде сөйлейтін 600-ге жуық қауым бар еді. Солардың көбісімен 26 жыл бойы қызметтес болып, қауымдар саны 3 000-нан едәуір асқанын көрдік.

Олар шындық ‘жолымен’ жүріп келеді

Анам немерелерінің де толық уақытты қызмет еткендерінің куәсі болды. Мысалы, ең үлкен әпкем Естердің қызы Карола 1953 жылы ізашарлық қызметті бастады. Ол Денис Тримборға тұрмысқа шығып, екеуі содан бері толық уақытты қызмет етіп келеді. Ал Естердің тағы бір қызы Лоиса болса Уендел Дженсенге күйеуге шығады. Олар Ғалақад мектебінің 41-сыныбын бітіріп, Нигерияда 15 жыл миссионер болып қызмет етеді. Ата-анасы ұшақ апатынан қайтыс болған Маркті Леоның әпкесі Рут Ла Лонд пен күйеуі Куртисс асырап алып, өсіреді. Марк пен әйелі Лавонни біраз жыл ізашар болып қызмет етеді және төрт баланы шындық ‘жолында’ тәрбиелейді (Ишая 30:21).

Бүгінде Орлен есімді бауырымның ғана көзі тірі. 90-ның ортасына келіп қалған ол Ехобаға адал қызмет етіп келеді. Ал Джордж екеуміз қуанышпен толық уақытты қызметімізді жалғастырудамыз. 

Анамнан қалған мұра

Менде анамның бір құнды заты, үстелі, бар. Оны әкем үйленгенде сыйлаған болатын. Үстелдің тартпаларының бірінде оның ескі альбомы жатыр. Оның ішінде хаттар, сондай-ақ газетте жарық көрген әрі Патшалық туралы керемет куәлік берген мақалалары бар. Олардың кейбірі 1900 жылдардың басында жазылған. Үстел тартпасында сондай-ақ анамның миссионер болған балаларынан алған құнды хаттары да бар. Оларды қайта-қайта оқудан еш жалықпаймын. Оның бізге жазған хаттары әрдайым жағымды ойлар мен зор жігер беретін сөздерге толы болатын. Анам миссионер болам деген арманына жеткен жоқ. Әйтсе де оның осы қызметтің түріне деген құлшынысы ұрпақтарына да қатты әсер етті. Мен жұмақта үлкен отбасымыз болып анам мен әкемізбен қайта қауышатын кезді асыға күтудемін! (Аян 21:3, 4).

[Сілтемелер]

a Мартаның балаларының бірі Эмиль ван Даленнің өмірбаянын қара (“Күзет мұнарасы”, 1983 жыл, 15 маусым, 27—30 беттер (ағ.)).

b “Ояныңдар!” журналын қара (1952 жыл, 22 маусым, 3, 4-беттер (ағ.)).

[17-беттегі сурет]

Эмилия Педерсон

[18-беттегі сурет]

1916 жыл. Анам, әкем (қолында Марвин); төменде, солдан оңға қарай: Орлен, Естер, Лилиан, Милдред

[19-беттегі сурет]

Лео мен Еуника (қайтыс болар алдында)

[20-беттегі сурет]

1950 жыл. Солдан оңға қарай, жоғарыда: Естер, Милдред, Лилиан, Еуника, Рут; төменде: Орлен, анам, әкем және Марвин

[20-беттегі сурет]

Джордж және Рут Папастар аудандық қызметте, 2001 жыл

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу