Шәкірт дайындау ісінен қуаныш тап
‘Халықтарға барыңдар! Оларды Менің шәкірттерім етіңдер’ (МАТ. 28:19).
1—3. а) Жариялаушылардың көбі Киелі кітап зерттеу сабақтарына қалай қарайды? ә) Біз қандай сұрақтарды қарастырамыз?
“МЕН Пәкістаннан келген бір отбасымен 11 апта бойы Киелі кітап зерттеу сабағын жүргіздім”,— деді Құрама Штаттардағы хинди тіліндегі топта қызмет ететін әйел бауырлас. “Әрине, біз бір-бірімізге бауыр басып кеттік. Олардың жақында елдеріне оралатынын ойлағанда, көзіме жас келеді. Бір жағынан олармен енді кездесіп тұрмайтыныма өкініп жыласам, басқа жағынан оларға Ехоба туралы білім алуға көмектескеніме қуанып жылаймын”.
2 Осы бауырлас сияқты, сен де біреумен Киелі кітап зерттеу сабағын өткізудің қуанышын сезінгенсің бе? Иса мен оның бірінші ғасырдағы шәкірттері шәкірт дайындау ісінен зор қуаныш алған. Бірде уағыздан оралған 70 шәкірт қызметтерінің жақсы нәтиже бергенін айтып бергенде, Иса ‘Киелі рухтың қуанышына кенелген’ болатын (Лұқа 10:17—21). Бүгінгі күні де көптеген жариялаушы шәкірт дайындау ісінен зор қуаныш алуда. 2007 жылы жариялаушылардың тынбай еңбек етіп, ай сайын алты жарым миллионға жуық зерттеу сабағын өткізгені осыған дәлел болып табылады.
3 Алайда кейбір жариялаушылар Киелі кітап зерттеу сабағын жүргізудің қуанышын әлі сезген емес. Ал басқа біреулері соңғы жылдары ғана мұндай мүмкіндікке ие болмады. Киелі кітап зерттеу сабақтарын жүргізуге не нәрселер кедергі болуы мүмкін? Бұл кедергілерді қалай жеңуге болады? Сондай-ақ Исаның: ‘Халықтарға барыңдар! Оларды Менің шәкірттерім етіңдер’,— деген бұйрығын орындаудың бізге қандай пайдасы бар? (Мат. 28:19).
Қуаныштан айыратын кедергілер
4, 5. а) Кейбір елдерде көп адам ізгі хабарға қалай қарайды? ә) Басқа бір елдерде жариялаушылар қандай қиындықтармен кезігуде?
4 Кейбір елдерде адамдар әдебиеттерімізді қуана-қуана алады және Киелі кітапты қызыға зерттейді. Замбияда уақытша қызмет етіп жатқан австралиялық ерлі-зайыптылар былай деп жазды: “Расында да, Замбия жариялаушылар үшін нағыз жұмақ. Көшеде уағыздау бір керемет! Адамдар өздері келіп әңгіме бастайды, тіпті кейбірі журналдарымыздың белгілі бір санын сұрап жатады”. Соңғы жылдардың бірінде Замбиядағы бауырластар 200 000-нан аса Киелі кітап зерттеу сабағын жүргізді. Бұл санды әрбір жариялаушыға шаққанда, бір не одан көп зерттеу сабағынан келеді.
5 Алайда басқа бір жерлерде әдебиет ұсыну мен зерттеу сабақтарын жүйелі түрде жүргізу оңай болмауы мүмкін. Неліктен? Үйме-үй уағыздағанда, жиі адамдар үйлерінде болмайды, ал үйде болғандары дінге селқос қарайды. Мұндай селқостық жалған діннің екіжүзділігінен немесе адамның ешбір дінді ұстанбайтын отбасында өскендігінен болуы мүмкін. Көп адам жалған бағушылардың кесірінен рухани арып-ашып, жапа шегуде (Мат. 9:36). Олай болса, осындай адамдардың Киелі кітап жайлы сөйлесуге бірден келісе қоймайтынын түсінуге болады.
6. Кейбіреулер қандай кедергілерге кезігуде?
6 Адалдықпен уағыздап жүрген кейбір бауырластар қуаныштан айыратын басқа бір қиындыққа кезігуде. Олар шәкірт дайындау ісіне бір кездері белсене атсалысқан болса да, қазір нашар денсаулықтың не кәріліктің салдарынан мүмкіндіктері шектеулі болып қалған. Бұдан басқа өз-өзімізге жасап алатын кедергілер де бар. Мысалы, Киелі кітап зерттеу сабағын жүргізе алмаймын деген қорқыныш. Сен өзіңді Мұса сияқты сезінесің бе? Ехоба оған перғауынның алдында сөйлеуі тиіс екенін айтқанда, ол: “Уа, Жаратқан Ие! Мен бұрыннан бері де, Сен құлыңмен тілдесіп тұрған қазір де сөзге шешен адам емеспін”,— деген болатын (Мыс. ш. 4:10). Сондай-ақ сәтсіздіктен қорқу да кедергі болып табылады. Біз жақсы тәлім бере алмағандықтан, зерттеп жүрген адам Исаның шәкірті болмай қояды деп қорқатын шығармыз. Мұндай сәтсіздікке ұшырғаннан гөрі, зерттеу сабағын мүлдем жүргізбеген артық деп ойлармыз. Бұл кедергілерді қалай жеңуге болады?
Жүрегіңді дайында
7. Исаны қызмет етуге не талпындырған?
7 Ең алдымен жүректі дайындау қажет. Иса: “Жан дүниең неге толса, ауызың соны айтар”,— деген (Лұқа 6:45). Исаны қызмет етуге адамдардың игілігін ойлағаны талпындырған. Мысалы, Иса халқының рухани мүшкіл халін көргенде, оларға “жаны ашыды”. Сонда ол шәкірттеріне: “Оратын егін көп... Сондықтан егіннің Иесінен оны жинап алатын жұмысшылар жіберуін өтініңдер!”— деген (Мат. 9:36—38).
8. а) Не жайлы ойланғанымыз жөн? ә) Киелі кітап зерттеп жүрген бір әйелдің сөзінен не білеміз?
8 Шәкірт дайындау ісімен айналысып жүргенде, кезінде біреудің бізге уақытын бөліп, Киелі кітап зерттеу сабағын өткізгеннен қандай пайда алғанымыз жайлы ойланған жөн. Сондай-ақ қызметте кездестіретін адамдар жайлы және хабарымыздың оларға қандай пайдасы тиетіні жайлы ойлан. Бір әйел өз еліндегі Бетелге былай деп хат жазып жіберді: “Мен үйіме келіп, тәлім беретін Куәгерлер үшін қаншалықты риза екенімді айтқым келеді. Мен оларға өте көп сұрақ қоямын және ылғи уақыттарын аламын, сөйтіп оларды шаршатып жіберемін. Алайда олар маған шыдамды болып, білгендерін үйретуге тырысуда. Осы адамдармен жолықтырғаны үшін Ехоба мен Исаға ризамын”.
9. Иса не нәрсеге баса назар аударған және біз оған қалай еліктей аламыз?
9 Исаның уағызын тыңдағандардың бәрі оның шәкірті болған жоқ (Мат. 23:37). Кейбіреулер шамалы уақыт қана соңынан еріп жүрді де, кейін оның іліміне қарсы болып, “оған ермейтін болды” (Жох. 6:66). Алайда Иса мұндай жайттардың хабарының маңыздылығына деген көзқарасына әсер етуіне жол бермеді. Сепкен дәнінің көбісі өнбесе де, Иса бар назарын атқарып жатқан ісінің жемісіне аударды. Ол егістіктіктің жинауға дайын пісіп тұрғанын көрді және егін жинауға көмектесуден зор қуаныш алды (Жохан 4:35, 36 оқы). Біздің де, учаскеміздегі өнім бермей қалған жерлерді ойлаудың орнына, өніп шыққан бөлігіне баса назар аударғанымыз дұрыс. Осындай жағымды көзқарасты қалай сақтауға болатынын қарастырайық.
Өнім алу мақсатымен сеп
10, 11. Қуаныш сақтауға саған не көмектеседі?
10 Егінші тұқымды өнім алу мақсатымен себеді. Сол сияқты біз де Киелі кітап зерттеу сабағын бастау мақсатымен уағыздаймыз. Алайда жүйелі түрде уағыздап жүрсең де, адамдарды үйінен сирек кездестіретін немесе қайта барғанда үйлерінен таба алмасаң ше? Бұл ұнжырғаны түсіруі мүмкін. Алайда сол үшін үйме-үй уағыздамай қою керек пе? Әрине, жоқ. Әлі де көп адам ізгі хабарды осы уақыт сынағынан өткен осы әдістің арқасында естуде.
11 Алайда қуаныш сақтау үшін басқа да уағыздау әдістерін қолдана аласың ба? Мысалы, көшеде не жұмыс орындарында уағыздап көрдің бе? Телефон арқылы уағыздауға немесе куәлік берген адамдардың телефон нөмерін сұрап, кейін олармен хабарласып тұруға болады. Қызметте табандылық танытудың және жағдайға бейімделудің арқасында сен Патшалық туралы хабарды қабыл алатын адамды кездестіріп, қызметіңнен қуаныш ала аласың.
Селқостықты жеңу
12. Көп адам дінге селқос қараса, не істеуге болады?
12 Учаскеңдегі адамдардың көбі дінге селқос қарайтын болса ше? Онда, әңгімені оларды қызықтыратын нәрседен бастап көр. Елші Пауыл Қорынттағы мәсіхшілерге: “Яһудилердің араларында яһуди сияқты өмір сүремін... Таурат заңын білмейтін басқа халықтарды әкелу үшін Тауратты білмейтіндей араларында өмір сүремін”,— деп жазған. Осылайша ол ‘әр түрлі адамдар арасында ең болмағанда бірсыпырасын құтқару үшін оларға бейімделген’ (Қор. 1-х. 9:20—22). Пауыл сияқты біз де әңгімені ортақ нәрседен бастай аламыз ба? Құдайға сенбейтін көп адам отбасындағы қарым-қатынастарын жақсартқысы келеді. Сондай-ақ олар өмірдің мән-мағынасын іздеуі мүмкін. Олай болса, сен Патшалық туралы хабарды мұндай адамдарға бейімделе отырып жеткізе аласың ба?
13, 14. Шәкірт дайындау ісінде қуанышымызды қалай арттыра аламыз?
13 Көп жариялаушы адамдардың басым бөлігі дінге селқос болып көрінетін аумақтарда да шәкірт дайындау ісінен қуаныш тауып жатыр. Қалайша? Өзге тілді үйренудің арқасында. Алпыстан асқан бір ерлі-зайыптылар өздері қызмет ететін аймақта Қытайдан келген мыңдаған студент пен олардың отбасылары тұратынын естиді. “Бауырластар бізді қытай тілін үйренуге шақырды,— деді күйеуі.— Біз күн сайын тіл үйренуге уақыт жұмсап, нәтижесінде көп адаммен қытай тілінде Киелі кітап зерттеу сабағын бастадық”.
14 Егер тіл үйренуге жағдайың болмаса, өзге тілде сөйлейтін адамды кездестіргенде, “Барлық ұлт адамдарына арналған ізгі хабар” деген кітапшаны қолдана аласың. Сондай-ақ оларға өз тілінде әдебиеттер ұсынуыңа болады. Әрине, бұл үшін қосымша уақыт пен күш жұмсау қажет. Алайда Құдай Сөзіндегі: “Жомарт сепкен жомарт жинар”,— деген принципті ұмытпа (Қор. 2-х. 9:6).
Бүкіл қауымның көмегі
15, 16. а) Неге шәкірт дайындау бүкіл қауымның ісі? ә) Егде бауырластардың қауымдағы рөлі қандай?
15 Алайда шәкірт дайындау бір ғана адамның ісі емес, бүкіл қауымның ісі. Неге олай? Өйткені Иса: “Менің шәкірттерім екендіктеріңді елдің бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады”,— деген (Жох. 13:35). Шынында да, зерттеп жүрген адамдар қауым кездесулеріне келе бастағанда, бауырластардың арасындағы сүйіспеншілік оларға қатты әсер етеді. Киелі кітап зерттеп жүрген бір әйел былай деді: “Мен қауым кездесулерін қатты ұнатам. Ондағы адамдар мені үнемі жылы қарсы алады”. Иса шәкірттерінің отбасылары тарапынан қарсылық көретінін айтқан (Матай 10:35—37 оқы). Бірақ оларға қауымда көптеген рухани “аға-іні, апа-қарындас, әке-шеше, бала-шаға” табатынын уәде еткен (Мар. 10:30).
16 Егде бауырластар Киелі кітап зерттеп жүрген адамдардың рухани өсуіне көмектесуде маңызды рөл атқарады. Қалайша? Олардың кейбірі зерттеу сабағын өздері өткізе алмаса да, кездесулерде берген түсініктемелері арқылы тыңдап отырғандардың сенімін нығайта алады. “Ақ жолмен” жүріп жинаған өмірлік тәжірибелері бар олар қауымды көркейтеді және ақжүректі адамдарға Құдай ұйымын тартымды етеді (Нақ. с. 16:31).
Қорқынышты жеңу
17. Зерттеу сабағын жүргізе алмаймын деп қорықсақ, не істей аламыз?
17 Егер сен зерттеу сабағын жүргізе алмаймын деп қорқатын болсаң ше? Онда Ехобаның Мұсаға көмек ретінде киелі рухын және серік етіп ағасы Һаронды бергенін есіңе ал (Мыс. ш. 4:10—17). Иса Құдайдың киелі рухтың уағыздау ісіне қолдау көрсететінін айтқан (Ел. іс. 1:8). Оның үстіне, ол шәкірттерін қызметке екі-екіден жіберген болатын (Лұқа 10:1). Киелі кітап зерттеу сабағын жүргізу қиын болса, сен де Ехобадан киелі рухы арқылы даналық беруін сұра, әрі сенімділік беретін және өз тәжірибесімен бөлісе алатын бауырласпен қызметтес бол. Ехоба өзінің ерекше ісін жүзеге асыру үшін қарапайым адамдарды, яғни “осы дүние “күшсіз” деп тапқандарды”, таңдап алғанын есте ұстағанымыз сенімімізді нығайтады (Қор. 1-х. 1:26—29).
18. Сәтсіздіктен қорықсақ, нені түсінуіміз қажет?
18 Сәтсіздікке ұшыраудан қорқатын болсақ ше? Онда шәкірт дайындау ісі ас әзірлеу сияқты емес екенін есте ұстаған жөн. Астың ойдағыдай дәмді болуы негізінен аспазшыға байланысты. Ал адамның шәкірт болуы сабақ жүргізетін адамға ғана байланысты емес. Ең маңызды рөлді адамды өзіне жақындатып тартатын Ехоба атқарады (Жох. 6:44). Біз және қауымдағы бауырластар зерттеп жүрген адам рухани өсу үшін, тәлім беру шеберлігімізді барынша қолданамыз (Тімотеге 2-хат 2:15 оқы). Ал зерттеп жүрген адам білгендеріне сай әрекет етуі керек (Мат. 7:24—27). Ол Киелі кітап зерттеуді доғарса, ұнжырғамыз түсуі мүмкін. Әрине, біз зерттеп жүрген адам дұрыс шешім қабылдайды деп үміттенеміз, алайда әр адам ‘Құдай алдында өз іс-әрекеті үшін есеп беруі’ тиіс (Рим. 14:12).
Біз үшін қандай пайдасы бар?
19—21. а) Зерттеу сабағын жүргізудің бізге қандай пайдасы бар? ә) Уағыз ісіне қатысатындардың бәріне Ехоба қалай қарайды?
19 Киелі кітап зерттеу сабақтарын жүргізгеніміз ең алдымен Патшалықтың қамын ойлауға көмектеседі. Сондай-ақ осының арқасында Құдай Сөзіндегі шындықты тереңірек түсініп, жүрекке ұялатамыз. Неге бұлай деуге болады? Барак есімді бір ізашар былай деп түсіндіреді: “Біреумен зерттеу сабағын жүргізу үшін, Құдай Сөзін жақсырақ зерттеуге тиіссің. Басқа адамды бір нәрсеге үйретпес бұрын, алдымен өзімнің сенімімді нығайтуым қажет екенін байқадым”.
20 Егер сенде зерттеу сабағы болмаса, бұл Ехоба қызметіңді бағаламайды дегенді білдіре ме? Әрине, жоқ! Ехоба өзін мадақтау үшін істеп жатқан бар ісімізді жоғары бағалайды. Уағыз ісіне қатысатындардың бәрі де ‘Құдаймен бірге еңбектенуші’ болып табылады. Ал зерттеу сабағын жүргізуге мүмкіндік болып, Құдайдың біз сепкен тұқымды өсіргенін көргенде, қуанышымызға қуаныш қосылады (Қор. 1-х. 3:6, 9). “Зерттеп жүрген адамның жетістіктерін көргенде,— дейді Эми есімді ізашар,— сол адамға керемет сый, яғни Құдай туралы білім мен мәңгі өмір сүру үмітін, беруде Ехоба өзіңді қолданғанын ойлағанда, жүрегің оған деген ризашылыққа толады”.
21 Киелі кітап зерттеу сабағын бастап, оны жүргізу үшін қолымыздан келгеннің бәрін істеуге тырысқанымыз қызметті әрі қарай да басты орынға қоюға көмектеседі және жаңа дүниеде өмір сүру үмітімізді нығайтады. Сондай-ақ Ехобаның көмегімен тыңдаушыларымыздың құтқарылуына көмектесе аламыз (Тімотеге 1-хат 4:16 ЖД оқыa). Бұл бізді зор қуанышқа бөлейтіні сөзсіз!
[Сілтеме]
a Тім. 1-х. 4:16: “Өзіңді де, қалай оқытып жүргеніңді де әрдайым қадағалап жүр. Өйткені осылай етер болсаң, өзіңді де, тыңдаушыларыңды да құтқаратын боласың”.
Естеріңде ме?
• Кейбір жариялаушыларға зерттеу сабақтарын жүргізуге не кедергі болуы мүмкін?
• Учаскеміздегі адамдардың көбі селқостық танытса, не істеуге болады?
• Киелі кітап зерттеу сабағын жүргізудің біз үшін қандай пайдасы бар?
[9-беттегі суреттер]
Ақжүректі адамдарды табу үшін, әртүрлі уағыздау әдістерін қолданасың ба?