Мінсіздігіңді сақтап жүресің бе?
“Соңғы демім біткенше, мінсіздігімнен таймаймын!” (ӘЙҮП 27:5 ЖД).
1, 2. Біз қандай қасиетке ие болуымыз керек және қандай сұрақтарды қарастырамыз?
СЕН үй салғың келіп, оның жобасын іздестіріп жүрсің делік. Керемет бір жобаны тауып, оның өзің үшін де, отбасың үшін де өте ыңғайлы болатынын ойлап, қуаныштысың. Алайда ол үйді салып, көшіп барып, сосын, оны күтпесең, құр жобадан және армандағаннан не пайда?
2 Тап солай, мінсіздік біз үшін де, жақын адамдарымыз үшін де пайдалы болатын маңызды қасиет деп ойлайтын шығармыз. Бірақ бойымызда мәсіхшіге тән мінсіздікті қалыптастырып, оны сақтамасақ, ол жайлы ойланып, құр қолдап-қоштағанның пайдасы шамалы. Бүгінде үй тұрғызу жиі қымбатқа түсіп жатады (Лұқа 14:28, 29). Сол сияқты, мінсіз болуды үйрену үшін де көп уақыт пен күш жұмсауымыз керек, бірақ бұл соған тұрады. Олай болса, келесідей үш сұрақты қарастырайық: Қалай мінсіз бола аламыз? Мәсіхшілерге тән мінсіздігімізді қалай сақтай аламыз? Егер әлдекім мінсіздігінен тайып кетсе, не істеуіне болады?
Қалай мінсіз бола аламыз?
3, 4. а) Ехоба мінсіз болуымызға қалай көмектесуде? ә) Исаға еліктей отырып, қалай мінсіз бола аламыз?
3 Алдыңғы мақаладан көргеніміздей, Ехоба бізге зор құрмет көрсетіп, мінсіз болу-болмауды шешуді өзімізге қалдырып отыр. Қуанышқа орай, бұл мәселеде ол бізді көмексіз қалдырған жоқ. Ехоба осы бағалы қасиетке қалай иеленуге болатынын үйретуде, сондай-ақ тәлімдерін қолдана алуымыз үшін киелі рухын молынан беруде (Лұқа 11:13). Бұған қоса, мінсіздік жолымен жүруге тырысатындарды рухани жағынан қорғауда (Нақ. с. 2:7).
4 Ехоба бізді мінсіз болуға қалай үйретеді? Ең бастысы, ол өз Ұлы Исаны жер бетіне жіберді. Иса кемелді түрде мойынсұнушылық танытып өмір сүрді. Ол Құдайға “өлімге дейін бойсұнды” (Філіп. 2:8). Иса не істесе де, тіпті өте қиын жағдайда да, көктегі Әкесіне бағынды. Ол Ехобаға: “Менің емес, Сенің еркің болсын!”— деген (Лұқа 22:42). Әрбіріміз өзімізден: “Мен де осындай мойынсұнушылық танытам ба?”— деп сұрауымыз керек. Дұрыс ниетпен үнемі мойынсұнып жүру арқылы біз мінсіз бола аламыз. Мойынсұну әсіресе маңызды болып табылатын өміріміздің кейбір салаларын қарастырып көрейік.
5, 6. а) Тіпті жалғыз қалған кезімізде де мінсіздік сақтаудың маңыздылығына Дәуіт қалай баса назар аударған? ә) Мәсіхшілердің жалғыз қалғанда мінсіздіктері қалай сыналып жатады?
5 Біз тіпті жалғыз қалдық деп ойлаған кезде де Ехобаға мойынсұнуымыз керек. Забур жыршысы Дәуіт жалғыз қалғандай сәттерінде де мінсіз болудың маңызды екенін айтқан (Забур 100:2 оқыa). Патша болғандықтан, ол үнемі адамдар арасында жүрген. Оны жүздеген, тіпті мыңдаған адамдардың талай рет бақылағаны сөзсіз (Забур 25:12 салыстыр). Мұндай сәттерде мінсіздік сақтау аса маңызды болған, өйткені патша өз халқына жақсы үлгі көрсету керек еді (Заң. қ. 17:18, 19). Алайда Дәуіт ‘үй ортасында’ жалғыз қалғандай көрінген кездің өзінде де мінсіз жүру керектігін білген. Ал біз жайлы не деуге болады?
6 Забур 100:3-тен Дәуіттің: “Көз алдыма керексіз заттар қоймаймын”,— деген сөздерін оқимыз. Бүгінде әсіресе жалғыз қалғанда көз алдымызға керексіз, не жарамсыз, нәрселерді қоятын көп жағдайлар туып жатады. Осы орайда, көп адамдар үшін Интернет үлкен қиындық тудырады. Әдепсіз, тіпті порнографиялық, материалдарды қарауға азғырылу оп-оңай. Алайда бұған азғырылу Дәуітке жоғарыдағы сөздерді жаздырған Құдайға мойынсұнушылық болып табыла ма? Порнография зиянды, өйткені ол жаман құмарлықтар оятады, ар-ұжданды мұқалтады, отбасын ойран етіп, оны көрген адамды бұзады (Нақ. с. 4:23; Қор. 2-х. 7:1; Сал. 1-х. 4:3—5).
7. Жалғыз қалғанда мінсіздігімізді сақтауға қандай принцип көмектеседі?
7 Әрине, Ехобаның қызметшілерінің ешқайсысы да шын мәнінде жалғыз қалмайды. Бізді көктегі Әкеміз сүйіспеншілікпен бақылап тұрады (Забур 10:4 оқыb). Сенің азғыруларға қарсы тұрып жатқаныңды көргенде, Ехоба қатты қуанады! Бұлай етуіңмен Исаның Матай 5:28-дегі сөздерінің астарында жатқан ескертуіне құлақ асатыныңды көрсетесің. Олай болса, жаман істерге итермелейтін бейнелерге қарамауға беліңді бекем бу. Аса бағалы мінсіздігіңді порнографияны көру не оқу сияқты арсыз істерге айырбастама!
8, 9. а) Даниял мен үш жолдасының мінсіздіктері қалай сыналды? ә) Бүгінде жас мәсіхшілер Ехоба мен бауырластарын қалай қуантуда?
8 Сенбейтіндердің арасында болғанда да Ехобаға бойсұну арқылы мінсіз бола аламыз. Мысалы, Даниял мен оның үш жолдасын еске түсірші. Жас кезінде олар Бабылға тұтқынға алынған болатын. Сол жерде Ехоба жайлы аз білетін не тіпті білмейтіндер арасында жүрген оларға Құдай Заңында тыйым салынған тағамды жеуге қысым көрсетіледі. Олар бұл заңды орындамаудың көптеген себептерін таба алар еді. Ата-аналары, рубасылары мен дін қызметкерлері олардың әрекетін бәрібір білмес еді ғой. Бірақ кім білер еді? Ехоба. Сондықтан олар қысымға және қатерге қарамастан, беріктік танытып, Ехобаға мойынсұнды (Дан. 1:3—9).
9 Дүниенің төрт бұрышындағы Ехобаның жас қызметшілері де Оның нормаларын ұстану және құрбыларының қысымына қарсы тұру арқылы тура осылай әрекет етуде. Сендер, жастар, есірткі қабылдау, зорлық-зомбылық жасау, былапыт сөздер айту, азғындыққа бару сияқты жаман істерден бас тартқанда, Ехобаға мойынсұнасыңдар. Ал мойынсұнуларыңмен мінсіздік сақтайсыңдар. Бұл өздерің үшін пайдалы, сондай-ақ Ехоба мен бауырластарды қуантасыңдар (Заб. 109:3).
10. а) Кейбір жастардың мінсіздіктерінен таюына азғындыққа қатысты қандай бұрыс көзқарас себеп болған? ә) Азғындық жасау қаупі туғанда, мінсіздігіміз бізді қалай әрекет етуге талпындырады?
10 Қарсы жынысты адамдармен қарым-қатынасымызда да Құдайға мойынсұнушылық танытуымыз керек. Құдай Сөзі азғындыққа тыйым салатынын білеміз. Алайда бойсұнғыш болудан қалып, кей нәрселерге көз жұмып қарауға жол беріп қою оп-оңай. Мысалы, кейбір жастар оральды не анальды жақындасу, екі адамның мастурбация жасауы сияқты әрекеттерге барған. Олар мұны “жыныстық қатынасқа бару” деп есептемегендіктен, онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаған. Мұндай жастар Киелі кітапта бұндай әрекеттердің бәрі азғындыққа жататынын әрі сол үшін адам қауымнан шығарылуы мүмкін екенін естерінен шығарып алады, не оны әдейі ескермейдіc. Алайда бұдан да сорақысы, олар мінсіздік сақтауды керек деп таппайды. Біз мінсіздігімізді сақтағымыз келетіндіктен, жаман істерімізді ақтаудың жолдарын іздемейміз. Жазаға ілікпейтіндей етіп күнәға жақын баруға тырыспаймыз. Біз күнәміз үшін қолданылатын түзету шараларынан гөрі, Ехобаның жүрегін ауыртатын нәрселерден аулақ бола отырып, оған ұнамды болуды көбірек ойлаймыз. Күнәға қаншалықты жақындауға болатынын тексерудің орнына, одан бойымызды аулақ ұстап, азғындықтан қашамыз (Қор. 1-х. 6:18). Осылайша, шынайы мінсіздік танытатынымызды көрсетеміз.
Мінсіздігімізді қалай сақтай аламыз?
11. Неге әр жағдайда мойынсұнушылық таныту маңызды? Мысалмен түсіндіріңдер.
11 Біз мойынсұнушылық таныту арқылы мінсіз бола аламыз, демек, мінсіздігімізді сақтау үшін үнемі мойынсұнып жүруіміз керек. Бір рет мойынсұнушылық таныту болмашы нәрсе болып көрінуі мүмкін. Алайда оны танытқан сайын, уақыт өте келе мінсіздігіміз қалыптасады. Бұны мынадай мысалмен түсіндіруге болады: жалғыз кірпіштің өзі мардымсыз болып көрінуі мүмкін, алайда осындай кірпіштерді бірінің үстіне бірін шеберлікпен қалай берсек, әдемі үй тұрғызылады. Ал мінсіздігімізді сақтағымыз келсе, мойынсұнушылық танытуды жалғастыра беруіміз керек (Лұқа 16:10).
12. Дәуіт жәбір көріп, әділетсіздікке кезіккенде, мінсіздік сақтаудың үлгісін қалай көрсетті?
12 Мінсіздігіміз әсіресе қиындыққа, әділетсіздікке кезіккенде не жәбір көргенде байқалады. Киелі кітаптағы Дәуіттің мысалын алайық. Жас кезінде ол Ехобаның билігінің өкілі болу керек болған Саул патшаның тарапынан қуғынға ұшырайды. Патша Құдайдың ықыласына ие болған Дәуітті көре алмайды, өйткені өзі бұл ықыластан айырылып қалған болатын. Сөйтсе де ол біраз уақыт бойы билік басында қалып, Исраил әскерін Дәуіттің ізіне салады. Ехоба мұндай әділетсіздіктің жалғасуына біраз жылдар бойы жол берді. Осы үшін Дәуіт Құдайға ренжіді ме? Төзімділік танытудан еш пайда жоқ деген шешімге келді ме? Жоқ, қайта, ол Саулды Құдайдың майланған өкілі деп құрметтеп, мүмкіндік туып тұрса да, өш алудан бас тартты (Пат. 1-ж. 24:2—7).
13. Біреу ренжітіп не көңілімізді қалдырған жағдайда қалай мінсіздігімізді сақтай аламыз?
13 Бүгінде Дәуіттің мысалы — біз үшін керемет үлгі. Біз кемелсіз адамдардан тұратын дүниежүзілік қауымның мүшесіміз, демек, кез келген бауырлас бізге әділетсіздік жасауы ықтимал, тіпті ол шындықтан кетіп қалуы да мүмкін. Қуанышқа орай, біз Ехобаның қызметшілерінің халық ретінде ешқашан шырқы бұзылмайтын уақытта өмір сүрудеміз (Ишая 54:17). Әйтсе де әлдекім көңілімізді қалдырып не сезімімізді жаралайтын болса, не істейміз? Жүрегімізге реніштің ұялауына жол берсек, Құдайға деген мінсіздігімізден таю қаупі төнеді. Өзгелердің іс-әрекеті Құдайға ренжуімізге не шындықтан кетуімізге сылтау болмау керек (Заб. 118:165). Сынақтарда төзімділік танытқанымыз мінсіздік сақтауға көмектеседі.
14. Мінсіздік танытатындар ұйымдастыру істері мен ілімдерге қатысты өзгерістерді қалай қабылдайды?
14 Кемшілік іздеп, сынап-мінегіш болудан аулақ жүру арқылы да мінсіздігімізді сақтай аламыз. Бұлай етуімізбен Ехобаға адалдық танытамыз. Бүгінгі таңда Ехоба өз халқына батасын ерекше үйіп-төгуде. Шынайы ғибадат еш уақытта мұншалықты асқақтамаған (Ишая 2:2—4). Сондықтан Киелі кітап тармақтарын түсінуге не ұйымдастыру істеріне қатысты өзгерістер болып жатса, оларды қуана қабылдаймыз. Рухани жарықтың әлі де жарқырай түскенін көріп қуанамыз (Нақ. с. 4:18). Егер қандай да бір өзгерісті түсіну қиын болса, Ехобадан оны түсінуге көмектесуін сұраймыз. Сонда да мойынсұнушылығымыздан таймай, мінсіздігімізді сақтап қала береміз.
Егер әлдекім мінсіздігінен тайса ше?
15. Тек кім сені мінсіздігіңнен айыра алады?
15 Бұл ойландыратын сұрақ, солай емес пе? Алдыңғы мақаладан білгеніміздей, мінсіздік — аса маңызды қасиет. Мұнсыз Ехобамен қарым-қатынаста бола алмаймыз әрі нағыз үмітіміз де болмайды. Мына жайтты есіңде ұста: әлемде сені мінсіздігіңнен айыра алатын жалғыз тұлға бар. Бұл — сен. Әйүп мұны жақсы түсінген. Ол: “Соңғы демім біткенше, мінсіздігімнен таймаймын!”— деді (Әйүп 27:5 ЖД). Егер сенің де шешімің осындай болса және Ехобаға жақын болып қала берсең, мінсіздігіңнен ешқашан таймайсың (Жақ. 4:8).
16, 17. а) Күнә жасаған адам не істеуге бейім? ә) Оның не істегені дұрыс?
16 Әйтсе де кейбіреулер мінсіздіктерінен тайып жатады. Елшілердің күніндегі сияқты, бүгінде де ауыр күнә жасайтындар бар. Сенің жағдайыңда да осылай болса, бұл еш үміт жоқ дегенді білдіре ме? Міндетті түрде емес. Ендеше не істеуге болады? Алдымен, нені істемеу керектігін көрейік. Адам күнәсін ата-анасынан, бауырластарынан не ақсақалдардан жасыруға бейім келеді. Алайда Киелі кітап бізге былай деп ескертеді: “Күнәларын жасырған жан өркендемейді, Оларын мойындап, бас тартқан рақым көреді” (Нақ. с. 28:13). Күнәларын жасыруға тырысатындар өте үлкен қателік жасайды, өйткені Құдайдан ештеңені жасыру мүмкін емес (Еврейлерге 4:13 оқы). Ал кейбіреулер тіпті екіжақты өмір сүруге тырысады, яғни Құдайға да қызмет етеді, сөйте тұра күнә жасауын да қоймайды. Мұндай адам мінсіздіктен жұрдай. Күнәсін жасыратындардың ғибадаты Ехобаға ұнамайды. Қайта, олардың екіжүзділіктері оның ашуын келтіреді (Нақ. с. 21:27; Ишая 1:11—16).
17 Мәсіхші ауыр күнә жасаса, оның не істеу керектігі белгілі: ол ақсақалдардың көмегіне жүгіну қажет. Ехоба оларды рухани ауырып қалғандарға көмектесу үшін тағайындаған (Жақып 5:14 оқы). Олай болса, қолданылуы мүмкін жазадан не түзетуден қорқып, рухани сауығудан бас тартпа. Ақылды адам өміріне қауіп төніп тұрса, егуден не тіпті ота жасағаннан кейінгі уақытша ауырсынудан қорқып, емделуден бас тартар ма еді? (Евр. 12:11).
18, 19. а) Мінсіздікті қайта қалпына келтіруге болатыны Дәуіттің мысалынан қалай көрінеді? ә) Мінсіздігіңе қатысты не нәрсеге бел будың?
18 Толығымен рухани айығуға үміт бар ма? Жоғалтқан мінсіздікті қалпына келтіруге бола ма? Тағы да Дәуіттің мысалын алайық. Ол ауыр күнә жасаған болатын. Біреудің әйеліне құмарта қарап, нәтижесінде азғындық жасайды. Сөйтіп, оның жазықсыз күйеуін өлтіруді ұйымдастырады. Бұл жағдайда оны мінсіз адам деу қиын, солай емес пе? Алайда жағдайды түзету мүмкін бе еді? Дәуіт өзіне қатаң шара қолдануды қажет етті, әрі мұны қабыл алды. Сосын, шын жүректен өкінгенінің арқасында Ехобаның рақымына ие болды. Ол өзін жөнге салғаннан сабақ алды және барлық жағдайда да Құдайға мойынсұну арқылы мінсіздігін қайта қалпына келтірді. Оның өмірінде Нақыл сөздер 24:16-дағы мына сөздер көрініс тапты: “Жеті рет жығылса да әділ жан, Қайта тұрып кетер орнынан”. Нәтижесінде Құдай Дәуітті қандай адам деп тапты? Дәуіт қайтыс болған соң, Ехобаның Сүлейменге ол жайлы не дегеніне көңіл бөлші (Патшалықтар 3-жазба 9:4 оқыd). Құдай Дәуітті мінсіз адам ретінде есінде сақтады. Расында да, Ехоба шын жүректен өкінгендерді тіпті ауыр күнәнің дағынан тазарта алады (Ишая 1:18).
19 Сонымен, дайындықпен мойынсұнушылық таныту арқылы мінсіз бола аласың. Қиындықтарға әрі қарай да адалдықпен төтеп бер, ал ауыр күнә жасасаң, шын жүректен өкін. Мінсіздік — неткен бағалы қасиет! Сондықтан әрқайсымыз: “Ал мен өз мінсіздігімді сақтаймын”,— деген Дәуіттікіндей көзқарасты ұстануға бел буалық! (Заб. 26:11 ЖД).
[Сілтемелер]
a Забур 100:2: “Таза жол туралы ой қозғаймын: “Сен қашан маған келесің?”— деп. Жүрегім бұзылмаған қалпы үйімнің ортасында жүретін боламын”.
b Забур 10:4: “Жаратушы Ие өзінің қасиетті храмында, Жаратушы,— Оның тағы аспан төрінде тұр, Оның жанарлары жіті бағуда, Оның кірпіктері адамдарды бағуда”.
d Патшалықтар 3-жазба 9:4: “Егер сен сенің әкең Дәуіт сияқты, Мен саған өсиет еткеннің бәрін орындап, таза [“мінсіз” ЖД] жүрегіңмен және әділеттілігіңмен Менің көз алдымда жүрсең және егер Менің жарғыларым мен Менің заңдарымды сақтайтын болсаң”.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Қалай мінсіз бола аласың?
• Мінсіздігіңді қалай сақтай аласың?
• Мінсіздікті қалай қалпына келтіруге болады?
[8-беттегі қоршау]
“БҰЛ БІР КЕРЕМЕТ БОЛДЫ!”
Осы сөздерді ішінде бес айлық баласы бар әйел бір жас келіншектің өзіне танытқан қайырымдылығы мен мінсіздігіне қатысты айтқан еді. Бұл әйел бір кафеге кіріп-шыққан болатын. Әмиянын сонда қалдырып кеткенін біраз уақыттан соң бір-ақ біледі. Оның ішінде 2 000 доллар бар еді, ол әдетте мұнша ақша алып жүрмейтін. “Мен өзімді қоярға жер таппадым”,— деді ол кейінірек жергілікті газетке берген сұхбатында. Алайда бір жас келіншек сол әмиянды тауып алып, дереу оның иесін іздеуге кіріседі. Түк шықпаған соң, әмиянды полицияға апарып береді. Олар іздеп-іздеп, оның иесін табады. Риза болған ол әйел: “Бұл, шын мәнінде, өте керемет болды”,— дейді. Неге жас келіншек ақшаны қайтару үшін жанын салды? Газетте айтылғандай, Ехоба куәгері болғандықтан, оны “мінсіздік танытуға жастайынан тәрбиеленген діні талпындырды”.
[9-беттегі сурет]
Сынақ кезінде жастар мінсіздіктерін сақтай алады
[10-беттегі сурет]
Дәуіттің мінсіздігінен тайған кезі болды, бірақ оны қайта қалпына келтірді