Денсаулықты күтуге қатысты Киелі кітаптың көзқарасын ұстан
“Құдай Иеңді... барлық ақыл-ойыңмен, бар күш-қуатыңмен сүй!” (МАР. 12:30).
1. Құдайдың адамзатқа қатысты әуел бастағы ниеті қандай еді?
ЕХОБА ҚҰДАЙ әуел баста адамзаттың ауырғанын және өлгенін қаламаған. Ол Адам мен Хауаны ‘Едем деген пейіш бағына’ 70 не 80 жыл ғана емес, мәңгілік бойы “өңдеп, күтіп-бағу” үшін орналастырды (Жар. 2:8, 15; Заб. 89:10). Алғашқы адам жұбы Ехобаға адалдықтарын сақтап, оның бүкіләлемдік билігіне сүйіспеншілікпен мойынсұнғанда, ешқашан ауру, әлсіздік, өлім дегенді білмес еді.
2, 3. а) Екклесиаст кітабында кәрілік қалай сипатталған? ә) Адам атадан мұра етілген өлімге кім жауапты және күнәнің зардабы қалай жойылады?
2 Екклесиаст кітабының 12-тарауында кемелсіз адамдардың қартайғанда бастан өткізетін ‘қиын-қыстау күндері’ әсерлі сипатталған (Екклесиаст 12:1—7). Онда ақ шаш гүлдеген “бадам ағашына” (ЖД) теңелген. Ал ‘күш-қуатты ерлерге’ теңелген аяқтар қартайғанда бүгіліп, қалт-құлт етіп қалады. Көздің нашарлауы болса жарық іздеп ‘терезеден сыртқа көз салушылардың’ тек қараңғылықты көретінімен сипатталған. Ал ‘диірменде астық тартушылар шаруаларын тоқтатқанда, олардың қатары сиреп бітуге айналады’ деген сөздер тістердің түсуін бейнелейді.
3 Қалт-құлт еткен аяқ, әлсіреген жанар, тіссіз ауыз Құдайдың о бастағы ниетіне кірмегені анық. Адам атадан мұра етілген өлім — Шайтанның істерінің бірі. Құдай Ұлы жақында оны Мәсіхтің Патшалығы арқылы жояды. Елші Жохан: “Құдайдың рухани Ұлы бұл дүниеге шайтанның ісін талқандау үшін келді”,— деп жазды (Жох. 1-х. 3:8).
Ақылға қонымды шамада денсаулықты ойлау орынды
4. Неге Ехобаның қызметшілері ақылға қонымды шамада денсаулықтарын ойлайды, әйтсе де нені мойындайды?
4 Бүгінде Ехобаның кейбір қызметшілері күнәкар адамдарға тән нашар денсаулық пен кәріліктің зардабын тартуда. Мұндайда ақылға қонымды шамада денсаулығымыздың қамын ойлағанда тұрған ештеңе жоқ, бұл тіпті пайдалы да. Өйткені біз Ехобаға ‘бар күш-қуатымызбен’ қызмет еткіміз келеді (Мар. 12:30). Алайда денсаулығымызды күткенде, біз шындыққа тура қарап, кәрілікті тоқтату мен ауру-сырқаудан толықтай құтылу қолымыздан келмейтінін мойындауымыз керек.
5. Ауруымен күрескен Құдайдың адал қызметшілерінен қандай сабақ алуымызға болады?
5 Ертеде Ехобаның көптеген адал қызметшілеріне де аурумен күресуге тура келген. Солардың бірі — Епафродит (Філіп. 2:25—27). Елші Пауылдың адал серігі Тімотенің де жиі асқазаны ауыратын, сондықтан да Пауыл оған ‘аздап шарап ішуге’ кеңес берген (Тім. 1-х. 5:23). Пауылдың өзі де ‘шаншылып түйрелу азабымен’ күрескен. Бұл сол уақытта әлі емі табылмаған көз ауруы немесе басқа бір дерт болса керек (Қор. 2-х. 12:7; Ғал. 4:15; 6:11). Ол ‘шаншылып түйрелу азабынан’ құтқаруын сұрап, Ехобаға жалынған (Қорынттықтарға 2-хат 12:8—10 оқы). Ехоба оны бұл азабынан керемет түрде арылтқан жоқ. Мұның орнына, оған төзуге күш берді. Осылайша Пауылдың әлсіздігінен Ехобаның құдіреті көрінді. Бұл біз үшін сабақ емес пе?
Уайымға беріліп кетпе
6, 7. Неге денсаулығымызды тым уайымдамауымыз керек?
6 Ехоба куәгерлері медициналық көмек пен әртүрлі емдеу тәсілдерінен бас тартпайды. “Ояныңдар!” журналында денсаулыққа қатысты мақалалар жиі жарық көреді. Біз қандай да бір емнің түрін жарнамалаудан аулақпыз, әйткенмен дәрігер мамандардың көмегі мен қызметтес болғанын бағалаймыз. Әрине, әзірге кемелді денсаулыққа қол жеткізу мүмкін емес екенін түсінеміз. Сондықтан денсаулықты ойлап, уайымға салынып кетпейміз. Біздің көзқарасымыз “үмітсіз”, яғни осы өмірге ғана үміттеніп, саулығы үшін емнің кез келген түріне жүгінетін, адамдардікінен өзгеше болуға тиіс (Ефес. 2:2, 12). Қазіргі өмірімізді сақтаймыз деп Құдайдың ықыласынан айырылып қалғымыз келмейді. Себебі Құдайға адал болып қалсақ, ‘шынайы өмірді берік ұстанатынымызға’ — уәде етілген жаңа дүниеде мәңгілік өмірге ие болатынымызға — сенімдіміз (Тім. 1-х. 6:12, 19; Пет. 2-х. 3:13).
7 Денсаулықты тым уайымдамау керектігінің тағы бір себебі — мұндай уайымнан адам өзімшіл болып кетуі мүмкін. Пауыл осындай қауіп жөнінде філіпіліктерді ескертіп: “Әркім өз мүддесін ғана емес, басқалардікін де ойлай жүрсін”,— деген болатын (Філіп. 2:4). Парасаттылықпен денсаулығымызды ойлағанда тұрған ештеңе жоқ, бірақ бауырластарымыз бен ‘Құдай Патшалығы туралы Ізгі хабарды’ тыңдайтын адамдарды көбірек ойлағанымыз денсаулықтың уайымына берілуден сақтайды (Мат. 24:14).
8. Денсаулықты шектен тыс уайымдау неге әкеп соғуы мүмкін?
8 Денсаулықты тым уайымдаудың кесірінен мәсіхші Патшалықтың мүддесін кейінге ысырып тастауы да мүмкін. Сондай-ақ емдәм, емдеу әдісі не қандай да бір тағамдық қоспаларға қатысты көзқарасымызды басқаларға қабылдатуға тырысуымыз мүмкін. Осыған орай, Пауыл айтқан келесі принципке көңіл аударшы: ‘Әр жағдайда ненің ізгілікті [“маңыздырақ” ЖД] екенін ажырата білсеңдер екен деп тілеп отырмын. Осылай сендер Мәсіх қайта оралар күні мінсіз, пәк боласыңдар’ (Філіп. 1:10).
“Маңыздырақ” нәрсеге не жатады?
9. Немқұрайды қарамауымыз керек “маңыздырақ” нәрселердің біріне не жатады және неге оны елемей жүрмеуіміз керек?
9 Өміріміздегі маңыздырақ нәрселерді анықтап алсақ, рухани сауықтыру ісіне белсене қатысатын боламыз. Бұл іске уағыздау мен Құдай Сөзінен тәлім беру жатады. Бұл қуанышты іс өзімізге де, тәлім берген адамдарымызға да пайдасын тигізеді (Нақ. с. 17:22; Тім. 1-х. 4:15, 16). “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналында ауыр дертке шалдыққан бауырластарымыз жайлы мақалалар арагідік жарық көріп тұрады. Олар өзгелерге Ехоба мен оның керемет уәделері жайлы айтудың арқасында қиындықтарын қалай жеңіп жүргенін, тіпті ауруларын уақытша ұмытып кететінін сөз етедіa.
10. Неге емдеу әдісін таңдауға жеңіл-желпі қарамауымыз керек?
10 Ауруға шалдыққанда, әрбір ересек мәсіхші таңдаған емдеу тәсіліне қатысты жауапкершілікті өз мойнына алуға тиіс (Ғал. 6:5). Алайда қандай таңдау жасағанымыз Ехоба үшін бәрібір еместігін ұмытпауымыз керек. Киелі кітаптың принциптерін құрметтегендіктен, ‘қаннан аулақ жүретініміз’ сияқты, рухани күйімізге және Ехобамен қарым-қатынасымызға нұқсан келтіретін кез келген емнен де аулақ боламыз (Ел. іс. 15:20). Кейбір диагностика мен емдеу әдістері спиритизмге өте ұқсас келеді. Ежелде “табиғаттан тыс күштерге”, не спиритизмге, жүгінген жолдан тайған исраилдіктер Ехобаның ықыласынан айырылып қалған болатын. Ехоба оларға былай деген: “Пайдасыз сый-тартуларыңды Маған бұдан былай ұсынбаңдар! Хош иісті зат түтетулеріңді де ұнатпаймын. Демалыс күндері мен Жаңа туған ай мерекелерін атап, діни жиындарда бас қосасыңдар. Сонымен қатар зұлымдық та жасай бересіңдер [“табиғаттан тыс күштерге жүгінесіңдер” ЖД]! Осыларыңа бұдан былай төзе алмаймын” (Ишая 1:13). Әсіресе ауырып жатқанда, дұғамызға кедергі болатын және Құдаймен қарым-қатынасымызды бұзатын әрекетке барудан сақтануымыз керек (Ерм. з. 3:44).
“Байыпты” болу маңызды
11, 12. Емдеу әдістерін таңдағанда, байыптылық қалай көмектеседі?
11 Әрине, науқастанып қалғанда, Ехоба бізді керемет жасап айықтырады деп күтпейміз, әйтсе де ем таңдау үшін даналық сұрауымызға болады. Сондай-ақ Киелі кітап принциптеріне жүгінуіміз және парасаттылық танытуымыз қажет. Қиын жағдайда, мүмкін болса, бір емес, бірнеше дәрігермен кеңескеніміз дұрыс шығар. Сонда Нақыл сөздер 15:22-гі: “Кеңессіз құрған іс аяқсыз қалар, Көптің ақылымен ол жүзеге асар”,— деген сөздерге сай әрекет етеміз. Елші Пауыл бір сенімдегілерді “қазіргі заманда байыпты, әділ, әрі Құдайға ұнамды өмір сүруге” шақырған (Тит. 2:12).
12 Көп адамдар өздерін Исаның күніндегі науқас әйел сияқты сезінеді. Марқа 5:25, 26-дан былай деп оқимыз: “Тобырдың ішінде он екі жыл бойы қан кетіп ауырған бір әйел бар еді. Ол көп дәрігерлерге емделіп талай азап шегіп, бар мал-мүлкін жұмсаса да, одан еш шипа болмай, керісінше, халі бұрынғысынан бетер нашарлай түскен болатын”. Иса оны дертінен айықтырып, әрі жанашырлық танытты (Мар. 5:27—34). Шарасыздықтан кейбір мәсіхшілер шынайы ғибадатқа қайшы келетін диагностика немесе ем түрін таңдауға азғырылған.
13, 14. а) Шайтан мінсіздігімізден айыру үшін, емдеу тәсілдерін қалай пайдаланып қалуы мүмкін? ә) Неліктен спиритизмге титтей де болса ұқсастығы бар нәрселерден аулақ жүруіміз керек?
13 Шайтан бізді шынайы ғибадаттан әкету үшін қолынан келгеннің бәрін істеуге бар. Кейбіреулерді мінсіздігінен айыру үшін азғындық пен дүниеқұмарлықты қолданатынындай, ол күдікті емдеу тәсілдерін де қолдануға тырысады. Мұндай емдер оккультизм және спиритизмді қолданумен пара-пар болуы мүмкін. Біз әдетте Ехобадан “әзәзіл шайтанның ықпалынан” және “бүкіл жамандық атаулыдан” құтқаруын сұрап дұға етіп жүреміз. Сондықтан спиритизм және оккультизммен қандай да бір байланысы бар нәрселерді қолдану арқылы өзіміз барып Шайтанның қолына түскіміз келмес еді (Мат. 6:13 сілт; Тит. 2:14).
14 Ехоба исраилдіктерге көріпкелдікпен және сиқыршылықпен айналысуға тыйым салған болатын (Заң. қ. 18:10—12). Ал Пауыл ‘сиқыршылықты’ ‘күнәкар болмыстың қылықтарына’ жатқызған (Ғал. 5:19, 20). Оның үстіне, ‘сиқыршыларға’ Ехобаның жаңа дүниесінде орын жоқ (Аян 21:8). Олай болса, спиритизмге қандай да бір қатысы бар нәрсенің бәрі Ехобаға жиіркенішті.
“Парасатты екендеріңді елдің бәрі көре алсын”
15, 16. а) Денсаулығымызды күткенде неліктен даналық қажет? ә) Бірінші ғасырдағы басқарушы кеңес қандай дана кеңес берді?
15 Жоғарыда айтылғандарды ескерсек, егер әлдебір диагностика не емдеу тәсілдеріне күмәніміз болса, олардан бас тартқанымыз даналыққа жатады. Әрине, қандай да бір емдеу әдісін түсіндіріп бере алмасақ, ол міндетті түрде спиритизмге қатысы бар дегенді білдірмейді. Денсаулық күтуге қатысты Киелі кітаптың көзқарасын ұстану үшін бізге Құдайдың даналығы және парасаттылық қажет. Нақыл сөздер кітабының 3-тарауында мынадай кеңес берілген: “Өз ақыл-санаңа сүйеніп жүрме, Сенім арт шын жүректен Жаратқан Иеңе. Бар жағдайда да мойында Тәңір Иеңді, Сонда Ол тура жолмен жетелер сені... Дұрыс ой мен естілікті сақтап жүр әр уақытта, Олар шынайы өмірге жаныңды кенелтер” (Нақ. с. 3:5, 6, 21, 22).
16 Ендеше, денсаулығымызды мүмкіндігінше жақсы күйде сақтауға тырысқанда, ауру мен кәрілікті жеңем деп, Құдайдың қолдауынан айырылып қалудан сақ болуымыз керек. Басқа мәселелердегі сияқты, денсаулығымызды күткенде де, Киелі кітап принциптерін ұстану арқылы ‘парасатты екенімізді елдің бәрі көре алатындай’ болу керек (Філіп. 4:5 ЖД). Бірінші ғасырдағы басқарушы кеңес мәсіхшілерге жазған маңызды хатында жалған тәңірлерден, қаннан және азғындықтан аулақ болуды бұйырған. Соңынан былай деп сендірген: “Осы нұсқауларды ұстансаңдар, жақсы істейсіңдер” (Ел. іс. 15:28, 29). Қай мағынада жақсы?
Денсаулығымыз мықты болатын кезді есте ұстап, парасаттылық танытайық
17. Киелі кітап принциптерін ұстанудың қандай пайдасын көріп жүрміз?
17 Әрқайсымыз өзімізден былай деп сұрауымыз керек: “Қан мен азғындыққа қатысты Киелі кітап принциптерін берік ұстанғаным өзіме жақсы әсер етіп жатқанына ризамын ба?” Сондай-ақ ‘тәніміз бен рухымызды арамдайтын барлық нәрселерден тазаруға’ тырысудың игілігін айтсаңшы! (Қор. 2-х. 7:1). Киелі кітаптың жеке бастың тазалығына қатысты талаптарын ұстану арқылы да көптеген аурудың алдын аламыз. Оның үстіне, рухани да, тәндік те денсаулығымызды арамдайтын темекі мен есірткіден аулақ жүруімізбен, сондай-ақ тамақ пен ішімдік ішуде “ұстамды” (ЖД) болуымызбен өзімізге ‘жақсы істейміз’ (Нақыл сөздер 23:20; Титке 2:2, 3 оқы). Тынығу әрі денешынықтыру да денсаулықтың жақсаруына қандай да бір септігін тигізеді, сөйткенмен де тәндік әрі рухани саулығымыз, негізінен, Жазбалардағы принциптердің арқасында жақсы.
18. Біз ең бастысы нені ойлауымыз қажет және денсаулыққа қатысты қандай пайғамбарлықты асыға күтеміз?
18 Ең бастысы, ‘осы және болашақ өміріміздің’, яғни уәде етілген жаңа дүниедегі өміріміздің, қайнар көзі Ехобамен бағалы қарым-қатынасымыздың әрі рухани күйіміздің қамын ойлауымыз қажет (Тім. 1-х. 4:8; Заб. 35:10). Исаның төлем құрбандығының арқасында күнәларымыз кешірілетіндіктен, жаңа дүниеде рухани және тәндік жағынан толығымен сауығамыз. Құдайдың Тоқтысы Иса Мәсіх бізді ‘“өмір суының” бұлақтарына жетелеп’, ал Құдай барлық көз жасты сүртеді (Аян 7:14—17; 22:1, 2). Сондай-ақ: “Бірде бір тұрғын “мен науқас едім” деп айтушы болмайды”,— деген жан тебірентерлік пайғамбарлықтың орындалуының куәсі боламыз (Ишая 33:24).
19. Ақылға қонымды шамада денсаулығымызды күткенде, не нәрсеге сенімді бола аламыз?
19 Біз құтқарылуымыздың жақын екеніне сенімдіміз, әрі Ехоба ауру мен өлімді жоятын уақытты асыға күтеміз. Ал оған дейін сүюші Әкеміз ‘қамымызды ойлайтындықтан’, ауруымызға төзуге көмектесетініне нық сенеміз (Пет. 1-х. 5:7). Сондықтан денсаулығымыздың қамын жасағанда, әрқашан Құдай Сөзіндегі нақты басшылыққа сай әрекет етейік!
[Сілтеме]
a Кейбір осындай мақалалардың тізімін 2003 жылғы 1 қыркүйектегі “Күзет мұнарасының” (ор.) 17-бетіндегі қоршаудан табуға болады.
Қайталау
• Ауруға кім жауапты және күнәнің зардабынан бізді кім құтқарады?
• Денсаулығымызды ойлау кәдімгі нәрсе болғанымен, неден аулақ болуымыз керек?
• Қандай емдеу тәсілін таңдайтынымыз неге Ехоба үшін бәрібір емес?
• Киелі кітап принциптерін ұстанудың денсаулығымызға қандай пайдасы бар?
[23-беттегі сурет]
Адамзат ауырып, қартаю үшін жаратылмаған
[25-беттегі сурет]
Ауруына қарамастан, Ехобаның қызметшілері қызметтен қуаныш табады