“Ехоба — менің күш-қуатым”
АЙТЫП БЕРГЕН: ДЖОАН КОВИЛ
Мен 1925 жылы шілде айында Англияның Хаддерсфилд қаласында дүниеге келдім. Әке-шешемнің менен басқа баласы болмады. Менің денсаулығым нашар болатын. Сондықтан әкем: “Жел үп етсе, ауырып қалады екенсің”,— деп жиі айтатын. Бұл, шынында да, солай көрінетін.
БАЛА кезімде дін қызметкерлерінің бейбітшілік тілеп айтқан ыстық дұғаларын еститінмін, алайда Екінші Дүниежүзілік соғыс басталғанда, олар Құдайдан жеңіс сұрап дұға ететін болды. Мен мұны түсіне алмай, дінге күмәндана бастадым. Сол кезде біздің аймағымызда тұратын Энни Ратклиф есімді жалғыз Куәгер үйімізге келді.
Шындықпен танысу
Энни “Құтқарылу” деген кітапты тастап кетті де, анамды өзінің үйінде өтетін кездесуге шақырдыa. Анам өзімен бірге баруымды өтінді. Сол алғашқы кездесу әлі есімде. Онда төлем құрбандығы туралы сөз қозғалды әрі бұл талқылау мен ойлағандай емес, өте қызықты өтті. Мен көп сұрағыма жауап алдым. Ал келесі аптадағы кездесуде Исаның соңғы күндердің белгісі туралы алдын ала айтқан сөздері талқыланды. Дүниедегі жағдайдың нашарлап бара жатқаны жайлы ойлап, мамам екеуміз шындықты тапқанымызды бірден түсіндік. Сол күні Куәгерлер бізді Патшалық сарайына шақырды.
Патшалық сарайына келгенде, ізашар қыздармен таныстым. Олардың арасында Джойс Барбер (қазір Эллис) есімді бауырлас бар еді. Ол күйеуі Питермен бірге әлі күнге дейін Лондон Бетелінде қызмет етеді. Мен Куәгерлердің бәрі ізашар болады екен деп ойлап қалдым. Сондықтан, мектепте оқып жүрсем де, ай сайын 60 сағат уағыздап, қызметті құлшына бастап кеттім.
Бес айдан соң, 1940 жылдың 11 ақпанында, анам екеуміз Брадфорт қаласында өткен аудандық конгресте шомылдыру рәсімінен өттік. Әкем бізге қарсылық білдірген емес, бірақ шындықты да қабылдаған жоқ. Сол жылдары ұйым көше қиылысында тұрып уағыздау тәсілін қолдана бастады. Мен сөмкеме журналдар толтырып, плакаттар тағып алып уағыздайтынмын. Бір сенбіде бауырластар маған дүкен көп жерде тұруды тапсырды. Мен адам алдындағы қорқыныштан әлі де арылмаған едім және қырсыққанда, мектебімдегі оқушылардың бәрі дәл мен тұрған қиылыстан өтіп жатқандай көрінді.
1940 жылы біздің қауымымыз екіге бөлінді де, мен бір қауымда, ал құрдастарымның көбісі екінші қауымда қалды. Төрағалық етуші бақылаушыға осыған қатысты наразылығымды білдіргенімде, ол маған: “Жастардың арасынан дос тапқың келсе, оларды танаптан ізде”,— деді. Солай болды да! Көп ұзамай мен Элси Ноблмен таныстым. Ол шындықты қабылдады да, біз өмірлік дос болып кеттік.
Ізашарлық қызмет пен оның баталары
Мектепті бітірген соң есепші болып жұмыс істедім. Алайда толық уақытты қызметшілердің қуанышын көрген сайын ізашар болуға деген ықыласым да арта түсті. 1945 жылдың мамыр айында мен арнайы ізашар болып тағайындалдым. Бұл өмірімдегі ең бақытты күндердің бірі болды! Қызметімнің бірінші күні жауын тоқтамастан жауып тұрды. Алайда уағыз қатты ұнағандықтан, жауын жаусын-жаумасын маған бәрібір еді. Мен қызметке үнемі велосипедпен баратынмын. Осының арқасында денсаулығым жақсара түсті. Сондықтан салмағым ешқашан 42 келіден аспаса да, ізашарлық қызметті жалғастыруыма ештеңе тосқауыл болған жоқ. “Ехоба — менің күш-қуатым” деген сөздердің тура мағынада орындалғанын өмірімде талай рет көрдім (Заб. 28:7 ЖД).
Жаңа қауымдар ұйымдастыру үшін бауырластар мені арнайы ізашар ретінде Куәгерлер жоқ қалаларға жіберді. Алдымен, үш жыл Англияда, одан кейін тағы үш жыл Ирландияда қызмет еттім. Ирландиядағы Лисберн қаласында протестант шіркеуіндегі пастордың көмекшісімен Киелі кітап зерттедім. Ол Киелі кітаптың негізгі ілімдерін білген соң, бұл жайында қауымындағы адамдарға айта бастады. Алайда олардың кейбіреулері шіркеу жетекшілеріне шағым жасайды. Сонда бұл кісі жетекшілерге шіркеудегі адамдарды қате нәрсеге үйретіп келгенін айтуды өзінің мәсіхшілік парызы деп қарастыратынын түсіндіреді. Отбасының қатты қарсылығына қарамастан, ол өзін Ехобаға бағыштап, өмір бақи адалдығын сақтап өтті.
Ирландиядағы Ларн қаласына тағайындалғанда, мен алғашында алты апта бойы қызметке жалғыз шығып жүрдім, себебі қасымдағы серігім 1950 жылы Нью-Йоркта өткен “Теократияның өсуі” деп аталған конгреске кетіп қалған еді. Бұл өте қиын уақыт болды. Мен сол конгреске қатты барғым келген еді. Алайда осы уақыт аралығында қызметте көптеген қызықты оқиғалар болды. Мысалы, мен 20 жылдан аса уақыт бұрын біздің әдебиетімізді алған бір қарт кісіні кездестірдім. Осы уақытқа дейін әдебиетті талай мәрте оқып шыққан ол оны тіпті толықтай дерлік жаттап алыпты. Бұл кісімен бірге шындықты ұлы мен қызы да қабылдады.
Ғалақад мектебі
1951 жылы мені және Англиядан тағы басқа он ізашарды Нью-Йорктегі Саут-Лансинг қаласындағы Ғалақад мектебінің 17-сыныбына шақырды. Ондағы Киелі кітапқа негізделген білімнің маған қалай ұнағанын білсеңдер ғой! Ол кезде әйел бауырластарға Теократиялық қызмет мектебінде тапсырма берілмейтін, алайда Ғалақат мектебінде біз сынып алдына тапсырмамен шығатынбыз. Сол кездегі біздің қобалжығанымыз-ай! Алғашқы тапсырмамен шыққанда, қолдарымның қалтырағанын тоқтата алсамшы! Сонда Максвел Френд есімді оқытушымыздың қалжыңдап: “Жақсы баяндамашылар тапсырманың басында ғана қобалжыса, сен тапсырмаңның соңына дейін қобалжуыңды доғармадың”,— дегені есімде. Бұл курста біз көпшілік алдында сөйлеп үйрендік. Дегенмен, уақыт зымырап өте шықты, мектеп түлектері әртүрлі елдерге аттанды. Ал мен Таиландқа тағайындалдым!
“Күлімдеген жер”
Астрид Андерсонның менімен бірге Таиландқа тағайындалғанын Ехобаның батасы деп қарастырамын. Біз ол жаққа жүк кемесімен жеті апта бойы жүзіп бардық. Елдің астанасы Бангкокқа жеткенде, онда азан-қазан болып жатқан ретсіз базарлар мен су жолдары ретінде қолданылатын көптеген су арналарын көрдік. 1952 жылы Таиландтағы жариялаушылардың саны 150-ге де жетпейтін.
Таи тіліндегі “Күзет мұнарасын” алғаш рет көргенде, бұл тілді үйрену бізге мүмкін еместей болып көрінді. Әсіресе, сөздерді дұрыс тонмен айтып үйрену қиын болды. Мысалы, “кау” сөзін әртүрлі үн, тонда айтылуына қарай “күріш” деп те түсінуге болады, “хабар” деп те түсінуге болады. Сол себепті алғашында уағызға кірісіп кеткеніміз сонша, “Сізге жақсы хабар алып келдім” деудің орнына “жақсы күріш алып келдім” деп айтып тұрғанымызды байқамаппыз! Ақырында, талай мәрте күлкіге қалып жүріп тілді үйреніп алдық.
Таи халқы өте — жайдары халық. Таиланд “күлімдеген жер” деп өте орынды аталған. Алғаш тағайындалған Корат қаласында (бүгінде Накхонратчасима) біз екі жыл қызмет еттік. Бұдан кейін Чиангмай қаласына тағайындалдық. Таи халқының көбісі буддистер болғандықтан, Киелі кітапты білмейді. Коратта мен бір пошта қызметкерімен Киелі кітап зерттеген едім: біз рубасы Ыбырайым туралы сөйлесіп жатқанбыз. Бұл есім оған таныс болғандықтан, алғашында ол басын изеп тұрып тыңдады. Алайда артынша-ақ екеуміздің екі адам туралы айтып тұрғанымыз анықталды. Сөйтсем, ол Құрама Штаттарының бұрынғы президенті Авраам Линкольн туралы ойлап отыр екен!
Біз Таи еліндегі ақ жүректі адамдарға Киелі кітап туралы үйретуден зор қуаныш алдық, ал олар бізге қарапайым өмір сүре отырып бақытты болуды үйретті. Бұл біз үшін маңызды сабақ болды, себебі Кораттағы миссионер үйінде электр қуаты да, су құбырлары да болған жоқ. Осы қызметте жүріп біз “жоқшылықта да, молшылықта да” ‘қанағат етудің құпиясымен жақсы танысып алдық’. Сондай-ақ елші Пауылдың: “маған күш-қуат беретін... [“тұлғамен” ЖД] бірге болсам, бәріне де төзе аламын”,— деген сөздерінің нені білдіретінін түсіндік (Філіп. 4:12, 13).
Жаңа серігіммен бірге жаңа жерге тағайындалуым
1945 жылы мен Лондонда болған едім. Онда біраз ізашарлармен және бетелдіктермен бірге Британ мұражайына барған болатынмын. Олардың арасында Аллан Ковил есімді бауырлас бар еді. Ол осыдан кейін көп ұзамай Ғалақад мектебінің 11-сыныбын бітіріп, Францияға, одан соң Бельгияға тағайындалған едіb. Кейін мен Таиландта қызмет етіп жүргенде, ол менен өзіне тұрмысқа шығуды өтінді. Мен бұған келістім.
Біз 1955 жылы 9 шілдеде Бельгияның Брюссель қаласында үйлендік. Мен некедегі алғашқы күндерімді (шәрбат айы) Парижде өткізуді армандаушы едім, сондықтан Аллан тойымыздан кейінгі аптаны Париждегі конгреске қатыса алатындай етіп ұйымдастырды. Алайда біз Парижге келе салысымен бауырластар Алланнан конгрестегі баяндамаларды аударуды өтінді. Сондықтан ол күнде үйден таң атпай кететін, ал жатар орнымызға біз қараңғы түсе келетінбіз. Иә, алғашқы күндеріміз, шынында да, Парижде өтті, бірақ мен Алланды көбінше мінбеден ғана көріп жүрдім. Сөйтсе де күйеуімнің бауырластарға қызмет етіп жүргеніне қуанышты едім, әрі Ехоба басты орында тұрса, некеміздің бақытты болатынына еш күмәнданбадым.
Күйеуге шыққан соң мен жаңа жерде, атап айтқанда, Бельгияда уағыздайтын болдым. Бұған дейін бұл ел туралы онда бірнеше шайқас болғанын ғана білуші едім. Бірақ көп ұзамай Бельгия халқының көбісі бейбітсүйгіш адамдар екеніне көзім жетті. Елдің оңтүстігінде қызмет ету үшін, маған француз тілін де үйренуге тура келді.
1955 жылы Бельгияда 4 500-ге жуық жариялаушы бар еді. Онда Аллан екеуміз 50 жылдай бетелдік және аралаушылық қызмет атқардық. Алғашқы екі жарым жылды велосипедпен жүріп өткіздік. Біз жолдың ойқы-шойқысына, күннің ыстық-суығына қарамаушы едік. Осы уақыт аралығында 2 000-нан астам бауырластарымыздың үйінде тоқтадық. Қызметте жиі денсаулығының нашарлығына қарамастан, Ехобаға жан-тәнімен қызмет етіп жүрген бауырластарды кездестіретінбіз. Олардың үлгісі қызметімді табандылықпен атқара беруге талпындыратын. Әр қауымдағы қызметіміз аяқталған сайын жігерленіп қалғанымызды сезінетінбіз (Рим. 1:11, 12). Аллан маған нағыз тіреніш болды. Менің Екклесиаст 4:9, 10-дағы: “Біреуге қарағанда екеудің артық екендігі анық... Егер біреуі құлап қалса, екіншісі өз жолдасын орнынан тұрғызады”,— деген сөздердің растығына көзім жетті.
‘Ехобаның күш-қуатымен’ атқарған қызметтің әкелген баталары
Аллан екеуміз жылдар бойы адамдарға Ехобаға қызмет етуге көмектесіп жүріп көптеген қуанышты жайттарды басымыздан өткіздік. Мәселен, 1983 жылы Антверпендегі француз тілді қауымдағы бір отбасында қонақта болған едік. Онда Заирден келген (қазір Конго Демократиялық Республикасы) Бенжамен Бандивила есімді жас бауырлас та болды. Бельгияға жоғары білім алу үшін келген ол бізге қарап: “Мен сендерге қатты қызығамын. Бүкіл өмірлеріңді Ехобаға толықтай бағыштағандарың қандай жақсы”,— деді. Сонда Аллан оған: “Бізге қызығамын дейсің де, өзің мансап қуасың. Саған бұл қисынсыз болып көрінбей ме?”— деп жауап қатты. Тікелей айтылған осы сөздер Бенжаменді ойландырып тастады. Кейін, Заирге қайтқан соң, ол ізашарлық қызметті бастады. Ал бүгінде Бенжамен — Филиал комитетінің мүшесі.
1999 жылы өңешімде пайда болған жараны алып тастау үшін ота жасаттым. Содан бері салмағым 30 келіден аспайды. Енді мен нағыз нәзік ‘қыш құмыраға’ айналдым. Сөйтсе де, Ехобаның маған ‘өз күшімнен артық күш’ беріп келе жатқанына дән ризамын. Ота жасатқан соң да, Ехоба маған Алланмен бірге аралаушылық қызметті жалғастыра беруге мүмкіндік берді (Қор. 2-х. 4:7 ЖД). 2004 жылы наурыз айында Аллан ұйықтап жатып қайтыс болып кетті. Мен оны қатты сағынамын, бірақ оның Ехобаның жадында екені маған жұбаныш береді.
Қазір мен 83-темін, өмірімнің 63 жылдан астам уақытын толық уақыт қызметке арнадым. Бірақ қызметке әлі де белсенді атсалысамын: өз үйімде зерттеу сабағын өткіземін, сондай-ақ Ехобаның керемет ниеті туралы күнде айтуға тырысамын. Кейде өзімнен: “1945 жылы ізашарлық қызметті бастамағанымда, өмірім қандай болар еді?”— деп сұраймын. Сол кездегі денсаулығымды есіме алсам, осындай шешім қабылдауға еш негіз болмаған сияқты көрінеді. Алайда соған қарамастан жас кезімде ізашарлық қызметті бастағаныма сондай қуанамын! Ехоба өмірімізде басты орында тұрса, ол күш-қуатымыз болатынын өз көзіммен көру мәртебесіне ие болдым.
[Сілтемелер]
a “Құтқарылу” кітабы 1939 жылы басылған. Бұл кітап қазір шығарылмайды.
b Ковил бауырластың өмірбаяны 1961 жылғы “Күзет мұнарасының” (ағ.) 15 наурыздағы санында жарияланды.
[18-беттегі сурет]
Миссионерлік қызметтегі серігім Астрид Андерсон (оң жақта)
[18-беттегі сурет]
1956 жылы күйеуіммен бірге аралаушылық қызметте
[20-беттегі сурет]
Аллан екеуміз, 2000 жыл