Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w08 15.10. 7—11 бет.
  • Ехоба үстімізден игілігіміз үшін бақылайды

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Ехоба үстімізден игілігіміз үшін бақылайды
  • 2008 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Құдаймен бірге жүр
  • Варух үшін нағыз Әке болған
  • Ұлы Әкесінің сүйіспеншілігіне еліктейді
  • Дер кезіндегі көмек
  • Алдағы жайттарға сеніммен қара
  • Заманның ақыры келмей тұрып, мызғымас достық орнатайық
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2019
  • Ехоба мойынсұнушыларға батасын береді және қорғайды
    2002 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Жастар, Жаратушыларыңды есте ұстаңдар
    2008 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Еремиядай батыл бол
    2004 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
Көбірек мәлімет
2008 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w08 15.10. 7—11 бет.

Ехоба үстімізден игілігіміз үшін бақылайды

“Жаратқан Иенің көзі — Өзіне жүрегімен берілгендерді қолдау үшін — күллі жерді шолып тұрады” (ШЕЖ. 2-Ж. 16:9).

1. Ехоба бізді не үшін тексереді?

ЕХОБА — кемелді Әке. Ол ‘ойымызда не болса, соның бәрін біледі’ (Шеж. 1-ж. 28:9). Алайда бізді бойымыздан кемшілік табу үшін ‘тексермейді’ (Заб. 11:4 ЖД; 130:3). Қайта, ол бізді сүйгендіктен, онымен қарым-қатынасымызға нұқсан келтіретін немесе мәңгілік өмірге жетуімізге кедергі жасайтын кез келген нәрседен қорғағысы келеді (Заб. 24:8—10, 12, 13).

2. Ехоба құдіретті күшімен кімдерді қолдайды?

2 Ехобаның құдіреті шексіз және ол бәрін көреді. Сондықтан ол адал жандарға қай уақытта көмек сұраса да, қол ұшын береді және сынақ кезінде оларға қолдау көрсете алады. Шежірелерге 2-жазба 16:9-да: “Жаратқан Иенің көзі — Өзіне жүрегімен берілгендерді қолдау үшін — күллі жерді шолып тұрады”,— делінген. Байқасақ, Ехоба құдіретті күшін өзіне жүрегімен берілген, яғни ниеті таза да шынайы, қызметшілерін қолдауға жұмсайды. Ал арамза не екіжүзді адамдарға мұндай қамқорлық жасамайды (Ешуа 7:1, 20, 21, 25; Нақ. с. 1:23—33).

Құдаймен бірге жүр

3, 4. Құдаймен жүру деген не және мұны Киелі кітаптағы қандай мысалдардан түсінуге болады?

3 Шексіз ғаламның Жаратушысының адам баласымен бейнелі мағынада бірге жүруі көп адамның ақылына сыймайды. Алайда бұл — Ехобаның өз қалауы. Ежелгі уақытта Енох пен Нұх Құдаймен бірге жүрген (Жар. 5:24; 6:9). Мұса “көзге көрінбейтін Жаратқан Иеге көріп тұрғандай иланып,.. берік болды” (Евр. 11:27). Ал Дәуіт өзін көктегі Әкесінің жанында кішіпейілдікпен жүргендей сезініп: “[Ехоба] Оң жағымда маған жар боп келеді: Жағдайым шайқалмайды ешбір кезде”,— деген (Заб. 15:8).

4 Әрине, біз тура мағынада Ехобаның қолынан ұстап, онымен бірге жүре алмаймыз. Алайда бейнелі мағынада бұл мүмкін. Қалайша? Забур жыршысы Асаф: ‘Әрдайым қасыңда боламын, Сен мені оң қолымнан ұстап қолдайсың. Ақыл-кеңесіңмен мені жетелейсің’,— деп жазған (Заб. 72:23, 24). Қарапайым сөзбен айтқанда, Ехобаның Сөзіндегі және “адал да ақылды құл” арқылы беріп жатқан кеңестерін берік ұстанғанда, біз онымен бірге жүреміз (Мат. 24:45 ЖД; Тім. 2-х. 3:16).

5. Ехоба өзіне адал адамдарды қалай бақылап отырады және біздің Оған деген сезіміміз қандай болу керек?

5 Ехоба өзімен бірге жүретіндерді бағалайтындықтан, оларға қамқорлық көрсету, қорғау және тәлім беру арқылы әкелік сүйіспеншілікпен көзінен таса қылмай, бақылап отырады. Ол: “Мен саған ақыл-кеңес беремін, Жүретін жолыңды көрсетемін; Сені көзімнен таса қылмай, Әрдайым жетелеп жүремін”,— дейді (Заб. 31:8). Сондықтан өзіңнен былай деп сұра: “Ехобаның даналығына құлақ асуыммен және мені мейіріммен бақылап отырғанын мойындауыммен, былайша айтқанда, қолынан ұстап бірге жүрмін бе? Оның бәрін көріп тұрғанын түсінгенім ой қалпыма, сөзіме және іс-әрекетіме әсер ете ме? Қателік жасап қойсам, Ехобаға қатыгез, суық деп емес, қайта, шын өкінгендерге өзімен қарым-қатынасты қалпына келтіруге көмектескісі келетін мейірімді, жұмсақ Әке деп қараймын ба?” (Заб. 50:19).

6. Ехобаның кез келген ата-анадан қандай артықшылығы бар?

6 Кейде Ехоба бізге шалыс қадам жасамай тұрып көмекке келуі мүмкін. Мысалы, ол қулық-сұмдыққа бейім жүрегіміздің орынсыз нәрселерді көксей бастағанын көруі мүмкін (Ерм. 17:9). Мұндай жағдайда ол кез келген ата-анадан бұрын әрекет етеді. Себебі оның “жанары” жан дүниемізде не барын көріп, ой-ниетімізді тексере алады ғой (Заб. 11:4 ЖД; 138:4; Ерм. 17:10). Қазір Еремия пайғамбардың хатшысы әрі жақын досы болған Варухқа қатысты Құдайдың қалай әрекет еткенін қарастырайық.

Варух үшін нағыз Әке болған

7, 8. а) Варух кім болған және оның жүрегінде қандай қалау пайда болса керек? ә) Ехоба Варухқа әкелік қамқорлығын қалай көрсетті?

7 Варух кәсіби көшірмеші болатын. Ол Еремиямен бірге Яһудаға Ехобаның үкімін жариялап, күннен-күнге қиындай түскен осы тапсырманы адал орындап жүрген еді (Ерм. 1:18, 19). Варух беделді отбасынан шыққан болса керек. Бірде ол “аса ғаламат дүние” аңсай бастайды. Бәлкім, бұл мансап не байлық болған шығар. Қандай болған күнде де, Ехоба оның жүрегінде қауіпті қалау дамып келе жатқанын көріп, сол заматта-ақ Еремия арқылы оған: “Сен былай деген едің: “Басыма қасірет орнады!”, өйткені Жаратушы Ие менің дертіме қосымша қайғы жамады; мен өзімнің тыныс алуымнан қажи бастадым және тыным табар емеспін”,— деді. Сосын: “Ал сен өзіңе аса ғаламат дүние сұрайсың: сұрама”,— деп қосты (Ерм. 45:1—5).

8 Ехоба Варухқа қаттылау айтқанымен, ашуланбай, шынайы әкелік қамқорлық көрсетті. Себебі оның қалауы зұлым не бұзылған жүректен туындамағанын көрген болу керек. Сондай-ақ Ехоба Иерусалим мен Яһуданың күні санаулы екенін білгендіктен, осы шешуші кезеңде Варухтың сенімнен тайып кеткенін қаламады. Сөйтіп, оған қандай кезде өмір сүріп жатқанын түсіндіру үшін, ‘кез келген пендеге зобалаң жіберетінін’ және даналықпен әрекет етсе, аман қалатынын есіне салды (Ерм. 45:5). Мұнымен ол, негізінде, былай дегісі келді: “Есіңді жи, Варух. Күнәға батқан Яһуда мен Иерусалимнің жақында қандай күйге ұшырағалы тұрғанын ұмытпа. Адалдық сақта, сонда өмір сүресің! Мен сені қорғаймын”. Ехобаның сөзі Варухтың жүрегіне жеткен болу керек, ол көзқарасын өзгертіп, он жеті жылдан кейін Иерусалим жойылғанда аман қалады.

9. Осы абзацтағы сұрақтарға қалай жауап берер едіңдер?

9 Варухпен болған оқиға жайлы ойланып, келесі сұрақтар мен тармақтардың үстінен ой жүгіртіп көр: Варухқа қатысты әрекетінен Құдайдың өзі жайлы және қызметшілеріне деген сезімі жайлы не білеміз? (Еврейлерге 12:9 оқы). Қиын-қыстау күндері өмір сүріп жатқанымызды ескерсек, Құдайдың Варухқа берген кеңесінен және оны Варухтың қалай қабыл алғанынан не нәрсеге үйренуге болады? (Лұқа 21:34—36 оқы). Еремия сияқты, мәсіхші ақсақалдар Ехобаның өз қызметшілеріне деген қамқорлығына қалай еліктей алады? (Ғалаттықтарға 6:1 оқы).

Ұлы Әкесінің сүйіспеншілігіне еліктейді

10. Исаға қауымның Басы ретіндегі міндетін атқара алу үшін не берілді?

10 Ежелде Ехоба өз халқына деген сүйіспеншілігін пайғамбарлар мен басқа да адал қызметшілер арқылы көрсетіп отырған. Ал бүгінде оның сүйіспеншілігі, бірінші кезекте, мәсіхшілер қауымының Басы Иса Мәсіх арқылы көрінеді (Ефес. 1:22, 23). Аян кітабында Иса жеті көзі бар тоқты ретінде бейнеленген. Жеті көз ‘бүкіл әлемге жіберілген Құдайдың жеті Рухын білдіреді’ (Аян 5:6). Иә, Құдайдың киелі рухына толықтай ие болған Иса кемелді түрде қырағылық танытады. Ол да біздің жан дүниемізді көреді, әрі ештеңені назарынан тыс қалдырмайды.

11. Мәсіхтің рөлі қандай және ол Әкесінің бізге деген көзқарасына қалай еліктейді?

11 Алайда Иса да Ехоба сияқты көктегі полиция қызметкері емес. Ол да бізді сүйгендіктен тексереді. Оның “Мәңгілік Әке” деген лауазымы өзіне сенім білдіргендерге мәңгілік өмір сыйлауда атқаратын рөлін есімізге салады (Ишая 9:6). Сонымен қатар қауымның Басы ретінде Мәсіх дайындық рухын танытатын, рухани толысқан мәсіхшілерді, әсіресе ақсақалдарды, мұқтаж болғандарға жұбаныш немесе кеңес беруге талпындыра алады (Сал. 1-х. 5:14; Тім. 2-х. 4:1, 2).

12. а) Кіші Азиядағы жеті қауымға жазылған хаттардан Иса жайлы не білуге болады? ә) Ақсақалдар Құдайдың отарына қатысты Мәсіхтің көзқарасын қалай көрсетеді?

12 Мәсіхтің отарға бар ықыласымен көңіл бөлетіні Кіші Азиядағы жеті қауымның ақсақалдарына жазылған хаттардан көрінеді (Аян 2:1—3:22). Одан Исаның әрбір қауымда не болып жатқанын жақсы білетінін және шын көңілмен ізбасарларының қамын ойлайтынын байқауға болады. Бұл әсіресе бүгінге қатысты, өйткені аяндағы жайттар “Иеміздің күнінде”a орындалып жатыр (Аян 1:10 ЖД). Мәсіх жиі сүйіспеншілігін қауымның рухани бағушысы болып қызмет етіп жүрген ақсақалдар арқылы білдіреді. Ол осы “адамдар кейпінде тартуларды” қажет болғанда жұбаныш, жігер және кеңес беруге талпындыра алады (Ефес. 4:8; Ел. іс. 20:28; Ишая 32:1, 2 оқыb). Олардың қызметін Мәсіхтің жеке өзіңе көңіл қойып жатқандығының белгісі деп білесің бе?

Дер кезіндегі көмек

13—15. Құдай дұғамызға қалай жауап беруі мүмкін? Мысал келтіріңдер.

13 Құдайдан жалбарына көмек сұраған соң, дұғаңа жауап ретінде рухани толысқан бауырластар келіп, сені жігерлендірген кез болды ма? (Жақ. 5:14—16). Я болмаса көмекті мәсіхшілер қауымындағы баяндамадан немесе әдебиеттердің бірінен таптың ба? Ехоба дұғаларымызға жиі осылай жауап береді. Мысалы, бір әйел бауырлас баяндамадан соң ақсақалға келіп, Киелі кітапқа негізделген кейбір ойлары үшін зор ризашылығын білдіреді. Ол жақында ғана әділетсіздіктен жапа шеккеніне қарамастан, қиыншылығын айтып налымайды. Баяндамадағы сол ойлар жағдайына қатысты болғандықтан, оған жұбаныш берген еді. Ол осы қауым кездесуіне келгеніне қатты қуанды.

14 Дұғаның арқасында көмек алуға болатынын көрсететін түрмеде болған бір оқиғаны қарастырайық. Қамауда жатқан үш кісі Киелі кітаптағы шындықты біліп, шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушы болады. Бір сорақы оқиғадан соң түрмеде біраз шектеулер қойылады, ал бұл ондағылардың наразылығын тудырады. Мұны ашық көрсету үшін, олар ертеңіне таңғы астан кейін ыдыстарын қайтармауды шешеді. Бұл жағдай үш жариялаушыға қиындық туғызады. Өйткені бүлікке қосылса, Римдіктерге 13:1-дегі Ехобаның талабына қайшы әрекет етпек, ал қосылмаса, ашуға мінген бүлікшілердің қаһарына ілігуі мүмкін.

15 Бір-бірімен ақылдасуға мүмкіндігі болмаған олар Құдайдан даналық сұрап дұға етеді. Ертесіне үшеуінің де бірдей шешім қабылдағаны белгілі болады: үшеуі де таңғы астан бас тартуды ұйғарады. Кейінірек, күзетшілер ыдыстарды жинауға келгенде, оларға ыдыс қайтарудың қажеті болмайды. ‘Дұғаны естуші’ Құдайдың жандарынан табылғанына олар қалай қуанды десеңші! (Заб. 64:3).

Алдағы жайттарға сеніммен қара

16. Уағыздау ісінен Ехобаның қой тәрізді адамдардың қамын ойлайтыны қалай көрінеді?

16 Дүниежүзілік уағыздау ісі — Ехобаның ақ жүректі адамдардың, қай жерде өмір сүрмесін, қамын ойлайтынының тағы бір дәлелі (Жар. 18:25). Ол жиі періштелер арқылы қызметшілерін қой тәрізді адамдарға, тіпті олар ізгі хабар әлі жетпеген аймақтарда өмір сүрсе де, бағыттап отырады (Аян 14:6, 7). Мысалы, бірінші ғасырда Құдай ізгі хабарды уағыздаушы Філіпті періште арқылы эфиопиялық уәзірге барып, Жазбаларды түсіндіріп беруге жібереді. Мұның нәтижесі қандай болды? Уәзір ізгі хабарды қабылдап, шомылдыру рәсімінен өтіп, Исаның шәкірті болдыc (Жох. 10:14; Ел. іс. 8:26—39).

17. Неге алдағы жайттарды ойлап тым уайымдамауымыз керек?

17 Осы зұлым дүниенің соңы жақындаған сайын, алдын ала айтылған “толғақтың азабы” жалғаса бермек (Мат. 24:8). Мысалы, сұраныстың көбеюінен, климаттың бұзылуы мен экономиканың тұрақсыздығынан азық-түлік айтарлықтай қымбаттауы мүмкін. Сондай-ақ жұмыс табу қиындап, ал жұмыс берушілер жұмыс уақытын көбейтуі мүмкін. Қандай жағдайға кезіксе де, рухани істерді бірінші орынға қойып, ‘көзін қарапайым’ (ЖД) сақтайтындарға уайымға берілудің қажеті жоқ. Олар Құдайдың өздерін жақсы көретінін және қамдарын жасайтынын біледі (Мат. 6:22—34). Мысалы, б. з. б. 607 жылы Иерусалим күйрер алдындағы аласапыран кезде Құдай Еремияны қалай қамтамасыз еткенін көрейік.

18. Иерусалим қоршауда болған кезде, Ехоба Еремияға деген сүйіспеншілігін қалай көрсетті?

18 Бабылдықтардың қоршауындағы Иерусалимнің соңғы күндерінде Еремия ‘күзетшілер ауласына’ қамалады. Ол тамақты қайдан алмақ? Бостандықта болса, өзі табар еді. Бірақ ол сол жердегі адамдарға толығымен тәуелді болды, ал олардың көбісі оны жек көретін. Әйтсе де Еремия адамдарға емес, өзінің қамын ойлауды уәде еткен Құдайға арқа сүйеді. Ехоба өз сөзінде тұрды ма? Әлбетте! Ол Еремияның ‘қаладағы астық атаулы түгесілгенге дейін... күн сайын бір үзім нан’ алып отыруына қам жасады (Ерм. 37:21). Еремия, сондай-ақ Варух, Авдимелех және тағы басқалар сол аштық, індет пен өлім жайлаған уақытта аман қалды (Ерм. 38:2; 39:15—18).

19. Алда қандай жағдайға кезіксек те, не істеуге бел бууымыз керек?

19 Расында да, “Жаратқанның назары адалдарда, Ол құлақ салады солар сиынғанда” (Пет. 1-х. 3:12). Көктегі Әкеміздің бақылап отырғанына қуаныштысың ба? Ол сені игілігің үшін назарының алдында ұстайтынын білгеннен өзіңді қауіпсіз сезінесің бе? Олай болса, алда қандай жағдайға кезіксек те, Құдаймен бірге жүруге белді бекем буайық. Ехобаның әкелік жанары әрдайым адал жандарда болып, олардың жанынан табылатынына сенімді болайық (Заб. 31:8; Ишая 41:13 оқы).

[Сілтемелер]

a Бұл хаттар, бірінші кезекте, Мәсіхтің майланған ізбасарларына арналғанымен, онда айтылғандар Құдайдың барлық қызметшілеріне қатысты.

b Ишая 32:1, 2: “Мінеки, Патша әділдікпен патшалық құрады, әрі княздар да заңдылықпен әмір етеді; Сөйтіп, олардың әрқайсысы жел өтінен қорғаныш, жауын-шашыннан жамылғы, айдалада ауыз судың мөлдір көзі, сая болар биік жартастың көлеңкесі сияқты [міндет] арқалайды”.

c Құдайдың көктен басшылық беретінінің тағы бір мысалы Елшілердің істері 16:6—10 тармақтарда жазылған. Пауыл мен серіктестеріне Азия мен Бітүнияда уағыздауға ‘Киелі рух тыйым салады’. Олар Македонияға шақырылып, ол жерде көптеген момын адамдар ізгі хабарға құлақ асады.

Түсіндіріп бере аласыңдар ма?

• Құдаймен бірге жүретінімізді қалай көрсете аламыз?

• Ехоба Варухқа сүйіспеншілігін қалай көрсетті?

• Мәсіхшілер қауымының Басы ретінде Иса Әкесінің қасиеттерін қалай танытады?

• Осы қиын-қыстау күндері Құдайға арқа сүйейтінімізді қалай көрсете аламыз?

[9-беттегі суреттер]

Мәсіхші ақсақалдар Варухқа Ехобаның қамқорлығын көрсеткен Еремияға еліктейді

[10-беттегі сурет]

Қалай Ехоба дер кезінде көмек беруі мүмкін?

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу