Біз еш қорыққан жоқпыз, өйткені Ехоба жар болды
АЙТЫП БЕРГЕН: АИПТИЯ ПЕТРИДУ
Көп жылдар бойы Ехоба куәгерлерінің ісін басқарған Нейтан Норр бауырластың 1972 жылы Никосияда айтқан арнайы баяндамасына Кипрдің бұрыш-бұрышынан Куәгерлер жиналды. Мен аузымды ашып үлгермей жатып, ол мені бірден танып: “Мысырдан не жаңалық бар?”— деп сұрады. Мен Норр бауырласты алғаш рет 20 жыл бұрын туған қалам Александрияда (Мысыр) кездестірген едім.
АЛЕКСАНДРИЯ қаласында 1914 жылы 23 қаңтарда дүниеге келген мен төрт баланың тұңғышы болдым. Біз теңізден таяқ тастам жерде тұрдық. Ол кезде Александрия өзінің сәулетті ғимараттары және тарихымен әйгілі, көп ұлтты әсем қала еді. Еуропалықтар мен арабтар аралас-құралас тұрғандықтан, біз, балалар, араб, ағылшын, итальян, француз және ана тіліміз грек тілінде сөйлей беретінбіз.
Мектепті бітірген соң, мен француз сән үйіне жұмысқа тұрдым. Онда жоғары тап әйелдеріне арналған сәнді киімдердің үлгісін жасап, тігетінмін. Маған жұмысым қатты ұнайтын. Мен өте діндар едім. Киелі кітапты оқығанды жақсы көретінмін, бірақ аса түсіне бермейтінмін.
Сол кездері, 1930 жылдардың орта шенінде, Теодотос Петридис деген кипрлік бір жақсы жігітті кездестірдім. Ол майталман балуан болатын, бірақ кейіннен тәтті тағамдар жасауды үйреніп, әйгілі кондитерлік дүкенге жұмысқа тұрды. Теодотос маған — кішкене келген, қара шашты қызға — ғашық болып қалды. Ол жиі тереземнің түбінде тұрып, грек тілінде махаббат әндерін айтатын. Біз 1940 жылдың 30 маусымында отау құрдық. Сол күндер неткен бақытты еді десеңші! Біз анамның пәтерінің тура астында тұрдық. 1941 жылы тұңғыш ұлымыз Джон туылды.
Киелі кітаптағы шындықты білу
Бір кездері Теодотос дінімізге көңілі толмай, Киелі кітап туралы сұрақтар қойып жүрді. Содан, ол маған білдірмей, Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттей бастапты. Бірде баламмен үйде отырғанымда, есігімізді бір әйел қақты. Ол қолыма Киелі кітаптағы хабар жазылған парақша ұстатты. Мен сыпайылық танытып, оны оқып шықтым. Сосын, ол маған Киелі кітапқа негізделген әдебиеттер ұсынды. Міне қызық, Теодотос та үйге дәл осындай кітаптар әкеліп жүрген еді!
“Менде бұл кітаптар бар,— дедім мен.— Ішке кіріп сөйлесейік”. Мен ә дегеннен Елени Николау деген әлгі Куәгерге мың сан сұрақ жаудырдым. Ол Киелі кітапты қолданып, шыдамдылықпен жауап беріп отырды. Мұнысы маған ұнады. Кенет, менің көзім ашылып, Киелі кітапты түсіне бастадым. Әңгіме арасында күйеуімнің суретіне көзі түсіп кеткен Елени: “Мен бұл кісіні танимын!”— деп дауыстады. Теодотостың құпиясы ашылып мен аң-таң болдым. Тео менсіз, тіпті маған бір ауыз айтпастан, мәсіхшілердің кездесулеріне барып жүрген екен! Сол күні күйеуім үйге келгенде, мен оған: “Өткен жексенбіде сен барған жерге, бұл жолы мен де барам!”— дедім.
Мен барған бірінші кездесуде он шақты адам жиналып, Миха кітабы талқыланды. Мен құйма құлақ болып отырдым. Сол кезден бастап әр жұма сайын Джордж бен Катерини Петракилер бізбен Киелі кітап зерттеу сабағын өткізетін болды. Әкем мен бауырларым Куәгерлермен зерттеп жатқанымызға қарсы болды, бірақ сіңлім өзі ешқашан Куәгер болмаса да, төзімділік танытты. Ал шешем шындықты қабылдады. 1942 жылы мен, Теодотос және анам — үшеуміз Құдайға бағышталғанымыздың белгісі ретінде Александрияда теңізде шомылдыру рәсімінен өттік.
Өмірдегі өзгерістер
1939 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, тез арада ушығып кетті. 1940 жылдардың басында неміс генералы Эрвин Роммельдің танк отряды жақын арадағы әл-Алемейінге келгендіктен, Александрияны Британ әскерінің жауынгерлері қаптап кетті. Біз мол етіп құрғақ тамақ жинадық. Бірде Теодотостың бастығы одан Суэцтің маңындағы Порт Тауфиктегі жаңа кондитерлік дүкеніне бас-көз болуды өтінді, біз сонда көшіп бардық. Ол жерде грекше сөйлейтін бір ерлі-зайыпты Куәгерлер бізді тауып алғысы келіпті. Мекенжайымызды білмегендіктен, олар бізді тапқанша, үйме-үй жүріп уағыздапты.
Порт Тауфикте біз Ставрос пен Юлия Кипраос, олардың балалары Тотос және Джорджиямен Киелі кітап зерттеу сабағын өткіздік. Біз олармен жақын дос болып кеттік. Ставростың Киелі кітапты зерттеуді ұнатқаны сонша — жолымыздан қалып қойып, тағы біраз сонда болу үшін, үйіндегі сағаттың бәрін бір сағат артқа жылжытып қоятын. Біз түннің бір уағына дейін әңгімелесетінбіз.
Порт Тауфикте 18 ай тұрып, анам науқастанып қалғандықтан Александрияға қайта оралдық. Ол 1947 жылы дәм-тұзы таусылғанша, Ехобаға адал болды. Сонда Ехобаның бізге толысқан мәсіхші достарымыз арқылы жігер бергенін тағы да сезіндік. Бұған қоса, тағайындалған жерлеріне бара жатқан миссионерлердің кемелері Александрияға тоқтағанда, оларға меймандостық танытудың мүмкіндігін жібермейтінбіз.
Өмірдің қуанышы мен реніші
1952 жылы екінші ұлым Джеймсті босандым. Біз балаларымызды рухани ортада тәрбиелеуге міндетті екенімізді түсініп, үйде Киелі кітап зерттеу кездесулерін үнемі өткізуге жағдай жасадық, толық уақытты қызметшілер үшін де есігіміз әрқашан ашық тұратын. Осының арқасында үлкен ұлымыз Джонның шындыққа деген сүйіспеншілігі артып, жасөспірім шағынан ізашарлық қызметті бастады. Ал оқуын бітіру үшін кешкі мектепке барып жүрді.
Осыдан біраз уақыт өткен соң, Теодотостың жүрегі ауыратыны анықталып, оған бұрынғы жұмысын тастауға тура келді. Ол кезде Джеймс төрт-ақ жаста болатын. Біз енді не істерімізді білмедік. Бірақ Ехоба: “Қорықпа, Мен саған жар боламын”,— деп уәде етпеп пе еді? (Ишая 41:10). 1956 жылы Суэц каналына жақын жердегі Исмаилия қаласында ізашар ретінде қызмет етуге шақырылғанда, біз таңғалдық та, қатты қуандық та. Кейінгі жылдары Мысырда дүрбелең кезең орнап, бауырластарымыз жігерге мұқтаж болды.
1960 жылы әрқайсымыз қолымызға бір-бір сөмке ғана алып, Мысырдан кетуге мәжбүр болдық. Біз күйеуімнің туған жері Кипрге көштік. Бұл уақытта Теодотосты ауруы меңдеп, жұмысқа мүлдем жарамсыз болып қалған еді. Алайда бір мейірімді ерлі-зайыпты бауырластар үйлерінің қасынан бізге баспана берді. Өкінішке қарай, екі жылдан соң күйеуім дүние салды, мен әлі буыны қатпаған Джеймспен қалдым. Ал бізбен Кипрге келген Джон үйленгендіктен, өз отбасының қамын жасау керек еді.
Қиын шақтардағы қамқорлық
Сосын, Ставрос және Дора Каирис деген бауырластар бізге өздерімен бірге тұруды ұсынды. Қажет кезінде тағы да қамқорлық көрсеткені үшін Ехобаға тізерлеп тұрып алғыс білдірдім (Заб. 144:16). Ставрос пен Дора үйлерін сатып, бірінші қабатта Патшалық сарайы орналасатындай етіп жаңа үй салды. Олар бізге мейірімділік танытып, оған жанастыра Джеймс екеумізге екі бөлмелі үй салып берді.
Уақыт өте келе Джеймс те үйленді. Ол әйелімен бірге тұңғыш балалары туылғанша, ізашар болып қызмет етті. Кейін төрт баланың әкесі болды. 1974 жылы, Норр бауырластың ұмытылмас сапарынан кейін екі жыл өткен соң, Кипрде саяси төңкеріс болдыa. Көп адам, соның ішінде Куәгерлер де, үйлерін біржола тастап, басқа жаққа көшуге мәжбүр болды. Олардың арасында Джон да бар еді. Ол әйелі мен үш баласын алып, Канадаға көшті. Кипрдегі осындай жағдайларға қарамастан, бізді ондағы жариялаушылардың көбейіп жатқаны қуантты.
Зейнетке шыққан соң, қызметке көбірек қатыса алатын болдым. Бірақ бірер жыл бұрын инсультке ұшырадым да, Джеймстің қолына барып тұрдым. Кейінірек, денсаулығым қатты нашарлап, бірнеше апта ауруханаға жатып шықтым, сосын, қарттар үйіне көштім. Үнемі ауырсыну сезімімен жүрсем де, мен осындағы қызметкерлер мен емделушілерге, келіп-кетушілерге уағыздаймын. Сондай-ақ Киелі кітапты сағаттап зерттеймін және қамқор бауырластардың көмегімен жақын маңдағы кітап зерттеу кездесуіне барып тұрамын.
Қартайған шағымда көңіліме медеу болғандар
Теодотос екеуміз шындықты білуге көмектескен адамдардан хабар білгенде, бір жасап қаламын. Олардың балалары мен немерелерінің көбісі Австралия, Англия, Грекия, Канада және Швейцария сияқты елдерде толық уақытты қызмет етіп жүр. Бүгінде Джон мен әйелі ұлымен бірге Канадада тұрып жатыр. Олардың үлкен қызы мен күйеу баласы ізашар болып қызмет етеді. Ал кіші қызы мен күйеу баласы, Линда және Джошуа Снейп, Ғалақад мектебінің 124-сыныбына шақырылды.
Ұлым Джеймс пен әйелі қазір Германияда тұрады. Олардың екі ұлы Бетелде — бірі Афиныда (Грекия), екіншісі Зельтерсте (Германия) қызмет етеді. Ең кіші ұлы және қызы мен күйеу баласы Германияда ізашар болып қызмет етуде.
Анам мен қымбатты күйеуім Теодотос қайта тірілгенде, оларға айтарымыз қаншама көп десеңші! Сол кезде отбасына қандай керемет мұра қалдырғандарын көріп, шат-шадыман болатындарына сенімдімін!b
[Сілтемелер]
a 1974 жылғы “Ояныңдар!” журналының (ағ.) 22 қазандағы санының 12—15 беттерін қараңдар.
b Бұл мақала дайындалып жатқанда, Петриду бауырлас 93 жасында дүние салды.
[24-беттегі сөздер]
Ехобаның бізге толысқан мәсіхші достарымыз арқылы жігер бергенін тағы да сезіндік
[24-беттегі карта]
КИПР
НИКОСИЯ
ЖЕРОРТА ТЕҢІЗІ
МЫСЫР
КАИР
Александрия
әл-Алемейін
Исмаилия
Суэц
Порт Тауфик
Суэц каналы
[Түпдерек]
Based on NASA/Visible Earth imagery
[23-беттегі сурет]
Теодотос екеуміз, 1938 жыл
[25-беттегі сурет]
Ұлым Джон әйелімен бірге
[25-беттегі сурет]
Ұлым Джеймс әйелімен бірге