Оқырман сауалдары
Елші Пауыл “күллі Исраил құтқарылмақ”,— деп айтқан (Рим. 11:26). Бұл сөздермен ол яһудилердің бәрі мәсіхшілікті қабылдайды деді ме?
Жоқ. Пауылдың айтқысы келгені бұл емес еді. Ыбырайымның ұрпағы халық ретінде Исаны Мәсіх деп қабылдамады. Исаның өлімінен біраз жылдар өткен соң, яһудилердің көпшілігі мәсіхшілікті қабылдамайтыны анық болды. Дегенмен Пауылдың: “Күллі Исраил құтқарылмақ”,— деген сөздері шындық еді. Алайда қай мағынада?
Иса өз заманының яһуди дінбасыларына: “Құдай өз Патшалығын сендерден тартып алып, басқа бір халыққа тапсырмақ! Олар оның өнімін беріп тұратын болады”,— деп айтқан еді (Мат. 21:43). Халық ретінде Исраил Исадан бас тартқандықтан, Ехоба киелі рухымен майланған жаңа халыққа назарын аудармақ еді. Бұл халықты Пауыл ‘Құдайдың рухани Исраил халқы’ деп атады (Ғал. 6:16).
Грек жазбаларының басқа жерлерінен “Құдайдың рухани Исраил халқы” 144 000 майланған мәсіхшілерден тұратынын көруге болады (Рим. 8:15—17; Аян 7:4). Бұл топ, Аян 5:9, 10-нан көретініміздей, яһудилерден ғана емес, “әрбір ру, тіл, ұлт және халықтан” шыққан майланған мәсіхшілерден тұрады. Рухани Исраилдің мүшелері ‘Жер бетіне билік жүргізу’ үшін ‘діни қызметкерлер патшалығы’ ретінде таңдалған болатын. Ехоба Исраилден таңдалған халқы ретінде бас тартқанымен, жеке адамдар онымен татуласа алатын еді. Мұны елшілер мен алғашқы мәсіхшілердің жағдайынан көруге болады. Бұл яһудилер басқа халықтар сияқты Иса Мәсіхтің қанымен азат етілген болатын (Тім. 1-х. 2:5, 6; Евр. 2:9; Пет. 1-х. 1:17—19).
Бірінші ғасырдағы яһуди халқының басым көпшілігі Исамен бірге билік ету мүмкіндігінен бас тартқаны Ехобаның ниетінің орындалуына кедергі болған жоқ. Бұлай болуы мүмкін емес те еді. Өйткені Ехоба пайғамбары арқылы: “Менің аузымнан шыққан сөзім де соған ұқсайды: ол Өзіме нәтижесіз оралмайды. Қайта, Менің сөзім еркімді толық орындап, көздеген мақсаттарымды жүзеге асырады”,— деген еді (Ишая 55:11).
Исамен бірге көкте билік ететін 144 000 адамды таңдауға қатысты Құдайдың ниеті жайлы да осылай деуге болады. Киелі кітапта 144 000-ның барлығының майланатыны анық айтылған. Олардың бірде-біреуі майланбай қалмайды (Аян 14:1—5).
Демек, Пауыл “күллі Исраил құтқарылмақ” дегенде, яһудилердің мәсіхшілікті жаппай қабылдайтынын айтпаған. Қайта, ол Құдайдың 144 000 рухани Исраилдің өзінің Ұлы, Иса Мәсіхпен бірге көкте билік ететіндеріне қатысты ниетінің орындалатынын айтқысы келген. Құдай белгілеген уақытта, түгел 144 000 майланған, яғни “күллі Исраил”, құтқарылып, Мәсіхтің Патшалығында діни қызметкерлер және патшалар ретінде қызмет атқаратын болады (Ефес. 2:8).
[28-беттегі сурет]
Майланғандар “әрбір ру, тіл, ұлт және халықтан” жиналады