Пауылдың үлгісіне еліктей отырып, рухани өсе бер
“Мен “игі жарысқа” қатысып, мәреге жеттім, сенімімді сақтап қалдым” (ТІМ. 2-Х. 4:7).
1, 2. Тарстық Саул өмірін қалай өзгертті және оған қандай маңызды іс тапсырылды?
ОЛ АҚЫЛДЫ әрі қайсар кісі болатын. Алайда ‘күнәкар болмысының құмарлықтарының’ жетегімен жүретін (Ефес. 2:3). Кейінірек, ол өзінің ‘тіл тигізуші, қауымдарды қудалаушы, зорлық-зомбылық көрсетуші’ болғанын айтты (Тім. 1-х. 1:13). Бұл кісі тарстық Саул еді.
2 Уақыт өте келе, Саул өмірін түбегейлі өзгертті. Ол бұрынғы өмір жолын тастап, бұдан былай ‘жеке басының емес, басқалардың мүдделерін ойлауға’ барынша тырысты (Қор. 1-х. 10:33). Оның мінезі жұмсарып, бұрын өзі жәбір көрсеткендерге сүйіспеншілік танытатын болды (Салоникалықтарға 1-хат 2:7, 8 оқы). Ол: “Құдай... мені Ізгі хабарды уағыздайтын қызметшісі етіп қойды”,— деп жазды. Сосын: “Оның адамдарының ең лайықсызы болсам да, Тәңірдің рақымымен Мәсіхтің шексіз зор рухани байлығы туралы басқа халықтарға уағыздау үлесіме тиді”,— деп қосты (Ефес. 3:7, 8).
3. Пауылдың хаттары мен оның қызметі жайлы жазылған мәліметтерді зерттегеніміздің қандай пайдасы бар?
3 Пауыл деген атпен де танымал Саул керемет рухани жетістіктерге жетті (Ел. іс. 13:9). Сондықтан Пауылдың хаттары мен оның қызметі жайлы жазылған мәліметтерді зерттеп, оның сеніміне еліктейтін болсақ, біздің де шындық жолында жетістіктерге жете береріміз сөзсіз (Қорынттықтарға 1-хат 11:1; Еврейлерге 13:7 оқы). Олай болса, осылай еткеніміз бойымызда Киелі кітапты үнемі зерттеуге, өзгелерге шынайы сүйіспеншілік дамытуға, сондай-ақ өзімізге қатысты дұрыс көзқараста болуға деген ықылас оятуға қалай көмектесетінін қарастырып көрейік.
Пауыл Жазбаларды үнемі зерттеген
4, 5. Қалай Пауыл жеке зерттеудің пайдасын көрген?
4 ‘Гамалиелден тыңғылықты тәлім алып, ата-бабаларының Таурат заңын мұқият сақтаған’ парызшыл Пауылдың Жазбалардан біраз хабары болған (Ел. іс. 22:1—3; Філіп. 3:4—6). Шомылдыру рәсімінен өткен соң, ол бірден “Арабия еліне” (Сирия шөл даласы немесе Арабия түбегіндегі ой жүгіртуге ыңғайлы тыныштау жерлердің бірі болса керек) аттанады (Ғал. 1:17). Пауыл Исаның Мәсіх екенін дәлелдейтін Жазба орындарының үстінен ой жүгірткісі келгенге ұқсайды. Оның үстіне, алда күтіп тұрған қызметіне дайындалғысы келген (Елшілердің істері 9:15, 16, 20, 22 оқы). Ол рухани нәрселер жайлы ойлануға арнайы уақыт бөлген.
5 Жеке зерттеудің арқасында Жазбаларды жақсы біліп, терең түсінгені Пауылдың тәлім беруде нәтижелі болуына көмектескен. Мысалы, ол Пісидиядағы Антақия мәжілісханасында сөйлегенде, Еврей жазбаларынан Исаның Мәсіх екенін растайтын, кем дегенде, бес үзінді келтірген, сондай-ақ Жазбаларға бірнеше рет сілтеген. Жазбалардан келтірген дәлелдері сондай сенімді болғандықтан, “көптеген яһудилер мен басқа ұлттың Құдайды қастерлеушілері” көбірек білу үшін “Пауыл мен Барнабаға еріп жүрді” (Ел. іс. 13:14—44). Біраз жылдар өткен соң, Римдегі Пауыл тұрып жатқан үйге бір топ яһуди келеді. Ол “олардың алдында Құдайдың Патшалығы туралы дәлелдер келтірді, Иса туралы айтылғанның бәрі рас екеніне Мұса заңы мен пайғамбарлардың кітаптарының негізінде олардың көзін жеткізуге тырысты” (Ел. іс. 28:17, 22, 23, Тт).
6. Сынақтарға кезіккенде, Пауылға рухани берік болуға не көмектескен?
6 Сынақтарға кезіккенде, Пауыл Жазбаларды зерттеуін доғармай, рухтың жетелеуімен жазылған ондағы сөздерден күш алып отырған (Евр. 4:12). Рим түрмесінде отырған Пауыл өлімге кесілер алдында, Тімотеден “бүктеме” және ‘жарғаққа жазылған‘ жазбаларын әкеп беруді өтінген (Тім. 2-х. 4:13 сілт.). Бұлар Пауыл терең зерттеу үшін қолданған Еврей жазбаларының бөліктері болғанға ұқсайды. Жазбаларды үнемі зерттеу арқылы білім алып отырғаны Пауыл үшін аса маңызды болған. Өйткені осының арқасында ол рухани күйін берік сақтай алған.
7. Киелі кітапты жүйелі түрде зерттеудің қандай пайдасы бар?
7 Киелі кітапты жүйелі түрде зерттеп, ой жүгіртуге уақыт бөлгеніміз рухани өсуге көмектеседі (Евр. 5:12—14). Құдай Сөзінің құндылығы жөнінде забур жыршысы былай деген: “Мыңдаған алтын-күміс ақшалардан аузыңнан шыққан тәлім қымбат маған! Өсиеттерің есімде мәңгі-бақи қалады, Олар мені жауларымнан парасатты қылады. Сөздеріңе Сенің мен бас иемін, Сол үшін теріс жолдан аулақ жүремін” (Заб. 118:72, 98, 101). Сен Киелі кітапты жеке зерттеуді дағдыға айналдырғансың ба? Киелі кітапты күнделікті оқып және ой жүгіртіп, Құдайға деген қызметіңнің аясын кеңейтуге дайындалып жүрсің бе?
Саул өзгелерді сүюді үйренген
8. Саул яһуди дінін ұстанбағандарға қалай қараған?
8 Мәсіхші болмас бұрын, Саул өз дінін қызғыштай қорғаған, бірақ оны яһуди дінін ұстанбайтындар аса қызықтыра қоймаған (Ел. іс. 26:4, 5). Ол Степанға тас атып жатқан яһудилерді қоштаған. Саул оған лайықты жаза қолданылды деп есептесе керек. Сондықтан мұны өз көзімен көргені оны одан бетер батылдандыра түскенге ұқсайды (Ел. іс. 6:8—14; 7:54—8:1). Киелі кітапта: “Саул... қауымға қырғидай тиді; үй-үйді аралап, әйелдер мен еркектерді сүйреп шығарып, түрмеге жапқызды”,— делінген (Ел. іс. 8:3). Ол тіпті ‘оларды шетелдік қалаларға барып та қудалады’ (Ел. іс. 26:11).
9. Саулға өзгелерге деген көзқарасын таразылауға не ықпал еткен?
9 Бірде Мәсіхтің шәкірттерін ұстау үшін Дамаскіге бара жатқан жолда Саулға Иса көрінеді. Құдай Ұлының ерекше нұр сәулесінен Саулдың көзі көрмей, біреудің көмегіне кіріптар болып қалады. Сонда Ехоба оның көзін ашу үшін Ананиді жібереді. Ал сол екі арада Саулдың өзгелерге деген көзқарасы түбегейлі өзгереді (Ел. іс. 9:1—30). Мәсіхтің ізбасары болғаннан кейін, ол барлық адамдарға Исанікідей көзқарас таныту үшін көп күш салған. Бұл үшін оған зорлық жасауды қойып, ‘барлық адамдармен тату болу’ керек еді (Римдіктерге 12:17—21 оқы).
10, 11. Қалай Пауыл өзгелерге шынайы сүйіспеншілік көрсеткен?
10 Пауыл өзгелермен тату-тәтті болуды ғана емес, оларға шынайы сүйіспеншілік көрсетуді де қалады, ал уағыздау ісі осылай етуіне жақсы мүмкіндік берді. Бірінші миссионерлік сапарында ол Кіші Азияда уағыздады. Қатты қарсылықтарға қарамастан, Пауыл мен оның серіктерінің бар көңілі момын адамдарға мәсіхші болуға көмектесу еді. Лүстра мен Қониядағы қарсылық көрсетушілер Пауылды өлтірмек болғанына қарамай, олар сол қалаларға қайта барды (Ел. іс. 13:1—3; 14:1—7, 19—23).
11 Кейінірек, Пауыл мен оның қасындағылар Құдай туралы білгісі келген адамдарды іздеу үшін Македониядағы Філіпі қаласына барады. Кезінде яһуди дінін қабылдаған Лүдия ізгі хабарды тыңдап, мәсіхші болады. Рим басшылары Пауыл мен Сыйласты шыбықпен сабап, түрмеге тастатады. Алайда Пауыл ол жерде түрме бастығына уағыздап, нәтижесінде, оның өзі де, отбасы да шомылдыру рәсімінен өтіп, Ехобаның қызметшісі болады (Ел. іс. 16:11—34).
12. Қиянатшыл Саулды Иса Мәсіхтің мейірімді елшісі болуға не талпындырды?
12 Неге Саул кезінде өзі қудалаған адамдардың сенімін қабылдады? Осы қиянатшыл кісіні Құдай мен Мәсіх туралы шындықты өзгелер де біле алу үшін өмірін қатерге тігуге дайын мейірімді де сүюші елші болуға не талпындырды? Мұны оның өзі былай деп түсіндірді: ‘Зор рақымымен шақырып алған Құдай өз қалауымен Исаның Өзінің рухани Ұлы екендігін маған ашып білдірді’ (Ғал. 1:15, 16). Ол Тімотеге: “Иса Мәсіх алдымен мен арқылы Өзінің төзімділігін толығымен көрсету үшін маған қайырымдылық танытты. Сөйтіп мені болашақта Иса Мәсіхке сеніп, мәңгілік өмірге ие болатындардың бәріне үлгі етті”,— деп жазды (Тім. 1-х. 1:16). Ехоба Пауылды кешірген. Осындай зор рақым мен қайырымдылық көргені оны ізгі хабарды уағыздау арқылы басқаларға сүйіспеншілік танытуға талпындырған.
13. Өзгелерге сүйіспеншілік көрсетуге бізді не талпындыру керек және біз мұны қалай істей аламыз?
13 Ехоба біздің де күнәларымыз бен қателіктерімізді кешіреді (Заб. 102:8—14). Забур жыршысы: “Жаратқан, заңсыздықты байқап қалсаң [“байқай берсең”, ЖД], Жаратқан! Бұған кім төтеп береді?”— деп сұраған (Заб. 129:3). Құдай рақымын түсірмегенде, ешқайсымыз қасиетті қызметімізді қуанышпен атқара да, мәңгілік өмірге үміттене де алмас едік. Құдайдың әрбірімізге көрсетіп отырған рақымы шексіз зор. Сондықтан біз де, Пауыл сияқты, ізгі хабарды уағыздау, тәлім беру және бауырластарымызды жігерлендіру арқылы өзгелерге деген сүйіспеншілігімізді арттыруға ықыласты болуымыз керек (Елшілердің істері 14:21—23 оқы).
14. Көбірек және сапалы қызмет ету үшін не істеуге болады?
14 Пауыл көбірек қызмет етуді және оның сапасын жақсартуды қалаған. Оған Исаның үлгісі қатты әсер еткен. Құдай Ұлы өзгелерге деген зор сүйіспеншілігін әртүрлі жолдармен, соның ішінде уағыздау ісі арқылы, көрсеткен. Ол: “Оратын егін көп, бірақ жұмысшылар аз. Сондықтан егіннің Иесінен оны жинап алатын жұмысшылар жіберуін өтініңдер!”— деген (Мат. 9:35—38). Пауыл жұмысшылардың көбірек болуын сұрап дұға еткен шығар, әрі сол өтініштеріне сай өзі де құлшынысқа толы жұмысшы болған. Ал сен ше? Өз қызметіңнің сапасын жақсарта аласың ба? Я болмаса Патшалық туралы уағыздауға көбірек атсалыса алатын, тіпті ізашар болуға мүмкіндік жасай алатын шығарсың? ‘Шынайы өмірді жеткізетін Құдай сөзін ұсыну’ арқылы өзгелерге шынайы сүйіспеншілік танытайық (Філіп. 2:16).
Пауылдың өзіне деген көзқарасы
15. Пауылдың өзіне деген көзқарасы қандай болған?
15 Құдайдың қызметшісі ретінде Пауыл басқа жағынан да керемет үлгі қалдырған. Мәсіхшілер қауымында оның көп жауапкершілігі болған, бірақ ол осындай баталарға өз еңбегінің немесе қабілеттерінің емес, Құдайдың зор рақымының арқасында ие болғанын жақсы түсінген. Сонымен қатар ол басқа мәсіхшілердің де жақсы уағыздаушы болғанын мойындаған. Пауыл Құдай халқының арасында беделді болса да, кішіпейілдігін жоғалтпаған (Қорынттықтарға 1-хат 15:9—11 оқы).
16. Сүндеттелу рәсіміне қатысты мәселе туындағанда, қалай Пауыл кішіпейілділік және қарапайымдылық танытты?
16 Сириядағы Антақия қаласында бір мәселе туғанда, Пауылдың не істегенін қарастырып көрейік. Ондағы қауымда сүндеттелу рәсіміне қатысты келіспеушілік туады (Ел. іс. 14:26—15:2). Пауылға сүндеттелмеген халықтарға уағыздау ісіне жетекшілік ету тапсырылған еді, сондықтан ол өзін басқа ұлт адамдарының ой-қалпымен жақсы таныс және осы мәселені ойдағыдай шешуге қабілетті санаған шығар (Ғалаттықтарға 2:8, 9 оқы). Алайда мәселені шеше алмайтынын көргенде, ол кішіпейілділік және қарапайымдылық танытып, орнатылған тәртіпке сай, оны Иерусалимдегі басқарушы кеңестің қарауына береді. Ал басқарушы кеңес мүшелері мәселені тыңдап, шешім шығарғанда, олармен толықтай қызметтес болып, өзін хабаршылардың бірі етіп тағайындағандарына қарсы болмайды (Ел. іс. 15:22—31). Осылайша Пауыл бауырластарын ‘өз басынан артық сыйлаған’ (Рим. 12:10ә).
17, 18. а) Пауыл қауым мүшелеріне қандай сезім дамытқан? ә) Пауылдың кеткені Ефес ақсақалдарына қалай әсер еткенінен ол туралы не білеміз?
17 Кішіпейіл болған Пауыл өзін суық ұстамаған, қайта, бауырластарды өзіне жақын тартқан. Римдіктерге жазған хатының соңында ол 20-дан астам адамның атын атап, сәлем жолдаған. Олардың көпшілігі жөнінде Жазбалардың басқа еш жерінде айтылмаған, сондай-ақ араларында жауапкершілік жүктелгендер де аз болған. Бірақ олар Ехобаға адал қызмет еткен, әрі Пауыл оларды өте жақсы көрген (Рим. 16:1—16).
18 Пауылдың кішіпейіл де жайдары болғаны қауымдағылардың өзара қарым-қатынасын нығайтқан. Ол Ефес ақсақалдарымен соңғы рет жолыққанда, олар “оны құшақтап сүйді. Оларға айрықша ауыр тигені оның “мені енді көрмейсіңдер” дегені болды”. Пауыл өркөкірек, суық адам болған болса, олар оған мұншалықты бауыр басар ма еді? (Ел. іс. 20:37, 38).
19. Бауырластармен қатынасымызда кішіпейіл екенімізді қалай көрсете аламыз?
19 Рухани өскісі келетіндердің бәрі, Пауыл сияқты, кішіпейілділік рухын таныту керек. Ол бауырластарын ‘жеке басының абырой-атағын ойлайтын менмен емес, кіші пейіл болып, басқаларды өздеріңнен жоғары қоюға’ шақырған (Філіп. 2:3). Бұл кеңесті біз қалай қолдана аламыз? Мұның бір жолы — қауымымыздағы ақсақалдармен қызметтес болып, олардың басшылығына мойынсұну және ауыр күнә жасағандарға қатысты шешімдеріне қарсы әрекет етпеу (Еврейлерге 13:17 оқы). Тағы бір жолы — қауымдағы бауырластардың бәрін сыйлап, жоғары бағалау. Ехобаның халқы жиі ұлты, мәдениеті, нәсілі әртүрлі адамдардан тұрады. Олай болса, Пауыл сияқты, біз де ешкімді алаламай, бәріне сүйіспеншілікпен қарауды үйренуіміз керек емес пе? (Ел. іс. 17:26; Рим. 12:10а). Құдай Сөзі бізді мынаған шақырады: “Мәсіх өздеріңді қалай қабылдаса, сендер де бір-біріңді солай қабылдап, Құдайдың даңқын асырыңдар!” (Рим. 15:7).
“Жарысты” қажырлылықпен аяқтайық!”
20, 21. Мәңгілік өмірге апаратын жолды сүрінбей “жүгіріп” өтуімізге не көмектеседі?
20 Мәсіхшінің өмірін алыс қашықтыққа жүгірумен салыстыруға болады. Пауыл былай деп жазған: “Мен “игі жарысқа” қатысып, мәреге жеттім, сенімімді сақтап қалдым. Енді мені “жеңімпаздың жүлдесі” — “әділдіктің тәжі” күтіп тұр, оны маған сол күні әділ Төреші — Иеміз бермек; тек маған емес, Оның қайта оралып, анық көрінуін сүйіспеншілікпен күткендердің бәріне де сыйлайды” (Тім. 2-х. 4:7, 8).
21 Пауылдың үлгісі бізге мәңгілік өмірге апаратын жолды сүрінбей “жүгіріп” өтуге көмектеседі (Евр. 12:1). Ендеше Киелі кітапты үнемі жеке зерттеу, өзгелерге терең сүйіспеншілік дамыту және әрдайым кішіпейіл болу арқылы рухани өсе берейік.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Қалай Пауыл Жазбаларды үнемі жеке зерттегенінің пайдасын көрген?
• Неге шынайы мәсіхшілер үшін өзгелерді шын жүректен сүю маңызды?
• Қандай қасиеттер ешкімді алаламауыңа көмектеседі?
• Пауылдың үлгісі қауым ақсақалдарымен қызметтес болуыңа қалай көмектеседі?
[23-беттегі сурет]
Пауыл сияқты, Жазбалардан күш ал
[24-беттегі сурет]
Ізгі хабарды уағыздау арқылы өзгелерге сүйіспеншілік көрсет
[25-беттегі сурет]
Пауылды бауырластары не үшін жақсы көргенін білесің бе?