Исраилдіктердің жіберген қателіктерінен сабақ алыңдар
ИСРАИЛДІКТЕР Уәде етілген жерге кіргенде, Ехобаның өздерінен не күтетінін білген еді. Себебі Құдай оларға Мұса арқылы былай деп бұйырған болатын: “Өз маңайларыңнан сол жердің барлық тұрғындарын қуып жіберіңдер және олардың барлық сурет-бейнелерін құртыңдар да, олардың барлық қолдан құйылған тас құдайларын шағыңдар және олардың барлық биіктіктерін талқандаңдар” (Ру. сан. 33:52).
Исраилдіктер ол жердің тұрғындарымен келісім жасасып немесе олармен құдаласпаулары керек еді (Заң. қ. 7:2, 3). Иә, Құдай өзінің таңдаған халқын: “Сол елге кіргенде олармен келісім жасаудан сақтаныңдар! Олай етпесеңдер, олар сендерді күнәға батыратын тұзақ болады”,— деп ескерткен болатын (Мыс. ш. 34:12). Алайда исраилдіктер Құдайға бағынбай, тұзаққа түсті. Бұған оларды не итермеледі? Олардың жағдайынан өзімізге қандай сабақ алуымызға болады? (Қор. 1-х. 10:11).
Жақын араласудың пұтқа табынушылыққа әкелуі
Исраилдіктер жергілікті тұрғындармен шайқасып, Уәде етілген жерді өз иеліктеріне ала бастады. Алайда олар Құдайдың бұйрығын толық орындамады. Олар жауларды Уәде етілген жерден қуып шықпады (Бил. 1:1—2:10). Қайта, исраилдіктер ол жерді мекендеген ‘жеті халықтың’ ортасына қоныс тепкен соң, үнемі араласып жүріп, олармен достасып кетті (Заң. қ. 7:1). Бұл оларға қалай әсер етті? Киелі кітапта былай жазылған: “Олардың қыздарын әйелдікке алып, өз қыздарын олардың ұлдарына беріп, олардың құдайларына қызмет етіп жатты. Исраилдың ұлдары Жаратушы Иенің көз алдында жамандық істеді, өздерінің Құдайы — Жаратушы Иені ұмытып кетті және Ваалдар мен Астарттарға қызмет етті” (Бил. 3:5—7). Исраилдіктер жергілікті тұрғындармен жақын араласқандықтан олармен туыстасып, пұтқа табынушылықпен айналысып кетті. Мұндай қарым-қатынастан кейін оларға пұтқа табынушыларды Уәде етілген жерден қуып шығу қиындай түсті. Енді шынайы ғибадат арамдалып, исраилдіктердің өздері жалған құдайларға табынатын болды.
Иә, Уәде етілген жердің тұрғындары исраилдіктердің достарына айналды. Енді олар исраилдіктер үшін олармен жауласып жүрген кездерінен де зор қауіп төндіретін болды. Алайда шынайы ғибадаттың арамдалуына тағы бір жағдай түрткі болғанға ұқсайды. Ол қандай жағдай еді?
Егін шаруашылығынан Бағалға табынушылыққа өту
Исраил ұлдары Уәде етілген жерге қоныстана келе, көшпенді өмір сүруді қойып, көбісі егін шаруашылығымен айналыса бастады. Олардың егін егу тәсілдері өздеріне дейінгі халықтардың тәсілдеріне ұқсас болған болуы мүмкін. Алайда олар қанахандықтардан егін шаруашылығын ғана үйренгенге ұқсаймайды. Олар жергілікті тұрғындармен араласа келе, олардың егін шаруашылығымен байланысы бар діни рәсімдерін де қабыл алды.
Қанахандықтар көптеген Бағал құдайларына табынған. Олар жерді шұрайлы ететін осы құдайлар деп ойлаған. Уақыт өте келе исраилдіктер жерді өңдеп, өнімін жинаумен қатар, молшылық сыйлайтын құдайлар ретінде қанахандықтардың құдайларын дәріптейтін болды. Осылайша Исраилде көп адам Ехобаға ғибадат етіп жүргендей болып көрінгенімен, шын мәнінде нағыз жолдан тайған адамдарға айналды.
Зор мәні бар сабақ
Исраилдіктер Уәде етілген жердің тұрғындарымен араласа бастағанда, Бағалға табынып, оның қызметшілері сияқты азғын істермен айналысуды ойлағандары екіталай. Алайда олармен қарым-қатынастары осындай нәрсеге әкелді. Достық пейіл танытатын, бірақ мәсіхшілердің сенімін, құндылықтарын және принциптерін ұстанбайтын адамдармен жақын қарым-қатынас дамытқанымыз бізге де осындай залалын тигізеді деп күткеніміз орынды емес пе? Әрине, жұмыста, мектепте немесе тіпті өз үйімізде Куәгер емес адамдармен қандай да бір шамада араласуымыз керек болар. Алайда исраилдіктердің басынан өткен жағдай біз үшін жақсы сабақ болып табылады: мұндай адамдармен жақын қарым-қатынас іздеу сау басымызға сақина тілеп алумен барабар. Киелі кітапта бұған қатысты айнымас шындық жазылған: “Араммен араласқан жан адал әдетінен айырылады” (Қор. 1-х. 15:33).
Бүгінде біз кездесіп жатқан көптеген сынақтар исраилдіктер кезіккен сынақтарға ұқсайды. Қазіргі қоғамда адамдар ақшаға, өнер, спорт жұлдыздарына, саяси жүйелерге, кейбір беделді діни тұлғаларға, тіпті отбасы мүшелеріне құдайдай қарайды. Бұл нәрселер біздің өмірімізде де басты орынға ие болып кетуі мүмкін. Ехобаны жақсы көрмейтін адамдармен жақын қарым-қатынас дамыту рухани күйімізге нұқсан келтіруі мүмкін.
Некеден тыс жыныстық қатынас Бағалға құлшылық ету рәсімінің көп исраилдіктерді қызықтырып алып кеткен басты ерекшелігі болған. Мұндай тұзақтар Құдайдың қызметшілері үшін әлі де қауіп төндіруде. Мысалы, бүгінде бойын әуестік жеңген немесе сақтықты ұмытқан адамға ар-ұжданын арамдаудың еш қиындығы жоқ. Бар болғаны бөлмеде жалғыз қалғанда, компьютердің тышқанын қолданса болғаны. Мәсіхшінің интернеттегі порнографияны көріп азғырылғаны неткен өкінішті болар еді!
‘Иеміздің ережелерін ұстанатындар бақытты!’
Өзіне дос таңдауға келгенде Ехобаға бағыну-бағынбасын әркім өзі шешеді (Заң. қ. 30:19, 20). Олай болса, өзімізден: “Мен бос уақытымды кіммен өткіземін? Олардың құндылықтары мен ұстанатын принциптері қандай? Олар Ехобаның қызметшілері ме? Олармен араласқаным мәсіхші ретінде жақсара түсуіме көмектесе ме?”— деп сұрауымыз керек.
Забур жыршысы: “Пәк таза да тура жолмен жүріп, Тәңірдің тәліміне бағынғандар бақытты! Иеміздің ережелерін ұстанып, шын жүректен Оған бет бұрғандар бақытты!”— деп жырлаған (Заб. 118:1, 2). Иә, “Жаратушыдан қорқып, Оның жолымен жүрген кез-келген адам бақытты!” (Заб. 127:1). Өзімізге дос таңдайтын кезде исраилдіктердің жіберген қателерін есімізден шығармайық және Ехобаға толығымен мойынсұнайық (Нақ. с. 13:20).
[26-беттегі сурет]
Ехобаны жақсы көрмейтін адамдармен жақын араласқанымыз пұтқа табынушылыққа әкелуі мүмкін