Еркек пен әйел бір-бірі үшін жаратылған
ЕРКЕК пен әйел бірге болуды әрдайым қалайды. Өйткені Құдай оларды осылай жаратқан. Ол алғашқы еркек Адам атаның жалғыз болғаны жақсы емес екенін көрді. Сөйтіп, ‘оған [еркекке] өзіне сай көмекші жасап берді’.
Құдай Адамды терең ұйқыға батырды да, оның бір қабырғасын алып, “сол қабырғадан әйел жасап, оны Адамға алып келді”. Ехобаның осындай сұлу жаратылысын көргенде, қатты тебіренген Адам: “Міне, бұл — өз сүйегімнен шыққан сүйек, Өз етімнен шыққан ет!”— деді. Әйелдік қасиеттерімен кемелді Хауа ана, шынында да, сүйкімді еді. Ал кемелді Адам ата еркекке тән қасиеттерімен құрметке лайық-тын. Олар бір-бірі үшін жаратылған еді. Киелі кітапта: “Сондықтан еркек әке-шешесін тастап, әйеліне қосылады, сөйтіп екеуі біртұтас болады”,— делінген (Жаратылыс 2:18—24).
Алайда бүгінде отбасылар ойран болуда. Еркек пен әйел көбінесе бір-біріне қиянат жасайды немесе қарым-қатынастарында өзімшілдік басым. Ал араларындағы бақталастық рухы жанжал мен келіспеушілікке әкеп соғуда. Осының бәрі де Құдайдың еркек пен әйелге қатысты ниетіне қайшы келеді. Еркекке жер бетінде керемет рөл берілген еді. Ал әйел күйеуінің жанынан өзінің ерекше орнын алу керек болатын. Олар бірлікте, тату-тәтті өмір сүрулері қажет еді. Адамзат пайда болғаннан бері Құдайдың нұсқауын құрметтеген ерлер мен әйелдер өздеріне берілген рөлді атқаруға тырысты. Бұдан өздерін әлдеқайда бақытты сезініп, қанағатқа бөленді. Еркек пен әйелдің рөлі қандай еді? Әрі біз оларды қалай атқара аламыз?
[3-беттегі сурет]
Еркек пен әйелдің Құдай құрылымында белгіленген қадірлі орындары бар