Ехоба ‘өзінен сұрағандарға киелі рухын сыйлайды’
“Өздерің күнәкар бола тұра балаларыңа жақсылық жасауды білесіңдер, көктегі Әкенің Өзінен сұрағандарға Киелі Рухын сыйлайтыны ешбір шүбәсыз!” (ЛҰҚА 11:13)
1. Біз әсіресе қай кезде киелі рухтың көмегіне мұқтажбыз?
“БҰЛ СЫНАҚҚА өзім төтеп бере алмаймын. Оған тек киелі рухтың арқасында ғана төзе алам!” Сенің де шын жүректен осылай деп айтқан кездерің болған ба? Мәсіхшілердің көбісіне бұл таныс сезім. Бәлкім, ауыр дертке шалдыққаныңды білгеннен кейін осылай айтқан боларсың. Я болмаса өмірлік серігің көз жұмғанда немесе жадыраған көңіліңді жан күйзелісі басып тастағанда айтқан шығарсың. Бәлкім, жаныңа қатты батқан шақтарда ‘шексіз зор құдірет’ берген Ехобаның киелі рухының арқасында ғана төзіп жүргеніңді сезген боларсың (Қорынттықтарға 2-хат 4:7—9; Забур 39:2, 3).
2. а) Шынайы мәсіхшілер қандай қиындықтарға кезігуде? ә) Бұл мақалада қандай сұрақтар қарастырылады?
2 Шынайы мәсіхшілерге құдайсыз осы дүниеде күннен күнге көбейіп отырған әртүрлі қысым мен қарсылықтарға төтеп беруге тура келеді (Жоханның 1-хаты 5:19). Сонымен қатар оларға Шайтан Ібілістің өзі шабуыл жасауда. Ол ‘Құдайдың бұйрықтарына бағынып, Исаның шынайы хабарына адал болып жүргендерге’ кәрін төгіп шайқасуда (Аян 12:12, 17). Демек, қазір Құдайдың рухының қолдауына бұрын-соңды болмағандай мұқтаж екеніміз рас. Құдай рухын үнемі алып отыру үшін не істеуімізге болады? Сондай-ақ Ехоба сынақтар кезінде қажетті күш беруге асық екеніне неге сенімді бола аламыз? Бұл сұрақтардың жауабын Исаның екі көрнекі мысалынан табамыз.
Табандылықпен дұға етіңдер
3, 4. Иса қандай мысал айтып берді және оны дұғаға қатысты қалай қолданды?
3 Бірде Исадан шәкірттерінің бірі: ‘Мырза! Мінажат етуді бізге үйретіңізші’,— деп өтінеді (Лұқа 11:1). Сонда Иса шәкірттеріне дұғаға қатысы бар екі көрнекі мысал айтып береді. Алғашқысы қонақ күткен үй иесі туралы да, ал екіншісі баласының айтқанына құлақ салған әке жайында. Қазір осы екі мысалды қарастырып көрейік.
4 Иса былай деді: “Араларыңдағы біреуіңнің досы бар дейік. Сол түн ортасында оған барып: — Досым, маған қарызға үш күлше нан бере тұршы. Жолаушылап бір жолдасым келіп қалған еді, соған беретін еш нәрсем болмай тұр,— дейді. Сонда үй иесі іштен дауыстап: “Мені мазалама! Есігім бекітулі, балаларым да, өзім де жатып қалдық. Енді тұрып, саған ештеңе бере алмаймын” деп жауап береді. Сендерге айтамын, сол үй иесі төсегінен тұрып, сұрағанын тіпті дос болғаны үшін бермесе де, көршісі қадалып сұрап тұрып алғандықтан ақыры оған қажетінің бәрін береді”. Сосын, Иса бұл мысалдың дұға айтуға қандай қатысы бар екенін түсіндіріп, былай деді: “Сондықтан сендерге былай деймін: Құдайдан сұрай беріңдер, сонда Ол сендерге (мұқтаждарыңды) береді; іздей беріңдер, сонда табасыңдар; есікті қағып тұрыңдар, сонда сендерге ашылады! Себебі сұрай берген әркім алады, іздей берген табады, есік қағып тұрғанға ашылады” (Лұқа 11:5—10 сілтемені қараңдар).
5. Табанды кісі туралы мысалдан дұғаға қатысты не нәрсеге үйренеміз?
5 Табанды кісі туралы бұл әсерлі мысал қалай дұға етуіміз керектігін көрсетеді. Байқасақ, Иса әлгі кісінің “қадалып сұрап тұрып алғандықтан” қажетін ала алғандығын айтқан (Лұқа 11:8). “Қадалып сұрап тұрып алу” деп аударылған тіркес Киелі кітапта бір-ақ рет кездеседі. Ол — сөзбе-сөз “ұятсыздық” дегенді білдіретін грек сөзінің аудармасы. Ұятсыздық жиі жаман қасиет болып саналады. Алайда адам жақсы нәрсеге келгенде ұялмаса немесе қадалып тұрып алса, бұл мақтауға тұрарлық қасиет болуы мүмкін. Көрнекі мысалдағы қонақ күткен үй иесінің жағдайында да осылай деуге болады. Ол өзіне қажет нәрсені қадалып сұраудан еш ұялып қысылмайды. Иса оны бізге үлгі ретінде айтып отырғандықтан, біз де табандылықпен дұға етуіміз керек. Ехоба ‘сұрай бергенімізді, іздей бергенімізді, есікті қағып тұрғанымызды’ қалайды. Сонда ол ‘Өзінен сұрағандарға Киелі Рухын сыйлайды’.
6. Исаның күндерінде қонақжайлылық көрсету салтына қалай қараған?
6 Иса қалай, яғни табандылықпен, дұға етуді ғана емес, неге солай етуіміз керектігін де көрсетеді. Алатын сабағымызды анығырақ түсіну үшін, Исаның осы мысалын тыңдаушылар қонақжайлылық таныту салтына қалай қарағанын айта кетейік. Жазбалардағы бірнеше оқиғадан Киелі кітап жазылған уақытта қонақтарды күту салтына, әсіресе Құдай қызметшілері, үлкен жауапкершілікпен қарағаны көрінеді (Жаратылыс 18:2—5; Еврейлерге 13:2). Қонақжайлылық танытпау қатты ұят боп есептелетін (Лұқа 7:36—38, 44—46). Осыны есте ұстай отырып, Исаның айтқан оқиғасына тағы оралайық.
7. Исаның мысалындағы үй иесі неге досын оятуға қысылмайды?
7 Көрнекі мысалдағы үй иесіне түн жарымда қонақ келеді. Ол қонағына ас ұсыну керектігін біледі, бірақ ‘беретін еш нәрсесі болмайды’. Бұл ол үшін алқымнан алған жағдай еді! Оған қайткен күнде де нан табу керек болатын. Сондықтан досына барады да, ұялып қысылмастан оны оятады. “Досым, маған қарызға үш күлше нан бере тұршы”,— деп дауыстайды ол. Сөйтіп, қажетін алмайынша, сұрап тұрып алады. Өйткені күлше наны болса ғана ол қонақжай үй иесі болатын еді.
Неғұрлым қажет болса, соғұрлым сұрау
8. Киелі рухты сұрауда табанды болуға бізді не талпындырады?
8 Бұл көрнекі мысал неліктен дұғамызда табанды болу керектігін қалай көрсетеді? Нан сұраған кісі үй иесі ретіндегі міндетін атқару үшін нан аса қажет екенін білді (Ишая 58:5—7). Нансыз бұл міндетін атқара алмас еді. Тап солай Құдай рухы бізге шынайы мәсіхшілер ретінде қызметімізді атқаруға аса қажет болғандықтан, Құдайдан рухын сұрап дұға етуді тоқтатпаймыз (Зәкәрия 4:6). Ол рухсыз біз ештеңе де істей алмаймыз (Матай 26:41). Осы мысалдан қандай маңызды түйін жасау керектігін көресіңдер ме? Құдай рухы бізге аса қажет деп есептесек, оны сұрағанда табанды боларымыз анық.
9, 10. а) Құдайдан киелі рух сұрағанда неге табанды болуымыз керектігін мысалмен түсіндіріңдер. ә) Өзімізге қандай сұрақ қоюымыз керек және неліктен?
9 Табандылықпен сұраудың қажеттілігін көрсететін бүгінгі күнгі мысалды қарастырайық: отбасыңда біреу түн ортасында ауырып қалды делік. Онда көмек сұрап дәрігерді оятар ма едің? Егер науқас қатты мазаланбаса, оятпас едің. Алайда оның жүрегі ұстап қалса, дәрігерді шақыруға ұялмас ең. Неге? Өйткені бұл өте қауіпті жағдай. Сен тәжірибелі қолдың көмегі қажет екенін түсінесің. Егер көмек сұрамасаң, бұл қайғылы жағдаймен бітуі мүмкін. Сол сияқты шынайы мәсіхшілер де үнемі, былайша айтқанда, қауіпті жағдайда жүреді. Өйткені Шайтан “ақырған арыстандай” бізді жалмасам деп жүр (Петірдің 1-хаты 5:8). Рухани аман жүру үшін, бізге Құдайдың рухы өте-мөте қажет. Құдайдан көмек сұрамасақ, жағдайымыз қайғылы болмақ. Олай болса, Құдайдан киелі рухын қадалып сұрап тұрып алуымыз керек (Ефестіктерге 3:14—16). Сонда ғана ‘ақырына дейін табандылық’ танытуға күшіміз жетеді (Матай 10:22; 24:13).
10 Сол үшін арагідік сәл кідіріп, өзімізден: “Шындығында да, қаншалықты табандылықпен дұға етем?”— деп сұрағанымыз маңызды. Құдайдың көмегіне мұқтаж екенімізді толық түсінетін болсақ, киелі рухты сұрауда да әлдеқайда табанды боламыз.
Сенімділікпен дұға етуге бізді не талпындырады?
11. Иса әке мен бала туралы мысалды дұғаға қатысты қалай қолданды?
11 Исаның табанды үй иесі жайлы мысалы дұға етушіге, яғни сенушіге, назар аударса, ал келесі мысалы дұғаларды тыңдаушы Ехоба Құдайға назар аударады. Иса: “Араларыңдағы қандай әке балық сұраған баласына жылан берер еді? Не жұмыртқа сұраса, шаян берер ме еді?”— деп сұрады. Сосын, мұны қалай қолдануға болатынын көрсетіп, былай деді: “Сонымен өздерің күнәкар бола тұра балаларыңа жақсылық жасауды білесіңдер, көктегі Әкенің Өзінен сұрағандарға Киелі Рухын сыйлайтыны ешбір шүбәсыз!” (Лұқа 11:11—13)
12. Баласының өтінішін орындайтын әке туралы мысал Ехобаның дұғаларымызға жауап беруге әрдайым дайын екенін қалай көрсетеді?
12 Ұлының өтінішін орындаған әке туралы мысалмен Иса Ехобаның өзіне дұға етушілерге деген ықыласын көрсетті (Лұқа 10:22). Алдымен, қарама-қайшы жайттарды байқайық. Алдыңғы мысалдағы көмекке бірден келе қоймаған кісі сияқты емес, Ехоба баласының өтінішін орындауға асық қамқоршы әке іспетті (Забур 49:15). Әрі қарай Иса Ехобаның бізге жауап беруге әрдайым дайын екенін қарапайым пенде мен Ұлы тұлғаны салыстыра отырып түсіндіреді. Оның айтуынша, адами әке күнәкар бола тұра баласына жақсылық жасауды білсе, онда көктегі жомарт Әкеміз қызметшілерінен тұратын отбасына киелі рухты береді деп одан бетер күтуімізге болады емес пе!? (Жақып 1:17)
13. Ехобаға дұға еткенде не нәрсеге сенімді бола аламыз?
13 Бұдан не нәрсеге үйренеміз? Көктегі Әкемізден киелі рух сұрағанда, ол өтінішімізді орындауға асық екеніне сенімді бола аламыз (Жоханның 1-хаты 5:14). Оған қайта-қайта дұға еткенде, Ехоба: “Мені мазалама! Есігім бекітулі”,— деп ешқашан айтпайды (Лұқа 11:7). Қайта, Иса айтқандай: “Құдайдан сұрай беріңдер, сонда Ол сендерге (мұқтаждарыңды) береді; іздей беріңдер, сонда табасыңдар; есікті қағып тұрыңдар, сонда сендерге ашылады!” (Лұқа 11:9, сілтемені қараңдар; 10) Иә, Ехоба ‘жалбарынған кезімізде үнімізді естиді’ (Забур 19:10; 144:18).
14. а) Сынақтарға кезіккенде, кейбіреулерді қандай жаңсақ ой мазалайды? ә) Сынақтар кезінде неге Ехобаға сеніммен дұға ете аламыз?
14 Сонымен қатар Исаның қамқор әке жайлы мысалы Ехобаның ізгілігі кез келген әкенің ізгілігінен әлдеқайда асып түсетінін көрсетеді. Олай болса, ешқайсымыз да басымызға түсетін сынақтар Ехобаға ұнамай қалғанымызды білдіреді деп ойламауымыз керек. Бұлай ойлағанымызды қалайтын — қас жауымыз Шайтан (Әйүп 4:1, 7, 8; Жохан 8:44). Осындай өз-өзімізді айыптайтын ойлар Киелі кітапқа негізделмеген. Құдай ешкімді де ‘зұлымдықпен сынамайды’ (Жақып 1:13, ЖД). Ол бізге жылан не шаян іспетті сынақтар жібермейді. Көктегі Әкеміз ‘Өзінен сұрағандарға жақсылық жасайды’ (Матай 7:11; Лұқа 11:13). Расында да, Ехобаның ізгілігі мен бізге көмектесуді қалайтынын неғұрлым жақсы түсінген сайын, оған сеніммен дұға етуге соғұрлым талпынатын боламыз. Сонда біз де забур жыршысынікіндей сезімімізді білдіре аламыз. Ол: “Құдай мені тыңдады, менің жалбарынған даусыма құлақ асты”,— деп жазған (Забур 9:38; 65:19).
Киелі рух қалай көмектеседі?
15. а) Иса киелі рухқа қатысты не уәде етті? ә) Киелі рухтың бізге көрсететін көмегінің бірі қандай?
15 Өлімінің алдында Иса сол көрнекі мысалдағы кепілдік беретін сөздерді қайталады. Киелі рух жайлы айтып, ол елшілеріне: “Мен көктегі Әкемнен сендермен мәңгі бірге болатын Қамқоршыны жіберуін өтінемін”,— деді (Жохан 14:16). Осылайша Иса қамқоршы, немесе киелі рух, ізбасарларына алдағы уақытта, соның ішінде біздің күнімізде де, көмектесетінін уәде етті. Бүгінде киелі рухтың көрсететін маңызды көмегінің бірі қандай? Ол әр қилы сынақтарға төзе білуімізге көмектеседі. Қалайша? Өзі де сынақтарға кезіккен елші Пауыл Қорынттағы мәсіхшілерге арналған хатында Құдай рухы өзіне қалай көмектескенін сипаттап жазды. Қазір оның жазғандарын қысқаша қарастырып көрейік.
16. Қалайша біздің жағдайымыз Пауылдікіне ұқсас болуы мүмкін?
16 Алдымен, Пауыл бір сенімдегілеріне ‘шаншылып түйрелу азабымен’, яғни қандай да бір сынақпен, күресіп жүргенін ашық айтты. Сонан соң: “Үш рет Иемізге сиынып, бұл азапты өзімнен аластатуын өтіндім”,— деді (Қорынттықтарға 2-хат 12:7, 8). Пауыл Құдайдан қасіретінен құтқаруын жалынып сұраса да, одан арылмады. Бәлкім, сен де осындай жағдайға кезіккен шығарсың. Пауыл сияқты сен де Ехобадан сынақты өзіңнен аластатуын сұрап табандылықпен және сеніммен дұға еткен боларсың. Әйтсе де қайта-қайта жалынғаныңа қарамастан, сол қиыншылығың әлі бар шығар. Бұл Ехоба дұғаларыңа жауап бермегенін және киелі рухы саған көмектеспей жатқанын білдіре ме? Ешқандай да! (Забур 9:22; 38) Пауылдың кейін не айтқанын байқашы.
17. Ехоба Пауылдың дұғасына қалай жауап берді?
17 Пауылдың дұғасына жауап ретінде Құдай оған: “Менің рақымым саған жетер: күшсіз жағдайыңда Менің құдіретім толықтай іске аса алады”,— деп айтты. Ал Пауыл: “Мәсіхтің құдіретінің бойымда орнығуы үшін [“төбемде шатыр іспетті тұруы үшін”, ЖД] азаптан арылтуды сұраудың орнына күшсіздігіме қуана-қуана мақтанамын”,— деді (Қорынттықтарға 2-хат 12:9; Забур 146:5). Демек, Пауылды Иса арқылы Құдайдың құдіретті қорғанышы шатыр іспетті жауып тұрды. Бүгінде Ехоба дұғаларымызға дәл осылай жауап қатады. Ол қызметшілеріне шатыр іспетті қорғаныш береді.
18. Неге сынақтарға төзе аламыз?
18 Әрине, шатыр жауған жаңбырды яки соққан желді тоқтатып қоймайды. Бірақ олардан қандай да бір шамада қорғайды. Сол сияқты “Мәсіхтің күші” беріп отырған шатыр, немесе пана, сынақтардың яки қиыншылықтардың басымызға түсуін тоқтатпайды. Алайда ол осы дүниенің жаман ықпалы мен оның билеушісі Шайтанның шабуылдарына қарсы тұруға рухани қорғаныш береді (Аян 7:9, 15, 16). Сонымен, тіпті ‘өзіңнен аластамайтын’ қандай да бір сынақпен күресіп жүрсең де, Ехоба күресіңді білетініне және ‘өксіген үніңе’ жауап беретініне сенімді болуыңа болады (Ишая 30:19; Қорынттықтарға 2-хат 1:3, 4). Пауыл: “Құдай Өзінің уәдесіне берік: Ол төзімдеріңнен артық сыналуларыңа жол бермейді. Еліктірілген кездеріңде соған шыдауға күш-қуат беріп, құтылып шығудың лайықты жолымен қамтамасыз етеді”,— деп жазды (Қорынттықтарға 1-хат 10:13; Філіпіліктерге 4:6, 7).
19. Не нәрсеге бел будыңдар және неліктен?
19 Құдайсыздар дүниесінің ‘соңғы дәуірі’ қиын-қыстау күндер деп сипатталады (Тімотеге 2-хат 3:1). Осылай болған күнде де, Құдайдың қызметшілері үшін бұл төтеп бере алмайтындай күндер емес. Неге? Өйткені Ехоба өзінен табандылықпен және сенімділікпен сұрағандарға қуана-қуана әрі молынан беретін киелі рухпен қолдап, қорғайды. Ендеше, дұғамызда күнделікті киелі рух сұрауға бел буалық (Забур 33:7; Жоханның 1-хаты 5:14, 15).
Қалай жауап берер едіңдер?
• Құдайдың киелі рухын алу үшін не істеуіміз керек?
• Ехоба киелі рух сұраған дұғамызға жауап беретініне неге сенімді бола аламыз?
• Киелі рух сынақтарға төзе білуімізге қалай көмектеседі?
[15-беттегі сурет]
Исаның қамқор әке жайлы мысалынан не нәрсеге үйренеміз?