Сіз мәңгі өмір сүре аласыз
ОСЫ дүниедегі дінге сенушілердің басым көпшілігі қандай да бір мәңгілік өмірді аңсайды. Мәңгілік өмірге қатысты кейбір жайттар әр түрлі дінде түрліше шығар, бірақ бәрінің де үміті бірдей: өлім атымен жоқ тамаша ортада бақытты өмір кешу. Сіз де осыны қалайтын шығарсыз? Осындай сенімнің кең етек алуын қалай түсіндіруге болады? Мәңгі бақи өмір сүру арманы, шын мәнінде, орындала ма?
Жазбалар Жаратушының мәңгілік өмір сүруге деген құштарлықты адам баласының санасына о баста-ақ, яғни алғашқы адам жұбын жаратқан кезде-ақ, жазып қойғанын көрсетеді. Киелі кітапта: “Олардың жүректеріне тіпті Ол [Құдай] мәңгілікті салған”,— делінген (Екклесиаст 3:11, ЖД).
Алайда мәңгі өмір сүру үшін алғашқы адам жұбы Құдайдың ненің жақсы, ненің жаман екенін шешу билігін мойындаулары керек болатын. Егер осыны мойындағанда, Ехоба оларды ‘мәңгі өмір сүруге’ лайық деп табар еді, әрі олар Құдайдың өздері үшін дайындаған үйі Едем бағында өмір сүрген болар еді (Жаратылыс 2:8; 3:22).
Мәңгілік өмірден айырылып қалды
Киелі кітапта айтылғандай, Құдай бақта ‘жақсылық пен жамандықты танытатын ағашты’ өсіріп шығарып, Адам мен Хауаға оның жемісінен жеуге тыйым салды. Одан жесе, өліммен жазаланар еді (Жаратылыс 2:9, 17). Олар сол жеміске тиіспесе, Құдайдың билігін мойындайтындарын, ал жесе, керісінше, оның билігінен бас тартатынын көрсетер еді. Адам ата мен Хауа ана Ехобаның нұсқауларына құлақ аспай, оның билігіне қарсы шыққан рухани тұлға Шайтанның сыбайластарына айналды. Нәтижесінде Құдай оларға мәңгі өмір сүруге лайықсыз деп, әділ шешім шығарды (Жаратылыс 3:1—6).
Құдай Адам мен Хауаға өмірді не өлімді, яғни тіршілікте бар болуды не жоқ болуды ұсынған болатын. Тілазарлықтың кесірі өлім, яғни тіршілік етулерін біржолата тоқтату еді. Адам мен Хауа яки олардың кез келген ұрпағы қандай да бір сиқырлы дәрі-дәрмектің немесе өлмейтін жанның арқасында өмірлерін жалғастыра алмас едіa.
Адам атаның бүлігінен ұрпақтарының бәрі де зардап шекті. Оның салдарының қандай болғаны жайлы елші Пауыл былай деп түсіндірді: “Бір адам арқылы дүниеге күнә, ал күнә арқылы өлім келді. Адамдардың бәрі де ажалды болды, өйткені барлығы күнә жасады” (Римдіктерге 5:12).
Адамдар қайтадан мәңгі өмір сүретін болады
Елші Пауыл Адам атаның ұрпақтарының жағдайын бірінші ғасырдағы құлдың жағдайымен салыстырды. Мұра етіп алған күнәларының кесірінен олар “күнәның құлы” болып туылып, ажалды болды (Римдіктерге 5:12; 6:16, 17). Осындай құлдықтан Ехоба заңды шара қолданып, азат етпегенде, олар бұдан құтыла алмас еді. Пауыл: “Бір кісінің [Адамның] күнәсы бүкіл адамзатқа өлім жазасын алып келсе, өзге бір Кісінің әділетті ісі (Оған сенушілердің) бәрін ақтап, мәңгілік өмір сыйлады”,— деп түсіндірді. Мұндағы ‘әділетті іс’ деп отырғанымыз Исаның кемелді адами өмірін ‘бәрінің төлемі’ ретінде құрбандыққа беруі еді. Ехоба адамзатты ‘өлім жазасынан’ құтқару үшін сол құрбандықтың заңды күшін мойындады (Римдіктерге 5:16, 18, 19; Тімотеге 1-хат 2:5, 6).
Міне, сондықтан да ғалымдар шексіз өмірдің кілтін адамның генетикалық кодынан ешқашан таба алмайды. Оның кілті басқа жерде жатыр. Киелі кітапқа сай, адам өлімінің себебі биологиялық емес, құлықтылық не заңдық мәселемен байланысты. Мәңгілік өмірді қайта қалпына келтіру үшін де заңды шара, яғни Исаның төлем құрбандығы, қажет. Бұл төлем құрбандығы сондай-ақ Құдайдың әділдігі мен сүйіспеншілікке толы мейірімділігін көрсетеді. Онда кімдер осы құрбандықтың пайдасын көріп, мәңгілік өмірге ие бола алады?
Өлместік сыйы
Ехоба — ‘бар боп келген, Мәңгі тірі болатын Құдай’. Ол — өлмес Құдай (Забур 89:3). Ехоба өлместікті ең алғаш Иса Мәсіхке сыйлады. Елші Пауыл: “Өлімнен тірілген Мәсіх енді қайтып өлмейді, бұдан былай өлім Оған билігін жүргізе алмайды”,— деп түсіндірді (Римдіктерге 6:9). Шынында да, Пауыл қайта тірілген Исаны жердегі билеушілермен салыстырып, Исаның ғана өлместікке ие болғанын айтты. Иса ‘мәңгі жасайды’. Оның өмірі — ‘сарқылмас’ өмір (Еврейлерге 7:15—17, 23—25; Тімотеге 1-хат 6:15, 16).
Мұндай сыйды тек Иса ғана алып қоймайды. Көкте патшалар ретінде билеу үшін таңдалған, киелі рухпен майланған мәсіхшілер де Иса сияқты тіріледі (Римдіктерге 6:5). Елші Жохан мұндай сыйдың 144 000 адамға берілетінін көрсетті (Аян 14:1). Олар да өлместікке ие болады. Олардың қайта тірілуі жайлы Пауыл: “Дене мен қан Құдай Патшалығына мұрагер бола алмайды... Керней үні шыққанда өлгендер шірімейтін болып қайта тіріледі, ал біз өзгереміз. Өйткені осы шіритін шірімейтінге, ал өлетін өлмейтінге айналуы тиіс”,— деді. Осылай қайта тірілетіндерге өлімнің билігі жүрмейді (Қорынттықтарға 1-хат 15:50—53, Тт; Аян 20:6).
Құдайдың бұл аяны, шынында да, керемет! Тіпті періштелер де, рухани жаратылыс болғанына қарамастан, өлмейтіндей боп жаратылмаған. Мұны Шайтанның бүлігіне қосылған рухани жаратылыстардың жазаға тартылатынынан көруге болады (Матай 25:41). Ал Исамен бірге билік етушілер өлместік сыйын алады. Бұл Ехобаның олардың адалдықтарына деген сенімділігі мызғымастай екендігінің дәлелі болып табылады.
Бұл бүкіл тарихтағы миллиардтаған адаммен салыстырғанда осы шағын топ қана, яғни 144 000 адам ғана, мәңгі жасайды дегенді білдіре ме? Жоқ. Неге бұлай екенін қарастырайық.
Жұмақ орнаған жердегі мәңгілік өмір
Киелі кітаптың Аян кітабында жердегі жұмақта болатын мәңгілік өмір сыйын алып жатқан сансыз өте үлкен тобыр көркем бейнеленген. Олардың арасында өлімнен қайта тіріліп, күш-жігерге толы жастық шаққа оралған адамдар да бар (Аян 7:9; 20:12, 13; 21:3, 4). Олар ‘Құдай тағынан бастау алған мөлдір тастай жылтылдаған өмір суының өзеніне’ әкелінеді. Өзеннің жағасында ‘мәңгілік өмірді сыйлайтын ағаштар’ өсіп тұр, ал олардың ‘халықтарды сауықтыруға арналған жапырақтары’ бар. Ехоба Құдай жомарттықпен: “Жаны сусаған әркім сыйлық ретінде шынайы өмірдің суын қабылдасын!”— деп шақырады (Аян 22:1, 2, 17).
Бұл ағаштар мен су — осыдан ғасырлар бұрын алхимиктердің ойлап таппақшы болған өмір беретін сиқырлы сусыны да, зерттеушілер іздеген жастықтың қайнар бұлағы да емес. Бұлар әуел бастағы кемелді жағдайға адамзатты қайта жеткізу үшін Иса Мәсіх арқылы қарастырған Құдайдың шараларын бейнелейді.
Құдайдың тілалғыш адамзатқа жерде мәңгілік өмір сыйлауға қатысты ниеті өзгерген жоқ. Бұл ниеті сөзсіз жүзеге асады, өйткені Ехоба — адал Құдай. Забур 36:29-да (ЖД): “Әділдер жерге ие болып, онда мәңгі жасайды”,— делінген. Бұл уәде бізді де, көктегі өлмес өмірге ие болатындарды да: “Бүкіл әлемнің Иесі — Құдай, Сенің істерің ұлы да керемет! Мәңгі жасайтын Патша, Сенің жолдарың шынымен әділ де дұрыс! Жаратқан Ие, кім Сенен қорықпас? Сенің атыңның ұлылығын жариялаудан кім бас тартпақ? Жалғыз Сен ғана толықтай қасиеттісің!”— деп жар салуға талпындырады (Аян 15:3, сілтемені қараңыз; 4).
Құнды сый — мәңгілік өмірге ие болуды қалайсыз ба? Онда ‘Мәңгі жасайтын Патшаға’ адал болуыңыз әрі мойынсұнуыңыз керек. Сондай-ақ Ехоба жайлы және осындай өмірге жол ашқан Иса Мәсіх жайлы білуіңіз қажет. Құдайдың жақсылық пен жамандыққа қатысты нормаларын қабыл алуға дайын адамдардың бәріне де “мәңгілік өмір” сыйланады (Жохан 17:3).
[Сілтеме]
a Жанның өлмейтіндігі жайлы ілімге қатысты толығырақ мәліметті Ехоба Куәгерлері басып шығарған “Өлген соң адаммен не болады?” кітапшасынан қарауыңызға болады.
[5-беттегі қоршау/сурет]
Баяғыдан келе жатқан арман
Б. з. б. екінші мыңжылдықта жазылған деп есептелетін месопотамиялық жыр — Гильгамеш туралы эпостың кейіпкері мәңгілік жастықты іздегені айтылады. Ал ежелгі мысырлықтар өлген адамның денесін бальзамдайтын болған. Мұны олар өлмейді деп есептеген жаны тәнін кейін тағы да қолдана алады деген оймен істеген. Сондықтан кейбір мысырлықтардың қабірлері адамға о дүниеде қажет болады-ау деген нәрселермен толтырылатын.
Қытай алхимиктерінің арасында тәннің өлмейтіндігі жайлы сенім, кем дегенде, б. з. б. VIII ғасырда, ал сиқырлы дәрі-дәрмектің көмегімен тәнді өлмес етуге болады деген сенім б. з. б. IV ғасырда пайда болғанға ұқсайды. Орта ғасырдағы еуропалық және араб алхимиктері болса өмір беретін сиқырлы сусынды өздері ойлап тауып, дайындамақ болған. Олардың жасаған қоспаларының құрамында мышьяк тұзы, сынап және күкірт болған. Осы қоспаларды ішем деп қаншама адамның уланып өлгенін кім білсін?!
Сонымен қатар бір кездері адамның қайрат-жігерін қайтаратын құдіреті бар деп есептелген қайнар бұлақ жайлы аңыздар да кең тараған болатын.
[6-беттегі қоршау/суреттер]
Мәңгілік өмір жалықтыра ма?
Кейбіреулер мәңгілік өмір адам жалығатындай болады, өйткені ол тек шексіз қайталана беретін “мән-мағынасыз істермен көңіл көтеріп, мәңгілік уақытты өткізу” ғана деп ойлайды. Олар, бәлкім, мәңгілік өмірді көп адамға іш пыстырарлық әрі мәнсіз-мағынасыз боп көрінетін қазіргі жағдайлар мен өмір салтының шексіз жалғасуы деп түсінетін шығар. Алайда Құдай қайта қалпына келтіретін жұмақта адамның ‘тыныштықтың молдығынан рақат табатынын’ уәде етеді (Забур 37:11, ЖД; [36:11]). Мұндай өмір адамзатқа Ехобаның жаратылыстарымен танысуға, сондай-ақ керемет қабілеттердің бірін не бәрін дамытуға, әр түрлі ғылыми зерттеулер мен қазір тек арман болып табылатын істермен шұғылдануына мүмкіндік береді.
Адам өмірін ұзартумен айналысатын Кембридж университетінің генетигі доктор Обри де Грей былай дейді: “Жақсы білімі мен оны қолдануға жеткілікті уақыты бар адамдардың бүгінде ешқашан іші пыспайды, әрі істегілері келетін жаңа нәрсе болмайды дегенді олар еш түсіне алмайды”. Ал рухтың жетелеуімен жазылған Құдай Сөзінде ‘шын Құдайдың бастапқыдан соңына дейін жасаған іс-әрекетін адамзат ешқашан толық түсіне алмайтыны’ айтылған (Екклесиаст 3:11, ЖД).