Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w06 1.9. 17—21 бет.
  • Әйүптің төзімділігінен үйренейік

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Әйүптің төзімділігінен үйренейік
  • 2006 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Жағдайды толық көре білу
  • Төзе білуге не көмектеседі?
  • Төзе білуімізге көмектесетін ақылды кеңес берушілер
  • ‘Төзімді адамдар бақытты’
  • Әйүп Ехобаның есімін қадір тұтқан
    2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Әйүп кітабындағы көңіл бұрарлық ойлар
    2006 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Кеңес бергенде Әйүп кітабы жол сілтер көмекшіңіз болсын
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • “Үмітіңді Ехобаға арт”
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2022
Көбірек мәлімет
2006 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w06 1.9. 17—21 бет.

Әйүптің төзімділігінен үйренейік

“Әйүп пайғамбардың шыдамдылығы [“төзімі”, Тт] туралы естігенсіңдер, Жаратқан Иенің ақыр аяғында оны қалай жарылқағанын да білесіңдер. Иеміздің жанашырлығы мен қайырымдылығы қандай зор!” (ЖАҚЫП 5:11)

1, 2. Польшадағы бір ерлі-зайыпты қандай сынаққа кезіккен еді?

ГИТЛЕР әскері Польшаның солтүстігіндегі Данцигті (қазір Гданьск) жаулап алғанда, Харальт Абттың Ехоба Куәгері болғанына бір жыл болмаған еді. Сол кезде шынайы мәсіхшілер үшін жағдай қиындап, тіпті қауіпті бола бастады. Гестапо Харальтты сенімінен бас тарту жайлы құжатқа қол қойғызуға күштеп бақты, бірақ ол бас тартты. Түрмеде бірнеше апта болған соң, Харальт Заксенхаузендегі концлагерьге жіберілді. Ол жерде оны қайта-қайта қорқытып, ұрып-соғатын. Бір офицер өліктерді өртейтін орынның мұржасын көрсетіп, Харальтқа: “Егер сеніміңнен қайтпайтын болсаң, 14 күннің ішінде анау жерден Ехобаңа баратын боласың”,— дейді.

2 Харальт тұтқындалғанда, әйелі Эльза емшектегі он айлық қызымен қалған еді. Бірақ гестапо оны да жайына қойған жоқ. Көп ұзамай одан баласы тартып алынып, ал өзі өлім лагері Освенцимға жіберілді. Ол да жылдар бойы Харальт сияқты төтеп бере алды. 1980 жылдың 15 сәуіріндегі “Күзет мұнарасынан” (ағ.) олардың қалай төзе алғаны жайлы оқи аласыңдар. Харальт былай деп жазды: “Бәрін қоса алғанда өмірімнің 14 жылын Құдайға деген сенімім үшін концлагерьде және түрмеде өткіздім. Менен: — Осының бәріне төтеп беруге әйеліңнің көмегі болды ма?— деп сұрайтын. Әлбетте, көмегі болды! Оның өз сеніміне қайшы әрекет етпейтінін о баста-ақ білгенмін, ал бұл маған дем берді. Сеніміме қайшы әрекет еткенше, оның зембілде жатқан өлі денемді көруді әлдеқайда артық көрерін білетінмін... Эльза немістердің концлагерінде болған жылдары небір қиындықтарды басынан өткерді”.

3, 4. а) Мәсіхшілер қиындыққа төзе білуде кімдерден үлгі алуларына болады? ә) Неге Киелі кітап Әйүптің мысалын қарастыруға шақырады?

3 Зұлымдықтан қасірет шегу, әрине, оңай емес, бұны көп Куәгерлер растай алады. Сондықтан да Киелі кітап барлық мәсіхшілерге: “Азап шегіп, төзе білуде Құдай атынан сөйлеген пайғамбарлардан үлгі алыңдар”,— деп кеңес береді (Жақып 5:10). Ғасырлар бойы Құдайдың көп қызметшісі себепсізден-себепсіз қудаланды. Осы “бұлт секілді қоршап тұрған сенушілер тобыры” қалдырып отырған үлгілер бізді мәсіхшілер жарысында қажырлылықпен әрі қарай да жүгіре беруге талпындырады (Еврейлерге 11:32—38; 12:1, сілтемені қараңдар).

4 Киелі кітапта Әйүп төзімділіктің керемет үлгісі ретінде ерекшеленеді. Елші Жақып: “Сол төзімді адамдарды бақытты деп санаймыз. Әйүп пайғамбардың шыдамдылығы [“төзімі”, Тт] туралы естігенсіңдер, Жаратқан Иенің ақыр аяғында оны қалай жарылқағанын да білесіңдер. Иеміздің жанашырлығы мен қайырымдылығы қандай зор!”— деп жазды (Жақып 5:11). Әйүптің мысалы Ехобаның батасын алып жатқан адал жандардың болашақтағы сыйы жайлы біраз түсінік береді. Ал әлдеқайда маңыздырағы, оның мысалы қиындыққа тап болған кезеңде біз үшін пайдалы болатын шындықтарды ашады. Әйүп кітабы мынадай сұрақтарға жауап алуға көмектеседі: Неге сынаққа кезіккенде, негізгі даулы мәселелерді түсінуге талпынуымыз керек? Төзе білуге қандай қасиеттер мен ой қалпы көмектеседі? Қасірет шегіп жүрген бір сенімдегілерді қалай нығайта аламыз?

Жағдайды толық көре білу

5. Сынақтар мен азғыруларға кезіккенде, қандай маңызы зор даулы мәселені есте ұстауымыз керек?

5 Қиындыққа кезіккенде рухани тепе-теңдікті сақтау үшін жағдайды толық көре білуіміз керек. Әйтпесе жеке басымыздың қиыншылықтары рухани көзімізді бұлдыратып жіберуі мүмкін. Құдайға адал болуға қатысты даулы мәселенің маңызы аса зор. Көктегі Әкеміз әрқайсымыз қабыл ала алатын: “Балам, парасатты бол — мені қуантасың, Сонда өзімді қорлағандарға жауап бере аламын”,— деген шақыру сөздер айтады (Нақыл сөздер 27:11). Неткен зор мәртебе! Әлсіздіктеріміз бен кемелсіздігімізге қарамастан, біз Жаратушымызды қуанта аламыз. Расында да, Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз бізді сынақтар мен азғыруларға төтеп бере алатындай етсе, ол қуанады. Мәсіхшіге тән шынайы сүйіспеншілік бәріне де шыдайды. Ол ешқашан да сарқылмайды (Қорынттықтарға 1-хат 13:7, 8).

6. Шайтан Ехобаны қалай және қаншалықты қорлауда?

6 Әйүп кітабы Шайтанның Ехобаны қорлаушы екенін анық көрсетеді. Сондай-ақ осы көзге көрінбес жаудың зұлым болмысын және оның Құдаймен қарым-қатынасымызды бұзбақ ниетін ашады. Әйүптің жағдайынан көрінетіндей, Шайтан, негізінен, Құдайдың қызметшілерінің бәрінің де ниеті өз пайдасын көздеу деп айып тағады және олардың Құдайға деген сүйіспеншіліктері салқындауы мүмкін екенін дәлелдеуге тырысып бағады. Оның Құдайды қорлап келе жатқанына мыңдаған жыл болды. Шайтан көктен қуылғанда, көктен шыққан дауыс оны ‘бауырластарымызға Жала жабушы’ деп сипаттап, әрі мұндай жаланы оларға “Құдай алдында күні-түні” жабатынын айтқан (Аян 12:10). Адалдықпен төтеп бере отырып, біз оның таққан айыптарының негізсіз екенін көрсете аламыз.

7. Тәндік әлсіздігімізге қарсы тұрудың ең жақсы жолы қандай?

7 Шайтан басымызға түскен кез келген қиындықты бізді Ехобадан алыстату үшін қолданып қалатынын естен шығармайық. Ол Исаны қай кезде азғырды? Иса көп күн нәр татпай ашыққан кезінде (Лұқа 4:1—3). Алайда Исаның рухани күші Ібілістің азғыруларына үзілді-кесілді қарсы тұруына көмектесті. Ендеше, кез келген тәндік әлсіздікке — бәлкім, сырқаттың немесе кәріліктің себебінен болған әлсіздікке — рухани күшпен қарсы тұру қаншалықты маңызды десеңші! Тіпті “тәніміз тозып әлсірегенмен”, еш мойымаймыз, өйткені “жанымыз күн сайын жаңара түсуде” (Қорынттықтарға 2-хат 4:16).

8. а) Жағымсыз сезімдер қалай рухани күйімізді біртіндеп әлсіретуі мүмкін? ә) Исаның көзқарасы қандай болған?

8 Оның үстіне, жағымсыз сезімдер де адамның рухани күйіне залал келтіруі мүмкін. Бәлкім, әлдекім: “Неге Ехоба бұған жол беріп отыр?”— деп түсінбейтін шығар. Басқа біреу болса өзіне қарсы әділетсіз әрекет жасалғанда: “Неге ол бауырлас бұлай етеді?”— деп сұрар. Мұндай сезімдердің әсерінен негізгі даулы мәселелерді ескермей, бар көңіліміз жеке басымыздың жағдайына ауып кетуі мүмкін. Әйүптің сырқаты тәніне қаншалықты батса, ойынан жаңылыстырған үш досының сөздері де жанына соншалықты батқан көрінеді (Әйүп 16:20; 19:2). Сол сияқты елші Пауыл да ұзақ тарқамаған ашу ‘шайтанның жамандыққа түрткі салуына жол [немесе мүмкіндік] беруі’ ықтимал екенін көрсетті (Ефестіктерге 4:26, 27). Адамдарға ашуланғанша немесе кейбір жағдайдың әділетсіздігіне тым мән беріп, мазаланғанша, “ісін әділ Соттаушыға”, яғни Ехоба Құдайға, тапсыра отырып, мәсіхшілердің Исаға еліктегендері әлдеқайда жақсы (Петірдің 1-хаты 2:21—23). Исаның ‘ой-ниетіне’ ие болғанымыз Шайтанның шабуылдарынан зор қорғаныш болады (Петірдің 1-хаты 4:1).

9. Көтеруіміз керек ауыртпалықтарға немесе кезігетін азғыруларға қатысты Құдай не нәрсеге сендіреді?

9 Ең бастысы, біз ешқашан қиыншылықтарымызды Ехобаға ұнамай қалғандығымыздың дәлелі деп қарастырмауымыз керек. “Жұбатушылары” өзіне қарсы ауыр сөздер айтқанда, осындай жаңсақ ой Әйүптің жанына қатты батып еді (Әйүп 19:21, 22). Киелі кітап бізді былай деп сендіреді: “Құдайды зұлымдықпен сынау мүмкін емес, әрі өзі де ешкімді сынамайды” (Жақып 1:13, ЖД). Қайта, Ехоба басымызға қандай ауыртпалық түссе де, көмектесуді және кез келген азғырудан құтылып шығудың жолымен қамтамасыз етуді уәде етеді (Забур 54:23; Қорынттықтарға 1-хат 10:13). Ауыр шақтарда Құдайға жақындай отырып, әр нәрсеге тура баға бере аламыз және Ібіліске қарсы тұра аламыз (Жақып 4:7, 8).

Төзе білуге не көмектеседі?

10, 11. а) Әйүпке төзе білуге не көмектесті? ә) Ар-ұяты таза болғаны Әйүпке қалай көмектесті?

10 Әйүп басына түскен ауыр жағдайға қарамастан, оның ішінде “жұбатушыларының” қорлық сөздері мен қасіретінің шын себебін білмей дал болғанына қарамастан, мінсіздігін сақтап қалды. Оның төзімділігінен не нәрсеге үйрене аламыз? Оған төзе білуге көмектескен басты нәрсе — Ехобаға деген адалдығы екені шүбәсіз. ‘Ол Құдайдан қорқатын және зұлымдықтан алыстап жүретін’ (Әйүп 1:1). Оның өмір салты осындай болған. Аяқ астынан жағдайдың неге насырға шапқанын түсінбесе де, ол Ехобадан бас тартқан жоқ. Әйүп өмірдің ащы-тұщысына қарамай, Құдайға қызмет ету керек деп есептеді (Әйүп 1:21; 2:10).

11 Ар-ұятының таза болғаны да Әйүптің жанына жұбаныш берді. Өмірмен қош айтысатындай боп көрінген шақта, оның басқаларға көмектесу үшін қолынан келген бар жақсылығын жасағанын, Ехобаның әділ нормаларын ұстанғанын, сондай-ақ жалған ғибадаттың кез келген түрінен бойын аулақ ұстағанын білгені көңіліне медеу болды (Әйүп 31:4—11).

12. Әйүп Елиуйдің көмегін қалай қабыл алды?

12 Әрине, Әйүпке кейбір жайтқа қарасты көзқарасын өзгерту үшін көмек қажет болғаны рас. Әрі ол сондай көмекті кішіпейілділікпен қабыл алды да. Бұл — бәріне төзе білуінің тағы бір кілті. Әйүп Елиуйдің дана кеңесін құрметпен тыңдап, Ехобаның түзетуін дұрыс ниетпен қабыл алды. Ол: “Мен өзім ештеңе түсінбеген қалпымда... осылай дедім”,— деп мойындады. “Мен [бұрынғымнан] бас тартып, топырақ пен күлде өкінемін” (Әйүп 42:3, 6). Әлі де жанын азаптап жатқан ауруына қарамастан, Әйүп ой қалпын осылайша өзгерткені Құдайға жақындата түскеніне қуанды. Ол Құдайға: “Білемін — Сен бәрін де істей аласың”,— деді (Әйүп 42:2). Ехобаның өз ұлылығын сипаттап бергенінің арқасында Әйүп Жаратушының алдындағы өз орнын әлдеқайда анық түсінді.

13. Әйүп мейірімділік танытқанының қандай пайдасын көрді?

13 Әйүп сондай-ақ мейірімділіктің керемет үлгісін көрсетті. Жұбатушысымақтары оның жанын қатты жаралаған болатын, әйтсе де Ехоба олар үшін дұға ет дегенде, Әйүп оған құлақ асты. Кейін Ехоба Әйүптің денсаулығын қалпына келтірді (Әйүп 42:8, 10). Төзе білуімізге ашыну емес, сүйіспеншілік пен мейірімділік көмектесетіні анық. Ашынбау бізді рухани нығайтады, әрі Ехобаның баталарына кенелтеді (Марқа 11:25).

Төзе білуімізге көмектесетін ақылды кеңес берушілер

14, 15. а) Кеңес берушіге әлдекімнің жанына шипа болуға қандай қасиеттер көмектеседі? ә) Елиуйдің неліктен Әйүпке көмектесе алғанын түсіндіріңдер.

14 Әйүптің оқиғасынан алатын тағы бір сабағымыз — ақылды кеңес берушілердің қаншалықты құнды екендігі. Ондайлар “қиыншылықта бауырыңдай көмектесер” (Нақыл сөздер 17:17). Бірақ Әйүптің жағдайынан көретініміздей, кейбір кеңес берушілер жанға шипа болудың орнына, жаралауы мүмкін. Жақсы кеңес беруші адам Елиуй сияқты мейірімділік, жанашырлық пен құрмет көрсетуі керек. Бәлкім, ақсақалдар мен толысқан мәсіхшілерге қиындықтан бас көтере алмай қалған бауырластардың ой қалпын түзетуге тура келер. Онда олар Әйүп кітабынан көп нәрсеге үйрене алады (Ғалаттықтарға 6:1; Еврейлерге 12:12, 13).

15 Елиуйдің мәселені қалай шешкенінен көп нәрсеге үйренуге болады. Ол Әйүптің үш жолдасының жаңсақ айтылған сөздеріне жауап бермес бұрын, сабырмен тыңдап алды (Әйүп 32:11; Нақыл сөздер 18:13). Сондай-ақ Әйүпті есімімен атап, оны дос көріп сөйледі (Әйүп 33:1). Жұбатушысымақтар сияқты емес, Елиуй Әйүпті өзінен жоғары қойды. “Мен де сұйық балшықтан жаратылғанмын”,— деді ол. Сондай-ақ ойланбай сөйлеп, Әйүптің қайғысына қайғы қосқан жоқ (Әйүп 33:6, 7; Нақыл сөздер 12:18). Әйүптің алдыңғы қылығын сынап-мінемей, қайта, оны “әділдігі” үшін мақтады (Әйүп 33:32, ЖД). Ең маңыздысы, Елиуй барлық нәрсеге Ехобаның көзімен қарады және Оның ешқашан әділетсіз әрекет етпейтініне Әйүптің көңіл бұруына көмектесті (Әйүп 34:10—12). Ол Әйүпті өзінің әділдігін алға тарта бергенше, Ехобаны күтуге талпындырды (Әйүп 35:2; 37:14, 23). Бұның ақсақалдар мен басқалар үшін де сабақ болары сөзсіз.

16. Әйүптің жұбатушысымақтары қалай Шайтанның қолындағы құрал болды?

16 Елиуйдің дана кеңесі Елифаздың, Билдад пен Зофардың ауыр сөздеріне кереғар еді. Ехоба оларға: ‘Сендер Мен туралы... адал айта алмадыңдар’,— деген-ді (Әйүп 42:7). Олар ниетіміз түзу болды дегеннің өзінде адал жолдас емес, Шайтанның құралы ретінде әрекет етті. Ә дегеннен-ақ олардың айтқан сөздері қиындықтары үшін Әйүптің өзі жауапты дегенге сайды (Әйүп 4:7, 8; 8:6; 20:22, 29). Елифаздың айтуынша, Құдай өз қызметшілеріне сенімді емес, әділ болайық не болмайық, оған бәрібір (Әйүп 15:15; 22:2, 3). Ол тіпті Әйүпке жасамаған қателіктері үшін айып тақты (Әйүп 22:5, 9). Елиуй болса, керісінше, Әйүпке рухани жағынан көмектесті. Негізі, жақсы көретін кеңесшінің мақсаты да әрдайым осындай болу керек.

17. Сынаққа кезіккенде, нені ойда ұстауымыз керек?

17 Әйүп кітабынан төзімділікке қатысты алатын тағы бір сабақ бар. Сүйікті Құдайымыз біздің жағдайымызды бақылап отырады, сондай-ақ ол әр қилы жолдармен көмектесуге дайын, әрі көмектесе алады. Жоғарыда Эльза Абттың мысалын қарастырған едік. Оның қандай қорытындыға келгені жайлы ойланып көріңдерші: “Тұтқындалмай тұрғанда, мен бір әйел бауырластың ауыр сынақтарда Ехобаның рухы тыныштық сыйлайды деген хатын оқыған болатынмын. Мен ол сәл асыра сілтеп тұр деп ойладым. Бірақ өз басыма сынақтар түскенде, оның сөзі рас екеніне көзім жетті. Жағдай шынында да сондай болды. Егер өз басыңнан кешпесең, бұны түсіну қиын. Менімен солай болды. Ехоба маған көмектесті”. Эльза бұл жерде мыңдаған жылдар бұрын, яғни Әйүптің күндерінде Ехобаның не істей алатындығы мен не істегені жайлы айтып тұрған жоқ-тын. Ол біздің уақытымыз жайлы айтып тұр еді. Иә, шынында да, “Ехоба көмектеседі”!

‘Төзімді адамдар бақытты’

18. Әйүп төзе білгендігінің қандай пайдасын көрді?

18 Арамызда Әйүптікі сияқты ауыр қиындықтарды бастан кешуге тура келетіндер көп бола қоймас. Алайда осы дүниеде қандай сынақтарға кезікпейік, Әйүп сияқты мінсіздігімізді сақтап қалуға бізде келелі себептер бар. Төзімділігі Әйүптің өмірін байытты, оны толықтай жетілдірді (Жақып 1:2—4). Сондай-ақ Құдаймен қарым-қатынасын нығайтты. Ол: “Мен Сен туралы құлағыммен естіп едім; енді өз көзіммен Сені көріп тұрмын”,— деді (Әйүп 42:5). Әйүпті мінсіздігінен айыра алмаған Шайтан өтірікші болып шықты. Жүздеген жылдар өтсе де, Ехоба Әйүптің әділдіктің үлгісін көрсеткен қызметші екенін айтты (Езекиел 14:14). Оның мінсіздігі мен төзімділігі жайлы хабар тіпті бүгінгі күнгі Құдай халқына да қозғау салады.

19. Неге төзімділік таныту маңызды деп ойлайсыңдар?

19 Жақып бірінші ғасырдағы мәсіхшілерге жазған хатында, төзімділіктің қанағат сезіміне бөлейтіні жайлы айтқан болатын. Сондай-ақ Ехоба өзінің адал қызметшілерін молынан жарылқайтынын естеріне салу үшін Әйүптің мысалын келтірген еді (Жақып 5:11). Әйүп 42:12-ден былай деп оқимыз: “Сонда Құдай Иовтың [Әйүптің] соңғы күндеріне бұрынғыдан гөрі көбірек шапағатын тигізді”. Құдай Әйүптің жоғалтқандарын екі есе қайтарды, сондай-ақ ол ұзақ та бақытты ғұмыр кешті (Әйүп 42:16, 17). Сол сияқты осы дүниенің соңында кезігуіміз мүмкін кез келген ауру, қасірет не жан қайғысы болсын, бәрі де жойылып, Құдайдың жаңа дүниесінде еш еске алынбайды (Ишая 65:17; Аян 21:4). Біз Әйүптің төзімділігі жайлы естідік, ендігі жерде Ехобаның көмегімен Әйүптің үлгісіне еліктеуге бекем бел буалық. Киелі кітап былай деп уәде етеді: “Сынақты төзімділікпен басынан өткізіп жатқан әркім бақытты! Содан өтіп, сенімді екендігі дәлелденгеннен кейін ол бәйге жүлдесіндей “шынайы өмірдің тәжін” иемденбек. Мұны Тәңіріміз Өзін сүйгендерге сыйлауға уәде етті” (Жақып 1:12).

Қалай жауап берер едіңдер?

• Қалай Ехобаның жүрегін қуанта аламыз?

• Неге қиыншылықтарымыз Құдайға ұнамай қалғандығымыздың дәлелі деген ойға келмеуіміз керек?

• Әйүпке төзе білуге не нәрселер көмектесті?

• Бауырластарды нығайтқанда, қалай Елиуйге еліктей аламыз?

[20-беттегі сурет]

Жақсы кеңесші мейірімділік, жанашырлық пен құрмет көрсетеді

[21-беттегі суреттер]

Харальт пен Эльза Абттар

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу