Көзқарасын түбегейлі өзгерткен кездесу
“ОТБАСЫМА Құдайдың маған жіберген екі ‘періштесі’ жайлы айтқанша асықтым”. Үйіне екі жас Ехоба Куәгері келген бір ер кісі осылай деп жазды. Олар келгенге дейін бірнеше апта бұрын оның 45 жастағы әйелі қайтыс болған еді. Сондықтан көңілі жабырқаулы болатын. Оны ересек балалары жұбатып-ақ бақты, бірақ олар алыста тұратын. Оған ешбір досы да, көршісі де келген жоқ.
Ол үйіне келген екі жас қыз бауырласқа: “Мен Құдаймен сөйлеспеймін”,— дейді. Алайда олар қайғысына ортақтасып, Киелі кітапқа негізделген “Өлген сүйіктілер үшін қандай үміт бар?” деген кішкене трактатты қалдырады. Ол трактатты сол күні кешкісін оқып, көңіліне жұбаныш табады.
Әлгі кісінің қатты қайғысы есінен кетпеген екі Куәгер көп ұзамай қайта соғып, оның хал-жағдайын сұрайды. “Мүлдем бейтаныс адамдардың менің қамымды, игілігімді ойлағандарына аң-таң болдым”,— деп жазды ол кейінірек. Олардың Киелі кітаптан бөліскен ойлары оған жігер береді. Екі бауырлас кейін қайта соғатындарын айтады. Ол бұған қатты қуанып қалады, әрі жоғарыда айтылған сөздерді жазып, жергілікті Ехоба Куәгерлерінің Патшалық Сарайына салып жібереді.
Ол ұлдарының біріне жақындау жерге көшерінің алдында Ехоба Куәгерлерінің кездесуіне келіп, әлгі қыз бауырластардың бірінің отбасында қонақта болады. Ол былай деп жазды: “Мен бұл жерден көшкелі жатырмын, бірақ әлгі екі жас қыз бен сендердің шіркеулеріңді үнемі көңілімде ұстап, дұғамнан тастамаймын. Иә, мен қазір дұға етіп жүрмін, көп дұға етем. Мен көзқарасымды түбегейлі өзгерттім. Бұл жерде әлгі екі қыздың рөлі зор, мен оларға мәңгі бақи риза болып өтем”.