Жаңа жыл мерекелері. Олар сіздің ойыңыздағыдай өте ме?
“Ұлы Петір 1 қаңтар күні барлық шіркеуде жаңа жылға арналған салтанатты рәсім өткізуге жарлық берді. Сонымен қатар Жаңа жыл қарсаңында есіктің жақтауларын шырша бұтақтарымен әшекейлеп қоюға және Мәскеудің барлық тұрғындары бір-бірін “қуаныштарын білдіріп жарқын дауыспен құттықтауға” нұсқау берді” (“Ұлы Петірдің өмірі мен әлемі”, Р. К. Масси).
ЖАҢА ЖЫЛ мерекелерінен не күтесіз? Көп елде бұл мерекелер Мәсіхтің туған күнін атап өтумен басталады, содан кейін ол Жаңа жылды қарсы алуға ұласады. Сонымен Жаңа жыл мерекелері бірнеше күнге созылады. Демек, бұл — мейрам күндері. Ата-аналар мен балалар бұл уақытта демалысқа шығуы мүмкін, сондықтан бұл — үй ішіндегілердің бас қосуына да қолайлы уақыт. Алайда кейбіреулер бұл күндерді Мәсіхтің туған күнін тойлайтын мезгіл деп қарастырады, себебі жылдың осы мезгілінде Мәсіхке құрмет көрсеткісі келеді. Мүмкін, сіз де осыны қалайтын шығарсыз?
Бұл уақыт Мәсіхке құрмет көрсетуге не отбасымен көңілді уақыт өткізуге немесе тіпті екеуіне де арналған болсын, миллиондаған ата-аналар мен балалар оны асыға күтеді. Биылғы жыл туралы не деуге болады? Бұл мейрам отбасына қуаныш әкеле ме? Ол Құдайға ұнамды бола ма? Егер үй ішіндегілер бірге жиналатын болса, бұл бас қосу сіздің ойыңыздағыдай өте ме, әлде көңіліңізді қалдыра ма?
Бұл күндерді діни мейрам ретінде күтетін көп адам Мәсіхтің туған күнінен де, Жаңа жылдан да мәсіхшілік рухтың сезілмейтінін байқайды. Қайта, бұл мерекелер жай ғана сыйлық алатын, отырыстарда Мәсіхтің атын масқаралайтын әрекеттер жасалатын немесе отбасы мүшелері тағы бір бас қосатын уақытқа айналып келеді. Мұндай бас қосуларда әдетте отбасында тамақ пен ішімдікті шектен тыс ішіп алған бір немесе бірнеше адам жанжал тудырады және жиі оның аяғы төбелеске ұласып, отырыстың шырқы бұзылады. Мұндай нәрсені өзіңіз де көрген шығарсыз, немесе тіпті өз басыңыздан өткізген шығарсыз.
Олай болса, жоғарыда айтылып өткен орыс патшасы Ұлы Петрдің кезінен бері көп нәрсе өзгермеген сияқты. Осы жағдайды ойлап, мазаланатын көп адам жаңа жыл мерекелерінің рухани нәрселерге көңіл бөлуге және отбасына пайдалы болатындай бас қосуға арналғанын қалайды. Кейбіреулер “Мереке Исаға арналған” деген сияқты сөздер айтып, өзгеріс жасауға үгіттейді. Алайда мұндай өзгерістердің болуы мүмкін бе? Мұндай өзгерістер Мәсіхке шынымен құрмет әкеле ме? Жаңа жыл мерекелеріне деген көзқарасты өзгертуге себептер бар ма?
Осы сұрақтарға қанағаттанарлық жауап табу үшін, жылдың осы мезгілін бір халық неге атап өтетінін қарастырайық.