Ең жақсы білімнің пайдасын көріңіз
КИЕЛІ КІТАПТА Ехоба Құдай барлық нәрсенің, соның ішінде адамзаттың да, Жаратушысы екені айтылады (Жаратылыс 1:27; Аян 4:11). Ұлы Ұстаз ретінде ол алғашқы жұп Адам ата мен Хауа анаға білім беріп, оларды ғажап Едем бағында өмір сүруге дайындады. Оның ниеті оларға білім беруді жалғастырып, мәңгі бақи қамдарын жасау еді (Жаратылыс 1:28, 29; 2:15—17; Ишая 30:20, 21). Оларды қандай керемет болашақ күтіп тұрғанын ойлап көріңізші!
Өкінішке орай, алғашқы адам жұбы мұның бәрінен бас тартты. Олардың тілазарлығы адамзат баласының құлықтылық және тәндік жағынан құлдырауына әкеп соқты (Жаратылыс 3:17—19; Римдіктерге 5:12). Адамзат жаратылғаннан кейінгі бірнеше ұрпақтан соң-ақ, олардың қандай болып кеткені жайлы Киелі кітапта былай делінген: “Жаратқан Ие жер бетінде адамдар жасаған зұлымдықтардың тым зор екенін көрді: жүрек қалаулары бойынша істегендерінің бәрі де жауыздыққа толы еді” (Жаратылыс 6:5).
Ехоба адамзат зұлымдыққа бейім деп тұжырым жасағанынан бері, 4 500 жылдай уақыт өтті. Ал қазір адамзаттың жағдайы бұрынғыдан да нашар. Көпшілігі шімірікпестен өтірік айтады, ұрлайды не өзгелерге зорлық көрсетеді. Проблемалар күннен-күнге көбейіп, ал басқалардың қамын ойлау, керісінше, азаюда. Адамдардың өзара, сондай-ақ отбасы мүшелерінің арасындағы қарым-қатынасы шын мәнінде қиындап кетті емес пе? Алайда бұл жағдайларға Құдай жауапты емес, әрі ол бүгінгі қиындықтарға немқұрайды қараған емес. Оны адамзаттың игілігі барлық уақытта ойландырған және ол бақытты өмір кешу үшін өзінен басшылық іздегендерге тәлім беруге дайын. Осыдан шамамен 2 000 жыл бұрын ол ұлы Иса Мәсіхті жер бетіне жіберіп, өмірде табысты болғысы келген адамдарға тәлім беруімен олардың қамын ойлайтынын көрсетті. Иса Ұлы Ұстаздан миллиардтаған жылдар бойы тәлім алғандықтан, бізге кемелді білімнің үлгісін қалдырды.
Шынайы мәсіхшілік білім береді
Иса Мәсіх шынайы мәсіхшіліктің, яғни сүйіспеншілікке негізделген өмір жолының, негізін қалады. Құдайдың есімін қастерлеп, мадақтау үшін шынайы мәсіхшілікте адамның барлық ойы мен іс-әрекеті Құдайдың еркіне сай келу керек (Матай 22:37—39; Еврейлерге 10:7). Исаның өмір жолы туралы ілімдерін Әкесі Ехоба қолдаған. Бұл туралы Жохан 8:29-дан былай деп оқимыз: “Мені жіберген Ол Өзіммен бірге. Мен әрқашан Оған ұнайтынын істейтіндіктен, Әкем Мені жалғыз қалдырмайды”. Расында да, Иса бүкіл қызметінің барысында Әкесінің қолдауына ие болған, сондай-ақ басшылық алып отырған. Исаның ертедегі ізбасарларында қиындықтарға кезіккенде көмектесетін басшылық болған. Өйткені Ехоба оларға өз Ұлы арқылы білім берген еді. Олар Исаның ілімдерін ұстанып және үлгісіне еліктегеннің арқасында әлдеқайда жақсара түсті. Бүгінгі мәсіхшілер жайлы да осылай деуге болады (6-беттегі “Иса мен ілімдерінің әсері” атты қоршауды қараңыз).
Шынайы мәсіхшіліктің бір ерекшелігі — адамның ішкі дүниесін өзгерту үшін, оның санасы мен жүрегіне әсер ететіндей білім береді (Ефестіктерге 4:23, 24). Бұған мысал ретінде жұбайына адал болу жөнінде Исаның не үйреткенін көрейікші. Ол: “Неке адалдығын бұзба!” деген өсиетті де естідіңдер. Ал мен сендерге былай деймін: кім бір әйелге құмарта қараса, оның өз жүрегінде сол әйелмен неке адалдығын бұзғаны”,— деді (Матай 5:27, 28). Мұнымен Иса шәкірттеріне жүректі таза сақтау керектігін, сондай-ақ жаман ойлар мен құмарлықтар, әлі істелмеген болса да, түбінде жамандыққа әкелуі мүмкін екенін үйреткен. Жаман ойлардың, шынында да, Ехобаны ренжітетін және өзгелердің жанын жаралайтын әрекетке апарып соғары рас емес пе?
Сол себепті де Киелі кітап былай деп кеңес береді: “Бұл күнәкар дүниенің өмір сүру салтын үлгі етпеңдер, қайта, ой-тілектерің Құдайдың жаңартуымен түбегейлі өзгерсін! Осылай сендер Оның еркін — ненің игілікті, ұнамды және кемелді екенін — ажырата білетін боласыңдар” (Римдіктерге 12:2). Бәлкім: “Тәлім алу арқылы ойымызды түгелдей жаңарту мүмкін бе?”— деп сұрайтын шығарсыз. Ойды жаңарту деген оны Құдай Сөзіндегі принциптер мен нұсқауларға толтыра отырып, басқа жаққа бағыттау дегенді де білдіреді. Бұл Құдайдың өз Сөзі арқылы беріп отырған білімін қабыл алудың арқасында жүзеге асады.
Өзгеруге талпындырады
“Құдайдың сөзі тірі, әсері де күшті” (Еврейлерге 4:12). Ол адамдарға әлі де зор ықпал етіп келеді, осылайша өзінің еш ескірмегенін дәлелдейді. Құдай Сөзі адамды өмір салтын өзгертуге, шынайы мәсіхшілікті қабыл алуға, сөйтіп, әлдеқайда жақсы адам болуға талпындыра алады. Киелі кітаптағы білімнің қаншалықты құнды екенін келесі мысалдардан көруге болады.
Алдыңғы мақалада сөз болған Эмиля былай деді: “Тек өз бетімше әрекет жасағаным үйдегі жағдайды жақсартуға жеткіліксіз еді. Ехоба Куәгерлерімен бірге Киелі кітапты зерттеу сабағын бастағанда, үміт бар екенін түсіндім және көзқарасымды өзгерте бастадым. Шыдамдырақ болып, ашуға бой алдырмауды үйрендім. Уақыт өте келе, күйеуім де менімен бірге зерттей бастады. Оған ішуді қою оңай болған жоқ, бірақ мұнысын жеңе алды. Бұл некемізге жаңа бастама берді. Қазір біз Ехоба Куәгеріміз және Киелі кітаптың керемет принциптерін балаларымыздың құлақтарына құюдамыз” (Заңды қайталау 6:7).
Шынайы мәсіхшілік беретін білім адамды жаман жолдан қайтарып, азғындық өмір салтынан азат етеді. Бұған Мануэлдіңa көзі жеткен. Ол 13 жасында үйінен қашып кетеді де, марихуана қабылдай бастайды. Уақыт өте, героинға көшеді. Баспана мен ақша үшін еркектермен де, әйелдермен де жыныстық қатынасқа барады. Ол кейде көшеде адамдарды тонап та күн көріп жүрді. Мануэл барлық уақытта дерлік есірткінің әсерінде жүретін. Осындай сорақы жүріс-тұрысының кесірінен түрмеден шықпайтын. Бір жолы төрт жылға қамалады да, онда қару-жарақ сатумен айналысады. Үйленгеннен кейін де Мануэл осындай өмір салтынан опық жей берді. Ол былай деді: “Бізге бір кездері тіпті тауық қорада өмір сүруге тура келді. Әйелімнің кірпіштің үстіне тамақ пісіретіні әлі есімде. Жағдайымыздың жақсаратынына еш сенім болмағандықтан, өз туыстарым әйеліме мені тастап кет деп айтатын”.
Оның өмірін не өзгертті? Мануэл былай деп жауап береді: “Бір танысым Киелі кітап жөнінде сөйлесу үшін үйге келді. Оны адамдарды ойлайтын Құдай жоқ екенін дәлелдеу үшін ғана үйге кіргізетінмін. Әрі бұған дәлел ретінде өзімді айттым. Мен оның шыдамды әрі сыпайы болғанына таңғалдым, сөйтіп, Патшалық Сарайындағы кездесулерге баруға келістім. Ол жердегілердің кейбіреуі менің өмірімді білсе де, достық сыңаймен қарсы алды. Олар өзімді солардың бірі ретінде сезінуіме көмектесті. Бұл зор жұбаныш болды. Мен нашақорлар ортасынан кетіп, адал еңбек ететін жұмыс табуым керек деген шешімге келдім. Киелі кітапты зерттеу сабағын бастаған соң, төрт айдан кейін уағыздау ісіне қатысуға жарамды болып, ал тағы төрт айдан соң, шомылдыру рәсімінен өтіп, Ехоба Куәгері болдым”.
Шынайы мәсіхшіліктің Мануэл мен оның отбасы үшін қандай пайдасы болды? Мануэл былай деді: “Киелі кітаптағы білімсіз баяғыда-ақ өліп кеткен болар едім. Исаның үйреткен өмір жолы отбасымды қайтарды. Ұлым мен қызыма менің жас кезімде бастан кешкендерімді қайталаудың қажеті жоқ. Әйелім екеуміздің арамыздағы жақсы қарым-қатынасты мақтан тұтамын, әрі сол үшін Ехобаға дән ризамын. Бұрынғы таныстарымның кейбірі мені құттықтап, қазіргі ұстанған өмір жолымды ең жақсы жол деп ойлайтындарын айтты”.
Мәсіхшілер өмірінде тән тазалығы құлықтылық тазалығымен қатар жүру керек. Оңтүстік Африканың кедей ауданында тұратын Джон мұны түсінген болатын. Ол: “Қызымыз кейде апта бойы жуынбай жүре беретін. Ешқайсымыз да бұған мән бермейтінбіз”,— деді. Әйелі үйлерінің іші-сырты адам шошырлық күйде екенін мойындаған болатын. Бірақ тек мәсіхшілер білімінің арқасында ғана өзгерістер болды. Джон көлік ұрлайтын топтан кетіп, өз отбасына көбірек көңіл бөле бастады. “Мәсіхшілер ретінде тәніміз бен киімімізді таза ұстау керектігін білдік. Мен Петірдің 1-хаты 1:16-ғы Ехоба Құдай қасиетті болғандықтан, бізді де қасиетті болуға шақырған сөздерді ұнатамын. Қазір қарапайым үйімізді де таза ұстауға тырысамыз”,— деді ол.
Ең жақсы білімді ала аласыз
Мұндай мысалдар аз емес. Киелі кітаптың білімін алған мыңдаған адамдар әлдеқайда жақсы өмір кешуді үйренді. Адал әрі ынталы еңбек ететіндіктен, жұмыс берушілері де оларды бағалайды. Олар маңайындағылардың игілігін ойлайтын жақсы көрші және достар болды. Олар жаман қылықтар мен күнәкар бейімділіктерден аулақ болуға бел буған, сондықтан өздерінің тәндік, ой және эмоциялық денсаулығын жақсырақ күтеді. Қолында барын зиянды нәрселерге емес, қайта, өздерінің және отбасыларының игілігіне жұмсайды (Қорынттықтарға 1-хат 6:9—11; Қолостықтарға 3:18—23). Сөз жоқ, Ехобаның Киелі кітапта айтқандарын іс жүзінде қолданғанымыз шынайы мәсіхшіліктің ең жақсы өмір жолы екенін, сондай-ақ ең жақсы білімді беретінін көрсетеді. Құдай заңдарына сай өмір сүретін адам жайлы Киелі кітапта былай делінген: “Не істесе де, табыссыз қалмайды” (Забур 1:3).
Құдіретті Құдай Ехобаның бізге білім беруге дайын екенін білу жігерлендіреді. Ол өзі туралы: “Мен, Құдай Иелерің, сендерге пайдалыны үйретіп, түзу жолмен бастап алып жүремін”,— деген (Ишая 48:17). Шындығында да, Ехоба Иса Мәсіхтің үлгісі мен тәлімдері арқылы жол көрсетіп отыр. Оның тәлімдері жер бетінде болған кезінде оны білетін көптеген адамдардың өмірін өзгертті. Бүгін де оның тәлімдерімен өмір сүретіндер туралы дәл солай деуге болады. Олай болса, Исаның тәлімдері жайлы неге көбірек білмеске? Жақын маңдағы Ехоба Куәгерлері сізге сондай бағалы білімді алуға қуана көмектеседі.
[Сілтеме]
a Кейбір есімдер өзгертілген.
[6-беттегі қоршау/сурет]
Иса мен оның тәлімдерінің әсері
Салық жинаушылардың бастығы болған Зақай өз дәрежесін пайдаланып, қарапайым халықтың ақшасын күштеп не алдап тартып алудың арқасында байыған болатын. Бірақ ол Исаның тәлімдерін қабыл алып, өмір салтын өзгертті (Лұқа 19:1—10).
Тарс қаласынан шыққан Саул мәсіхшілерді қудалауын доғарып, мәсіхшілікті қабыл алып, елші Пауыл болды (Елшілердің істері 22:6—21; Філіпіліктерге 3:4—9).
Қорынттағы мәсіхшілердің кейбіреулері “азғындар, жалған тәңірлерге құлшылық етушілер, неке адалдығын бұзушылар, нәпсіқұмарлар, еркекжанды еркектер, ұрылар, дүниеқоңыздар, маскүнемдер, өсекшілер және тонаушылар” болған. Алайда шынайы мәсіхшілікті білген соң, олар ‘күнәдан тазарып, Иеміз Иса Мәсіхтің құдіретімен және Құдайдың Рухы арқылы Оның қасиетті халқы болып, ақталды’ (Қорынттықтарға 1-хат 6:9—11).
[7-беттегі сурет]
Киелі кітап өмірде қалай табысты болуға болатынын көрсете алады