Белгілерді байқай білу өте маңызды
“Алғашында ұлым Андреастың жай ғана басы ауырып жатыр екен деп ойладым. Бірақ кейін тәбеті жоғалып, дене қызуы қатты көтерілді. Бас ауруы барған сайын меңдеп, мен мазасыздана бастадым. Күйеуім үйге келген соң, Андреасты дәрігерге апардық. Ол аурудың белгілерін тексерді де, баланы дереу ауруханаға жөнелтті. Баланікі жай бас ауруы емес, одан да қауіптірек менингит екен. Ол емделіп, көп ұзамай-ақ айығып кетті” (Германиядағы Гертруд атты ана).
ГЕРТРУДТЫҢ жағдайы көптеген ата-аналарға таныс шығар. Олар баласының сырқаттанып қалғандығының белгілерін байқайды. Аурудың бәрі бірдей қауіпті болмаса да, ата-аналар балаларының ауырып жатқанын көрсететін белгілерді елеп-ескермесе, кейін опық жеп қалуы мүмкін. Ал аурудың белгілерін байқап, тиісті шаралар қолданса, қауіпті жағдайдың алдын алуы мүмкін. Ал бұл өте маңызды.
Тек денсаулық емес, басқа бір жайттарға қатысты да осылай деуге болады. Бұған нақты мысал — 2004 жылы қыркүйекте Үнді мұхиты аймағында болған цунами апаты. Австралия және Гавайи сияқты жерлердегі үкімет ұйымдары солтүстік Суматрада ірі жер сілкінісі болғанын байқаған, сондай-ақ оның әкелетін ауыр зардабын алдын ала білген. Алайда қауіпті аймақтағы адамдарға ескертетін ешқандай байланыс жүйесі бола қоймаған. Осының нәтижесінде 220 000-нан астам адам опат болды.
Маңызы әлдеқайда зор белгілер
Иса Мәсіх жер бетінде болғанда, тыңдаушыларына белгілерді байқап, соған сай әрекет етудің қаншалықты маңызды екеніне қатысты сабақ берген. Ол маңызы әлдеқайда зор нәрсе жайлы айтқан еді. Киелі кітапта былай делінген: “Парызшылдар мен саддукейлер Исаның қасына келді. Оның билігін сынау үшін көктің құдіретімен бір керемет көрсетуін сұрады. Иса оларға жауап беріп: — Сендер кеште “Күн ашық болады, қызарып батты ғой” деп жорисыңдар, ал таңертең “Бүгін дауыл тұрады, аспан қып-қызыл әрі бұлыңғыр екен” дейсіңдер. Аспанның құбылыстарын түсіне білгенмен, қазіргі заманда болып жатқан оқиғаларды ұға алмайсыңдар! — деді” (Матай 16:1—3).
Иса “қазіргі заманда болып жатқан оқиғалар” дегенде, I ғасырдағы өзін тыңдаған яһудилерге қандай уақытта өмір сүріп жатқандарын түсіну керектігін көрсеткен. Өйткені яһуди жүйесінің астан-кестені шыққалы тұр еді. Ал бұның олардың бәріне де қатысы бар болатын. Өлерінен бірнеше күн бұрын Иса шәкірттеріне өзге бір белгі, яғни өзінің патшалыққа келіп отырғандығын білдіретін белгі, жайлы айтқан. Оның сол кезде айтқандарының бүгінде әрбір адам үшін өмірлік маңызы бар.