Адал болудың пайдасы
КЕЙ елдерде балалар бірге ойнап жүрген жолдастарының тоқылған киіміне ошағанның тікенектерін жапсырып, оларға тиіскенді жақсы көреді. Мұндай киімге тікенектер мықтап жабысып қалады да, бала жүрсе де, жүгірсе де, сілкініп не секірсе де, үстінен түсе қоймайды. Олардан құтылудың бірден-бір жолы — бір-бірлеп алып тастау. Ал ойын баласы үшін ең қызығы да осы.
Әрине, ешкімге де киіміндегі тікенектер ұнай қоймас, бірақ сол тікенектердің жабысу қабілетіне кім болса да таңғалады. Адал кісінің бойында да осындай қасиет бар. Ондай жан әлдекіммен қарым-қатынасын берік сақтау үшін соның қасында қала береді. Ол сондай қарым-қатынас жүктейтін борыш пен міндетті, тіпті оны орындау қиын болса да, адалдықпен атқарады. “Адалдық” деген сөз шыншылдық, айнымастық, шын берілгендік сияқты игі қасиеттерді еске салады. Біреудің бізге адал екеніне риза шығармыз, бірақ өзгелерге адал болуға біздің күш-жігеріміз жете ме? Егер жетсе, онда кімге адал болуымыз керек?
Некеде адалдық өте қажет
Адалдық таныту маңызды болып табылатын өмірдің бір саласы — неке. Бірақ, өкінішке орай, қазір некеде бұл сирек кездеседі. Некелік антқа, яғни бірге болып және бір-біріміздің игілігімізді ойлаймыз деген уәделеріне, адал болып қалатын ерлі-зайыптылар отбасының бақыты мен қауіпсіздігіне қол жеткізу үшін маңызды қадам жасайды. Неге бұлай деуге болады? Себебі адам өзгеге адал болу, сондай-ақ өзгенің оған адал болу мұқтаждығымен жаратылған. Едем бағында Адам мен Хауаны қосқанда, Құдай: “Еркек әке-шешесін тастап, әйеліне мықтап жабысады”,— деген. Әйелге қатысты да солай еді: ол күйеуіне мықтап жабысу керек-тін. Күйеуі мен әйелі бір-біріне адал болып, бірге әрекет етулері керек еді (Жаратылыс 2:24, сілтемені қараңдар; Матай 19:3—9).
Рас, бұл мыңдаған жылдар бұрын болған. Бірақ бұл бүгінде некеде адалдық таныту деген түсінік ескірді дегенді білдіре ме? Көбісі бұлай ойламайды. Германияда жүргізілген сауалнамада адамдардың 80 пайызы некеде адалдықтың болуы өте маңызды деп есептейтінін көрсетті. Екінші сауалнама ерлер мен әйелдердің бойындағы әсіресе қандай қасиеттер бағалы деп есептелетінін анықтау мақсатымен жүргізілді. Бір топ ерлерден әйелдердің бойынан әсіресе көргісі келетін бес қасиетті атауды сұраған. Бір топ әйелге де осындай сұрақ қойылды. Сонда ерлердің де, әйелдердің де ең жоғары бағалайтын қасиеті адалдық екен.
Иә, адалдық некені шайқалтпайтын мықты іргетас болып табылады. Алайда, алдыңғы мақалада көргеніміздей, адалдық көп мақталғанымен, іс жүзінде көрсетіле бермейді. Мысалы, көп елде ажырасу санының жоғары болуы опасыздықтың кең тарағанын көрсетеді. Жұбайларға осының ықпалына берілмеуге және бір-біріне адал болып қалуға не көмектеседі?
Адалдық некені нығайтады
Адалдық жұбайлар бір-біріне қалтқысыз берілгендігін дәлелдеудің мүмкіндіктерін іздегенде көрінеді. Мысалы, әдетте “менің” дегеннен гөрі, “біздің” деген, яғни “біздің балалар”, “біздің үйіміз”, “біздің бастан кешкеніміз” деген дұрыс. Сондай-ақ ерлі-зайыптылар жоспар құрып не шешімдер қабылдарда — мейлі, үй шаруасына, жұмысқа, балалар тәрбиесіне, көңіл көтеруге, еңбек демалысы не діни істерге қатысты болсын — бір-бірінің сезімі мен пікірін ескергені жөн (Нақыл сөздер 11:14; 15:22).
Жұбайлар бір-біріне өздерін қалаулы әрі керекті сезінуге көмектескен жағдайда да адалдық танытады. Жұбайы қарсы жынысты біреуге орынсыз көңіл бөлетін болса, онда серігінің көңілі алаңдап, сенімсіздік пайда болады. Киелі кітап ерлерге ‘жастай алған қосағына’ мықтап жабысуға кеңес береді. Күйеуі өз әйелінен басқа әйелге қызықпауы және орынсыз көңіл бөлмеуі керек. Ал өзге әйелмен жыныстық қатынасқа барудан тіптен аулақ болуы керек. Киелі кітап: “Неке адалдығын бұзғанның ақылы кем, Құртады өз жанын солай істеуімен”,— деп ескертеді. Әйелге де адалдықтың осы жоғары талабы қойылады (Нақыл сөздер 5:18; 6:32).
Некедегі адалдық күш салуға тұратын нәрсе ме? Әрине. Бұл некені тұрақты да берік етеді және жұбайлардың екеуі де мұның пайдасын көреді. Мысалы, күйеуі адалдық танытып, әйелінің игілігін ойлайтын болса, әйелі өзін қауіпсіз сезініп, бойындағы бар жақсы қасиетін көрсетуге тырысады. Күйеуіне қатысты да солай. Әйеліне адал болуға бел буса, бұл оған өмірінің барлық саласында әділ принциптерді ұстануына көмектеседі.
Ерлі-зайыптылардың басына ауыр күн туған жағдайда, адалдық екеуіне де өздерін қауіпсіз сезінуге көмектеседі. Егер отбасында адалдық жоқ болса, жұбайлар көбіне бөлек тұруды не ажырасуды шешеді. Бұл проблеманы шешпейді, қайта, басқа проблемаларды тудырады. 1980 жылдары бір әйгілі сән үлгісінің кеңесшісі әйелі мен балаларынан кетіп қалады. Ол жалғыз басты болып жүргеннен бақыт тапты ма? Жиырма жыл өткен соң, ол отбасын тастап кеткеннен өзін “жалғыз сезініп, көңілі алаңдап және балаларына “қайырлы түн” деп айтқысы келіп, түнімен ұйықтай алмай жататынын” мойындады.
Ата-аналар мен балалардың бір-біріне адал болуы
Ата-аналар бір-біріне адал болса, мұның балаларға да берілуі әбден мүмкін. Адал да сүйіспеншілікке толы отбасында өскен балаларға кейінірек өз қосақтарына жауапкершілікпен қарау, сондай-ақ қартайған ата-анасына қамқорлық көрсету жеңілірек болады (Тімотеге 1-хат 5:4, 8).
Әрине, кейде адалдықпен қамқорлық көрсетуге ата-аналар емес, балалар мұқтаж болады. Мұндай жағдай 40 жылдан астам уақыттан бері Ехоба Куәгерлері болып табылатын Херберт пен Гертрудтың басында болған. Ұлдары Дитмар өмір бойы бұлшық ет дистрофиясымен ауырады. 2002 жылы қарашада қайтыс болғанға дейін, оған соңғы жеті жыл бойы күні-түні қарау керек болатын. Ата-анасы сүйіспеншілікпен оған қажеттінің бәрін жасады. Олар үйлеріне тіпті медициналық жабдық орнатып, дәрігерлік білім алды. Отбасындағы адалдықтың неткен ғажап үлгісі!
Достыққа адал болу
“Адам өмірлік серіксіз де бақытты болуы мүмкін, бірақ доссыз бақытты болу өте қиын”,— дейді Биргит. Сіз онымен келісетін шығарсыз. Мейлі, жарымыз болсын, не салт басты болайық, жақсы достың адалдығы көңіліңді қош етіп, өміріңе көрік береді. Егер некеде тұрсақ, әрине, ең жақын досымыз жұбайымыз болады.
Дос — жай ғана таныс адам емес. Біздің көптеген таныстарымыз, мысалы, көршілеріміз, әріптестеріміз бен арагідік кездестіріп тұратын адамдарымыз болуы мүмкін. Нағыз достық уақытты, күш-жігер мен адамға бауыр басуды талап етеді. Біреудің досы болу — зор мәртебе. Достықтың пайдасы көп болғанмен, бір жағынан, белгілі бір жауапкершіліктер жүктейді.
Достарымызбен жақсылап пікір алысып, сөйлесіп тұрмасақ болмайды. Өйткені кейде адам соған зәру болуы мүмкін. “Егер біреуіміздің проблемамыз болса, дос қызымыз екеуміз аптасына бір-екі рет телефон арқылы хабарласамыз. Оның жанымнан табылатынын және мені тыңдауға әзір екенін білу көңіліме жұбаныш береді”,— дейді Биргит. Достыққа арақашықтық кедергі болмау керек. Мысалы, Герда мен Хельга бір-бірінен мыңдаған шақырым қашықтықта тұрады, бірақ олар 35 жылдан астам уақыттан бері жақын достар. “Біз үнемі хат жазысып, болған оқиғаларды айтамыз және ішкі сезімдерімізді, мейлі олар қуанышты не қайғылы болсын, бөлісеміз,— дейді Герда.— Хелганың хаты менің көңілімді қатты көтереді. Өйткені екеуміздің ойымыз бір жерден шығады”.
Адалдық — достық үшін өте маңызды нәрсе. Адалдықтан аттап өту тіпті ұзақ жылғы қарым-қатынастың өзін бұза алады. Достар әдетте тіпті құпия жайттар жайында да бір-бірімен ақылдасады. Олар “мені кемсітеді” не “сырымды ашып қояды” деп қорықпай, бүкпесіз сөйлеседі. Киелі кітапта: “Шынайы дос әрдайым жақсы көрер, Қиыншылықта бауырыңдай көмектесер”,— делінген (Нақыл сөздер 17:17).
Достарымыз біздің ойымызға, сезіміміз бен іс-әрекетімізге әсер ететіндіктен, өмір-салты өзіміздікімен үйлесетіндей адамдармен достасқанымыз маңызды. Мысалы, сеніміміз бен құлықтылыққа деген көзқарасымыз, сондай-ақ жақсы мен жаманға қатысты ұстанатын нормаларымыз бірдей адамдармен достасқанымыз жөн. Мұндай достар алға қойған мақсаттарымызға қол жеткізуге көмектеседі. Онда нормалары мен өнегелік принциптерін өзіміз құптамайтын адамға жақын болудың қажеті бар ма? Достарды дұрыстап таңдаудың маңызды екенін Киелі кітап былай көрсетеді: “Данамен жолдас болған дана болар, Наданмен жолдас болған бұзылар” (Нақыл сөздер 13:20).
Адалдық — үйренуге болатын қасиет
Бала біреудің киіміне тікенек жапсыруды үйренгенде, ол бұл ойынды қайта-қайта ойнағысы келуі мүмкін. Адал адам туралы да солай деуге болады. Неге? Өйткені адалдықты неғұрлым көп көрсететін болсақ, адал болу соғұрлым жеңіл болады. Егер адам кішкентай кезінен отбасында адал болуды үйренсе, кейінірек оған адал дос болу оңайырақ болады. Уақыт өте, мұндай берік те ғұмырлық достық некеде адал болуға жол салуы мүмкін. Сондай-ақ бұл оған ең маңызды достыққа адал болуға көмектеседі.
Иса Ехоба Құдайды шын жүректен, бүкіл жан дүниемізбен, барлық ақыл-ойымызбен және бар күш-қуатымызбен сүю басты өсиет екенін айтқан (Марқа 12:30). Бұл Құдайға толығымен адал болуға міндетті екенімізді білдіреді. Ехобаға адал болсақ, молынан жарылқанамыз. Ол бізді ешқашан түңілдіріп, не көңілімізді қалдырмайды, өйткені Киелі кітапта: “Құдай адал”,— делінген (Салоникалықтарға 1-хат 5:24). Шындығында да, Құдайға адал болу мәңгілік баталар әкеледі (Жоханның 1-хаты 2:17).
[6-беттегі сөздер]
Жақын достың адалдығы көңіліңді қош етеді
[5-беттегі сурет]
Адалдық танытатын отбасының мүшелері бір-бірінің қамын ойлайды