Мәсіхшілер Ехобаның салтанатты ұлылығын көрсетеді
“Ал сендер бақыттысыңдар: көздерің көріп, құлақтарың естиді” (МАТАЙ 13:16).
1. Синай тауында исраилдіктердің Мұсаға қалай қарағанынан қандай сұрақ туады?
СИНАЙ тауына жиналған исраилдіктердің Ехобаға жақындауға барлық негізі бар еді. Өйткені Ехоба оларды Мысырдан құдіретті қолымен алып шыққан еді ғой. Олардың қамын ойлап, айдалада тағаммен, сумен қамтамасыз етті. Оның үстіне, Ехоба Амалек жасағын жеңуге көмектесті (Мысырдан шығу 14:26—31; 16:2—17:13). Синай тауының етегіне қоныстанған халық күн күркіреп, найзағай ойнағанда, қатты қорқып, дірілдеп қоя берді. Кейін олар Синай тауынан түсіп келе жатқан Мұсаны көрді. Оның беті Ехобаның ұлылығын көрсетіп жарқырап тұр еді. Алайда бұған қатты таңданып, қастерлеп, бағалаудың орнына, одан шегіншектеп, “қасына жақындауға батылдары бармады” (Мысырдан шығу 19:10—19; 34:30). Өздері үшін соншама көп нәрсе жасаған Ехобаның салтанатты ұлылығына қарауға халық неге қорықты?
2. Исраилдіктердің Мұса көрсеткен Құдайдың салтанатты ұлылығына қарауға қорқуының себебі не болған болса керек?
2 Исраилдіктердің қорқуына көбірек себеп болған осыдан ілгеріректе болған жайт болса керек. Олар алтыннан жас бұқа мүсінін жасап, әдейі мойынсұнбағанда, Ехоба жазалаған еді (Мысырдан шығу 32:4, 35). Сонда олар бұдан сабақ алып, соған риза болды ма? Жоқ, басым көпшілігі олай етпеді. Өмірінің соңына таман Мұса исраилдіктердің Құдайға мойынсұнбаған кездері жайлы айтқанда, алтын жас бұқаға қатысты оқиғаны да еске салды. Ол халыққа былай деді: “Сендер Тәңір Құдайларыңның бұйрықтарына қарсы шығып, Оған сенбедіңдер, үніне құлақ аспадыңдар да. Мен сендерді білген күннен бастап-ақ сендер Тәңірге бағынбай келдіңдер” (Заңды қайталау 9:15—24).
3. Мұса бетіндегі пердемен не істеді?
3 Исраилдіктердің қорыққанын көрген Мұсаның не істегенін көрейікші. Киелі кітапта былай делінген: “Олармен сөйлесіп болғаннан кейін Мұса бетін пердемен жауып алды. Ал Жаратқан Иенің алдына барып, Онымен тілдесу үшін арнайы шатырға кірген сайын, қайтадан сыртқа шыққанша Мұса бетіндегі пердені алып тастайтын. Шатырдан шыққаннан кейін ол халқына Жаратқан Иенің тапсырған өсиеттерін жеткізетін. Сол кезде олар Мұсаның бет-жүзінің нұр шашып жарқырап тұрғанын көретін. Ол қайтадан Жаратқан Иенің алдына барып, Онымен тілдескенше бетін пердемен жауып алатын” (Мысырдан шығу 34:33—35). Неге Мұса бетін жауып алып тұрды? Бұдан қандай сабақ алуымызға болады? Осы сұрақтардың жауабы Ехобамен қарым-қатынасымызды салмақтап-саралауға көмектеседі.
Мүмкіндікті жіберіп алды
4. Елші Пауыл Мұсаның бетін пердемен жауып алуын қалай түсіндірді?
4 Елші Пауыл Мұсаның бетін пердемен жауып алуы исраилдіктердің ой-санасымен және жүрек күйімен байланысты екенін түсіндірген. Ол: “Мұса пайғамбардың бет әлпетіндегі нұрдың сәулесі өткінші болғанымен күштілігі сонша, исраилдіктер оған қарап тұра алмады... солардың саналары да түйсіксіз болды”,— деп жазды (Қорынттықтарға 2-хат 3:7, 14). Қандай қайғылы жайт! Исраилдіктер Ехобаның таңдап алған халқы болатын; Ехоба оларды өзіне жақындатқысы келген (Мысырдан шығу 19:4—6). Бірақ олар Құдайдың салтанатты ұлылығына үңіліп қараудан тартыншақтады. Жүректері мен ақыл-ойларын Құдайға бұрып, сүйіспеншілікпен шын берілгендік танытудың орнына, олар қандай да бір мағынада одан бас тартты.
5, 6. а) Б. з. I ғасырындағы яһудилер мен Мұсаның күндеріндегі исраилдіктердің арасында қандай ұқсастық болды? ә) Исаға құлақ асқандар мен құлақ аспағандардың арасында қандай айырмашылық болды?
5 Осыған ұқсас жайт бірінші ғасырда да болғанын көреміз. Пауыл мәсіхшілікті қабыл алғанда, келістірушісі Иса Мәсіх, яғни Ұлы Мұса, болған Заң келісімі жаңа келісіммен ауыстырылып қойылған болатын. Иса сөзімен де, ісімен де Ехобаның салтанатты ұлылығын кемелді түрде көрсетті. Пауыл қайта тірілген Иса жайлы: “Одан Құдайдың салтанатты ұлылығы жарқырап көрінеді: Ол — Тәңірдің болмысының дәлме-дәл сипаты”,— деп жазды (Еврейлерге 1:3). Яһудилердің қандай керемет мүмкіндігі болды десеңші! Олар мәңгілік өмір туралы Құдай Ұлының өз аузынан ести алар еді. Өкінішке орай, Исаның уағызына адамдардың басым көпшілігі құлақ аспады. Олар жайында Иса Ехобаның Ишая арқылы айтқан пайғамбарлық сөздерін келтірді: “Осы халықтың жүректері қасарысқан сезімсіз, құлақтары керең, көздері жұмылған. Әйтпесе олар көздерімен көріп, құлақтарымен естіп, жүректерімен түсініп, теріс жолдарынан қайтар еді. Сонда мен оларды сауықтырар едім!” (Матай 13:15; Ишая 6:9, 10).
6 Яһудилер мен Исаның шәкірттерінің арасында үлкен айырмашылық бар еді. Иса шәкірттеріне былай деген: “Сендер бақыттысыңдар: көздерің көріп, құлақтарың естиді” (Матай 13:16). Шынайы мәсіхшілер Ехобаны біліп, оған қызмет етуді қатты қалайды. Оның Киелі кітап беттерінде жазылған еркін орындаудан қуаныш табады. Сондықтан да майланған мәсіхшілер жаңа келісімге сай қызметтерінде Ехобаның нұрлы салтанатын көрсетеді, басқа қойлар да осылай етеді (Қорынттықтарға 2-хат 3:6, 18).
Неге ізгі хабар жабық?
7. Адамдардың басым көпшілігінің ізгі хабардан бас тартуы неге таңғалдырмайды?
7 Жоғарыда көргеніміздей, Исаның күнінде де, Мұсаның күнінде де исраилдіктердің басым көпшілігі өздеріне ашылған керемет мүмкіндіктен бас тартты. Бүгінгі күні де солай. Адамдардың көбісі айтқан ізгі хабарымыздан бас тартады. Бірақ бұл бізді таңғалдырмайды. Пауыл: “Біз жариялап жүрген Ізгі хабар жабық болса, ол тозақ жолындағылар үшін ғана жабық. Бұлар оған сенбейді, себебі осы күнәкар дүниенің “тәңірі” (әзәзіл шайтан) Мәсіхтің салтанатты ұлылығы туралы Ізгі хабардың нұрын оларға көрсетпеу үшін саналарын соқыр қылып қойған”,— деп жазған (Қорынттықтарға 2-хат 4:3, 4). Шайтанның ізгі хабарды барынша жасырып қалуға тырысуымен қатар, адамдардың көбісі көргісі келмегендіктен, өздері беттерін жауып алады.
8. Қалайша көп адамдардың көзі білместіктен соқыр және біз де сондай болып қалудан қалай аулақ бола аламыз?
8 Көп адамдардың бейнелі көзі білместіктен де соқыр. Киелі кітапта халықтар туралы былай делінген: “Олардың санасын қараңғылық басып, жүректері шындықты білгілері келмей [“білместіктен”, ЖД] жақсылық атаулыға қасарысқан, сөйтіп Құдай беретін шынайы өмірден құр қалған” (Ефестіктерге 4:18). Киелі жазбалардан жақсы хабардар Пауыл мәсіхші болғанға дейін, білместіктен көзі соқыр болғаны соншалық, Құдайдың қауымын қудалаған (Қорынттықтарға 1-хат 15:9). Алайда Ехоба оған шындықты ашты. Пауыл мұны былай түсіндірді: “Иса Мәсіх алдымен мен арқылы Өзінің төзімділігін толығымен көрсету үшін маған қайырымдылық танытты. Сөйтіп мені болашақта Иса Мәсіхке сеніп, мәңгілік өмірге ие болатындардың бәріне үлгі етті” (Тімотеге 1-хат 1:16). Пауыл секілді бұрын шындыққа қарсы болғандардың көбісі қазір Құдайға қызмет етуде. Сондықтан бұл бізге тіпті қарсылық көрсететіндерге де куәлік етуді жалғастыра берудің келелі себебі болып табылады. Құдай Сөзін үнемі зерттеп, оның мәнін ұғынудың арқасында өзімізді білмей әрекет етіп, Ехобаға ұнамайтын нәрселерді істеп қоюдан сақтаймыз.
9, 10. а) Бірінші ғасырдағы яһудилер білгісі келмейтіндерін әрі өз көзқарастарын берік ұстанып қалғандар екенін қалай көрсетті? ә) Бүгінгі мәсіхшілер әлемінің олармен ұқсастығы бар ма? Түсіндіріңдер.
9 Көпшілігі білгілері келмейтіндіктен әрі өз көзқарастарын берік ұстанып қалғандықтан, рухани нәрселерді ұқпайды. Яһудилердің көбісі Мұсаның заңын қатып ұстанғандықтан, Иса мен оның тәлімдерінен бас тартты. Әрине, бәрі бірдей емес. Мысалы, Иса қайта тірілген соң, “діни қызметкерлердің үлкен бір тобы да Мәсіхке мойынсұнып, сене бастады” (Елшілердің істері 6:7). Сөйткенмен де яһудилердің басым көпшілігі жайында Пауыл: “Әлі күнге дейін олар Мұсаның жазбаларын оқығанда жүректері “пердемен” жабулы тұрғандай”,— деп жазды (Қорынттықтарға 2-хат 3:15). Пауыл Исаның бұдан ертеректе яһудилердің дінбасыларына: “Сендер Киелі жазбаларды зерттеп, солар арқылы мәңгілік өмірге ие боламыз деп ойлайсыңдар. Ал олар Мен туралы куәлік етеді!”— деп айтқан сөздерін білген болса керек (Жохан 5:39). Олардың сонша мұқият зерттеген Жазбалары Исаның Мәсіх екенін түсінулеріне көмектесу керек еді. Алайда яһудилердің өз пікірлері болған, сондықтан тіпті Құдай Ұлының жасаған кереметтері де олардың көзін жеткізе қоймады.
10 Бүгінгі мәсіхшілер әлеміндегі көбісі жайлы да солай деуге болады. Бірінші ғасырдағы яһудилер сияқты ‘олар Құдай үшін ынта көрсетіп жүр, алайда ынталары дұрыс түсінікке негізделмеген’ (Римдіктерге 10:2). Кейбіреулері Киелі кітапты оқығанымен, ондағы айтылғандарға сенгісі келмейді. Олар Ехобаның өз халқына тәлімді майланған мәсіхшілердің адал да ақылды құлы арқылы беретінін мойындағылары келмейді (Матай 24:45, ЖД). Ал біз Ехоба өз халқына үнемі тәлім беретінін және Құдай Сөзіндегі шындық біртіндеп түсінікті болатынын білеміз (Нақыл сөздер 4:18). Ехобаның тәлімін ала отырып, оның еркі мен ниетін біле түсеміз.
11. Тек өздері қалаған нәрсеге сенгісі келетіндер үшін шындық неге жабық?
11 Өзгелерінің көздері тек қалаған нәрселеріне сенетіндіктен де соқыр. Киелі кітапта кейбіреулердің Құдай халқы мен олардың Исаның патшалықта отырғандығы жайлы айтып жатқан хабарын келемеждейтіні туралы алдын ала айтылып кеткен. Елші Петір былай деп жазған: “Солай ойлағанда [“өздері солай қалағандықтан”, ЖД] олар мыналарды әдейі ескермейді”, яғни Құдай Нұхтың күніндегі дүниені топан су алдырғанын ескермеген (Петірдің 2-хаты 3:3—6). Сол іспетті өзін мәсіхшіміз деп есептейтіндердің көбісі Ехобаның мейірімділік пен қайырымдылық көрсететінін және кешіретінін мойындайды-ақ; бірақ Оның жазасыз қалдырмайтынын елеп-ескермейді (Мысырдан шығу 34:6, 7). Шынайы мәсіхшілер Киелі кітап шынымен неге үйрететінін түсініп алуға тырысады.
12. Салт-дәстүрлер адамдардың көзін қалай соқыр етеді?
12 Шіркеуге баратындардың көпшілігінің көзін салт-дәстүрлер соқыр етіп тастаған. Иса сол кездегі дінбасыларына: “Өз дәстүрлеріңе бола Құдайдың бұйрығын жоққа шығардыңдар!”— деген (Матай 15:6). Бабыл тұтқындығынан келгеннен кейін, яһудилер таза ғибадатты құлшыныспен қайта қалпына келтірді. Бірақ діни қызметкерлер өр көкірек болып, әрі өздерін әділеттіміз деп санап кетті. Діни мейрамдарда Құдайға шынайы құрмет көрсетілмей, оларға немқұрайды қарай бастады (Малахи 1:6—8). Исаның заманында дін мұғалімдері мен парызшылдар Мұсаның заңына сансыз көп дәстүрлерді енгізіп тастаған болатын. Иса оларды екіжүзділігі үшін айыптады, өйткені олар Заңның негізінде жатқан әділ принциптерді көзден таса қалдыратын (Матай 23:23, 24). Шынайы мәсіхшілер адам ойынан шығарылған дәстүрлердің өздерін таза ғибадаттан бұрып әкетуінен сақ болулары қажет.
‘Көзге көрінбейтін Жаратқан Иені көріп тұрғандай’
13. Мұса Құдайдың салтанатты ұлылығын қандай екі жолмен көрген?
13 Мұса тауда Құдайдың салтанатты ұлылығын көруді сұрайды да, сөйтіп, Ехобаның салтанатының нұрын көреді. Ол шатырға кіргенде, бетін пердемен жаппайтын. Мұса сенімі зор, Құдайдың еркін орындауды қалаған жан болған. Оған аянда Ехобаның салтанатты ұлылығының азғантай бөлігін көзімен көруге мүмкіндік берілсе де, ол қандай да бір мағынада бұған дейін де Құдайды сенім көзімен көрген. Киелі кітапта Мұсаның ‘көзге көрінбейтін Жаратқан Иеге көріп тұрғандай иланып, Оның тапсырғандарына берік болғандығы’ айтылған (Еврейлерге 11:27; Мысырдан шығу 34:5—7). Ол Құдайдың салтанатты ұлылығын тек біраз уақыт бойы беті нұр шашып жарқырап қана емес, исраилдіктерге Ехобаны білуге және Оған қызмет етуге көмектесуге тырысуымен де көрсетті.
14. Иса Құдайдың салтанатты ұлылығын қалай көрді және ол неден қуаныш тапқан?
14 Иса көкте Құдайдың салтанатты ұлылығын сансыз көп жылдар бойы, тіпті әлем жаратылмас бұрын, тікелей көрген (Нақыл сөздер 8:22, 30). Сол уақыт аралығында олардың арасында жылы да сүйіспеншілікке толы қарым-қатынас дамыды. Ехоба осы тұңғыш жаратылысына әкелік зор сүйіспеншілігі мен аяулы сезімін көрсетті. Иса да өз кезегінде Өмір беруші әкесін қатты жақсы көрген (Жохан 14:31; 17:24). Әке мен бала арасындағы сүйіспеншілік кемелді еді. Мұса сияқты Иса да берген тәлімдерінде Ехобаның ұлылығын көрсетуден қуаныш тапқан.
15. Мәсіхшілер қалайша Құдайдың ұлылығын көреді?
15 Мұса мен Иса сияқты қазіргі Құдайдың Куәгерлері де Ехобаның салтанатты ұлылығына қуана назар салады. Олар керемет ізгі хабардан бет бұрған жоқ. Елші Пауыл: “Иемізге [оның еркін орындау үшін] бет бұрғанда “перде” алынып тасталады”,— деп жазған (Қорынттықтарға 2-хат 3:16). Біз Құдайдың еркін орындауды қалағандықтан, Жазбаларды зерттейміз. Ехобаның Ұлы, майланған Патша, Иса Мәсіхтің бет-жүзінен көрініп тұрған салтанатты ұлылыққа сүйсінеміз және оның үлгісіне еліктейміз. Мұса мен Иса сияқты бізге де ғибадат етіп жүрген ұлы Құдайымыз жайлы өзгелерді үйрететін қасиетті қызмет тапсырылған.
16. Шындықты білгеніміздің қандай пайдасы бар?
16 Иса: “Осы жайларды данышпандар мен білгіштерден жасырып қалып, оларды білімсіздерге ашып көрсеткенің үшін Сені дәріптеймін”,— деп дұға еткен (Матай 11:25). Ехоба ақ жүректі кішіпейіл жандарға өзінің ниеттері мен қандай Тұлға екені жайлы түсінуге көмектеседі (Қорынттықтарға 1-хат 1:26—28). Біз оның қорғанышына ие болдық, сондай-ақ ол бізді өз игілігімізге, яғни жақсы өмір кешуге, үйретіп жатыр. Олай болса, өзін жақсырақ тану үшін қолданған шараларын бағалап, Ехобаға жақындаудың әрбір мүмкіндігін қалт жібермейік.
17. Ехобаның қасиеттерін қалай жақсырақ білеміз?
17 Пауыл майланған мәсіхшілерге: “Бетімізді бүркемей, ашық түрде Иеміздің салтанатты ұлылығын меңзеп, айнадан көрсеткендей боламыз. Осылайша Ол бізді Өзіне ұқсатып, өзгертіп келеді. Сол арқылы Оның салтанатты ұлылығы барған сайын бізден көбірек көрініс табады”,— деп жазған (Қорынттықтарға 2-хат 3:18, сілтемені қараңдар). Көкте не жерде өмір сүруге үміттенсек те, Ехобаны, яғни оның Киелі кітапта жазылған қасиеттері мен қандай Тұлға екенін неғұрлым көбірек білген сайын, соғұрлым оған ұқсай түсеміз. Егер Исаның өміріне, қызметі мен тәлімдеріне ризашылықпен үңіліп қарайтын болсақ, Ехобаның қасиеттерін жақсырақ көрсететін боламыз. Ұлылығын көрсетуге ұмтылуымызбен Құдайымызды дәріптейтінімізді білу қандай қуаныш!
Естеріңде ме?
• Неге исраилдіктер Мұсаның жүзінен көрініп тұрған Құдайдың ұлылығын көруге қорықты?
• Ізгі хабар қалайша бірінші ғасырда “жабық” болды? Ал біздің күнімізде ше?
• Құдайдың салтанатты ұлылығын қалай көрсетеміз?
[13-беттегі сурет]
Исраилдіктер Мұсаның бетіне қарай алмаған
[17-беттегі суреттер]
Ехобаның қызметшілері Құдайдың салтанатты ұлылығын көрсетуден қуаныш табады