Ехобаға ‘тіпті бастарыңдағы шаштарыңның саны да’ белгілі
“Көктегі Әкелеріңнің еркінсіз бірде-бір торғай жерге құлап түспейді. Тіпті бастарыңдағы шаштарыңның саны да Оған белгілі” (МАТАЙ 10:29, 30).
1, 2. а) Неге Әйүп өзін Құдай тастап кетті деп ойлады? ә) Әйүптің сөздері оның Құдайға қарсы шыққанын білдіре ме? Түсіндіріңдер.
“МЕН сені шақырам, бірақ Сен құлақ аспайсың, Сенің алдыңда тұрмын, бірақ Сен тек қарайсың да қоясың. Сен маған қатуланып алдың, сен күшті қолыңмен маған жауығасың”. Бұл сөздерді айтқан кісі қатты қасірет шеккен болатын, әрі бұл түсінікті де еді. Өйткені ол бар дүние-мүлкінен айырылып, ал балаларын көз көріп, құлақ естімеген апат жалмап, өзі болса әбден қажытқан ауруға ұшыраған болатын. Бұл кісінің есімі Әйүп еді. Оның жан түршігерлік қасіреті Киелі кітапта біздің игілігіміз үшін жазып қалдырылған (Әйүп 30:20, 21).
2 Әйүптің айтқан сөздерінен ол Құдайға қарсы шыққандай көрінуі мүмкін, бірақ, шын мәнінде, бұлай емес еді. Ол тек жанына қатты батқан қайғысын айтқан (Әйүп 6:2, 3). Ол тартып жатқан азабының себепшісі Шайтан екенін білген жоқ, сондықтан Құдай тастап кетті деп қате тұжырым жасаған болатын. Бірде ол тіпті Ехобаға: “Не үшін жүзіңді жасырасың және мені Өзіңе жау деп есептейсің?”a— деген (Әйүп 13:24).
3. Басымызға қиындықтар түскенде, не деп ойлауымыз мүмкін?
3 Бүгінде Ехобаның қызметшілерінің көбісі соғыстың, саяси не әлеуметтік төңкерістердің, табиғи апаттардың, кәрілік пен аурудың, жоқшылықтың және үкімет тарапынан тыйым салудың кесірінен болып жатқан қиындықтардан азап шегуде. Бәлкім, сен де қандай да бір қиыншылықты бастан кешіруде шығарсың. Кейде Ехоба өзіңнен жүзін жасырып жатыр деп ойлаған да боларсың. Сен Жохан 3:16-ғы “Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, Өзінің жалғыз рухани Ұлын құрбандыққа берді”,— деген сөздерді жақсы білесің. Дегенмен қатты қиналып, жағдайыңның еш жақсарар түрі жоқ екенін көргенде: “Құдай мені шынымен сүйе ме? Менің тартып жатқан азабымды көре ме? Ол жеке менің қамымды ойлай ма?”— деп ойлайтын шығарсың.
4. Пауылға ұзақ уақыт қандай жағдайға төтеп беруге тура келді және сондай жағдайлар бізге қалай әсер етуі мүмкін?
4 Елші Пауылмен не болғанын қарастырып көрейікші. Ол: “Тәніме “шаншылып түйрелу азабы” бұйырылды: шайтанның хабаршысы ұрып-соғып қатты қинайды”,— деп жазып, кейін: “Үш рет Иемізге сиынып, бұл азапты өзімнен аластатуын өтіндім”,— деп қосты. Ехоба оның өтінішін естіді. Бірақ ол Пауылға жағдайын керемет арқылы шешіп бермейтінін көрсетті. Қайта, Пауыл ‘шаншылып түйрелу азабына’ төтеп беру үшін Құдайдың күшіне арқа сүйеуі керек едіb (Қорынттықтарға 2-хат 12:7—9). Пауыл сияқты сенің де басыңда қандай да бір ұзаққа созылған қиындығың бар шығар. Бәлкім: “Ехобаның басыма түскен қиындығыма ештеңе істемей жатқандай көрінгені оған жағдайымның белгісіз болғаны немесе менің қамымды ойламағаны ма?”— деп ойлайтын шығарсың. Бірақ, әрине, бұлай емес! Ехоба қызметшілерінің қамын қатты ойлайтыны Исаның елшілерін таңдағаннан кейін, оларға көп кешікпей айтқан сөздерінен айқын көрінеді. Оның сөздері бүгінде бізге қалай жігер беретінін көрейік.
“Қорықпаңдар”. Неліктен?
5, 6. а) Елшілердің алда кезігетін қиындықтардан қорықпауларына Иса қалай көмектесті? ә) Ехоба өзінің қамын ойлайтынына сенімді екенін Пауыл қалай көрсетті?
5 Елшілер Исадан ерекше күш алған болатын, соның ішінде ‘жындарды қуып шығаратын әрі барлық ауру-сырқауды сауықтыратын биліктері’ де бар еді. Алайда бұл олар өмірлерінде ешбір сынақтар мен қиындықтарға кезікпейді дегенді білдірмейтін. Керісінше, Иса бастарына түсетін кей нәрселерді егжей-тегжейлі сипаттап берген. Бірақ оларды: “Тәнді өлтірсе де жанды өлтіре алмайтындардан қорықпаңдар! Одан гөрі жанды да, тәнді де тозақта құрта алатын Құдайдан қорқып, Оны терең қастерлеңдер!”— деп шақырды (Матай 10:1, 16—22, 28).
6 Иса елшілерінің не үшін қорықпау керектігін түсінулеріне көмектесу үшін екі көрнекі мысал айтып береді. Ол былай дейді: “Екі торғайды сегіз-ақ тиынға сатпай ма? Дегенмен көктегі Әкелеріңнің еркінсіз бірде-бір торғай жерге құлап түспейді. Тіпті бастарыңдағы шаштарыңның саны да Оған белгілі! Сондықтан адамдардан қорықпаңдар, сендер көптеген торғайлардан әлдеқайда қымбатсыңдар!” (Матай 10:29—31). Иса қиындықтардан қорықпауды Ехобаның жеке әрқайсымыздың қамымызды ойлайтынына сенімді болумен байланыстырғанын байқашы. Пауылда осындай сенімділік болған болуы керек. Ол: “Құдай жақтаса, бізге кім қарсы шыға алады?! Ол Өзінің жалғыз рухани Ұлын аямай, Оны біз үшін өлімге қиды. Ендеше Онымен бірге бізге қажеттінің бәрін қалайша сыйламайды?”— деп жазған (Римдіктерге 8:31, 32). Өміріңде қандай қиындыққа кезіксең де, Ехобаға адал болып қалған күнде, оның жеке сенің қамыңды ойлайтынына сен де сенімді бола аласың. Бұл әсіресе Исаның елшілеріне берген кеңесін жақынырақ қарастырғанда айқын бола түседі.
Торғайдың бағалылығы
7, 8. а) Исаның күнінде торғайларды қалай қарастырған? ә) Матай 10:29-да неге ‘торғайдың’ құртақандайын көрсететін грек сөзі қолданылған болуы мүмкін?
7 Ехоба өзінің әрбір қызметшісінің қамын ойлайтынын Исаның көрнекі мысалы өте ұтымды суреттейді. Алдымен, торғайлар туралы мысалын қарастырайық. Исаның күндерінде торғайларды тамаққа пайдаланған. Бірақ олар егінге зиян келтіретін болғандықтан, көбінесе зиянкестер деп қарастырылған. Торғайлардың көп әрі арзан болғаны сонша, екеуін, кем дегенде, қазіргі АҚШ-тың 5 центіне (теңгеге шаққанда 6,5 теңгеге) алуға болады. Ал екі есе бағасына төрт емес, бес торғай алуға болатын еді, яғни біреуін еш құны жоқтай, тегін қосып бере салатын (Лұқа 12:6).
8 Осы қарапайым құстың дене тұрқы жайлы да ойланып көрші. Басқа көптеген құстармен салыстырғанда, тіпті үлкен деген торғайдың өзі айтарлықтай кіші. Алайда Матай 10:29-да “торғай” деп аударылған грек сөзі әсіресе кішкентай торғайға нұсқайды. Исаның шәкірттерінің кіп-кішкентай әрі түк құны жоқ құсты елестеткенін қалағаны анық. Бір анықтамалық еңбекте айтылғандай, “Иса өте кіші құс туралы, тіпті сол кішкене құстың құртақандайы туралы айтқан!”
9. Исаның торғайлар туралы көрнекі мысалынан қандай маңызды ой түюге болады?
9 Исаның торғайлар жайлы салыстыруынан маңызды ой түюге болады: адамдар үшін маңызсыз болып көрінетін нәрсе — Ехоба Құдай үшін маңызды. Кейін бұл шындыққа Иса кішкентай торғайдың өзі де Ехобаның еркінсіз ‘жерге құлап түспейтінін’ айта отырып, айрықша назар аудардыc. Бұл жерден алар сабақ ап-айқын: Егер Ехоба кіп-кішкентай әрі елеусіз деген құстың өзін байқайтын болса, онда одан анағұрлым артық, өзіне қызмет етуді шешкен адамдардың қамын, әрине, әлдеқайда көп ойлайды!
10. “Тіпті бастарыңдағы шаштарыңның саны да Оған белгілі!” деген нені білдіреді?
10 Торғайлар туралы көрнекі мысалынан кейін, Иса тағы бір мысал келтіріп: “Тіпті бастарыңдағы шаштарыңның саны да Оған белгілі!”— деді (Матай 10:30). Бұл қысқа да терең айтылған ой Исаның торғайлар жайлы көрнекі мысалындағы ойды күшейте түседі. Ойлап көрші: адамда шамамен 100 000 тал шаш бар. Көбінесе шаштың әр талы бір-біріне ұқсас болады және оның ішінде ерекше мән беретіндейі жоқ. Әйтсе де Ехоба әрбір шашты байқайды, санайды. Олай болса, біздің өмірімізде Ехоба білмейтін бірде-бір жайт бар ма? Ехоба сөзсіз әр қызметшісінің ерекшелігін біледі. Шындығында да, ол адамның “жан дүниесіне” қарайды (Патшалықтар 1-жазба 16:7).
11. Ехоба өзінің қамын ойлайтынына сенімді екенін Дәуіт қалай білдірген?
11 Өмірінде көп қиындық көрген Дәуіт Ехобаның өзіне көңіл бөлетініне сенімді болған. Ол: “Уа, Тәңірім, мені сынап тексердің, Сен мені толығынан танып білдің: Отырғаным, тұрғаным да Саған аян, ойларымды да танисың алыстан”,— деп жазды (Забур 138:1, 2). Ехобаның жеке өзіңді білетініне сен де сенімді болсаң болады (Еремия 17:10). Ехобаның бәрін де көргіш көзіне ілінетіндей түкке де татымаймын деуге еш асықпа!
Менің көз жасымды торсығыңа құй
12. Ехоба өз қызметшілерінің қайғы-қасіретін жақсы білетінін қайдан білеміз?
12 Ехоба әр қызметшісін жеке біліп қана қоймай, әрбірінің басына түскен қиындықтарды да жақсы біледі. Мысалы, исраилдіктер құл ретінде жапа шеккенде, Ехоба Мұсаға: “Мен халқымның Мысырдағы мүшкіл халіне назар аударып, олардың айдаушыларынан жәбір көріп, қинала айқайлағандарына құлақ салып, шеккен азаптарын түгел білемін”,— деген (Мысырдан шығу 3:7). Бізге қиын болғанда, Ехобаның бәрін де көретінін және зарымызды еститінін білу біз үшін зор жұбаныш! Ол қайғы-қасіретімізге, әрине, немқұрайды қарамайды.
13. Ехобаның өз қызметшілеріне деген сезімін неден көруге болады?
13 Ехоба өзімен қарым-қатынастағылардың қамын ойлайтыны оның исраилдіктерге деген сезімінен де көрінеді. Олар жиі өздерінің бір беткейлігінің кесірінен қасірет шексе де, Ишая Ехоба туралы былай деген: “Олар азап шеккен кездің бәрінде Жаратқан Ие бірге азап шекті” (Ишая 63:9). Демек, Ехобаның адал қызметшісі ретінде сен де жаның ауырған сәтте, Ехобаның да жаны ауыратынына сенімді болсаң болады. Бұл басыңа түскен қиындықтарды еш қорықпастан қарсы алуға және Құдайға қызмет еткенде, қолыңнан келген бар жақсыны істей беруге талпындырмай ма? (Петірдің 1-хаты 5:6, 7).
14. 55-шы Забур жыры қандай жағдайда жазылған?
14 Дәуіт патша Ехоба өзінің қамын ойлайтынына және жаны қиналғанда, Оның да жаны қиналатынына сенімді болған. Әрі мұнысы өзін өлтірмекші болған Саул патшадан қашып жүрген кезінде жазған 55-шы Забур жырынан айқын көрінеді. Ол Ғатқа қашып кетеді, бірақ філістірліктер оны біліп қойғандықтан, тұтқынға алады деп қатты қорқады. Ол былай деп жазды: “Жауларым жалмап қою үшін күнде мені іздейді, өйткені маған қарсы көтерілгендер көп, уа, Құдіретті Тәңірім”. Өміріне қауіп төнген сәтте, ол Ехобаға дұға айтқан. “Күн сайын сөздерімді бұрмалайды; олардың бар ойы — маған зұлымдық жасау”,— деді ол (Забур 55:3, 6).
15. а) Дәуіттің Ехобаға көз жасымды торсыққа құй не кітапқа жазып қой дегені нені білдіреді? ә) Сеніміміз сыналып жатқанда, не нәрсеге сенімді бола аламыз?
15 Кейін Забур 55:9-де келтірілгендей, Дәуіт жан тебірентерлік сөздер айтады: “Менің тентіреп жүрген күндерім Сенде есептеулі. Менің көз жасымды ыдысыңа [“торсығыңа”, ЖД] құй, олар Сенің кітабыңда жазылған емес пе еді?” Ехобаның аяулы қамқорлығы қалай әсерлі суреттелген! Қиналған сәттерде біз де Ехобаға көз жасымызды төгіп жалынсақ болады. Тіпті кемелді адам Исаның өзі осылай еткен (Еврейлерге 5:7). Көз жасын торсықта сақтап немесе оларды кітапқа жазып қойған сияқты, Дәуіт Ехобаның өзіне көңіл бөлетініне және тартқан жан азабын ұмытпайтынына сенімді болғанd. Бәлкім, көз жасым торсықтың көп бөлігін алып, не сондай кітаптың көп бетіне толар еді деп ойлайтын шығарсың. Егер осылай болса, қамықпа. Өйткені Киелі кітап бізді: “Тәңір жаралы жүректерге жақын, еңсесі түскендерді құтқарады”,— деп сендіреді (Забур 33:19).
Құдаймен жақын қарым-қатынаста болу
16, 17. а) Ехоба өз халқының бастан кешіп жатқан қиындықтарына немқұрайды қарамайтынын қайдан білеміз? ә) Ехоба Өзімен жақын қарым-қатынаста болу үшін не істейді?
16 Ехобаға ‘тіпті басымыздағы шаштарымыздың саны да белгілі’ деген біздің қандай қамқор әрі байқағыш Құдайға ғибадат етіп отырғанымызды түсінуге көмектеседі. Барлық жан азабы мен қайғы-қасірет жойылатын уәде етілген жаңа дүние келгенше күтуіміз керек болғанымен, Ехоба қазірдің өзінде өз халқына керемет нәрсе істеуде. Дәуіт былай деп жазған: “Ехобамен тығыз қарым-қатынасқа одан қорқатындар ие, сондай-ақ оларға өз келісімі туралы білдіреді” (Забур 24:14, ЖД).
17 ‘Ехобамен тығыз қарым-қатынас’. Бұл ойдың өзі кемелсіз адамдарға мүмкін еместей көрінеді. Алайда Ехоба өзінен қорқатындарды өз шатырына қонақ болуға шақырады (Забур 14:1—5). Ехоба қонақтары үшін не істейді? Дәуіттің сөздерінен көрінетіндей, оларға өз келісімі туралы білдіреді. Ехоба оларға сенім артып, пайғамбарлар арқылы “сырын” ашады. Осылай олар оның ниеті мен оған сай өмір сүру үшін не істеу керектігін біле алады (Амос 3:7).
18. Ехоба өзімен тығыз қарым-қатынаста болғанымызды қалайтынын қайдан білеміз?
18 Расында да, біздің, яғни кемелсіз адамдардың, Ең жоғарғы Ехоба Құдаймен жақын дос бола алатынымызды білу жүрек тебірентеді. Ехоба тіпті солай етуге бізді шақырып та отыр. “Құдайға жақындаңдар, сонда ол да сендерге жақындайды”,— дейді Киелі кітап (Жақып 4:8). Ехоба өзімен жақын қарым-қатынаста болғанымызды қалайды. Осындай қарым-қатынаста бола алуымыз үшін ол тіпті қадамдар жасап қойған. Исаның төлем құрбандығы Құдіретті Құдаймен достаса алуымызға жол ашты. Киелі кітапта: “Біз сүйеміз, себебі Ол бізді алдымен сүйді”,— делінген (Жоханның 1-хаты 4:19).
19. Төзімділік Ехобамен қарым-қатынасымызды қалай нығайта алады?
19 Осы тығыз қарым-қатынас ауыр жағдайларға төзе білгенде, нығая түседі. Шәкірт Жақып: “Тек төзімділіктерің іс жүзінде соңына дейін жетуге тиіс, сонда сендер рухани жағынан толықтай жетіліп, ешбір кемшіліктерің қалмайды”,— деп жазған (Жақып 1:4). Қиындықтарға төзу ‘іс жүзінде’ неге қол жеткізеді? Пауылдың “шаншылып түйрелу азабын” еске түсірші. Төзімділігінің арқасында ол неге қол жеткізді? Ол былай деген: “Мәсіхтің құдіретінің бойымда орнығуы үшін азаптан арылтуды сұраудың орнына күшсіздігіме қуана-қуана мақтанамын. Сонымен, басымнан әлсіздік, қорлық, мұқтаждық, қуғын-сүргін, қысымшылық өткізгенде Мәсіхке бола ризамын, себебі өзім күшсіз болғанымда Ол арқылы күштімін” (Қорынттықтарға 2-хат 12:9, 10). Қиындыққа төтеп бере алу үшін Ехоба қажетті күшті, тіпті ‘шексіз зор құдіретті’ күшті, беретініне Пауыл өз тәжірибесінен көз жеткізген. Ал бұл, өз кезегінде, оны Мәсіх пен Ехоба Құдайға жақындата түсірді (Қорынттықтарға 2-хат 4:7; Філіпіліктерге 4:11—13).
20. Қиындықтарға кезіккенде Ехоба бізді қолдап, жұбаныш беретініне қалай сенімді бола аламыз?
20 Бәлкім, Ехоба сынақтарыңның жалғасуына жол беріп отырған шығар. Егер осылай болса, оның өзінен қорқатындарға берген уәдесін есіңде ұста: “Мен сенен бас тартпаймын, Ешқашан жалғыз қалдырмаймын” (Еврейлерге 13:5). Сен де Құдайдың осындай қолдауын көріп, жұбаныш ала аласың. Ехобаға ‘тіпті басыңдағы шаштарыңның саны да белгілі’. Ол төзімділігіңді көреді. Жаның ауырғанда, оның да жаны ауырады. Ол шын жүректен қамыңды ойлайды. Әрі ‘жасаған игі істеріңді, Өзіне көрсеткен сүйіспеншіліктеріңді’ ешқашан ұмытпайды (Еврейлерге 6:10).
[Сілтемелер]
a Осы іспеттес сөздерді әділ адам Дәуіт және Қорахтың адал ұлдары да айтқан (Забур 21:2; 43:25).
b Киелі кітапта Пауылдың “шаншылып түйрелу азабы” не екені нақты айтылмаған. Ол көз сырқаты сияқты тәндік кесел болған болуы мүмкін. Я болмаса “шаншылып түйрелу азабы” деген тіркес Пауылдың елші екендігіне және қызметіне күмән келтірген жалған елшілер мен өзге адамдарға меңзеуі мүмкін.
c Кейбір ғалымдар торғайдың жерге құлап түсуі оның тек өлгенін білдірмеуі мүмкін деп болжайды. Олар түпнұсқа жазылған тілдегі сөз құстың тамақ іздеп жерге қонуын да білдіруі мүмкін екенін айтады. Егер осылай болса, бұл Құдай құстың өлгенін ғана байқамай, оның күнделікті әрекеттерін де көріп, қамын ойлайтынын білдірер еді (Матай 6:26).
d Ежелде торсық қойдың, ешкі не бұзаудың иленген терісінен жасалған. Мұндай ыдыстар сүт, май, ірімшік не су құю үшін қолданылған. Ал жақсылап иленген теріден жасалғандарында өсімдік майы не шарап сақталған.
Естеріңде ме?
• Адамның Құдай тастап кетті деп ойлауына нендей жағдайлар себеп болуы мүмкін?
• Исаның торғайлар туралы және Құдайға басымыздағы шашымыздың саны белгілі екендігі жайлы көрнекі мысалынан қандай сабақ аламыз?
• Әлдекімнің көз жасы Ехобаның ‘торсығына’ құйылды немесе ‘кітабына’ жазылды деген нені білдіреді?
• Қалай ‘Ехобамен тығыз қарым-қатынаста’ бола аламыз?
[25-беттегі сурет]
Исаның торғайлар туралы көрнекі мысалынан қандай сабақ аламыз?
[Түпдерек]
© J. Heidecker/VIREO