Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w05 1.7. 13—18 бет.
  • Жастар, Ехобаны мадақтаңдар!

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Жастар, Ехобаны мадақтаңдар!
  • 2005 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Неге Ехобаны мадақтау керек?
  • Кейбір жастар Ехобаны қалай мадақтаған?
  • Ехобаны қалай мадақтай аласыңдар?
  • Ехобаны мадақтауды қашан бастауларың керек?
  • “Ехобаның есімін даңқтаңдар!”
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2024
  • Ұлы істері үшін Ехобаны мадақтаңдар!
    2001 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Ехобаны күн сайын мадақтаңдар
    Біздің патшалық қызметіміз. 2009
  • Құдайымыз Ехобаны мадақтайық!
    Ехобаға қуана ән шырқайық!
Көбірек мәлімет
2005 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w05 1.7. 13—18 бет.

Жастар, Ехобаны мадақтаңдар!

“Тәңірді жерден мадақтаңдар... бозбалалар мен қыздар” (ЗАБУР 148:7, 12).

1, 2. а) Көптеген жастар өздеріне қандай шектеулер қоятынын біледі? ә) Неге жастар ата-аналарының шектеулер қойғанына наразы болмаулары керек?

ЖАСТАР өздеріне әлі істеуге рұқсат етілмейтін нәрселер бар екенін жақсы біледі. Көбісі қаншаға толғанда көшеден жалғыз өтуіне, кешкісін төсекке кешірек жатуына немесе көлікті жүргізуіне болатынын қиналмай айтып береді. Кейде жастар көптеген өтініштеріне: “Үлкен болғанша, күте тұр”,— деген тек бір ғана жауапты естуі мүмкін.

2 Жастар, ата-аналарың әдетте сендердің игіліктерің үшін осындай шектеулер қоюды дұрыс деп есептейтінін білесіңдер. Сондай-ақ ата-ананың тілін алғандарың Ехобаға ұнайтынын да білесіңдер (Қолостықтарға 3:20). Алайда өз бетіңше өмір сүретін уақытты күтіп жатқандайсың ба? Үлкен болғандарыңша, маңызды нәрселердің бәріне тыйым салына бере ме? Әрине, бұлай емес. Бүгінде атқарылып жатқан бір іс бар, әрі ол күтіп жүрген нәрселеріңнен әлдеқайда маңызды. Осы іске қатысуға сендерге рұқсат етіле ме? Тек рұқсат етіліп қана қоймай, тіпті Ең жоғарғы Құдайдың өзі сендерді сол іске қатысуға шақырады!

3. Ехоба жастарды қандай мәртебеге ие болуға шақырып отыр және қазір қандай сұрақтарды қарастырамыз?

3 Біз қандай істі айтып отырмыз? Осы мақала негізделген тармақтағы сөздерге қараңдаршы: “Тәңірді жерден мадақтаңдар... бозбалалар мен қыздар, қарттар мен балалар” (Забур 148:7, 12). Сендер үшін зор мәртебе бар: Ехобаны мадақтай аласыңдар. Осы іске қатысу сендерді қатты тебіренте ме? Көпшілігі өздерін осылай сезінеді. Неге бұлай сезіну орынды екенін білу үшін үш сұрақты қарастырып көрейік. Біріншісі неге Ехобаны мадақтауларың керек? Екіншісі қалай оны нәтижелі болатындай етіп мадақтай аласыңдар? Үшіншісі Ехобаны мадақтауды қашан бастаған жөн?

Неге Ехобаны мадақтау керек?

4, 5. а) 148-ші Забур жырына сай, қандай ғажайып мүмкіндігіміз бар? ә) Сөйлеп, ойлана алмаса да, жаратылыстар Ехобаны қалай мадақтай алады?

4 Ехобаны мадақтаудың ең келелі себебі: ол — Жаратушы. 148-ші Забур жыры осы шындыққа көңіл қоюға көмектеседі. Елестетіп көріңдерші: үйлесе, әсем де жан тебірентерлік ән шырқап жатқан бір топ адамдардың жанына келгенде, не сезінесіңдер? Ал егер әннің сөздері ақиқат, айтылған ойлар маңызды, көңілді, жігерлендірерліктей екенін білсеңдер ше? Онда сөздерін жаттап алып, әнге қосылуды қаламас па едіңдер? Көпшілігіміз солай етер едік. 148-ші Забур жыры соған ұқсас, тіпті одан да зор, мүмкіндіктерің бар екенін көрсетеді. Бұл Забур жыры Ехобаны үйлесе мадақтап жатқан қалың топты суреттейді. Алайда бұл жырды оқи отырып, бір ерекше жайтты байқауларың мүмкін. Ол қандай жайт екен?

5 148-ші Забур жырындағы мадақтаушылардың көбісі сөйлей де, ойлана да алмайды. Мысалы, Ехобаны мадақтап жатқан күн, ай, жұлдыздар, қар, жел, таулар мен төбелер жайлы оқимыз. Бұл жансыз жаратылыстар Ехобаны қалай мадақтай алады? (3, 8, 9-шы тармақтар). Олар ағаштар, теңіз жаратылыстары мен жан-жануарлар сияқты мадақтайды (7, 9, 10-шы тармақтар). Ұясына батып бара жатқан күннің әсем көрінісін бақылап немесе жұлдызды аспанда қиялай жылжып бара жатқан толған айға қарап па едіңдер? Я болмаса ойнап жатқан жан-жануардың қылығына күліп не әсем табиғат көрінісіне қарап, таң-тамаша болған кездерің болды ма? Онда жаратылыстың мадақтау жырын “естігендерің”. Ехобаның жаратқандарының бәрі де оның әлемдегі ең күшті, ең дана, сүйіспеншілігі ең зор Құдіретті Құдай екенін есімізге салады (Римдіктерге 1:20; Аян 4:11).

6, 7. а) 148-ші Забур жырында Ехобаны мадақтап жатқан қандай саналы жаратылыстар суреттеледі? ә) Ехобаны мадақтауға бізді не талпындырады? Мысал келтіріңдер.

6 Сонымен қатар 148-ші Забур жыры саналы жаратылыстардың да Ехобаны мадақтап жатқанын суреттейді. 2-тармақтан Ехобаның аспандағы “қалың қолы”, періштелері, Оны мадақтайтынын көреміз. 11-тармақта әмірші, билер сияқты күші мен ықпалы бар адамдар мадақтауға қосылуға шақырылады. Егер құдіретті періштелерге Ехобаны мадақтау ұнаса, онда жұмыр басты пенделердің бұлай етуге өздерін тым маңыздымыз деп айтуына бола ма? Ал 12, 13-ші тармақтарда Ехобаны мадақтауға қосылуға, жастар, сендер де шақырыласыңдар. Осылай етуге сендерде ниет пайда болды ма?

7 Мынадай мысалды қарастырып көрейік. Керемет қабілетті — бәлкім, спорт, өнер не музыкаға қабілетті — жан досың болса, ол туралы үйіңдегілерге, достарыңа айтар ма едіңдер? Әрине! Ехобаның істегендерінің бәрін білгеніміз бізге де дәл солай әсер ете алады. Мысалы, Забур 18:1, 2-де жұлдызды аспан Құдайдың ұлылығын ‘жариялайды’. Ал біз болсақ, Ехобаның жасаған таңғажайып нәрселері жайлы ойланғанда, өзгелерге Құдайымыз туралы айтпай тұра алмаймыз.

8, 9. Қандай себептермен Ехоба өзін мадақтағанмызды қалайды?

8 Ехобаны мадақтаудың келесі бір келелі себебі — мұны оның өзі қалайды. Неге? Адамдардың мадақтағанына мұқтаж болғандықтан ба? Жоқ. Біз, адамдар, кейде өзімізді мақтап, көкке көтергенін қалаймыз, ал Ехоба бізден әлдеқайда жоғары (Ишая 55:8). Ол өзіне не өз қасиеттеріне сенімсіз емес (Ишая 45:5). Десе де, ол өзін мадақтағанымызды қалайды және осылай істесек, бұған қуанады. Неліктен? Екі себебін қарастырайық. Біріншіден, ол өзін мадақтауды біз қажет ететінімізді біледі. Ол бізді ‘рухани мұқтаждықпен’, яғни ғибадат етуге деген қажеттілікпен, жаратқан (Матай 5:3, ЖД). Осы қажеттілігімізді қанағаттандырып жатқанымызды көру Ехобаға ұнайды. Бұл ата-анаңның саған нәр болатын тағамды жеп жатқаныңды көріп, қуанатыны сияқты (Жохан 4:34).

9 Екіншіден, Ехоба өзін мадақтағанымызды өзге жұрт есту керектігін біледі. Елші Пауыл мына сөздерді жас Тімотеге жазған болатын: “Өзіңе де, үйретіп отырған іліміңе де мұқият ықылас аудар. Осыларды ұдайы атқара бер, сонда өзіңді және тыңдаушыларыңды күнәнің ықпалынан аман сақтайтын боласың” (Тімотеге 1-хат 4:16). Иә, өзгелерге Ехоба Құдай туралы айтып, оны мадақтайтын болсаңдар, олар да Ехобаны білетін болады. Ал мұндай білім оларды мәңгіге құтқарып қала алады (Жохан 17:3).

10. Неге Құдайымызды мадақтауға талпынамыз?

10 Ехобаны мадақтауға тағы бір себеп бар. Қабілетті дос туралы мысалды еске түсіріп көріңдерші. Егер өзгелердің ол жайлы өтірік айтып, қаралап жатқанын естісеңдер, оны одан бетер мақтап-мадақтамас па едіңдер? Бұл дүниеде жан-жақтан Ехобаны қаралауда (Жохан 8:44; Аян 12:9). Сол себепті де, оны сүйетіндер жалған мәліметтерді жоққа шығарып, ол туралы шындықты айтуға талпынады. Сендер де Ехобаға деген сүйіспеншіліктерің мен ризашылықтарыңды білдіріп, Шайтан емес, Оның Билеуші болғанын қалайтындарыңды көрсеткілерің келе ме? Мұның бәрін Ехобаны мадақтау арқылы істей аласыңдар. Онда оны қалай мадақтай аласыңдар?

Кейбір жастар Ехобаны қалай мадақтаған?

11. Киелі кітаптағы қандай мысалдар жастардың Ехобаны мадақтағаны өте нәтижелі бола алатынын көрсетеді?

11 Киелі кітап жастардың Ехобаны мадақтағаны жиі нәтижелі болатынын көрсетеді. Мысалы, сириялықтар тұтқынға алған исраилдік жас қызды алайық. Ол қожайын әйеліне Ехобаның Елішә атты пайғамбары туралы батылдықпен айтады. Осының арқасында керемет жасалып, күшті куәлік беріледі (Патшалықтар 4-жазба 5:1—17). Бала кезінде Иса да батылдықпен куәлік еткен. Оның жастық шағы жайында жаздыруына болатын барлық оқиғалардың ішінен Ехоба біреуін таңдаған. Бұл — Исаның 12 жасында Иерусалимдегі ғибадатханада дін мұғалімдеріне батыл сұрақтар қойып, Ехобаның жолдарын жақсы түсінетіндігімен қайран қалдырып отырған кезі (Лұқа 2:46—49).

12, 13. а) Иса өлімінен бірнеше күн бұрын ғибадатханада не істеді, бұл сол жердегілерге қалай әсер етті? ә) Иса балалардың мадақтағанына қалай қарады?

12 Сондай-ақ есейе келе, Иса балаларды да Ехобаны мадақтауға талпындырған. Мысалы, өлімінен бірнеше күн бұрын ол Иерусалимдегі ғибадатханада болады. Киелі кітапта Исаның ол жерде ‘тамаша істер’ жасағаны айтылады. Ол киелі жерді қарақшылардың ордасына айналдырып жатқандарды қуып шығады. Сондай-ақ соқырлар мен ақсақтарды сауықтырады. Сол жердегілердің әрқайсысы, әсіресе дінбасылары, Ехобаны және оның Ұлын, Мәсіхті, мадақтауға талпынулары керек еді. Өкінішке орай, сол кездегі адамдардың көбісі осындай тиісті мадақ сөздерді айтпады. Олар Исаны Құдай жібергенін білген, бірақ дінбасыларынан қорықты. Алайда батылдық танытқан бір топ болды. Олардың кімдер екенін білесіңдер ме? Киелі кітапта: “Басты діни қызметкерлер мен дін мұғалімдері Исаның жасаған тамаша істерін және ғибадатхана алаңында балалардың “Дәуіттің Ұрпағы үшін Тәңір мадақталсын!”— деп айқайлағанын көргенде қатты ашуланып, оған [Исаға]: — Олардың не деп жатқандарын естіп тұрсыз ба?— деп шағым айтты”,— делінген (Матай 21:15, 16; Жохан 12:42).

13 Діни қызметкерлер Иса балалардың аузын жауып тастайды деп үміттенді. Бірақ Иса солай етті ме? Жоқ! Ол діни қызметкерлерге: “Иә, естіп тұрмын. Балалардың, тіпті кішкентай нәрестелердің ауыздарымен Өзіңе мадақтау айтқызасың” деп жазылғанды ешқашан оқымап па едіңіздер?”— деп жауап қайтарады. Иса мен Әкесіне балалардың мадақтау айтқаны ұнағаны анық. Бұл балалар үлкендер істеу керек нәрсені істеуде еді. Олардың жас саналарында бәрі де түп-түсінікті жайт еді. Олар оның керемет істерін, батыл әрі сеніммен сөйлегенін, сондай-ақ Құдай мен оның халқына деген сүйіспеншілігін көрді. Иса, өзі айтқандай, уәде етілген “Дәуіттің Ұрпағы”, Мәсіх, еді. Балалар сенімдері үшін батаға ие болып, тіпті пайғамбарлықтың орындалуына атсалысу мәртебесіне ие болды (Забур 8:3).

14. Жастар өздерінде бар тартуларды Ехобаны мадақтауға қалай қолдана алады?

14 Осы мысалдардан қандай сабақ алуымызға болады? Жастар Ехобаны мадақтағанда нәтижелі бола алады екен. Оларда көбінесе шындықты айқын да қарапайым етіп көре білетін және сенімдерін шын көңілден және құлшыныспен айта алатын қабілет бар. Сонымен қатар оларда Нақыл сөздер 20:29-да айтылғандай тағы бір тарту бар: “Жастардың мақтанары — күш-қуаты”. Иә, жастар, сендерде Ехобаны мадақтауға нағыз көмек болатын күш-жігер, қажыр-қайрат бар. Ал осыларды қалайша тиімді қолдана аласыңдар?

Ехобаны қалай мадақтай аласыңдар?

15. Ехобаны мадақтағанда нәтижелі болу үшін ниетіміз қандай болу керек?

15 Нәтижелі болатын мадақ сөздер алдымен жүректе пайда болады. Ал егер өзгелер соны қалағандықтан ғана Ехобаны мадақтап жүрген болсаңдар, онда нәтижелі бола алмайсыңдар. Ең ұлы өсиет “Құдай Иеңді шын жүректен, бүкіл жан дүниеңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!” екенін білесіңдер (Матай 22:37). Ехобаны Сөзін жеке зерттеу арқылы танып-білдіңдер ме? Мұндай зерттеудің беретін жақсы нәтижесі — Ехобаға деген сүйіспеншіліктің пайда болуы. Ал осы сүйіспеншілікті білдірудің жолы Ехобаны мадақтау болып табылады. Оны мадақтауға деген ниеттерің зор және айқын болған кезде, Құдайды құлшыныспен мадақтауға дайын боласыңдар.

16, 17. Ехобаны мадақтауда жүріс-тұрыстың рөлі қандай? Мысал келтіріңдер.

16 Қазір, не айтуды қарастырмас бұрын, қалай әрекет етуді қарастырайық. Егер Елішаның күніндегі исраилдік қыз дөрекі, ізет-құрмет көрсетпейтін, яки адал болмаған болса, қалай ойлайсыңдар, сириялық қожайын әйелі Ехобаның пайғамбары туралы айтқандарына құлақ салар ма еді? Сірә, жоқ. Сол сияқты егер адамдар ізетті, адал және жүріс-тұрыстарыңның жақсы екенін көретін болса, сендерге құлақ салулары әбден мүмкін (Римдіктерге 2:21). Бір мысалды қарастырып көрейік.

17 Португалиядағы 11 жасар бір қыз мектепте Киелі кітапқа сай тәрбиеленген ар-ұжданына қайшы келетін мейрамдарды тойламағаны үшін қарсылыққа кезігеді. Ол мұғаліміне неге бас тартатынын ізетпен айтып түсіндіреді, бірақ мұғалімі оны келеке-мазақ етеді. Уақыт өткен сайын, мұғалімі оны қайта-қайта ұялтпақшы болып, дінін келеке ете береді. Алайда жас қыз оған деген сый-құрметін жоғалтпайды. Жылдар өте, сол бауырлас жалпы ізашар болып қызмет етеді. Бір конгресте ол шомылдыру рәсімінен өтіп жатқандарды қарап тұрғанда, арасындағы біреуін танып қалады. Ол бұрынғы мұғалімі еді. Көзі жасқа толып құшақтасып көріскен соң, мұғалімі бауырласқа оның ізет-құрмет көрсеткен жүріс-тұрысын ешқашан ұмытпағанын айтады. Бір Куәгер оған келгенде, ол осы оқушысының жүріс-тұрысы жайлы айтып береді. Содан Киелі кітап зерттеу сабағы басталып, бұл әйел Киелі кітаптағы шындықты қабылдайды. Иә, жүріс-тұрыстарың Ехобаны мадақтаудың өте мықты жолы болуы мүмкін.

18. Егер жастар Ехоба Құдай мен Киелі кітап туралы әңгіме бастауға жасқанатын болса, не істеулеріне болады?

18 Кейде мектепте өз сенімдерің жайлы әңгіме бастауға қиналасыңдар ма? Онда жалғыз емессіңдер. Алайда өзгелер сенімдерің туралы сұрайтындай жағдай жасай алуларың әбден мүмкін. Мысалы, егер заңды және рұқсат етілетін болса, неге өздеріңмен бірге Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді әкеп, оларды түскі үзіліс не басқа бір ыңғайлы кезде оқымасқа? Сонда сыныптастарың не оқып отырғандарыңды сұрауы мүмкін. Оларға жауап бере отырып және қолдарыңдағы мақаладан я кітаптан қандай қызықты ойлар тапқандарыңды айта отырып, қызықты әңгімені тез бастауға болатынын көресіңдер. Сыныптастарыңның неге сенетінін білуге көмектесетін сұрақтар қоюды ұмытпаңдар. Киелі кітаптан білгендеріңмен бөліскен кезде ізетпен тыңдаңдар. Бүгінде көптеген жастар Ехобаны мектепте мадақтауда. Бұл оларды зор қуанышқа бөлеп, көп адамдардың Ехобаны білуіне көмектесуде.

19. Үйме-үй уағыздау қызметінде жастар қалайша әлдеқайда нәтижелі бола алады?

19 Үйме-үй уағыздау да — Ехобаны мадақтаудың ең тиімді жолы. Егер қызметтің бұл түріне әлі қатыспаған болсаңдар, неге осыны мақсат етіп қоймасқа? Ал қатысып жүрген болсаңдар, қоятын басқа да мақсаттарың бар ма? Мысалы, әр есіктің аузында үнемі бір ұсынысты айта бергенше, ата-аналарыңнан және тәжірибелі бауырластардан пайдалы кеңестер сұрап, жақсарудың жолын іздеңдер. Киелі кітапты көбірек қолдануды, қайта барғанда жақсылап сөйлесе білуді және Киелі кітапты зерттеу сабағын қалай бастауды үйреніңдер (Тімотеге 1-хат 4:15). Осындай жолдармен Ехобаны көбірек мадақтайтын болсаңдар, әлдеқайда нәтижелі болып, қызметтен алатын қуаныштарың да көбірек болады.

Ехобаны мадақтауды қашан бастауларың керек?

20. Неге жастардың Ехобаны мадақтауға тым жаспыз деп ойлауына еш негіз жоқ?

20 Талқылап жатқан үш сұрақтың ішіндегі ең оңайы — осы соңғы сұрақтың жауабы. Киелі кітап бұған тікелей: “Жаратушыңды жастық шағыңда есте сақта”,— деп жауап береді (Екклесиаст 12:1). Иә, Ехобаны мадақтауды бастайтын уақыт — қазір. “Ехобаны мадақтауға тым жаспын. Менің тәжірибем жоқ. Үлкен болғанша, күте тұруым керек”,— деп айту оп-оңай. Бұлай ойлайтын тек сендер ғана емес. Мысалы, жас Еремия Ехобаға: “О, Тәңір Ием! Мен сөйлей алмаймын, әлі жаспын ғой”,— деген. Ехоба оны қорқуға еш негіз жоқ екеніне сендірді (Еремия 1:6, 7). Сол сияқты бізде де Ехобаны мадақтаудан қорқуға еш негіз жоқ. Ехоба алдымыздан ысырып тастай алмайтындай ешбір қауіп-қатер жоқ (Забур 117:6).

21, 22. Неліктен Ехобаны мадақтаушы жастар шық іспеттес және неге мұндай салыстыру жігерлендіреді?

21 Олай болса, жастар, сендерді: “Ехобаны мадақтауға еш жасқанбаңдар!”— деп шақырамыз. Жастық шақ — бүгінде жер бетінде жүріп жатқан ең маңызды іске атсалу үшін ең жақсы кез. Осы іске қосылсаңдар, Ехобаны мадақтап жатқан бүкіл әлемдегі керемет отбасының бір бөлігі боласыңдар. Сол отбасының мүшесі болғандарыңа Ехоба қуанады. Рухтың жетелеуімен жазылған Забур жыршысының Ехобаға арнаған мына сөзіне көңіл қойыңдаршы: “Шайқасқа шыққан күніңде әскерің саған еруге дайын тұр. Туғаннан-ақ киелі салтанат жамыласың, Күн сайын таң ата жаңаратын шық іспетті Жас жігіттерің қасыңа жиналады” (Забур 109:3 сілтемені қараңдар).

22 Таң нұрына жалт-жұлт еткен шық көрінісі көздің жауын алады, солай емес пе?! Олар жан сергітеді, жылт-жылт етеді және санасаң сан жетпейді. Осы қиын-қыстау күндерде өзін адал мадақтап жүрген, жастар, сендерге Ехоба осылай қарайды. Ехобаны мадақтауды шешкендерің оның жүрегін қуантатыны айдан-анық (Нақыл сөздер 27:11). Олай болса, жастар, Ехобаны мадақтаңдар!

Қалай жауап берер едіңдер?

• Ехобаны мадақтаудың бірнеше маңызды себебі қандай?

• Киелі кітаптағы қандай мысалдар жастардың Ехобаны мадақтағанда нәтижелі бола алатынын көрсетеді?

• Бүгінде жастар Ехобаны қалай мадақтай алады?

• Жастар Ехобаны мадақтауды қашан бастаулары керек және неге?

[15-беттегі суреттер]

Егер керемет қабілетті досың болса, бұл туралы өзгелерге айтпас па едің?

[17-беттегі сурет]

Сыныптастарың сеніміңе қызығушылық білдіруі мүмкін

[18-беттегі сурет]

Қызметте жақсарғың келсе, тәжірибесі көбірек Куәгерден кеңес сұра

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу