Ауыр сәттерде ‘сабырлы бол’
“Жаратқан Иенің қызметшісінің жанжалдасуына болмайды, ол бәріне бірдей жылы жүзді... сабырлы болуы қажет” (ТІМОТЕГЕ 2-ХАТ 2:24).
1. Неге біз қызметте жүріп, кейде дөрекі сөйлейтін адамдарды кездестіреміз?
ӨЗІҢЕ немесе өзің араласатын адамдарға жақсы ықылас танытпаған біреулерге кезіккенде, өзіңді қалай ұстайсың? Елші Пауыл осы соңғы дәуірді суреттегенде, адамдардың “өсекшіл [“Құдайға тіл тигізуші”, ЖД]... жалақор, ұстамсыз, қатыгез” болатынын айтқан (Тімотеге 2-хат 3:1—5, 12). Мұндай адамдарды қызметте немесе басқа жерлерде кездестіретін шығарсың.
2. Дөрекі сөз естігенде дана әрекет етуімізге қандай Жазба орындары көмектесе алады?
2 Дөрекі де қорлайтын сөздер айтатын адамдардың бәрі дұрыс нәрсеге қызықпайды деп айта алмаймыз. Өмірдің тауқыметі немесе сәтсіздігі адамды ашындырып, ол айналадағылардың бәрін қарғап-сілеуі мүмкін (Екклесиаст 7:7). Көп адам дөрекі сөздер айту кәдімгі нәрсе саналатын ортада өмір сүріп, сонда жұмыс істейтіндіктен де солай етеді. Бұл біздер, мәсіхшілер, мұндай сөздерді қолдана береміз дегенді білдірмейді, бірақ бұл басқалардың неге солай сөйлейтінін түсінуімізге көмектеседі. Дөрекі сөздер естігенде, өзімізді қалай ұстауымыз керек? Нақыл сөздер 19:11-де: “Даналығы адамға сабыр сыйлар”,— деп жазылған. Ал Римдіктерге 12:17, 18-де: “Жамандыққа жамандықпен қайтармаңдар!.. Қолдарыңнан келгенше, барлық адамдармен тату болыңдар”,— деген кеңес беріледі.
3. Татулыққа талпынатынымыз уағыздайтын хабарымыздан қалай көрінеді?
3 Егер шынымен татулыққа талпынатын болсақ, мұнымыз байқалып тұрады. Бұл сөзіміз бен ісімізден байқалады, сондай-ақ бет-әлпетіміз бен даусымыздан да байқалуы мүмкін (Нақыл сөздер 17:27). Елшілерін уағыздауға жіберерде, Иса оларға: “Үйге кіргенде амандасып: — Осы үйге амандық пен тыныштық болсын!— деп бата беріңдер. Сол үйдегілер лайық болса, берген баталарың қонады, ал лайық болмаса, өздеріңе қайтып келеді”,— деп кеңес берген (Матай 10:12, 13). Біз айтып жүрген хабар — ізгі хабар. Киелі кітапта ол ‘татуласу туралы Ізгі хабар’, ‘Құдайдың рақымы туралы Ізгі хабар’ және ‘Құдай Патшалығы туралы Ізгі хабар’ деп аталады (Ефестіктерге 6:15; Елшілердің істері 20:24; Матай 24:14). Біз басқаның сенімін мінеуге немесе оның көзқарасы туралы айтысуға емес, оған Құдай Сөзіндегі ізгі хабарды айту үшін келеміз.
4. Не үшін келгеніңді айтпай жатып: “Маған бұның керегі жоқ” деген сөз естісең, не деуге болады?
4 Үйдің иесі тыңдамай жатып: “Маған бұның керегі жоқ”,— деп айтып салуы мүмкін. Мұндай кезде көп жағдайда: “Мен Киелі кітаптан бір ғана қысқаша тармақ оқып берейін деп едім”,— деп айтуға болады. Ол бұған қарсы болмауы мүмкін. Кей жағдайда: “Менің сізбен әділетсіздік болмайтын және барлық адамдар бір-бірін жақсы көруді үйренетін уақыт туралы сөйлескім келіп еді”,— деп айтуға болатын шығар. Үй иесі тыңдауға бірден ықылас білдіре қоймаса: “Бірақ сіздің қолыңыз тимей жатыр-ау деймін”,— деп қосуыңа болады. Үй иесі онда да жылы ұшырай қоймаса, ол лайықсыз адам деп тұжырымдауымыз керек пе? Ол өзін қалай ұстаса да, Киелі кітаптың: ‘Бәріне бірдей жылы жүзді... сабырлы болу қажет’,— деген кеңесін есіңнен шығарма (Тімотеге 2-хат 2:24).
Білместікпен зорлық-зомбылық көрсеткен
5, 6. Саул Исаның ізбасарларына қалай қараған және неге?
5 Бірінші ғасырда Саул есімді кісі дөрекі сөйлейтін, тіпті зорлық көрсетуші адам ретінде танымал болған. Киелі кітапта оның ‘Иеміздің жолын қуушыларға қарсы өлтірем деген қоқан-лоқысы мен қаскөйлігі’ туралы айтылады (Елшілердің істері 9:1, 2). Кейінірек ол Исаға ‘тіл тигізіп, қауымдарын қудалап, зорлық-зомбылық көрсеткенін’ мойындаған (Тімотеге 1-хат 1:13). Туыстарының кейбіреулері, мүмкін, мәсіхші болған шығар, бірақ соған қарамастан, ол: “Ашу-ызаға кернелгенім сонша, оларды шетелдік қалаларға барып та қудаладым”,— деп, Мәсіхтің ізбасарларына қалай карағанын айтқан (Елшілердің істері 23:16; 26:11; Римдіктерге 16:7, 11). Саул көпшілік алдындағы айтыс-тартысқа бейім болса да, шәкірттердің оны солай етуге итермелегені жайында ешқандай мәлімет жоқ.
6 Саул неге олай әрекет еткен? Жылдар өте, ол: “Шынайы сенім болмағандықтан, не істеп жүргенімді білмедім”,— деп жазған (Тімотеге 1-хат 1:13). Ол ‘ата-бабаларының Таурат заңын мұқият сақтаған’ парызшыл болған (Елшілердің істері 22:3). Ұстазы Гамалиел төзімді адам болғанға ұқсағанымен, Саул араласатын бас діни қызметкер Қаяфа діни фанат болған. Ол ұйымдастырған қастандықтың кесірінен Иса Мәсіх өлімге кесілген (Матай 26:3, 4, 63—66; Елшілердің істері 5:34—39). Одан кейін елшілерге дүре соқтырып, Исаның атынан уағыз айтуға қатаң тыйым салғызған да осы Қаяфа болатын. Жоғарғы кеңес мүшелері қатты сезімнің әсерімен Степанға үкім шығарып, оны таспен ұрып өлтіруге алып кеткенде, ол жерде Қаяфа басшылық еткен болатын (Елшілердің істері 5:27, 28, 40; 7:1—60). Степанды өлтіріп жатқанда, Пауыл бақылап тұрған және Қаяфа оған Исаның Дамаскідегі ізбасарларын қамауға алып, оларды басып тастауды тапсырады (Елшілердің істері 8:1; 9:1, 2). Қаяфаның ықпалымен Саул Құдай жолындағы құлшынысын дәлелдеп жүрмін деп ойлаған, бірақ шын мәнінде оған сенім жетіспеген (Елшілердің істері 22:3—5). Нәтижесінде Саул Исаның нағыз Мәсіх екенін түсінбей қалады. Бірақ қайта тірілген Иса онымен Дамаскіге бара жатқан жолда ғажайып түрде сөйлескен соң, ол ақылға келеді (Елшілердің істері 9:3—6).
7. Саулдың Дамаскіге бара жатқанда, Исамен ғажайып түрде кездесуі оған қалай әсер етті?
7 Осыдан кейін көп ұзамай, Құдай Анани есімді шәкіртті Саулға куәлік етуге жібереді. Сен бұл тапсырманы құлшына орындар ма едің? Анани қатты қобалжиды, бірақ ол Саулмен жылы сөйлеседі. Дамаскіге бара жатқанда, Исамен ғажайып түрде кездескен соң, Саулдың көзқарасы өзгерген еді (Елшілердің істері 9:10—22). Ол елші Пауыл деген есіммен белгілі белсенді миссионер болады.
Жуас, бірақ батыл
8. Иса теріс жолдағы адамдарға қатысты Әкесінің көзқарасын қалай танытқан?
8 Иса адамдар арасында жуас, бірақ батыл әрекет ететін Патшалықтың белсенді жариялаушысы болған (Матай 11:29). Ол әділетсіздерді теріс жолдан қайтуға шақыратын Көктегі Әкесінің көзқарасын танытқан (Ишая 55:6, 7). Күнәкар адамдар жақсы жаққа қарай өзгергілері келгенде, Иса мұны байқаған және оларды жігерлендірген (Лұқа 7:37—50; 19:2—10). Адамдардың сырт пішіндеріне қарап тұжырым жасамастан, олар күнәларына өкінеді деген үмітпен Иса әкесінің мейірімділігіне, сабырлылығына және асқан шыдамдылығына еліктеген (Римдіктерге 2:4). Ехоба барлық адамдардың күнәларына өкініп, құтқарылғандарын қалайды (Тімотеге 1-хат 2:3, 4).
9. Ишая 42:1—4 дейінгі тармақтардағы пайғамбарлықтан Иса туралы не білеміз?
9 Иса Мәсіхке қатысты Ехобаның көзқарасын Інжіл жазушысы Матай келесі пайғамбарлық сөздерді келтіре отырып суреттейді: “Міне, Менің таңдап алған Қызметшім, Жаным рақат табатын сүйіктім! Оған қондырамын өз Рухымды. Ол халықтарға жариялайды әділдікті, Еш айтыспайды не айқайламайды, Оның даусы далада да шықпайды. Ол майысқан таяқты сындырмайды, Бықсыған білтені де сөндірмейді, Әділдікті жеңіске жеткізеді, Оның атына ұлттар үміттенеді” (Матай 12:17—21; Ишая 42:1—4). Осы пайғамбарлық сөздерге сәйкес, Иса айтысып айқайламаған. Тіпті қысым көргенде де, ол шындықты жүрегі таза адамдарға әсер ететіндей етіп айтқан (Жохан 7:32, 40, 45, 46).
10, 11. а) Парызшылдар ең шулы қарсыластары болғанымен, неге Иса олардың кейбіреулеріне куәлік еткен? ә) Иса қай кезде қарсыластарына жауап қайырған, қай кезде қайырмаған?
10 Қызмет етіп жүргенде Иса көп парызшылдармен сөйлескен. Олардың кейбіреулері оны сөзінен ұстауға тырысқанымен, Иса олардың бәрі қара ниеттілер деген тұжырым жасамаған. Басқаны мінеуге бейім болған Шимон есімді парызшыл Исамен жақынырақ танысқысы келген болса керек, оны тамаққа шақырады. Иса шақыруды қабыл алып, сонда келгендерге куәлік етеді (Лұқа 7:36—50). Басқа бір жағдайда Нікөдем есімді белгілі парызшыл Исаға түн жамылып келеді. Иса оны түнде келгені үшін сөкпеген. Қайта, ол Нікөдемге сенім білдіргендердің құтқарылуына жол ашу үшін Құдайдың Ұлын жіберіп, сүйіспеншілік көрсеткені туралы куәлік етеді. Сондай-ақ Иса Құдайдың шарасына бойсұнудың маңыздылығына мейірбандықпен көңіл аударады (Жохан 3:1—21). Кейін басқа парызшылдар Иса туралы жақсы сөздерді жоққа шығарып жатқанда, Нікөдем оны қорғап сөйлейді (Жохан 7:46—51).
11 Иса өзін тұзаққа түсіруге тырысқан адамдардың екіжүзділіктеріне алданбаған. Ол қарсыластарының ықпалына беріліп, пайдасыз айтыс-тартысқа кіріп кетпеген. Алайда орынды жерде мысалдар келтіріп немесе Жазба орындарын пайдаланып, қысқа, бірақ күшті жауаптар қайтарған (Матай 12:38—42; 15:1—9; 16:1—4). Ал кейде жауап қатудың еш пайдасы жоқ екенін көргенде, Иса жай ғана үндемей қоя салған (Марқа 15:2—5; Лұқа 22:67—70).
12. Тіпті өзіне айқайлап жатса да, Иса адамдарға қалай көмектесе алған?
12 Кейде зұлым рухтардың билігінде жүрген адамдар Исаға айқайлаған. Ондай кезде ол сабыр сақтай білген, тіпті Құдай берген күшті пайдаланып, оларға көмектескен (Марқа 1:23—28; 5:2—8, 15). Егер қызметте жүргенде кейбіреулер ашуланып, айқайлай бастаса, жағдай ушығып кетпеу үшін біз де сабыр сақтап, мейірімділік пен ілтипаттылық танытуымыз керек (Қолостықтарға 4:6).
Отбасында
13. Неліктен кейде адамдар үйлеріндегі Киелі кітап зерттеуді бастаған адамға қарсылық жасайды?
13 Исаның ізбасарлары сабырлылықты жиі әсіресе отбасында таныту керек болады. Киелі кітаптың шындығы жүрегіне жеткен адам оны отбасының да қабылдағанын асыға күтеді. Бірақ үйдегілер, Иса айтқандай, қарсылық жасауы мүмкін (Матай 10:32—37; Жохан 15:20, 21). Оның себебі де әр түрлі. Мысалы, Киелі кітап ілімдері бізге шыншыл, ісімізге жауапкершілікпен қарайтын әрі ілтипатты адам болуға көмектескенімен, Жазбаларда сондай-ақ кез келген жағдайда біз ең бірінші Жаратушымыздың алдында жауап беретініміз айтылады (Екклесиаст 12:1, 13; Елшілердің істері 5:29). Ехобаға деген адалдығымызға берік болып қалғанымыз үшін үйіміздегі адамның біреуі өзінің отбасындағы ықпалынан айырылып қалғандай сезініп, қорланып қалуы мүмкін. Осындайда Исаның сабырлылығына еліктегеніміз қандай маңызды! (Петірдің 1-хаты 2:21—23; 3:1, 2).
14—16. Басында қарсылық көрсеткен адамдардың өзгеруіне не көмектескен?
14 Қазір Ехобаға қызмет етіп жүрген көп адамдар Киелі кітап зерттеуді бастап, өмірлерінде өзгерістер жасағанда, жұбайлары немесе үйіндегі басқа адамдар қарсы болған. Олар Ехоба Куәгерлері туралы жағымсыз сөздер естіген болуы мүмкін немесе мұндай өзгерістер отбасына кері әсер етеді деп қорыққан болар. Олардың көзқарастары ненің арқасында өзгерген? Көп жағдайда мәсіхшінің жақсы үлгісі қатты әсер еткен. Киелі кітаптың кеңестерін — отбасындағы жауапкершіліктерді ұмытпастан, жүйелі түрде қауым кездесулеріне барып тұру, уағыздау қызметіне шығып тұру және ауыр сөздер естігенде, сабырлылық танытуға қатысты кеңестерін — дәл орындағандықтан, үйдегілер бұрынғыдан жұмсарған (Петірдің 1-хаты 2:12).
15 Сонымен қатар кейбір адамдар бұрыс көзқарас қалыптасқандықтан немесе көкіректіктен Киелі кітаптағы сөздерге құлақ асқылары келмеген. Құрама Штаттарында тұратын өзін белсенді патриот санаған бір кісі туралы осылай деуге болатын еді. Бір күні әйелі конгреске кеткенде, ол киімдерін жинап, үйінен кетіп қалады. Басқа бір жолы ол атылып өлем деп, үйден қаруын алып шығып кетеді. Ол ақымақ қылықтар жасап алып, сол үшін үнемі әйелінің дінін кінәлайтын. Бірақ әйелі Киелі кітаптың кеңестерін ұстануға тырысады. Ол Ехоба Куәгері болған соң, жиырма жылдан кейін күйеуі де оған қосылады. Албанияда бір әйел қызының Киелі кітап зерттеп, кейін шомылдыру рәсімінен өткеніне ашуланады. Он екі рет ол қызының Киелі кітабын жойып тастайды. Бір күні қызының үстелдің үстінде қалдырып кеткен жаңа Киелі кітабын ашып қалғанда, оның көзі Матай 10:36-ға түседі. Ол ондағы сөздердің өзіне қатысты айтылғанын түсінеді. Алайда басқа Куәгерлермен бірге Италияға конгреске кетіп бара жатқан қызының қамын ойлап, оны кемеге дейін шығарып салады. Куәгерлердің сүйіспеншіліктерін, құшақтасып жатқандарын, жайдары жүздерін көріп, қуанышты күлкілерін естігенде, әйелдің сезімдері өзгере бастайды. Осыдан кейін көп уақыт өтпей, ол Киелі кітап зерттеуге келіседі. Қазір ол бұрын қарсы болған басқа адамдарға көмектесуге тырысады.
16 Бір жолы қолына пышақ ұстап алған күйеуі Патшалық сарайына кетіп бара жатқан әйелінің алдына тұрып алады да, оған әр түрлі намысқа тиетін айыптар таға бастайды. Ал әйелі оған: “Патшалық сарайына жүр де, өз көзіңмен көр”,— деп жұмсақ жауап береді. Ол солай етеді және кейіннен ақсақал болады.
17. Кейде мәсіхшілер отбасында қарым-қатынас қиындап кетсе, Киелі кітаптың қандай кеңесі көмектесе алады?
17 Тіпті үйіңдегілердің бәрі мәсіхші болса да, кемелсіздіктен қарым-қатынастарың қиындап, тіпті ауыр сөздер айтылып та жататын уақыт болатын шығар. Бір қызығы, ежелгі Ефестегі мәсіхшілерге: “Әр қилы кекшілдік, ашу-ыза, айқай-шу, қорлау, тағы басқа барлық жаман нәрселерден арылыңдар!”— деген кеңес берілген болатын (Ефестіктерге 4:31). Олардың өмір сүрген ортасы, кемелсіздіктері және кей жағдайда бұрынғы өмірлері өздеріне әсер еткен болса керек. Олар қалай өзгере алар еді? ‘Рухтары мен ақыл-ойларын түгелдей жаңартулары’ арқылы (Ефестіктерге 4:23). Олар Құдай Сөзін зерттеп, мұның өмірлеріне қалай әсер етуі керек екені туралы ой жүгіртіп, бауырластарымен араласып және шын жүректен дұға айтқан сайын, өмірлерінде Құдай рухының жемісін көбірек танытар еді. ‘Бір-біріне мейірімді де жан ашыр болып, Мәсіхтің арқасында өздерін Құдай кешіргендей, [олар да] өзара кешірімді болар’ еді (Ефестіктерге 4:32). Басқалар қалай әрекет етсе де, сабырлы, мейірбан, жанашыр, кешірімшіл болуымыз керек. Шынында да, ‘жамандыққа жамандықпен қайтармауымыз’ керек (Римдіктерге 12:17, 18). Құдайға еліктей отырып, сүйіспеншілік көрсету әрқашан дұрыс іс болып табылады (Жоханның 1-хаты 4:8).
Барлық мәсіхшілерге арналған кеңес
18. Неге Тімотеге 2-хат 2:24-те жазылған кеңес Ефестегі ақсақал үшін орынды болған және бұның барлық мәсіхшілерге қандай пайдасы бар?
18 ‘Сабырлы болу қажет’ деген кеңес барлық мәсіхшілерге қатысты (Тімотеге 2-хат 2:24). Бірақ бұл кеңес ең бірінші Ефес қауымында ақсақал болған Тімотеге қажет болғандықтан, соған арналған еді. Ол қауымдағы кейбіреулер өз көзқарастарын ашықтан-ашық білдіріп, қате ілімдерді үйрете беретін. Олар Таурат Заңының мақсатын толық түсінбегендіктен, сенімнің, сүйіспеншіліктің және таза ар-ұжданның маңыздылығын түсіне бермейтін. Мәсіхтің ілімдеріндегі негізгі ойлар мен Құдайға шын берілгендіктің маңыздылығын жайына қалдырып, олар қандай да бір сөздерге бола айтыс-тартыс жүргізгенде, көкіректіктен дау-жанжал туып жататын. Бұл мәселені шешу үшін Тімоте Жазбадағы шындықты қатаң ұстанып, ал бауырластарға келгенде жұмсақ болу керек еді. Бүгінгі ақсақалдар сияқты ол да отардың өз меншігі емес екенін және басқалармен сүйіспеншілік пен бірлікке ықпал ететіндей қарым-қатынас сақтау керек екенін білген (Ефестіктерге 4:1—3; Тімотеге 1-хат 1:3—11; 5:1, 2; 6:3—5).
19. Неге бәріміздің ‘момындықты іздегеніміз’ маңызды?
19 Құдай қызметшілерін ‘момындықты іздеуге’ шақырады (Софония 2:3, ЖД). “Момындық” деген еврей сөзі ауыр тиген нәрсеге шыдамдылықпен, ашуланбастан және кек қайтармастан төтеп беруге қабілетті ететін қасиетті білдіреді. Ехобадан тіпті қиын жағдайларда да сабырлы болып және оның атына кір келтірмеу үшін өзімізді лайықты ұстай білуге көмектесуін шын жүректен сұрайық.
Не үйрендіңдер?
• Қорлық сөздер естігенде, өздеріңе қандай Жазба орындары көмектесуі мүмкін?
• Неге Саул дөрекілікпен әрекет еткен?
• Исаның үлгісі барлық адамдарға дұрыс қарауымызға қалай көмектеседі?
• Үй ішінде сабырлылықпен сөйлегеніміз қалайша пайдалы болуы мүмкін?
[15-беттегі сурет]
Пауылдың аты шулы адам болғанына қарамастан, Анани онымен жылы сөйлескен
[17-беттегі сурет]
Мәсіхшінің жауапкершіліктерін адал атқаруы үйіндегі адамдарды жұмсартуы мүмкін
[18-беттегі сурет]
Мәсіхшілер сүйіспеншілік пен бірлік сақтайды