Қайта тірілуге деген үміт. Бұл сен үшін нені білдіреді?
“Алақаныңды ашып, бар тіршілік иесін қалағанынша тойдырасың” (ЗАБУР 144:16).
1—3. Кейбіреулер болашаққа қандай үмітпен қарайды? Мысал келтіріңдер.
ТОҒЫЗ жасар Кристофер ағасы екеуі таңертең нағашы әпкесі мен оның күйеуі және олардың екі баласымен қосылып, алтауы Англиядағы Манчестер қаласының төңірегінде үйме-үй уағыздауға қатысады. “Ояныңдар!” журналында әрі қарай не болғаны түсіндіріледі: “Түс қайта олар әдемі жерлерді көріп қайту үшін теңіз жағалауындағы курортты қала Блэкпулға аттанады. Бірақ жол апатына ұшырап, олардың бәрі қайтыс болады. Бірден он екі адам тіл тартпай кеткен бұл апатты полиция “жойқын апат” деп атады”.
2 Осы бақытсыздықтан бір күн бұрын, кешкісін Кристофердің отбасы қауымның кітап зерттеу кездесуінде болған еді. Онда өлім туралы тақырып талқыланған болатын. “Кристофер әрқашан терең ойланатын бала еді”,— дейді оның әкесі. “Сол кеште ол жаңа дүние мен өзінің болашаққа деген үміті жайында сенімді түрде айтқан еді. Бір кезде, әлі де әңгімелесіп отырғанымызда, Кристофер күтпеген жерден: “Ехоба Куәгері болудың бір жақсы жері өлім жанымызды жараласа да, бір күні жерде қайта табысатынымызды білеміз”,— деп айтып қалды. Сол жерде ешқайсымыз да оның сөздерінің қаншалықты жадымызда сақталып қалатынын білмеп едік”a.
3 Бұдан бірнеше жыл бұрын, 1940 жылы Франц есімді австриялық Куәгерге Ехобаға қызмет етуден бас тартпағаны үшін басы алынсын деген үкім шығарылады. Франц шешесіне Берлинде қамауда отырған жерінен былай деп хат жазады: “Шындықты біле тұра, [әскери] ант берсем, өлімге лайық күнә жасаған болар едім. Бұл үшін өзімді ешқашан кешіре алмас едім. Онда қайта тірілмес едім... Ал енді қымбатты анашым және бауырларым, бүгін өзіме шығарылған үкімді оқыды, үрейлерің ұшпасын, мені өлім жазасына кесті, ертең таңертең бұл үкім жүзеге асады. Ертеде өткен барлық шынайы мәсіхшілер сияқты мен де Құдайдың берген күшін сезінудемін... Өлгенше адалдықтарыңды сақтап қалсаңдар, қайта тірілу кезінде қауышатын боламыз... Көріскенше”b.
4. Жоғарыда айтылған оқиғалар саған қалай әсер етті және біз нені қарастырамыз?
4 Қайта тірілуге деген үміт Кристофер мен Франц үшін көп нәрсені білдірген. Олар бұған шүбәсіз сенген. Бұл мәліметтердің жүрегімізді тебіренткенінде күмән жоқ! Ехобаға ризашылығымызды арттырып, қайта тірілуге деген үмітімізді нығайту үшін оның мақсатын және әрқайсымызға қалай әсер ету керек екенін қарастырайық.
Жерде қайта тірілу туралы аян
5, 6. Аян 20:12, 13-те жазылған елші Жоханның көрген аянынан не білеміз?
5 Иса Мәсіхтің Мыңжылдық билігінің кезінде болатын оқиғалар туралы алған аянында елші Жохан жер бетінде қайта тірілудің болғанын көрген. Ол: “Үлкенді-кішілі өлген адамдардың тақ алдында тұрғандарын байқадым. Теңізде қаза тапқандар да, жалпы ажалға ұшырап, гадеске аттанғандардың бәрі де қайта тіріліп, іс-әрекеттері бойынша сотталды”,— деп жазған (Аян 20:12, 13). “Үлкенді-кішілі” адамдардың, немесе қоғамда әр түрлі дәрежеге ие болған адамдардың, бәрі гадестің (шеолдың), яғни адамзат моласының, қамауынан босатылады. Сондай-ақ теңізде қаза тапқандар да өмірге оралады. Бұл керемет жайт та Ехобаның еркі бойынша іске асады.
6 Мәсіхтің Мыңжылдық билігі Шайтанды байлап, түпсіз тұңғиыққа тастауынан басталады. Шайтан әрекетсіз болатындықтан, сол уақытта қайта тірілгендер мен ауыр азаптан аман өткендердің ешқайсысын да алдай алмайды (Аян 20:1—3). Мың жыл сен үшін ұзақ уақыт болып көрінетін шығар, бірақ Ехоба үшін бұл “бір күндей” (Петірдің 2-хаты 3:8).
7. Мыңжылдық кезінде адамдарға қандай үкім шығарылатыны неге байланысты болады?
7 Бұл аянға сай Мәсіхтің Мыңжылдық билігінің кезінде сот жүретін болады. Елші Жохан былай деп жазған: “Үлкенді-кішілі өлген адамдардың тақ алдында тұрғандарын көрдім, сонда шиыршықтар ашылды. Басқа да бір шиыршық ашылды; бұл — өмір шиыршығы. Өлгендер сол шиыршықтарда жазылғандар бойынша істеріне сай сотталды... Бәрі де іс-әрекеттері бойынша сотталды” (Аян 20:12, 13, ЖД). Байқасақ, бұл адамдар өлгенге дейінгі жасаған немесе жасамай қойған істері үшін сотталмайды (Римдіктерге 6:7). Бұл сот ашылған ‘шиыршықтармен’ байланыстырылады. Адамдардың есімдерінің “өмір шиыршығына” жазылу-жазылмауы шиыршықтарда жазылған нәрселерді үйренген соң жасаған істеріне байланысты болады.
“Мәңгі өмір сүру үшін” немесе “сотталу үшін” қайта тірілу
8. Қайта тірілетін адамдарды қандай екі түрлі болашақ күтіп тұр?
8 Жохан көрген аянда алдымен Иса ‘өлімнің де, гадестің де кілттерінің’ иесі ретінде суреттеледі (Аян 1:18). Ол — ‘тіріні де, өлгенді де соттауға’ тағайындалған ‘шынайы өмірдің қайнар көзі’ (Елшілердің істері 3:15; Тімотеге 2-хат 4:1). Ол соттау ісін қалай іске асырады? Өлім ұйқысында жатқандарды қайта тірілту арқылы іске асырады. Иса өзін тыңдап тұрған адамдарға: “Бұған таңданбаңдар, өйткені қабірдегілердің бәрі Құдайдың рухани Ұлының даусын еститін уақыт болады. Сонда өлгендер қабірден шығады”,— деген. Одан соң: “Жақсылық жасағандары мәңгі өмір сүру үшін, ал жамандық жасағандары сотталу үшін тіріледі”,— деп қосқан (Жохан 5:28—30). Олай болса, ежелде өмір сүрген адал адамдарды не күтіп тұр?
9. а) Қайта тірілген көп адамның нені білері сөзсіз? ә) Кең көлемде қандай білім беру ісі жүретін болады?
9 Ежелде өмір сүрген бұл адал адамдар қайта тірілгенде, өздері сенім артқан уәделердің орындалғанын көреді. Оларға Жаратылыс 3:15-те жазылған алғашқы пайғамбарлықтағы әйелдің ұрпағының кім болып шыққанын білу қандай қызық болады десеңші! Олар үшін уәде етілген Мәсіх Иса өлгенше адалдығын сақтап, өмірін төлем құрбандығы ретінде бергенін білу қандай қуаныш! (Матай 20:28). Оларды қарсы алатын адамдар оларға азаттық төлем Ехобаның мейірімділігі мен рақымдылығының дәлелі екенін түсінулеріне қуана-қуана көмектесетін болады. Қайта тірілгендер Құдай Патшалығы Ехобаның жерге қатысты еркін жүзеге асырып жатқанын көргенде, Ехобаға деген терең ризашылықтары оны мадақтауға талпындыратыны сөзсіз. Олардың көктегі сүйіспеншілігі мол Әкелері мен оның Ұлына деген адалдықтарын дәлелдейтін көптеген мүмкіндіктері болады. Сонда әрбір адам қабірден тұрған, азаттық төлемге сенім білдірулері қажет басқа да миллиардтаған адамдарға кең көлемде білім беру ісіне қуанышпен атсалысады.
10, 11. а) Мыңжылдық кезінде жердегілердің бәрінің қандай мүмкіндіктері болады? ә) Біз бұған қалай қарауымыз керек?
10 Қайта тірілген Ыбырайым өзі үміттене күткен ‘қаланың’ азаматы ретінде өмір сүріп жатқанынан зор жұбаныш табатын болады (Еврейлерге 11:10). Ежелде өмір сүрген әділ адам Әйүп Ехобаның қызметшілері мінсіздіктері сыналғанда, өзінің өмірі туралы ойланып, күш-жігер алғандарын білгенде сондай бақытты болатыны сөзсіз! Ал Даниял киелі рухтың жетелеуімен жазған пайғамбарлықтарының қалай орындалғаны туралы барынша білгісі келмей ме!?
11 Шынында да, қайта тірілу арқылы да, ауыр азаптан аман өту арқылы да әділ жаңа дүниеге жеткендер Ехобаның жер мен оның тұрғындарына қатысты еркі туралы көбірек білетін болады. Мәңгі өмір сүріп, Ехобаны мәңгі мадақтау болашағы мыңжылдық ағарту бағдарламасын шынымен қуанышты ететінінде сөз жоқ. Алайда ең маңыздысы шиыршықтармен таныса келе жасаған істеріміз болады. Олардан үйренгендерімізді іс жүзінде қолданамыз ба? Шайтанның бізді шындықтан тайдыру үшін жасайтын соңғы әрекетіне төтеп беру үшін күш беретін сол маңызды мәліметтер туралы ой жүгіртіп, оларды шын жүректен қабыл аламыз ба?
12. Ненің арқасында барлық адамдар ағарту ісі мен жерді жұмаққа айналдыру ісіне толық атсалыса алады?
12 Мәсіхтің төлем құрбандығының арқасында келетін керемет баталарға немқұрайды қарамағанымыз жөн. Өмірге қайта оралғандар бұрынғы дәрменсіздіктерінен құтылады (Ишая 33:24). Ауру-сырқаудан арылған тән мен кемелді денсаулық жаңа дүниенің барлық тұрғындарына қайта тірілген миллиардтаған адамдарды өмір жолына бастайтын ағарту ісіне толығымен атсалысуларына мүмкіндік береді. Сондай-ақ олар Ехобаның даңқын асырып, жер бетінде бұрын-соңды болмаған іске, яғни бүкіл жерді жұмаққа айналдыру ісіне атсалысады.
13, 14. Шайтанның соңғы рет босатылуының мақсаты не және бұл әрқайсымыз үшін нені білдіруі мүмкін?
13 Соңғы сынақ үшін Шайтан түпсіз тұңғиықтан босатылғанда, ол адамзатты тағы да алдауға тырысады. Аян 20:7—9 дейінгі тармақтарға сай, Шайтанның зұлым ықпалына беріліп кетіп, алданған “тобыр” лайықты түрде жазаларын тартып, жойылады: “Көктен от-жалын түсіп, жауды жалмап қояды”. Осылайша бұл тобырдың араларындағы Мыңжылдықтың кезінде қайта тірілген адамдар сотталу үшін қайта тірілген болып шығады. Ал қайта тірілген соң, адалдығын сақтап қалғандар мәңгілік өмірге ие болады. Олар ‘мәңгі өмір сүру үшін тірілгендер’ болмақ (Жохан 5:29).
14 Қалай қайта тірілуге деген үміт қазірдің өзінде бізге жұбаныш бере алады? Одан да маңыздысы, болашақта қайта тірілудің пайдасын көретінімізге сенімді болу үшін не істеуіміз керек?
Қазірден бастап үйрене аламыз
15. Қайта тірілуге деген сенім бүгінде қалай көмектесуі мүмкін?
15 Мүмкін, жақында ғана жақсы көретін адамыңнан айырылып, өміріңдегі үлкен өзгерістердің тауқыметін тартып жүрген шығарсың. Қайта тірілуге деген үміт жан дүниеңде тыныштық орнатып, күш береді. Шындықты білмейтін адамдар мұндай нәрселерді білмейді. Пауыл салоникалықтарға: “Үміті үзілген басқалар сияқты қайғырмауларың үшін сендерді бұ дүниеден қайтқан сенушілердің жағдайы туралы хабарсыз қалдырмаймыз”,— деген (Салониқалықтарға 1-хат 4:13). Жаңа дүниеде қайта тірілгендерге куәлік етіп жүргеніңді көз алдыңа елестете аласың ба? Олай болса, жақындарыңмен қайта қауышатын уақыт туралы ой жүгіртіп, жұбаныш тап.
16. Қайта тірілудің кезінде бойыңды қандай сезімдер билейді деп ойлайсың?
16 Бәлкім, сен Адамның тілазарлығының зардабын тартып, қандай да бір аурудан қиналып жүрген шығарсың. Бұл қиыншылығыңның денсаулығың түзеліп, жаңа күш-қуатпен жаңа дүниеде қайта тірілетін қуанышты болашағыңды ұмыттырып жіберуіне жол берме. Сонда көзіңді ашып, адамдардың тірілген сәттегі қуанышыңды бөліскісі келіп, бал-бұл жайнап тұрған жүздерін көргенде, сүйіспеншілікке толы мейірімділігі үшін Құдайға рақметіңді жаудырарың сөзсіз.
17, 18. Қандай екі маңызды жайтты естен шығармауымыз керек?
17 Ал қазір екі жайтты қарастырайық. Оларды есімізден шығармауымыз керек. Біріншісі — Ехобаға дәл қазір шын жүректен қызмет етудің маңыздылығы. Иеміз Иса Мәсіхке еліктей отырып, жанқиярлықпен өмір сүргеніміз Ехоба мен жақындарымызға деген сүйіспеншілігімізді көрсетеді. Қарсылықтар мен қуғын-сүргіннің кесірінен қаражатымыздан немесе бостандығымыздан айырылып қалсақ, қандай сынақтарға кезіксек те, сенімімізге берік болып қалуға бел буамыз. Қарсыластар тіпті өліммен қорқытатын болса да, қайта тірілуге деген үміт Ехоба мен оның Патшалығына адалдығымызды сақтап қалу үшін жұбаныш пен күш береді. Иә, Патшалық туралы уағыздау мен шәкірт дайындау ісіне құлшына атсалысқанымыз үшін болашақта Ехобаның әділдерге дайындап отырған мәңгілік батасына ие боламыз.
18 Екінші жайт, күнәкар бейімділіктерімізден туатын азғыруларға қалай төтеп беретінімізге байланысты. Қайта тірілу туралы білгеніміз және Ехобаның рақымына деген ризашылығымыз сенімімізді берік сақтап қалуға деген шешімімізді нығайтады. Елші Жохан: “Осы күнәкар дүниені және ондағы еш нәрсені сүймеңдер! Осы дүниені сүйгендердің көктегі Әкеге сүйіспеншілігі жоқ. Себебі осы дүниеге тән нәрселердің бәрі: күнәкар адамның құмарлықтары, көзінің қомағайлығы, мал-мүлікке мастануы Әкеден емес, осы дүниеден бастау алған. Ал осы дүние мен оның ләззаты өткінші, ал Құдайдың еркін орындаушы мәңгі өмір сүреді”,— деп ескерткен (Жоханның 1-хаты 2:15—17). ‘Шынайы өмірмен’ салыстырғанда, осы дүниенің көз қызықтыратын мал-мүлкі бізге соншалықты тартымды болып көрінбейді (Тімотеге 1-хат 6:17—19). Азғындық жасауға азғырылсақ, табандылықпен қарсы тұрамыз. Ехобаға ұнамайтын істермен айналысып жүріп, Һар-Магедон келгенше қайтыс болып кетсек, жағдайымыз қайта тірілуге үміті жоқ адамдардың жағдайымен бірдей болатынын түсінеміз.
19. Қандай теңдессіз мәртебені ұмытпауымыз керек?
19 Ең бастысы, қазір және мәңгілік Ехобаны қуанта алатын теңдессіз мәртебеміздің бар екенін ұмытпауымыз керек (Нақыл сөздер 27:11). Өз өміріміздің соңына дейін немесе зұлым дүние жойылғанға дейін адалдығымызды сақтап қалу арқылы Ехобаға бүкіләлемдік билікке қатысты дауда кімнің жағына шығатынымызды көрсетеміз. Ауыр азаптан аман өту арқылы болсын, ғажайып түрде қайта тірілу арқылы болсын, жердегі Жұмақта өмір сүру неткен тамаша!
Қалауларымыздың қанағаттандырылуы
20, 21. Қайта тірілуге қатысты кейбір сұрақтар жауапсыз қалса да, адалдығымызды сақтап қалуға не көмектеседі? Түсіндіріп беріңдер.
20 Қайта тірілу туралы талқылаудың барысында кейбір сұрақтар жауапсыз қалды. Мысалы, қайта тірілу кезінде бұрын ерлі-зайыпты болғандарға Ехоба қандай шара қарастырады? (Лұқа 20:34, 35). Адамдар қай жерде өлген болса, сол жерде қайта тіріле ме, әлде туыстары тұрып жатқан жерлерде тіріле ме? Бұдан да басқа көптеген жауапсыз қалған сұрақтар бар. Бірақ біз Еремияның: “Жаратқан Ие Өзіне арқа сүйеп, Өзін іздейтіндерге игілігін төгеді. Тәңірдің құтқаруын төзімділікпен күткен адам игілікке жетеді”,— деген сөздерін есімізден шығармауымыз керек (Еремияның зары 3:25, 26). Ехобаның белгілеген уақытында сұрақтарымыздың бәріне жауап аламыз. Бұған неге сенімді болуымызға болады?
21 Ехоба туралы жырлаған забур жыршысының сөздері жайында ойланып көрші: “Алақаныңды ашып, бар тіршілік иесін қалағанынша тойдырасың” (Забур 144:16). Жас келген сайын қалауларымыз да өзгере береді. Бала кезіміздегі қалауларымыз қазіргіден өзгеше болған. Басымыздан өткен жағдайлар мен қалауларымыз өмірге деген көзқарасымызға әсер етеді. Дегенмен орынды болса, қандай нәрсе қаласақ та, оларды Ехоба жаңа дүниеде қанағаттандыратынында күмән жоқ.
22. Неге біз лайықты түрде Ехобаны мадақтай аламыз?
22 Қазір біз үшін ең бастысы — сенімді, немесе адал, болу. “Ал басқарушылардың әрқайсысынан сенімді болуы талап етіледі” (Қорынттықтарға 1-хат 4:2). Біз Құдай Патшалығы туралы тамаша ізгі хабардың ‘басқарушыларымыз’. Әр мүмкіндікті пайдаланып, осы ізгі хабарды құлшына уағыздағанымыз өмір жолында қалуымызға көмектеседі. “Бәрі де уақыт пен кездейсоқтықтың билігінде” екенін есімізден шығармайық (Екклесиаст 9:11). Өмірдің тұрақсыздығынан туатын қажет емес уайым-қайғыны мейлінше азайту үшін қайта тірілуге деген үмітімізді берік ұстанайық. Мәсіхтің Мыңжылдық билігі басталмай тұрып қайтыс болып кететіндей көрінсең, алдағы өміріңді ойлап, жұбаныш ала алатыныңды біл. Ехоба белгілеген уақытта: “Сен шақырсаң, мен саған жауап берер едім”,— деген Әйүптің Жаратушысына айтқан сөздерін қайталай алатын боласың. Жадына сақтаған адамдардың бәрін қайта тірілтуді аңсап күтетін Ехоба мадақталсын! (Әйүп 14:15).
[Сілтемелер]
a Ехоба Куәгерлері басып шығаратын “Ояныңдар!” журналының 1990 жылғы 8 тамыздағы санының 20-бетін қараңдар (ор.).
b “Ехоба Куәгерлері — Құдай Патшалығын жариялаушылар”, 662-бет (ор.). Ехоба Куәгерлері басып шығарған.
Естеріңде ме?
• Мыңжылдықтың кезінде адамдарға қандай үкім шығарылатыны неге байланысты болады?
• Неге кейбіреулер “мәңгі өмір сүру үшін”, ал басқалары “сотталу үшін” қайта тірілетін болады?
• Қайта тірілуге деген үміт бізге қалайша жұбаныш береді?
• Қайта тірілуге қатысты кейбір сұрақтарға жауап ала алмасақ, Забур 144:16-дағы сөздер бізге қалай көмектеседі?
[31-беттегі суреттер]
Қайта тірілуге деген сенім бізге қазірдің өзінде қалай көмектесе алады?