Құдай Патшалығы туралы пайғамбарлықтар орындалуда
“Бұларға [пайғамбарлық сөздерге] көңіл бөлсеңдер, жақсы болады. Сол сөздер қараңғылықта “сәулесін шашып тұрған шамға” ұқсайды” (ПЕТІРДІҢ 2-ХАТЫ 1:19).
1. Қазіргі дүниеде қандай қарама-қайшы жағдай байқалады?
ТОЛАССЫЗ дағдарыстар — бүгінгі дүниедегі әңгіменің басты тақырыбы. Экологиялық апаттан бастап дүниежүзілік терроризмге дейін адамзат қиыншылықтары игеруге келмей қалған сияқты. Тіпті дүниедегі діндер де көмектесе алар емес. Керісінше, олар адамдарды жікке бөлетін фанатизмге, жек көрушілікке және ұлтшылдыққа итермелеп, жағдайды ушықтыра түсуде. Иә, алдын ала айтылғандай, “халықтарды қара түнек жауып алды” (Ишая 60:2). Алайда миллиондаған адамдар болашаққа сеніммен қарайды. Неге? Себебі олар “қараңғылықта сәулесін шашып тұрған шамға” ұқсайтын Құдайдың пайғамбарлық сөзіне көңіл бөледі. Олар Киелі кітаптағы Құдай ‘сөздерінің’ жолдарына жарық түсіруіне жол береді (Петірдің 2-хаты 1:19).
2. Даниялдың “соңғы уақытқа” қатысты пайғамбарлығы бойынша рухани шындықты тек кімдер түсіне алады?
2 “Соңғы уақытқа” қатысты Даниял пайғамбар былай деп жазған: “Оны көп адамдар оқып, білімдері артады. Көп адам тазарады, ағарады және азғырылу арқылы қайтадан балқытылады; зұлымдар зұлымдықтарын жасай береді және мұны әділетсіздердің ешқайсысы түсінбейді, ал даналар түсінеді” (Даниял 12:4, 10). Рухани білімді тек Құдай Сөзін шын жүректен ‘оқып’ немесе бар зейінімен зерттеуге, оның талаптарына бағынуға және еркін орындауға тырысқандар ғана түсіне алады (Матай 13:11—15; Жоханның 1-хаты 5:20).
3. 1870 жылдары Киелі кітап зерттеушілер қандай маңызды шындықты түсінді?
3 ‘Соңғы дәуір’ келмей тұрып-ақ 1870 жылдары Ехоба Құдай “өз Патшалығы туралы сырларды” көбірек аша бастады (Тімотеге 2-хат 3:1—5; Матай 13:11). Сол кезде Киелі кітапты зерттеуші бір топ Мәсіхтің көпшілік ойлағандай көзге көрініп емес, көрінбей келетінін түсінді. Сондай-ақ олар көктегі таққа отырған соң, Иса жердің патшасы ретінде оған назарын тігетінін және ол жерге қайтып келді деп осы мағынада айтылғанын түсінді. Ал оның таққа отырғанын шәкірттері бірнеше бөліктен тұратын көзге көрінетін белгіден біле алар еді (Матай 24:3—14).
Пайғамбарлықтар орындалғанда
4. Ехоба бүгінгі қызметшілерінің сенімін қалай нығайтады?
4 Исаның өзгеріске түсуі оның Патшалық салтанатының жарқыраған көрінісі болған (Матай 17:1—9). Көп адам Исадан көңілдері қалып, оны тастап кеткенде, бұл көрініс Петір, Жақып және Жоханның сенімдерін нығайтқан. Сол сияқты соңғы дәуірде де Ехоба осы таңғажайып көрініс пен оған қатысы бар көп пайғамбарлықтардың мәнін көбірек ашу арқылы қызметшілерінің сенімдерін нығайтады. Сенімді нығайтатын осы пайғамбарлықтардың кейбіреулерін қарастырып көрейік.
5. Шолпан жұлдызы кімді бейнелейді, ол қашан және қалай ‘пайда болды’?
5 Исаның өзгеріске түсуіне қатысты елші Петір былай деп жазған: “Сонымен қатар, біздерде пайғамбарлардың жазып қалдырған нық сенімді сөздері бар ғой. Бұларға көңіл бөлсеңдер, жақсы болады. Сол сөздер қараңғылықта “сәулесін шашып тұрған шамға” ұқсайды. Таң атып, шолпан жұлдызының пайда болатынындай, ақырында Мәсіх қайтып келіп, жүректеріңе толық түсінік құятын болады” (Петірдің 2-хаты 1:19). Бұл Шолпан жұлдызы ұлылыққа кенелген Иса Мәсіхті бейнелейді (Аян 22:16). Ол жаңа дәуірдің туғанын білдіріп, 1914 жылы көкте Құдай Патшалығы орнағанда ‘пайда болды’ (Аян 11:15). Иса өзгеріске түскен көріністе Мұса мен Ілияс пайғамбар пайда болып, Исамен әңгімелеседі. Олар кімді бейнелейді?
6, 7. Иса өзгеріске түскенде пайда болған Мұса мен Ілияс кімді бейнелейді және олар туралы Жазбаларда қандай маңызды мәліметтер бар?
6 Исамен бірге Мұса мен Ілияс та салтанатқа бөленгендіктен, бұл адал куәгерлер Исамен бірге оның Патшалығында билік ететіндерді бейнелеуі керек. Исаның патшалық ететін серіктері бар екенін Даниял пайғамбар көрген Мәсіхтің таққа отырғанын білдіретін пайғамбарлық аяннан да байқауға болады. Даниял “Адам Ұлы тәрізді” біреудің ‘Ежелгі күндерден бар болушы’ Ехоба Құдайдан “мәңгілік билік” алғанын көреді. Бірақ Даниялдың бұдан кейін нені көргеніне көңіл аударыңдаршы. Ол былай деп жазады: “Бүкіл аспан астындағы Патшалық пен билік және патшалықтың ұлылығы Ең жоғарғының қасиетті халқына беріледі” (Даниял 7:13, 14, 27). Иә, Исаның өзгеріске түсуінен бес ғасырдан аса уақыт бұрын, Құдай ‘қасиетті халықтың’ Мәсіхпен бірге патшалық салтанатына бөленетінін білдірген.
7 Даниял көрген аяндағы қасиетті халық кімдерді білдіреді? Мұны елші Пауылдың келесі сөздерінен білуге болады: “Киелі Рух Құдайдың рухани баласы екенімізді өз рухымызға растайды. Рухани баласы болғандықтан, Оның бізге дайындап қойған мәңгілік игіліктеріне де ие боламыз: Құдай Мәсіхке сыйлағандары іспетті игіліктерді бізге де сыйламақ. Егер Мәсіхтің жолында жүріп, азабына ортақ болсақ, Оның салтанатты ұлылығына да ортақ болып, сол игіліктерді қабылдаймыз” (Римдіктерге 8:16, 17). Сонымен, қасиетті халық дегеніміз — Исаның рухпен майланған шәкірттері. Аянда Иса: “Өзімнің жеңімпаз болып, Әкеммен бірге Оның тағында отырғанымдай, жеңіп шыққан әркімді Мен де қасыма, тағымның үстіне отырғызамын”,— деген. Қайта тірілген 144 000 “жеңімпаз” атанғандар Исамен бірге бүкіл жер бетіне билік етеді (Аян 3:21; 5:9, 10; 14:1, 3, 4; Қорынттықтарға 1-хат 15:53).
8. Қалай Исаның майланған шәкірттері Мұса мен Ілияс сияқты әрекет етуде және мұның нәтижесі қандай болуда?
8 Алайда неге майланған мәсіхшілер Мұса мен Ілияс арқылы бейнеленген? Себебі жердегі майланған мәсіхшілер Мұса мен Ілияс сияқты әрекет етеді. Мысалы, олар қуғын-сүргін көрсе де, Ехобаға адал қызмет етеді (Ишая 43:10; Елшілердің істері 8:1—8; Аян 11:2—12). Мұса мен Ілияс сияқты олар да жалған дінді батыл әшкерелейді және ақ жүректі адамдарды Құдайға шексіз берілуге шақырады (Мысырдан шығу 32:19, 20; Заңды қайталау 4:22—24; Патшалықтар 3-жазба 18:18—40). Олар табысқа жетіп жатыр ма? Әлбетте! Майланған мәсіхшілердің толық жиналуына көмектесуімен қатар, олар миллиондаған ‘басқа қойлардың’ Иса Мәсіхке қуана-қуана бағынатындарын көрсетулеріне көмектесті (Жохан 10:16; Аян 7:4).
Мәсіхтің өктемдігін орнатуға аттануы
9. Аян 6:2-де бүгінгі Иса қалай суреттеледі?
9 Иса — енді тайқарға мінген адам емес, құдіретті Патша! Ол салт атты тұлға ретінде суреттеледі. Ал жылқы Киелі кітапта соғысты бейнелейді (Нақыл сөздер 21:31). Аян 6:2-де былай делінеді: “Қарап қалсам, алдымда ақ боз ат тұр екен. Ат үстіндегінің қолында садағы, басында жеңімпаздың тәжі бар екен. Ол өзінің өктемдігін орнату үшін елдерді жаулап алуға аттанды”. Оның үстіне, Исаға қатысты Дәуіт былай деп жазған: “Тәңір Сионнан билігіңді құрғызады сенің, енді жауларыңа да үстемдік жүргізесің” (Забур 109:2).
10. а) Исаның өктемдігін орнатуының бастамасы қандай болды? ә) Исаның алғашқы жеңісі әлемге қалай әсер етті?
10 Алдымен, Иса өзінің ең қуатты жауларын, Шайтан мен оның жындарын, жеңіп шықты. Иса оларды көктен қуып шығып, жерге лақтырады. Уақыттарының аз екенін білетіндіктен, бұл зұлым рухтар бар ашуларын адамзатқа төгіп, жер бетіне қасірет әкелуде. Бұл қасірет Аян кітабында тағы үш салт атты адаммен бейнеленеді (Аян 6:3—8; 12:7—12). Иса ‘қайта келуі мен ақыр заманның жақындап қалғанының белгісі’ туралы алдын ала айтқандай, олардың атқа қонуы соғысқа, аштыққа және індетке әкелген (Матай 24:3, 7; Лұқа 21:7—11). Иса Шайтанның көзге көрінетін ұйымын түп тамырымен жойып, ‘өктемдігін орнатқанша’, бұл қасірет ‘толғақтың азабы іспетті’ күшейе түсетінінде сөз жоқa (Матай 24:8).
11. Мәсіхшілер қауымының тарихы Мәсіхтің патшалық билігі бар екенін қалай дәлелдейді?
11 Исаның патшалық билігі, сондай-ақ оның дүние жүзіне Патшалық туралы хабарды таратыңдар деген бұйрығы іске асу үшін мәсіхшілер қауымын қолдап-қорғап отырғанынан да көрінеді. Дүниежүзілік жалған діндер империясы Ұлы Бабыл мен қырғи-қабақ танытатын өкіметтердің қатыгездікпен қуғын-сүргін жасауына қарамастан, уағыздау ісі жалғасып қана жатқан жоқ, тарихта бұрын-соңды болмаған көлемде жүріп жатыр (Аян 17:5, 6). Бұл Мәсіхтің тақта отырғанының бұлтартпас дәлелі емес пе!? (Забур 109:3).
12. Неге адамдардың көбісі Мәсіхтің тақта отырғанын байқамайды?
12 Өкінішті-ақ, бірақ өздерін мәсіхші атайтындарды қоса алғанда адамдардың көбісі жерде болып жатқан маңызды оқиғалардың артында тұрған көрінбейтін жағдайларды байқамайды. Олар тіпті Құдай Патшалығы туралы куәлік ететіндерді келемеждейді (Петірдің 2-хаты 3:3, 4). Неге? Себебі Шайтан олардың саналарын соқыр қылып қойған (Қорынттықтарға 2-хат 4:3, 4). Ол өздерін мәсіхшіміз деп атайтындардың үстіне рухани түнектің пердесін жабуды көптеген ғасыр бұрын-ақ бастаған, бұл олардың тіпті Патшалыққа артқан қымбат үміттерінен бас тартуларына әкелді.
Патшалыққа артқан үміттің жоғалуы
13. Рухани түнек түскенде не болды?
13 Иса жолдан таюшылардың бидай арасына себілген бидайық сияқты мәсіхшілер қауымына еніп алып, көп адамды адастыратынын айтқан (Матай 13:24—30, 36—43; Елшілердің істері 20:29—31; Яһуда 4). Уақыт өте келе өздерін мәсіхші атайтындар жалған діндердің мейрамдары мен әдет-ғұрыптарын және ілімдерін қабыл алып, тіпті мұның бәрі мәсіхшілердікі деген. Мысалы, Мәсіхтің туған күнін (Рождество) тойлау Митра мен Сатурн есімді жалған құдайларға табынудан қалған. Бірақ неге олар мәсіхшілерге лайықсыз мұндай мейрамдарды тойлайды? Бір энциклопедияда “Мәсіхтің туған күнін тойлау Мәсіхтің жақында келетініне деген үміттің сөнуімен байланысты” екені айтылған (The New Encyclopedia Britannica, 1974).
14. Ориген мен Августиннің ілімдері Патшалық туралы шындықты қалай бұрмалаған?
14 Сонымен қатар “патшалық” деген сөздің мағынасының бұрмалануына көңіл бөлейік. Бір кітапта былай делінген: “Оригеннен [үшінші ғасырда өмір сүрген теолог] бастап мәсіхшілер “патшалық” деген сөзді Құдайдың өз билігін жүректе жүргізуі деген мағынада қолданады”. Ориген ілімін неге негіздеген? Жазбаларға емес, “Иса мен алғашқы шіркеудің ой-қалпына мүлдем ұқсамайтын пәлсапа принциптері мен осы дүниенің көзқарасына негізделген” (The Kingdom of God in 20th-Century Interpretation). “Құдайдың қаласы” деп аталатын еңбегінде Августин (б. з. 354—430 ж.) шіркеудің өзін Құдай Патшалығы деп айтқан (De Civitate Dei). Жазбаларға негізделмеген осындай көзқарастар жалған мәсіхшілер шіркеулерінің саяси билікке қол жеткізулерінің теологиялық негізін қалады. Ал олар ғасырлар бойы бұл билікті жиі қатыгездікпен жүргізіп келді (Аян 17:5, 18).
15. Көптеген жалған мәсіхшілер шіркеулерінің жағдайы Ғалаттықтарға 6:7-дегі сөздердің растығын қалай көрсетеді?
15 Бірақ бүгінде шіркеулер өздері еккен нәрсені оруда (Ғалаттықтарға 6:7). Олардың көбісі ықпалы мен адамдарынан айырылып жатқанға ұқсайды. Мұндай жағдай әсіресе Еуропада белең алуда. Бір журналға сәйкес “қазір Еуропадағы көп соборлар ғибадат ету үйлері емес, туристерден басқа ешкім келмейтін мұражайларға айналған” (Christianity Today). Мұндай жағдайды басқа да жақтардан байқауға болады. Жалған дін үшін бұл нені білдіреді? Ол жай ғана қолдаусыз қалғандықтан жойылып кете ме? Шынайы ғибадатты не күтіп тұр?
Құдайдың ұлы күніне дайын бол
16. Неге Ұлы Бабылдың күннен-күнге жек көрінішті болып бара жатқаны көңіл бұруға тұрарлық?
16 Бұрын тыныш жатқан жанартаудан шыққан түтін мен күл оның жақында атқылайтынын білдіретіні сияқты, көп жерлерде діннің күннен-күнге жек көрінішті болып бара жатқаны жалған діннің күндерінің санаулы екенін білдіреді. Жақында Ехоба дүниенің саяси бөліктерінің опасыз әйел Ұлы Бабылды әшкерелеп, жою үшін күштерін біріктірулеріне ықпал етеді (Аян 17:15—17; 18:21). Шынайы мәсіхшілер осы және ‘ауыр азаптың’ одан кейін болатын басқа да бөліктерінен қорқулары керек пе? (Матай 24:21, сілтемені қараңдар). Әрине, жоқ! Шын мәнінде Құдай зұлымдарға қарсы әрекет еткенде, олар қуану керек болады (Аян 18:20; 19:1, 2). Бірінші ғасырдағы Иерусалим мен онда тұрған мәсіхшілердің мысалын қарастырайық.
17. Неге Ехобаның адал қызметшілері бұл дүниенің ақырын сенімділікпен қарсы алады?
17 Рим әскері б. з. 66 жылы Иерусалимді қоршап алғанда, рухани сергек мәсіхшілер таңғалған да, қорыққан да жоқ. Құдай Сөзін жақсы зерттейтіндіктен, олар “оның ойрандалатын кезінің жақындап қалғанын” білген (Лұқа 21:20). Олар Құдай өздерінің қашып құтылуларына жағдай жасайтынын да білген. Осындай жағдай туғанда, мәсіхшілер қашып шықты (Даниял 9:26; Матай 24:15—19; Лұқа 21:21). Тура сол сияқты бүгінде де Құдайды білетін және оның Ұлына бағынатын адамдар бұл дүниенің ақырын сенімділікпен қарсы алуларына болады (Салониқалықтарға 2-хат 1:6—9). “Қиын-қыстау кезең” келгенде, олар қуанышпен ‘бастарын көтеріп, жоғары қарайды, себебі құтқарылулары жақын’ екенін біледі (Лұқа 21:28).
18. Гогтың Ехобаның қызметшілеріне шабуыл жасауының нәтижесі қандай болады?
18 Ұлы Бабыл қираған соң, Магог жерінен шыққан Гог, Шайтан, Ехобаның бейбіт Куәгерлеріне қарсы шешуші айқасқа шығады. Гогтың оп-оңай жеңіске жетеміз деп ойлаған қалың әскері “жер бетін жауып қалу үшін... бұлт сияқты” көтеріледі. Бірақ өздерін не күтіп тұрғаны олардың қаперіне де кіріп шықпайды-ау! (Езекиел 38:14—16, 18—23). Елші Жохан: “Қарағанымда, көктің ашылғанын және сонда тұрған ақ боз атты көрдім; оның үстінде Отырған “Адал да Ақиқат” деп аталады... Аузынан шыққан, халықтарды шауып тастайтын өткір семсері бар екен”,— деп жазды. Бұл көзге көрінбейтін “Патшалардың Патшасы” Ехобаның адал қызметшілерін құтқарып, олардың барлық жауларының көзін құртады (Аян 19:11—21). Исаның өзгеріске түсуімен бейнеленген оқиғаның шарықтау шегі неткен керемет!
19. Мәсіхтің толық жеңіске жетуі оның адал шәкірттеріне қалай әсер етеді және олар қазірден не істеуге күш салулары керек?
19 Иса сол күні ‘өзіне сенгеннің бәрін қайран қалдырады’ (Салониқалықтарға 2-хат 1:10). Сол кезде Құдайдың жеңімпаз Ұлын терең қастерлейтіндердің арасында болғың келе ме? Олай болса, сеніміңді нығайта бер және ‘дайын бол: күтпеген сәтте [Құдай Ұлы] Билеуші ретінде көктен қайтып келеді!’ (Матай 24:43, 44).
Сергек те қырағы бол
20. а) Құдайдың ‘адал да ақылды құл’ арқылы беріп отырған шаралары үшін ризашылығымызды қалай білдіре аламыз? ә) Өзімізге қандай сұрақ қойғанымыз дұрыс?
20 “Адал да ақылды құл” үнемі Құдай халқын рухани сергек те қырағы болуға шақырады (Матай 24:45, 46, ЖД; Салониқалықтарға 1-хат 5:6). Өз уақытында беріліп отыратын осы ескертулер үшін ризасың ба? Өміріңде маңызды істерді басты орынға қою үшін осы кеңестерді қолданасың ба? Неге өзіңнен: “Менде Құдай Ұлының көкте басқарып отырғанын көре алатын рухани түсінік бар ма? Оның Ұлы Бабыл мен Шайтанның дүниесінің қалған бөліктеріне қарсы шығарылған үкімді жүзеге асыруға дайын отырғанын байқаймын ба?”— деп сұрамасқа.
21. Неге кейбіреулер рухани көздерінің нұры таюына жол берген және олар бөгелместен не істеулері керек?
21 Ехобаның халқымен бірге болған кейбіреулер рухани көздерінің нұры таюына жол берген. Неге? Оларға бірінші ғасырдағы кейбір мәсіхшілер тәрізді тағат не төзімділік жетпеген болар. Әлде оларға күнделікті тұрмысты уайымдау, дүниеқорлық немесе қуғын-сүргін кері әсер етті ме екен? (Матай 13:3—8, 18—23; Лұқа 21:34—36). Мүмкін, кейбіреулерге “адал да ақылды құл” берген кейбір мәліметтерді түсіну қиын болған шығар. Егер осындай жағдайдың бірі сенде де болса, біз сені Құдай Сөзін құлшына зерттеуді қайта қолға алуға және Ехобамен мықты әрі тығыз қарым-қатынасыңды қалпына келтіре алу үшін оған дұға айтып жалбарынуға кеңес береміз (Петірдің 2-хаты 3:11—15).
22. Исаның өзгеріске түсуі мен онымен байланысты пайғамбарлықтарды қарастыру саған қалай әсер етті?
22 Шәкірттерін жігерлендіру керек болғанда, Иса оларға өзгеріске түсуі кезіндегі көріністі көрсеткен. Бүгін бізді нығайтатын бұдан да күшті жайт бар, бұл — осы әсерлі көрініс пен онымен байланысты көптеген пайғамбарлықтардың орындалуы. Осы керемет пайғамбарлықтардың орындалуы мен олардың болашаққа қатысты мағынасы туралы ой жүгірткенде, біз де шын жүректен: “Аумин!— Иеміз Иса, келе гөр!”— деген елші Жохан сияқты сезімге бөленетін болайық (Аян 22:20).
[Сілтеме]
a Бұл шарықтау шегіне, қиын-қыстау кезеңге, жеткенге дейін осы дүниедегі қиыншылықтардың жиілігі, күштілігі және ұзақтығы толғақтың азабы сияқты арта түсетінін білдіреді.
Естеріңде ме?
• 1870 жылдары Киелі кітапты зерттейтін кішігірім топ Мәсіхтің келуі туралы нені түсінді?
• Иса өзгеріске түскен кездегі көрініс қалай орындалды?
• Исаның өктемдігін орнатуға аттануы осы дүние мен мәсіхшілер қауымына қалай әсер етті?
• Иса өктемдігін толық орнатқанда, аман қалу үшін не істеуіміз керек?
[9-беттегі суреттер]
Пайғамбарлық көріністің орындалуы
[10-беттегі суреттер]
Мәсіх өктемдігін орнатуға аттанғанда не болғанын білесің бе?