Шынайы қауіпсіздік орнайтын кез бола ма?
СӘБИДІҢ мәз болып сүйіспеншілікке толы әке-шешесімен ойнап жатқанын көргенде, кімнің әуесі келмей тұра алады? Мұндай кезде қамқор әке-шешесі жанында тұрған сәби өзін толық қауіпсіздікте сезінеді. Дегенмен көп балалар үшін мұндай бақытты кезеңдер — жат нәрсе. Кейбір балалар күнде қайда түнейтіндерін білмей уайымдайды. Осындай баспанасыз жүрген балалар мен қауіпсіздікті аңсап жүрген басқа да адамдар үшін қандай да бір үміт бар ма?
Болашақ еш жақсылық әкелмейтіндей болып көрінгенімен, Құдай Сөзі бізге үміт береді. Ишая пайғамбар барлық адамдардың өздерін толық қауіпсіздікте сезінетін уақыттың келетінін айтып кеткен. Ол былай деп жазған: “Халқым үй салса, сонда өзі тұратын, жүзімдік отырғызса, соның жемісін өзі жейтін болады. Енді қайтып олардың үйлерінде бөтен кісілер тұрмайды, жүзімдіктерінің жемісін де жаулары жемейді” (Ишая 65:21, 22).
Бірақ бұл үміттің берік негізі бар ма? Себебі “үміт” деген сөздің өзі әрқашан міндетті түрде орындалатын нәрсеге қатысты айтылмайды ғой. Мысалы, Бразилияда жиі: “А эсперанса э а ультима ке морре” деген сөздерді естуге болады. Бұл сөздер “үміт өлмейді” дегенді білдіреді. Бұл көп адамдар үміттенуге еш негіз қалмаса да, үміттерін үзбейтінін көрсетеді. Бірақ тірі Құдайдың берген уәделері басқаша. Елші Пауыл: “Оған [Құдайға] сенген кісі ұятқа қалмайды”,— деп жазған (Римдіктерге 10:11). Киелі кітаптың осыған дейінгі орындалған пайғамбарлықтары Ехоба Құдайдың қалған уәделерінің бәрі де орындалатынына сенімімізді нығайтады. Сол уәделер орындалғанда, балаларды көшеде өмір сүруге мәжбүр етіп жатқан жағдайлар өткеннің ісі болып қалады.
Бүгіннің өзінде Киелі кітапта жазылған пайдалы кеңестер үмітсіз жүрген адамдардың өмірлерін жақсартып, шынайы қауіпсіздікті табуларына көмектесе алады. Қалайша? Төңірегіңізде тұрып жатқан Ехоба Куәгерлері осы сұрақтың жауабын табуыңызға қуана-қуана көмектеседі.