Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w04 1.10. 19—23 бет.
  • Бүгінде Құдайды кімдер мадақтауда?

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Бүгінде Құдайды кімдер мадақтауда?
  • 2004 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Олар ақталып, “сылтаурата алмайды”
  • ‘Соқыр жетекшілер’ көп адамды адастыруда
  • Құдайды шын мадақтап жүрген кімдер?
  • Сен Құдайды мадақтап жүрсің бе?
  • Ехобаның ұлылығын паш етіп жүрсің бе?
    2012 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Ехобаны дәріптейік!
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Құрметке бөленуіңе еш нәрсе кедергі жасамасын
    2013 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Барлығы Ехобаны мадақтасын
    2004 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
Көбірек мәлімет
2004 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w04 1.10. 19—23 бет.

Бүгінде Құдайды кімдер мадақтауда?

“Құдай Иеміз! Сен ұлылық, құрмет пен билікке лайықсың” (АЯН 4:11).

1, 2. а) Адамдардың табиғаттан көргендерін үлгі ретінде жиі қолданатыны қандай мысалдардан көрінеді? ә) Қандай сұрақ туындайды және оның жауабы қандай?

ШВЕД инженері Жорж де Местраль 1940 жылдардың бір күнінде итін жетелеп серуендеуге шығады. Үйіне қайтып келгенде, ол өзінің де, итінің де үстіне ошағанның ұсақ тікенектердің жабысып қалғанын байқайды. Әуестігі оянған ол тікенектерді микроскоппен қарағанда, жабысуға ыңғайлы кез келген нәрсеге ілініп қалатын өте ұсақ ілгектерді көріп таңғалады. Ақырында, ол мұның түйме немесе ілгек орнына қолданатын синтетикалық баламасын ойлап табады. Табиғаттан көргендерін үлгі ретінде қолданып, жаңалық ашқан жалғыз Жорж де Местраль емес. Құрама Штаттарында ағайынды Райттар үлкен құстардың ұшу қабілеттерін зерттей келе, аэроплан жасап шығарған. Француз инженері Александр Гюстав Эйфель адамның сан сүйегінің бүкіл дененің салмағын көтеретін қабілетін зерттей келе, сол принциптерге сүйеніп, Париждегі өз есімімен аталатын мұнараны соққан.

2 Бұл мысал адамдардың табиғаттан көргендерін жиі үлгі ретінде қолданып, жаңалықтар ашатынын жақсы көрсетеді. Алайда мынадай сұрақ туындайды: ұсақ тікенектерді, үлкен құстарды, адамның сан сүйегін, сондай-ақ құрылысына қарап адамдар көптеген жаңалықтар ашып жататын барлық басқа да керемет туындыларды жасаған Тұлғаны жаңалық ашушылар әрдайым мойындай ма? Өкінішті-ақ, дегенмен бүгінде Құдайды лайықты түрде мақтау немесе мадақтау өте сирек кездеседі.

3, 4. “Мадақ” деген еврей сөзі не нәрсеге қатысты айтылады және Ехобаға қатысты қолданғанда нені білдіреді?

3 Кейбіреулер былай деуі мүмкін: “Құдайды мадақтаудың қажеті не? Оның онсыз да даңқы зор емес пе?” Иә, Ехоба — Әлемдегі ең даңқты Тұлға, бірақ бұл барлық адам осылай ойлайды дегенді білдірмейді. Киелі кітапта “мадақ” деп аударылған еврей сөзінің негізгі мағынасы “ауырлық” дегенді білдіреді. Ол адамды басқалардың алдында маңызды, беделді ететін нәрсеге қатысты айтылады. Бұл сөз Құдайға қатысты қолданғанда, оның бойындағы адамға терең әсер қалдыратын нәрсеге қатысты айтылады.

4 Бүгінде Құдай болмысының терең әсер қалдыратынын байқайтын адамдар өте аз (Забур 9:25; 13:1). Шындығында, адамзат қоғамындағы беделді адамдар (егер өздері Құдайға сенетін болса) басқалардың мадақтауға лайықты Әлемнің Жаратушысын сыйламауларына ықпал етті. Қалайша?

Олар ақталып, “сылтаурата алмайды”

5. Көп ғалымдар жаратылыстың ғажайыптарын қалай түсіндіреді?

5 Көп ғалымдар Құдай жоқ деп үзілді-кесілді сөйлейді. Олай болса, олар адамды қоса алғанда жаратылыстың ғажайыптарын қалай түсіндіреді? Олардың айтуынша, бұл ғажайыптар эволюцияның, яғни соқыр кездейсоқтықтың, нәтижесінде пайда болған. Мысалы, эволюционист Стивен Джей Гулд былай деп жазған: “Біз бір ерекше балықтар тобының басқалардікіне ұқсамайтын желбезектерінің жерде жүретін жануарлардың аяқ-қолдарына айнала алуының арқасында өмір сүріп жатырмыз... Біз мүмкін бұдан гөрі “жоғары” себеп тапқымыз келетін шығар, бірақ ондай себеп жоқ”. Ричард Лики мен Роджер Луин деген ғалымдар да сол рухта былай деп жазды: “Адамзат — табиғаттың жай ғана үлкен биологиялық қателігі болуы мүмкін”. Тіпті табиғаттың сұлулығы мен құрылысына таң-тамаша болатын ғалымдардың өздері Құдайды мадақтамайды.

6. Неге көп адам Құдайды Жаратушы ретінде мойындауды доғарады?

6 Білімді адамдар эволюцияны факт ретінде көрсетулерімен, оған қараңғы адамдар ғана сенуден бас тартады дегенге меңзейді. Бұл қандай нәтижелер әкелуде? Эволюция теориясымен жақсы таныс бір адам бірнеше жыл бұрын оны мойындайтын адамдар арасында сауалнама жүргізген. Ол былай дейді: “Менің көз жеткізгенім, эволюцияға сенетін адамдардың көбісі кезінде оларға көзі ашық адамдардың бәрі солай ету керек деп айтқандықтан, оған сенеді екен”. Иә, білімдар адамдар атеистік көзқарас танытып жатқандықтан, басқалар да Құдайды Жаратушы ретінде мойындауды доғарады (Нақыл сөздер 14:15, 18).

7. Римдіктерге 1:20-ға сәйкес көзге көрінетін жаратылыстардан нені анық байқауға болады және неге?

7 Ғалымдардың тұжырымдары айғақтар мен дәлелдерге негізделген бе? Әлбетте, жоқ! Айналамыз Жаратушының бар екенін көрсететін дәлелдерге толы. Ол жайында елші Пауыл: “Өйткені Тәңірдің көзге көрінбейтін қасиеттері — Оның мәңгілік кұдіреті мен құдайлық болмысы дүние [адам баласы] жаратылғаннан бері айқын: бұларды Оның жаратқан нәрселерінен байқап, түсінуге болады. Сондықтан [сенбейтін] адамдар Құдайды біле алмадық деп сылтаурата алмайды”,— деп жазған (Римдіктерге 1:20). Иә, Жаратушының бар екенін оның жасаған істерінен анық көруге болады. Сондықтан Пауыл адамзат жаратылғаннан бері Құдайдың бар екенін оның көзге көрінетін жаратылыстарынан ‘байқап, түсіне’ алатынын айтқан. Оларды қайдан байқауға болады?

8. а) Қалай аспан әлемі Құдайдың құдіреті мен даналығы туралы куәлік етеді? ә) Ғаламның пайда болуына түрткі болған Алғашқы себептің болғанын неден көруге болады?

8 Құдайдың бар екенін жұлдызды аспаннан байқауға болады. “Құдайдың салтанатты ұлылығын аспан әлемі ашық паш етеді”,— деп жазылған Забур 18:2-де. “Аспан әлемі” — күн, ай және жұлдыздар — Құдайдың құдіреті мен даналығы туралы куәлік етеді. Сансыз көп жұлдыздарды көргенде таң-тамаша қалып, ерекше бір сезімге бөленеміз. Осы аспан денелерінің бәрі ғарышта ретсіз қозғалып жүрген жоқ, олар нақты физикалық заңдарға бағынадыa (Ишая 40:26). Бұл соқыр кездейсоқтықтың әсерінен пайда болды деуге бола ма? Бір қызығы, көп ғалымдар Ғаламның бастамасы болмағанын айтады. Мұның мәнін түсіндіре келе, бір профессор былай деп жазды: “Ғалам атам заманнан бар деген идея атеистер мен агностиктерге жағады. Ал Ғаламның бастамасы болған деген ой алғашқы себеп қажет дегенді білдіреді; әйтпесе ешбір келелі себепсіз мұндай салдардың болғанына кім сене алады?!”

9. Қалай жан-жануарлар Ехобаның даналығын көрсетеді?

9 Құдайдың бар екенін сонымен қатар жер бетінен де көруге болады. Забур жыршысы: “Сенің істерің қаншалықты көп десеңші, Тәңірім! Сен барлығын да даналықпен жасағансың; жер беті Сенің шығармаларыңа толы”,— деп жырлаған (Забур 103:24). Аңдарды қоса алғанда, Ехобаның ‘шығармалары’ оның даналығын көрсетеді. Жоғарыда тоқталып өткендей, тірі табиғаттың керемет жаралғандығы сонша, ғалымдар одан көргендерін үлгі ретінде жиі қолданады. Тағы бірнеше мысалды қарастырайық. Ғалымдар каскаларды мықтырақ етіп жасау үшін бұғының мүйізін зерттейді; олар есту аппаратының жетілген түрін жасау үшін есту қабілеті өте жақсы дамыған шыбындардың түрлерін зерттейді және радиолокатормен анықтау мүмкін емес аэропландарды бұрынғыдан да жетілдіре түсу үшін үкінің қанаттарының қауырсындарын зерттейді. Бірақ қанша тырысқанымен, адамдар табиғаттың кемелді үлгілерін дәлме-дәл қайталай алмайды. Бір ғылыми кітапта былай делінген: “Тірі табиғат жанғыш қазбаларын ысырап етпей, планетаны ластамай, оның болашағына қауіп төндірмей-ақ, біз жасағымыз келген нәрселердің бәрін жасап қойған” (Biomimicry — Innovation Inspired by Nature). Неткен даналық!

10. Ұлы Жаратушыны жоққа шығару неге қисынсыз? Мысал арқылы түсіндіріп беріңдер.

10 Көкке көз салсаң да, жердегі жаратылыстарға қарасаң да, Құдайдың бар екенін байқамау мүмкін емес (Ишая 45:12). Біз: “Құдай Иеміз! Сен ұлылық, құрмет пен билікке лайықсың. Өйткені бүкіл әлемді жаратқан Өзіңсің”,— деп дауыстап тұрған аспан жаратылыстарымен шын жүректен келіскеніміз жөн (Аян 4:11). Көп ғалымдар жаратылыстарға қарап таң-тамаша қалар, бірақ бұларды көруге көздері ашық болғанымен, Құдайдың бар екенін көруге келгенде, көкірек көздері ашылмаған күйінде қалады. Мұны келесі мысалмен түсіндіруге болады: Керемет салынған суретке сүйсініп, тамашалай отырып, қарапайым кенеп матаны шедеврге айналдырған суретшінің бар екенін мойындамау қандай қисынсыз болса, табиғаттың сұлулығы мен құрылысына қайран қала отырып, Ұлы Жаратушыны жоққа шығару да соншалықты ақылға қонымсыз. Құдайға сенуден бас тартатындар ақталып, “сылтаурата алмайды” деген сөздер қалай дәл айтылған!

‘Соқыр жетекшілер’ көп адамды адастыруда

11, 12. Тағдыр туралы ілім қандай тұжырымға негізделген және бұл ілімнің Құдайға мадақ әкелмейтіні неден көрінеді?

11 Көптеген Құдайға сенетін адамдар ғибадат етулерімен оны мадақтап жатырмыз деп шын жүректен сенеді (Римдіктерге 10:2, 3). Алайда шындығына келгенде, әлемдегі діндер миллиондаған адамдардың Құдайды мадақтауларына бөгет болуда. Қалайша? Оның екі мысалын қарастырайық.

12 Біріншіден, діндер жалған ілімдері арқылы Құдайды тиесілі даңқынан айыруда. Мысалы, тағдыр туралы ілімді алайық. Бұл ілім Құдайдың болашақты біле алатын құдіреті бар болғандықтан, ол әрбір нәрсенің немен аяқталатынын алдын ала біліп отыру керек деген тұжырымға негізделген. Осылайша, тағдырға сенетіндер әрбір адамның болашағын жақсы болсын, жаман болсын Құдай алдын ала белгілеп қояды деп түсінеді. Олай болса, бұл ілімге сай әлемде болып жатқан қайғы-қасірет пен зұлымдықтың бәріне де Құдай жауапты болғаны ғой. Бұдан Құдайдың мадақталуы екіталай, себебі бұл ілім Киелі кітапта “күнәкар дүниенің әміршісі” деп аталған Құдайдың басты жауы Шайтанның кесірінен болып жатқан зұлымдық атаулының бәріне Құдайды кінәлайды ғой! (Жохан 14:30; 1 Жохан 5:19).

13. Неге Құдай өзінің болашақты алдын ала білу қабілетін игере алмайды деу ақылға қонымсыз? Мысал арқылы түсіндіріп беріңдер.

13 Тағдыр — Құдайдың атына кір келтіретін және Киелі кітапқа негізделмеген ілім. Ол Құдай істей алатын нәрселерді оның шын мәнінде істеп жатқан нәрселерімен шатастырады. Құдайдың болатын оқиғаларды алдын ала білетіні Киелі кітапта анық айтылған (Ишая 46:9, 10). Бірақ ол өзінің болашақты алдын ала білу қабілетін игере алмайды деу немесе барлық нәрсенің тағдырын шешіп қояды деу ақылға симайды. Мысалы, сен орасан күштің иесі болдың делік. Онда көзіңе іліккен ауыр заттың бәрін көтере берер ме едің? Әрине, жоқ! Тура сол сияқты Құдайдың болашақты біле алатын қасиеті оның бәрінің немен аяқталатынын алдын ала белгілеп қояды дегенді білдірмейді. Ол бұл қабілетін жөнімен қолданадыb. Иә, тағдыр туралы ілімді қоса алғанда жалған ілімдер Құдайдың атына кір келтіреді.

14. Қалайша дәстүрлі діндер Құдайдың атына кір келтіріп жүр?

14 Екіншіден, дәстүрлі дін өкілдері жүріс-тұрыстары арқылы Құдайдың атына кір келтіруде. Мәсіхшілер Исаның ілімдері бойынша жүрулері керек. Басқа тәлімімен қоса, Иса ізбасарларын ‘бір-бірін сүюге’ және “осы күнәкар дүниенің адамдары” болмауға үйреткен (Жохан 15:12; 17:14—16). Ал христиан әлемінің дінбасылары жайлы не деуге болады? Олардың осы өсиеттерді орындап жүргендерін көруге бола ма?

15. а) Халықаралық соғыстарда дінбасылар қалай әрекет етеді? ә) Дінбасылардың іс-әрекеттері миллиондаған адамдарға қалай әсер етті?

15 Қарулы қақтығыстар кезіндегі дінбасылардың әрекеттерін қарастырайық. Олар халықаралық соғыстарға көз жұмып, қолдап, тіпті оларды жүргізу үшін басшылықты қолдарына алған. Олар әскерлерге бата беріп, қантөгісті ақтаған. Сондықтан еріксіз мынадай сұрақ туындайды: “Бұл адамдардың ойларына қарсыластарының да жағында өздері сияқты дінбасылары осылай етіп жүрген жоқ па деген ой келмей ме екен?” (“Құдай кімнің жағында?” деген қоршауды қараңдар). Қан судай аққан соғыстарда бізді Құдай қолдайды деулерімен дінбасылар Құдайды мадақтамайды. Киелі кітаптың нормалары ескірген деп айтуларымен және азғындықтың кез келген түріне көз жұмуларымен де, олар Құдайдың есіміне кір келтіреді. Олар Иса ‘әділетсіздік істеушілер’ және ‘соқыр жетекшілер’ деп атаған дінбасыларын еріксіз ойымызға түсіреді! (Матай 7:15—23; 15:14). Дінбасылардың іс-әрекеттерінің кесірінен миллиондаған адамдардың Құдайға деген сүйіспеншіліктері суып кетті (Матай 24:12).

Құдайды шын мадақтап жүрген кімдер?

16. Құдайды шын мадақтап жүрген кімдер деген сұрақтың жауабын табу үшін неге Киелі кітапқа үңілуіміз керек?

16 Егер жалпы әлемдегі белгілі және беделді адамдар Құдайды мадақтамайтын болса, оны кімдер мадақтап жүр? Оның жауабын табу үшін Киелі кітапқа үңілуіміз керек. Құдай өзін қалай мадақтау керек екенін айтуға құқы бар деу орынды және қалай мадақтау керек екенін өзінің Сөзі Киелі кітапқа жазып қойған (Ишая 42:8). Құдайды мадақтаудың үш жолын қарастырайық, әрі қарастыру барысында оны шын мадақтап жүрген кімдер деген сұрақтың жауабын табуға тырысайық.

17. Ехоба есімінің мадақталуы маңызды деп есептейтінін қалай көрсетті және кімдер бүгінде Құдайдың есімін бүкіл жер жүзіне даңқтап жатыр?

17 Біріншіден, Құдайды есімін даңқтау арқылы мадақтай аламыз. Бұл Құдайдың еркі екенін Ехобаның Исаға айтқан сөздерінен көруге болады. Өлімінен бірнеше ғана күн бұрын Иса: “Әке, атыңды ұлылыққа жеткізе гөр!” — деп дұға етеді. Сонда көктен: “Мен оны ұлылыққа жеткіздім және одан әрі де жеткізе беремін”,— деген үн естілді (Жохан 12:28). Мұны айтқан Ехобаның өзі болғанында күмән жоқ. Берген жауабынан есімінің мадақталғаны ол үшін маңызды екені айдан анық көрінеді. Олай болса, бүгінде Ехобаның есімін басқаларға жеткізіп, оны бүкіл жер жүзінде даңқтау арқылы, оны мадақтап жүрген кімдер? Ехоба Куәгерлері. Олар бұл істі 235 елде атқарып жүр! (Забур 85:11, 12).

18. Құдайға “шындықпен” ғибадат етіп жүргендерді қалай анықтай аламыз және ғасырдан аса уақыт Киелі кітаптағы шындыққа кім үйретіп жүр?

18 Екіншіден, өзгелерді Құдай туралы шындыққа үйрету арқылы оны мадақтай аламыз. Иса шынайы ғибадат етушілер оған “шындықпен” ғибадат етуге тиіс екендерін айтқан (Жохан 4:24). Құдайға “шындықпен” ғибадат етіп жүргендерді қалай анықтай аламыз? Олар Құдай және оның еркі туралы шындықты бұрмалайтын әрі Киелі кітапқа негізделмеген ілімдерді ұстанбаулары керек. Керісінше, олар Құдай Сөзіндегі таза шындыққа үйретеді. Мысалы: Ехоба — Ең жоғарғы Құдай және өз дәрежесіне сай мадақталуға сол ғана лайық (Марқа 5:7, сілтемені қараңдар); Иса — Құдайдың Ұлы және оның Патшалығының тағайындалған Билеушісі (1 Қорынттықтарға 15:27, 28); Құдай Патшалығы Ехобаның есімін қасиетті етеді және оның жер мен адамзатқа қатысты ниетін іске асырады (Матай 6:9, 10); Осы Патшалық жайлы ізгі хабар бүкіл жер бетіне таралу керек (Матай 24:14). Міне, ғасырдан аса бір ғана топ осы бағалы шындықты басқаларға адалдықпен үйретіп жүр, бұл — Ехоба Куәгерлері!

19, 20. а) Неге мәсіхшілердің жақсы жүріс-тұрыстары Құдайды мадақтайды? ә) Бүгінде жақсы жүріс-тұрыстарымен кімдердің Құдайды мадақтап жүргенін анықтауға қандай сұрақтар көмектеседі?

19 Үшіншіден, біз Құдайдың талаптары бойынша өмір сүру арқылы оны мадақтай аламыз. Елші Петір: “Құдайға мойынсұнбайтын халықтар арасында адал өмір сүріңдер! Олар сендерді жамандық жасаушылар деп айыптайды. Алайда өз көздерімен көріп жүрген игі істеріңе бола, Тәңір бізді құтқаруға келген күні олар Оны мадақтайтын болады”,— деп жазған (1 Петір 2:12). Мәсіхшілердің жүріс-тұрыстарынан олардың сенімдерінің қандай екенін байқауға болады. Бұл сырт көзге байқалатын болса, яғни сырттан қараған кісіге мәсіхшілердің сенімдері олардың жақсы жүріс-тұрыстарына әсер ететіні көрінсе, бұл Құдайға даңқ әкеледі.

20 Кім бүгінде жақсы жүріс-тұрыстарымен Құдайды мадақтауда? Қай діни топ көптеген мемлекеттерде бейбіт болғандары үшін, заңға бағынышты азаматтар ретінде және салықты төлеп тұрғандары үшін мақтау сөздер естіп жатады? (Римдіктерге 13:1, 3, 6, 7). Қандай адамдар нәсілдік, ұлттық және этникалық айырмашылықтарына қарамастан, өзара татулықтарымен дүние жүзіне мәлім? (Забур 132:1; Елшілердің істері 10:34, 35). Қандай топ заңды, отбасындағы құндылықтарды және Киелі кітаптың құлықтылық нормаларын сыйлауға үйрететін Киелі кітапқа негізделген білім берулерімен дүние жүзіне танымал? Осы және басқа да салаларда үлгілі жүріс-тұрыстарымен көзге түсетін бір ғана топ бар, бұл — Ехоба Куәгерлері!

Сен Құдайды мадақтап жүрсің бе?

21. Неге өзіміздің Ехобаны мадақтап жатқан-жатпағанымыз туралы ойланғанымыз жөн?

21 Әрқайсымыз: “Өз басым Ехобаны мадақтап жүрмін бе?” — деп сұрақ қойғанымыз жөн. Забурдың 148-жырынан жаратылыстардың бәрі дерлік Құдайды мадақтайтыны көрінеді. Періштелер, аспан әлемі, жер және ондағы жан-жануарлардың барлығы да Ехобаны даңқтайды (1—10 тармақтар). Адамдардың көбісі олай етпейтіні өкінішті-ақ! Құдайды мадақтайтындай өмір кеше отырып, сен де Ехобаны мадақтап жатқан жаратылыстардың қатарына қосыласың (11—13 тармақтар). Өміріңді осыған жұмсағаннан артық ештеңе жоқ.

22. Ехобаны мадақтай отырып, қандай баталарға ие болудасың және не істеуге беліңді бекем буғаның дұрыс?

22 Ехобаны мадақтай отырып, көптеген баталарға ие боласың. Мәсіхтің төлем құрбандығына сенім білдіретіндіктен, Құдаймен татуласып, көктегі Әкеңмен қуанышты әрі игілікті қарым-қатынасқа ие боласың (Римдіктерге 5:10). Құдайды мадақтайтын себептерді көрген сайын қуанышың мен ризашылығың арта түседі (Ишая 51:11). Сондай-ақ басқалардың бақытты және мағыналы өмір сүрулеріне көмектесе аласың, бұдан өзіңнің де бақытың арта түседі (Елшілердің істері 20:35). Қазір және мәңгілік Құдайды мадақтап өтуге белдерін бекем буғандардың арасында бол!

[Сілтемелер]

a Аспан әлемінің Құдайдың даналығы мен құдіретін қалай көрсететіні жайлы көбірек білу үшін Ехоба Куәгерлері басып шығарған “Ехобаға жақында” (ор.) кітабының 5-ші және 17-ші тарауларын қарауға болады.

b Ехоба Куәгерлері басып шығарған “Киелі жазбаларды түсіну” (ағ.) энциклопедиясының І том, 853-бетін және “Күзет мұнарасының” (ор.) 1995 жылғы 15 ақпандағы санының 5—7 беттерін қараңдар.

Естеріңде ме?

• Неге жалпы алғанда ғалымдар адамдардың Құдайды мадақтауларына көмектеспейді деуге болады?

• Қалай діндер адамдардың Құдайды мадақтауларына бөгет болуда?

• Құдайды қалай мадақтай аламыз?

• Неге өзіңнің Ехобаны мадақтап жүрген-жүрмегенің туралы ойланғаның дұрыс?

[21-беттегі қоршау]

“Құдай кімнің жағында?”

Екінші дүниежүзілік соғыста Германияның әскери-әуе күштерінде қызмет еткен, бірақ кейіннен Ехоба Куәгері болған бір кісі былай деп есіне алады:

“Менің сол жылдары түсінбегенім... діндердің басым көпшілігінің дінбасылары, мейлі ол католик, лютеран, англикан немесе тағы басқа болсын, бомба тастау үшін жорыққа аттанарда ұшақтар мен ұшқыштарға баталарын беріп жатқандары болды. Мен жиі өзіме: “Құдай кімнің жағында?” — деген сұрақ қоятынмын.

Неміс әскерлері “Gott mit uns” (“Бізге Құдай жақ”) деген жазуы бар белбеу тағынып жүретін. Бірақ мен: “Дініміз де, Құдайымыз да бір ғой, неге Құдай оларға емес, бізге жақ?” — деп ойлайтынмын.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу