Сеніммен күтуге болатын мұра
“ЕГЕР біреу сізге иесі жоқ мұра күтіп тұр деп хабарласа, сақ болыңыз. Сізді алаяқ көздеп жүрген болуы мүмкін”.
Құрама Штаттарының пошта инспекциясы өзінің Web-сайтына осы ескертуді ендірген болатын. Неге? Себебі мыңдаған адам: “Сіздің туысыңыз қайтыс болды. Сізге мұра қалдырып кетті”,— деген хат алған. Нәтижесінде көп адам мұраның қай жерде екенін және оны қалай алуға болатынын біліп береді деп, 30 және одан да көп АҚШ долларын сондай бейтаныс біреулерге жіберген. Бірақ олардың қатты көңілдері қалған. Бұл адамдардың бәріне бірдей хат келген, бірақ мұндай “батпан құйрықтың” қолдарына тимесі анық еді.
Мұндай айлакерлер адамның мұраға ие болғысы келетін табиғи қалауын пайдаланады. Киелі кітапта да мұра қалдыратындарды қоштай отырып: “Ізгі жан немерелеріне де мұра қалдырады”,— деп айтылған (Нақыл сөздер 13:22). Тіпті Иса Мәсіхтің өзі Таудағы уағызында жақсы танымал әрі жүрекке жылы тиетін мынадай сөздер айтқан: “Кіші пейілділер бақытты: Олар жерді иемденетін [“мұра ететін”, ЖД] болады!” (Матай 5:5).
Исаның сөздері ежелгі Исраил патшасы Дәуіттің бірнеше ғасыр бұрын киелі рухтың жетелеуімен жазған сөздерін еске салады: “Момындар жерді мұра етіп, бейбітшіліктің көптігімен рақаттанады” (Забур 36:11).
‘Жерді мұра ету’ — қандай керемет болашақ! Алайда біз мұның адамдарды тақырға отырғызып кететін жай ғана айланың тағы біреуі емес екеніне сенімді бола аламыз ба? Иә, сенімді бола аламыз. Жер Ехобаның керемет жаратылыстарының бірі болғандықтан, Жаратушы әрі Иесі ретінде, ол оны мұра етіп кімге берем десе де құқылы. Дәуіт патша арқылы Ехоба сүйікті Ұлына пайғамбарлық мәні бар уәде берген: “Менен сұра, иелігіңе сенің халықтарды мәңгілікке беремін. Шартарапты қол астыңа өткіземін” (Забур 2:8). Сол себептен елші Пауыл Исаны ‘барлығының иесі етіп тағайындалған’ тұлға ретінде суреттеген (Еврейлерге 1:2). Сондықтан Исаның момындар ‘жерді мұра етеді’ деп шын сеніммен айтқанына және уәдесін орындауға билігі бар екеніне еш күмәнданбасақ та болады (Матай 28:18).
Олай болса, мынадай сұрақ туындайды: Ол уәде қалай іске асады? Бүгін қайда қарасақ та, озбырлар мен көкіректердің жолдары болып, қалаған нәрселерін алып жатқан сияқты. Онда момындарға мұра ретінде не қалмақ? Оның үстіне, ластанып кеткендіктен, жер беті қатты бүлінуде әрі ашкөз, келешегін ойламайтын адамдар жер қойнауындағы байлықтарды сарып етуде. Онда Жер асыл мұра бола ала ма? Осы және басқа да маңызды сұрақтардың жауабын табу үшін келесі мақаланы оқуға шақырамыз.
[3-беттегі сурет]
Нағыз мұраға ие боласыз ба?