Оқырмандардың сауалдары
2 Қорынттықтарға 6:14-те Пауыл ‘сенбейтіндер’ деген сөзді кімге қатыстырып айтқан?
2 Қорынттықтарға 6:14-те (сілтемеде) былай деп оқимыз: “Сенбейтіндермен бірге “бір қамытты кимеңдер”. Егер контекске қарайтын болсақ, Пауылдың мәсіхшілер қауымына жатпайтын адамдар жайында айтып тұрғаны анық көрінеді. Бұл Пауылдың “сенбейтін” немесе “сенбейтіндер” деген сөздерді қолданған басқа тармақтардан да көрінеді.
Мысалы, Пауыл мәсіхшілерге “сенбейтіндердің сотына” жүгінгендері үшін қатаң сөгіс берген (1 Қорынттықтарға 6:6). Бұл жерде сенбейтіндер деп Қорынт қаласының сотындағы судьяларды айтып тұр. Пауыл өзінің екінші хатында Шайтан сенбейтіндердің саналарын ‘соқыр қылып қойғанын’ айтқан. Мұндай сенбейтіндердің көздерін ізгі хабарды көрмейтіндей етіп “перде” жауып тұр. Пауыл бұрынырақта түсіндіргендей, ‘Иемізге бет бұрғанда “перде” алынып тасталар’ еді, бірақ сенбейтіндердің іс-әрекеттерінен олардың Ехобаға қызмет еткісі келмейтіндіктері көрінеді (2 Қорынттықтарға 3:16; 4:4).
Сенбейтіндердің кейбіреулері заңсыздық пен пұтқа табынумен айналысады (2 Қорынттықтарға 6:15, 16). Алайда олардың барлығы да Ехобаның қызметшілеріне қарсылық көрсете бермейді. Кейбіреулері шындыққа қызығушылық білдіреді. Көбісінің жары мәсіхші және олар бірге тұра беруге дайын (1 Қорынттықтарға 7:12—14; 10:27; 14:22—25; 1 Петір 3:1, 2). Дегенмен Пауыл әдетте “сенбейтіндер” деген сөзді жоғарыда айтылып кеткендей, ‘Иеміздің қауымының’ мүшесі болып табылатын мәсіхшілердің қатарына жатпайтындарға қатысты қолданған (Елшілердің істері 2:41; 5:14; 8:12, 13).
2 Қорынттықтарға 6:14-те жазылған принцип мәсіхшілер үшін өмірдің барлық саласында маңызды және жиі өзіне жар іздеп жүрген мәсіхшілер үшін дана кеңес ретінде келтіріледі (Матай 19:4—6). Өмірін Құдайға бағыштаған, шомылдыру рәсімінен өткен мәсіхші даналық танытып, құлықтылық нормалары, мақсаттары және нанымдары шынайы мәсіхшілерден мүлдем өзгеше сенбейтіндердің арасынан өзіне жар іздемейді.
Бірақ Киелі кітапты зерттеп, мәсіхшілердің қауымдарына келіп жүргендер жайлы не деуге болады? Шомылдырылмаған жариялаушылар туралы ше? Оларды сенбейтіндер деуге бола ма? Жоқ. Ізгі хабардың шындығын қабылдап, рухани өсіп, шомылдыру рәсімінен өту үшін талаптанып жүргендерді сенбейтіндер деу дұрыс емес (Римдіктерге 10:10; 2 Қорынттықтарға 4:13). Шомылдыру рәсімінен өтпей тұрып-ақ Корнел “шын жүректен Құдайды қастерлейтін” адам деп аталған (Елшілердің істері 10:2).
Олай болса, Пауылдың 2 Қорынттықтарға 6:14-те жазылған кеңесі дәл бұл жағдайға келмейтіндіктен, өзін Құдайға бағыштаған мәсіхшілердің шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушылармен жақын қарым-қатынас дамытып, үйленгендері даналыққа жата ма? Жоқ, бұл даналыққа жатпайды. Неге? Себебі Пауылдың жесір қалған мәсіхшілерге арналған кеңесі бар. Ол: “Кімге тием десе де өз еркі, тек екеуі де Иемізбен тығыз байланыста тұрсын”,— деп жазған (1 Қорынттықтарға 7:39). Осы тармақта өмірін Құдайға бағыштаған мәсіхшілерге өздеріне жарды тек қана ‘Иемізбен тығыз байланыста тұрғандардың’ арасынан іздеуге кеңес беріледі.
“Иемізбен тығыз байланыста” деген тіркес нені білдіреді? Пауыл Римдіктерге 16:8—10-да және Қолостықтарға 4:7-де осындай мәсіхшілер жайлы айтқан. Бұл тармақтарды оқысақ, бұлар ‘Мәсіхтің қызметіндегі әріптестер’, ‘сенімі дәлелденгендер’, ‘сүйікті бауырластар’, ‘адал көмекшілер’ әрі ‘Иемізге бірге қызмет етушілер’ екенін көреміз.
Қашан адам “Иемізге бірге қызмет етуші” болады? Бұл ол өз еркімен өмір сүруден бас тартып, құл сияқты әрекет етуге дайын болғанда болады. Иса: “Маған еріп шәкіртім болғысы келген әркім өз еркі бойынша өмір сүруін қойсын, әрі айқышын арқалаған кісідей азапты өлімге дайын болып Менің жолыммен жүрсін!” — деп түсіндіреді (Матай 16:24). Өмірін Құдайға бағыштаған кезде, адам өзін-өзі толығымен Құдайдың еркін орындауға бағындырып, Мәсіхтің ізімен жүруді бастайды. Бұдан соң ол шомылдыру рәсімінен өтіп, құқылы түрде Ехоба Құдайдың мақұлдауына ие болған қызметшісі боладыa. Олай болса, ‘Иемізбен тығыз байланыстағы’ адамға үйлену деген Құдайға шын сенетінін көрсеткен, өзін “Құдайдың және Иеміз Мәсіхтің басыбайлы қызметшісі” болуға бағыштаған адамға үйленуді білдіреді (Жақып 1:1).
Ехоба Куәгерлерімен Киелі кітапты зерттеп, рухани жетістіктерге жетіп жатқан адам мақтауға лайық. Бірақ ол әлі өзін Ехобаға бағыштаған жоқ және жанқиярлықпен қызмет ету жолына түскен жоқ. Ол қажетті өзгерістерді енді жасап жатыр. Өмірінде үйлену сияқты үлкен өзгеріс жасауды ойланбас бұрын, ол бағышталу және шомылдыру рәсімінен өту тәрізді одан да маңызды өзгеріс жасауы керек.
Мәсіхшінің Киелі кітапты зерттеп, жақсы жетістіктерге жетіп жатқан сияқты көрінген адамға, мүмкін шомылдыру рәсімінен өткен соң, үйлену ниетімен жақын қарым-қатынас дамыту даналыққа жата ма? Жоқ. Өмірін Құдайға бағыштаған мәсіхшінің өзіне үйленгісі келетінін, бірақ шомылдыру рәсімінен өтпейінше үйленбейтінін түсінсе, Киелі кітапты зерттеп жүрген адамның ниеті бұзыла бастауы мүмкін.
Әдетте адам шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушы болып ұзақ уақыт жүре бермейді. Сондықтан тек Иемізбен тығыз байланыстағы адаммен неке құру қол жетпейтін нәрсе емес. Ал үйленетін жасқа жеткен, мәсіхші отбасында өскен және көп жылдан бері қауым істеріне белсенді атсалысып жүрген, бірақ шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушы жайында не деуге болады? Мұндай жағдай болса, оған өмірін Ехобаға бағыштауға не кедергі болып жүр? Ол неге кідіреді? Оның күмәнданатын нәрселері бар ма? Ол Құдайға сенбейтін болып есептелмегенімен, “Иемізбен тығыз байланыста” тұрған адам да емес.
Пауылдың үйленуге қатысты берген кеңесі біздің пайдамыз үшін берілген (Ишая 48:17). Болашақ жұбайлар өмірлерін Ехобаға бағыштаған болса, олардың некелерінің берік рухани негізі болады. Олардың бағалайтын нәрселері де, мақсаттары да бір болады. Бұл некенің бақытты болуына едәуір септігін тигізеді. Оның үстіне, ‘Иемізбен тығыз байланыста тұрған’ адамға үйленгенде, мәсіхші Ехобаға деген адалдығын көрсетеді және мәңгілік батаға ие болады, себебі ‘шексіз берілген адамға [Ехоба да] шексіз берілгендігін көрсетеді’ (Забур 18:25, ЖД [17:26]).
[Сілтеме]
a Пауыл хатын алғаш жолдаған майланған мәсіхшілер үшін “Иемізге бірге қызмет етуші” болу, сонымен қатар Құдайдың ұлдары және Мәсіхтің бауырлары ретінде майлануды білдіреді.
[31-беттегі сурет]
Шексіз берілген адамға Ехоба да шексіз берілгендігін көрсетеді’