Сіздің дұғаларыңыз қиын жағдайға тап болғанда көмектесе ала ма?
ҚАЙСЫМЫЗ өзіміз ықпал ете алмайтын қиын жағдайға кезікпедік? Киелі кітаптан елші Пауыл дұғаның осындай қиын жағдайда көмектесе алатынын білгені көрінеді.
Пауыл әділетсіз түрде Римдегі түрмеге жабылғанда, бауырластардың дұға етуін өтініп: “Маған тезірек өздеріңе қайтып баруға жол ашсын деп Тәңірімізден тілеулеріңді ерекше өтінемін”,— деген (Еврейлерге 13:18, 19). Тағы бір жағдайда Пауыл өзінің ертерек босануын сұраған дұғаға Құдайдың жауап беретініне сенімділік білдірген (Філимонға 22). Ол көп ұзамай бостандыққа шығып, миссионерлік қызметін жалғастырады.
Бірақ дұға сіз қиын жағдайға тап болғанда көмектесе ала ма? Мүмкін. Алайда дұға жай ғана ойланбастан қайталай беретін діни жора емес екенін есіңізден шығармаңыз. Бұл — біздің сүйіспеншілігі мен құдіреті шексіз көктегі Әкемізбен еркін әрі ашық сөйлесу. Біз нақты өтініштер айтуға қысылмағанымыз жөн, содан соң Ехобаның жауабын шыдамдылықпен күтуіміз керек.
Құдай әрбір дұғамызға тікелей жауап бере бермеуі мүмкін, әрі үнемі өзіміз ойлағандай және өзіміз күткен уақытта жауап бермеуі мүмкін. Мысалы, Пауыл өзінің “шаншылып түйрелу азабы” жайлы бірнеше қайтара дұға еткен. Құдай оны бұл қиыншылығынан құтқарған жоқ, бірақ: “Менің рақымым саған жетер: күшсіз жағдайыңда Менің құдіретім толықтай іске аса алады”,— деп, оны күш беретін сөздермен жұбатты (2 Қорынттықтарға 12:7—9).
Құдай тіпті белгілі бір қиыншылығымыздан құтқармаса да, ‘шыдауға күш-қуат беріп, құтылып шығудың лайықты жолымен қамтамасыз ететініне’ біз де сенімді болуымызға болады (1 Қорынттықтарға 10:13). Жақында Құдай барлық қайғы-қасіретті жояды. Ал ол уақыт келгенше, ‘дұғаларды тыңдайтын’ Құдай айтқан өтініштерімізге құлақ асып, қиын жағдайға тап болғанда көмектесуі мүмкін (Забур 64:3).