Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w04 1.6. 23—28 бет.
  • Құдайды мадақтайтындар батаға ие болады

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Құдайды мадақтайтындар батаға ие болады
  • 2004 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Ежелде болған қиындық
  • Бүгінгі ғибадат еткенде кездесетін қиындықтар
  • Берілу керек пе, әлде қарсы күресу керек пе?
  • Патшалықтың жариялаушылары ретінде Құдайды мадақтаймыз
  • Қызмет етуге “есік айқара ашық”
  • Құдайдың салтанатты ұлылығын көрсетесің бе?
    2005 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
2004 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w04 1.6. 23—28 бет.

Құдайды мадақтайтындар батаға ие болады

“Барлық халықтар алдыңа келіп бас иеді, Тәңірім, Сенің атыңды мадақтайды” (ЗАБУР 85:9).

1. Неге біздің Құдайды мадақтауға келгенде жансыз жаратылыстарға қарағанда артықшылығымыз бар?

ЕХОБА — барлық жаратылыстарының мадақтауына лайық. Жансыз жаратылыстары оны үнсіз мадақтайтын болса, біздің, яғни адамдардың, ойланатын, түсінетін, бағалай білетін және ғибадат ететін қабілетіміз бар. Сондықтан забур жыршысының: “Бар әлем жырлаңдар Иеңді дауыстап. Оның есімін мадақтап ән айтыңдар, Оны мадақтаңдар, даңқтаңдар”,— деген сөздері бізге арнап айтылған (Забур 65:1, 2).

2. Құдайдың есімін мадақтауға қатысты бұйрыққа кім үн қатты және неге?

2 Адамдардың көбісі Құдайды мойындаудан немесе оны мадақтаудан бас тартады. Бірақ 235 елде алты миллионнан астам Ехоба Куәгерлері жаратылыстары арқылы оның ‘көзге көрінбейтін қасиеттерін’ көретіндерін және жаратылыстардың үнсіз куәліктерін ‘еститіндерін’ көрсетуде (Римдіктерге 1:20; Забур 18:3, 4). Олар Киелі кітапты зерттеу арқылы Ехоба жайлы біліп, оған деген сүйіспеншілік дамытқан. Забур 85:9, 10-да алдына ала: “Барлық халықтар алдыңа келіп бас иеді, Тәңірім, Сенің атыңды мадақтайды, өйткені Сен ұлысың және кереметтер жасайсың; Құдай — Сен, жалғыз Сен ғана”,— деп айтылған.

3. Қалай ‘өте үлкен тобыр’ ‘күні-түні қызмет етуде’?

3 Аян 7:9, 15-те де ‘өте үлкен тобыр’ ‘[Құдайға] күні-түні киелі үйінде қызмет етушілер’ ретінде суреттеледі. Бұл Құдай қызметшілерінен тура мағынада үзбей мадақтауды талап етеді дегенді білдірмейді, бірақ Құдайдың қызметшілері дүниежүзілік ұйым болып табылатындықтан, бір жерлерде түн боп тұрғанда, жердің басқа бетіндегі Құдайдың қызметшілері куәлік етумен айналысып жатады. Осылайша Құдайды мадақтап жатқандар үшін ешқашан күн сөнбейді деп айтуға болады. Жақында “жаны барлар түгелдей” зор дауыспен Ехобаны мадақтайтын болады (Забур 150:6). Ал өзімізге келер болсақ, қалай біз әрқайсысымыз Құдайды мадақтай аламыз? Біз қандай қиындықтарға кезігуіміз мүмкін? Құдайды мадақтағандар қандай батаға ие болады? Осы сұрақтарға жауап беру үшін Киелі кітаптағы Исраилдің Ғад руы жайлы жазылған мәліметті қарастырып көрейік.

Ежелде болған қиындық

4. Ғад руы қандай қиындықтарға кезікті?

4 Уәде етілген жерге кірмес бұрын Исраил халқының Ғад руы Иорданның шығыс жағындағы малға жайлы жерге қоныстануларына рұқсат беруін сұрады (Руларды санау 32:1—5). Бұл жерде қалса, олар бірталай қиындықтарға сөзсіз кезігер еді. Ал Иордан алқабы батыс жақтағы рулар үшін жау шапқан жағдайда табиғи пана болар еді (Ешуа 3:13—17). Бірақ Иорданның шығыс жағындағы жағдай басқаша еді. “Қасиетті жердің тарихи географиясы” атты кітабында Джордж Адам Смит былай дейді: “[Бұл жерлер] Арабия қыратының үстіндегі еш кедергісі жоқ кең жазық болатын. Сол себептен бұл жер кейбірі жыл сайын тобырымен келіп шауып кететін жайылым іздеген аш көшпенділер үшін барлық жағынан ашық болатын” (The Historical Geography of the Holy Land).

5. Жақып жау шапқан жағдайда Ғадтың ұрпақтарын не істеуге шақырған?

5 Мұндай ауыр қысымға Ғад руы қалай төтеп берер екен? Бірнеше ғасыр бұрын, бабалары Жақып өлер алдында: “Тонаушылар тобы Ғадты ығыстырады, бірақ ол барлық жауларын да өкшелеп тықсырады”,— деп алдын ала айтқан (Жаратылыс 49:19). Бір қарағанда бұл сөздер суық естілуі мүмкін. Бірақ, шын мәнінде, бұл сөздер Ғад руының адамдарын қарсы әрекетке шақырған үндеу болатын. Егер солай ететін болса, Жақып олар шабуыл жасағандарды масқара етіп, тықсыра қуып тастайтынын айтқан.

Бүгінгі ғибадат еткенде кездесетін қиындықтар

6, 7. Бүгінгі мәсіхшілердің жағдайы қай жағынан Ғад руының жағдайына ұқсайды?

6 Ғад руы тәрізді бүгін де мәсіхшілер Шайтанның дүниесінен келетін қысым мен ауыртпалықтарға кезігуде; бұл күрестен бізді құтқаратын ғажап қорғаныш жоқ (Әйүп 1:10—12). Көбіміз мектепке барғанда, күн көріске ақша тапқанда және бала тәрбиелегенде қысымға төтеп беруге тура келеді. Сонымен қатар өз кемшіліктерімізбен немесе ішкі сезімдерімізбен күресеміз. Кейбіреулер кәріп болу немесе денсаулықтың нашарлығы тәрізді ‘шаншылып түйрелу азабынан’ қиналып жүр (2 Қорынттықтарға 12:7—10). Басқалары болса өзін түкке тұрғысыз сезінеді. Кәріліктің ‘ауыр күндері’ жасы келген мәсіхшілерге Ехобаға бұрынғыдай қызмет етуіне кедергі болуы мүмкін (Екклесиаст 12:1).

7 Елші Пауыл сонымен қатар біздің ‘көзге көрінбейтін дүниедегі зұлым рухтарға қарсы күресетінімізді’ есімізге салады (Ефестіктерге 6:12). Біз Шайтан мен оның жындары тудыратын ‘осы дүниелік рухтың’, бүлікшіл әрі азғындық рухтың, әсерін үнемі сезінудеміз (1 Қорынттықтарға 2:12; Ефестіктерге 2:2, 3). Құдайға ұнамды адам Лут тәрізді біз де айналамыздағы адамдардың сөздерімен де, істерімен де жасап жатқан әдепсіздіктерін көріп қиналатын шығармыз (2 Петір 2:7). Оның үстіне, Шайтан бізге тікелей шабуыл жасауда. Шайтан ‘Құдайдың бұйрықтарына бағынып, Исаның шынайы хабарына адал болып жүрген’ майланған тамтықпен соғыс жүргізіп жатыр (Аян 12:17). Исаның ‘басқа қойлары’ да тыйым салу мен қуғын-сүргін түрінде жасап жатқан Шайтанның шабуылына кезігуде (Жохан 10:16).

Берілу керек пе, әлде қарсы күресу керек пе?

8. Шайтанның шабуылы бізге қалай әсер ету керек және неге?

8 Шайтанның шабуылдары бізге қалай әсер ету керек? Ежелдегі Ғад руы тәрізді біз де Құдайдың басшылығына сүйене отырып, рухани күшті болып, қарсы күресуіміз керек. Өкінішке орай, кейбіреулер рухани жауапкершіліктеріне немқұрайды қарап, өмірдің қыспағына бой алдыра бастаған (Матай 13:20—22). Бір Куәгер өз қауымындағы адамдардың қауымға келуінің неге сиреп кеткенін айтып: “Бауырластар, шын мәнінде, шаршаған. Олардың әбден еңселері түскен”,— дейді. Шынында да, бүгінде адамдарды шаршататын нәрселер көп. Сондықтан Құдайға ғибадат ету де ауыртпалықтың бір түрі, артып қойған жүк тәрізді көріне бастауы оп-оңай. Бірақ бұндай көзқарас дұрыс па?

9. Қалай Мәсіхтің қамытын киіскеннен жанымыз тыныштық табады?

9 Өзінің күндеріндегі қазіргідей өмірдің қысымынан әбден қалжыраған тобырға Исаның не айтқанын қараңдаршы: “Қиналып қатты шаршап-шалдыққандар, Еңселерін тым ауыр жүк басқандар, Менің қасыма келіңдер, барлығың, Жандарыңды мен рақатқа бөлеймін!” Иса жанды рақатқа бөлеу үшін Құдайға деген қызметті біраз қысқарту керек дегісі келді ме? Керісінше, Иса: “Қамытымды қатар киісіп, үйреніңдер Өзімнен, Жуас, кіші пейілмін шын жүректен, Тыныштық табады сонда жандарың”,— деген. Қамыт — адам немесе жануар ауыр жүкті тасу үшін ағаштан немесе темірден жасалған құрал. Олай болса, бұндай қамытты кім кигісі келеді? Бізді онсыз да ‘тым ауыр жүк басып’, еңсеміз түсіп жүрген жоқ па? Бұл солай, бірақ грек мәтінінде Исаның айтқанын сонымен қатар: “Менің қамытымды өзіммен бірге көтеріңдер”,— деп оқуға болады. Ойланып көрші: Иса біздің жүгімізді сүйресуге көмегін ұсынып отыр. Біздің бұған өз күшіміз жетпес еді (Матай 9:36; 11:28, 29, сілтемені қара; 2 Қорынттықтарға 4:7).

10. Құдайды мадақтауға тырысқанымыздың нәтижесі қандай болады?

10 Шәкірттік қамыт киген кезде, біз Шайтанға қарсы күресеміз. Жақып 4:7-де: “Шайтанға қарсы тұрыңдар, сонда ол сендерден безіп кетеді”,— деген уәде жазылған. Бірақ бұл осылай істеу оңай деген сөз емес. Құдайға қызмет ету үшін көп күш салу керек (Лұқа 13:24). Бірақ Забур 125:5-те мынадай уәде жазылған: “Көз жасын көл етіп еккендер егінін қуана әндетіп жинамақ өнімін”. Иә, біз ризашылықты білмейтін Құдайға ғибадат етіп жүрген жоқпыз. Ол ‘Өзін іздеп, жақыннан танығысы келгендерді жарылқайды’ және өзін мадақтайтындарға батасын береді (Еврейлерге 11:6).

Патшалықтың жариялаушылары ретінде Құдайды мадақтаймыз

11. Қалай уағыздау қызметі Шайтанның шабуылдарынан қорған бола алады?

11 Иса: ‘Сондықтан күллі халықтарға барыңдар! Оларды Менің шәкірттерім етіңдер’,— деп өсиет еткен. Уағыздау қызметіне қатысу — Құдайды ‘мадақтап сый-тартуымызды ұсынудың’ бірден-бір жолы (Матай 28:19; Еврейлерге 13:15). Шайтанның шабуылдарынан қорғана алуымыз үшін ‘‘аяқкиімдерімізді киіп’, татуласу туралы Ізгі хабарды таратуға дайын болып’, ‘“рухани қару-жарақпен” түгел жабдықталуымыз’ керек. (Ефестіктерге 6:11—15). Уағыздау қызметінде Құдайды мадақтау — сенімімізді нығайтудың ең тамаша жолы (2 Қорынттықтарға 4:13). Бұл жаман ойлардан аулақ болуымызға көмектеседі (Філіпіліктерге 4:8). Уағыздау қызметіне қатысу бауырластармен араласып, жігерленуге мүмкіндік береді.

12, 13. Уағыздау қызметіне үнемі атсалысудың отбасы үшін қандай пайдасы бар? Мысал келтіріңдер.

12 Уағыздау қызметі сонымен қатар бүкіл отбасына арналған пайдалы іс бола алады. Әрине, жастар өз орнымен тынығып, көңіл көтеріп отыруды қажет етеді. Бірақ отбасымен бірге уағыздау қызметіне шығу ауыр іс болмау керек. Бұл іс көбірек қуаныш әкелу үшін ата-аналар жастарды тиімді түрде уағыздауға үйретулеріне болады. Жастар қолдарынан келетін істерді қуана атқарады емес пе?! Байсалдылық сақтап, шамасы келмейтін істі талап етпейтін болса, ата-аналар жастардың қызметтен қуаныш табуларына көмектесе алады (Жаратылыс 33:13, 14).

13 Оның үстіне, Ехобаны бірге мадақтағаны отбасыларының берік болуына ықпал етеді. Құдайға сенбейтін күйеуі бес баласымен тастап кеткен бауырласымыздың жағдайын қарастырып көрейік. Ол өзі жұмысқа тұрып, балаларын асырауына тура келді. Оның шаршағаны соншалық, балаларының рухани жағдайына немқұрайды қарады ма? Ол былай деп есіне алады: “Мен Киелі кітап пен оған негізделген әдебиеттерді ерекше зейінмен зерттеп, оқығандарымды өмірде қолдануға тырысатынмын. Мен қауымға барғанда және үйме-үй жүргенде, балаларымды тастамай, үнемі алып жүретінмін. Осылай күш салғанымның нәтижесі қандай болды? Балаларымның бесеуі де шомылдыру рәсімінен өтті”. Уағыздау қызметіне толығымен атсалысу сенің де балаларыңды ‘Иемізбен жүргендерге лайықты тәрбиелеуіңе’ көмектеседі (Ефестіктерге 6:4).

14. а) Қалай жастар мектепте Құдайды мадақтай алады? ә) Жастарға ‘Ізгі хабар үшін еш ұялмауға’ не көмектеседі?

14 Жастар, егер сендер тұрып жатқан жерде заң бойынша рұқсат берілген болса, мектепте куәлік ету арқылы Ехобаны мадақтайсыңдар ма, әлде адам алдындағы қорқынышқа бой алдырасыңдар ма? (Нақыл сөздер 29:25). Пуэрто-Рикодағы 13 жасар Куәгер қыз былай деп жазады: “Мен мектепте куәлік етуге ешқашан қысылған емеспін, себебі бұның шындық екенін білемін. Сабақта отырғанда үнемі қолымды көтеріп, Киелі кітаптан білгендерімді айтып беремін. Егер уақытым бола қалса, кітапханаға барып, “Жастардың сауалдары” кітабын оқып отырамын”a. Ехоба оның күш жұмсағанына батасын берді ме? Ол былай дейді: “Кейде сыныптастарым маған сұрақтар қояды, тіпті осындай кітап әкеп беруімді сұрайды”. Егер осындай жағдайда қысылатын болсаң, мүмкін, Киелі кітапты зейін қойып зерттеу арқылы ‘Құдайдың еркін — ненің игілікті, ұнамды және кемелді екенін’ өзің үшін дәлелдеп алуың керек шығар (Римдіктерге 12:2). Үйренген нәрсеңнің шындық екеніне көзің жететін болса, сен ‘Ізгі хабар үшін еш ұялмайтын’ боласың (Римдіктерге 1:16).

Қызмет етуге “есік айқара ашық”

15, 16. Кейбір мәсіхшілер қызметтің өрісін кеңейтудің қандай мүмкіндігін пайдаланған және қандай баталарға ие болған?

15 Елші Пауыл ‘өнімді еңбек етуіне есік айқара ашық’ екенін жазған болатын (1 Қорынттықтарға 16:9). Сенің қызметіңнің өрісін кеңейтетін мүмкіндігің бар ма? Мысалы, жалпы немесе қосалқы ізашар болу уағыздау ісіне ай сайын 70 немесе 50 сағат арнауды білдіреді. Әрине, ізашарларды адал қызметтері үшін бауырластар өте бағалайды. Бірақ олар уағыздау қызметіне көбірек уақыт жұмсағандары үшін өздерін басқалардан артық сезінбейді. Керісінше, олар Исаның: “Біз не бары түкке тұрғысыз малаймыз, міндетімізді ғана атқардық”,— деп үйреткеніндей көзқарас танытады (Лұқа 17:10).

16 Ізашар өзін тәртіпке бағындыра білетін, құрбандыққа баруға дайын және жинақы болу керек. Бірақ келер бата үшін осылай істеуге тұрады. “Шындық жазылған Құдай Сөзін дұрыс қолдана білу — нағыз бата,— дейді Тамика атты ізашар қыз.— Ізашар болып қызмет еткенде, Киелі кітапты жиі қолданасың. Қазір мен үйме-үй жүргенде, әрбір адамға бейімдеп, Киелі кітапты қолдана аламын” (2 Тімотеге 2:15). Мика атты бір ізашар былай дейді: “Шындықтың адам өміріне қалай әсер етіп жатқанын көру — тағы бір керемет бата”. Матфей атты жас бала да “біреудің шындыққа келгенін көрудің” қандай қуанышты екенін айтады. “Бұдан артық қуаныш жоқ”,— дейді ол.

17. Қалай бір мәсіхші ізашарлық қызмет жайлы теріс ойын жеңе білді?

17 Ізашарлық қызметтің есігіне кіру жайын ойланып көрдің бе? Мүмкін, сен осылай істегің келгенімен, өзіңді дайын емес сезінетін шығарсың. “Мен ізашарлық қызмет жайлы теріс ойлаған едім,— деп мойындайды Кениатэ есімді бауырлас.— Мен өзімді қабілетсіз сезінетінмін. Мен қалай ұсыныс жасау керек екенін немесе Киелі кітап бойынша қалай дәлелдеу керек екенін білмейтінмін”. Алайда ақсақалдар оған көмек көрсетуге тәжірибелі ізашарды тағайындайды. “Онымен қызметтес болу сондай жақсы еді,— деп есіне алады Кениатэ. — Бұл мені ізашар болуға жігерлендірді”. Біраз жігерленіп, сәл жаттыққан соң, мүмкін, сенің де ізашар болғың келер.

18. Миссионерлік қызметті бастаған адамдар қандай батаға ие болуы мүмкін?

18 Ізашарлық қызмет басқа да мүмкіндіктерге жол ашуы мүмкін. Мысалы, кейбір талаптарға сай келетін ерлі-зайыптылар миссионерлер ретінде шет елдерде қызмет ету үшін дайындықтан өтуі мүмкін. Миссионерлер жаңа елге, мүмкін, жаңа тілге, басқа мәдениетке және басқа тамаққа үйренулеріне тура келер. Бірақ алған баталармен салыстырғанда, бұндай жағдайлар түкке тұрғысыз болып қалады. Мексикадағы Милдред есімді тәжірибелі миссионер былай дейді: “Мен миссионер боламын деп шешкенім үшін ешқашан да өкінген емеспін. Бұны мен бала кезімнен армандаған болатынмын”. Ол қандай баталар алып жатыр екен? “Өз елімде Киелі кітап зерттеу сабағын бастау қиын еді. Ал мұнда, Мексикада, кейде менімен оқыған адамдардың төртеуі қатар уағыздау қызметіне шығуды бастайтын кездер де болады!”

19, 20. Қалай Бетелде қызмет ету, халықаралық құрылыс бағдарламасына қатысу және Қызметті жетілдіру мектебі көп бауырластарға бата әкелген?

19 Ехоба Куәгерлерінің филиалдарында, Бетелде, қызмет атқаратындар да көптеген баталарға ие болады. Германияда қызмет ететін Свен есімді жас бауырлас өзінің Бетелдегі қызметі жайлы былай дейді: “Мен өзімнің көп уақыт пайдасы тиетін іспен айналысып жатқанымды сезінемін. Мен өз қабілетімді осы өмірде де пайдалануыма болар еді. Бірақ онда бұл жақында банкрот болатын банкке ақша салғанмен бірдей болар еді”. Рас, еңбекақы алмайтын ерікті жұмысшы болу үшін көп нәрседен бас тарту керек. Бірақ Свен: “Үйіңе қайтқанда сен сол күні істеген әрбір ісіңді Ехоба үшін істегеніңді білесің. Бұл сені сондай бір тамаша сезімге бөлейді”,— дейді.

20 Кей бауырластар шет елдерде филиалдар соғуға атсалысып, халықаралық құрылыс бағдарламасына қатыса жүріп, Құдайдың батасын алады. Шет елдерде қызмет етуге сегіз рет тағайындалған бір ерлі-зайыптылар былай деп жазады: “Бұл жердегі бауырластар — тамаша адамдар. Бұл жақтан кету біз үшін ауыр тиетін болады: біздің жүрегіміз сегізінші рет жараланады. Бұл сондай тамаша кезеңдер еді!” Бұдан басқа, Қызметті жетілдіру мектебі бар. Мұнда талаптарға сәйкес келетін бойдақ ер бауырластарды рухани дайындықтан өткізеді. Осы Мектептің түлектерінің бірі: “Осындай керемет Мектеп үшін ризашылығымды білдіруге сөз таба алмай тұрмын. Дайындықтан өткізу үшін осыншама күш салатын басқа қандай ұйым бар дейсің?!” — деп жазған.

21. Барлық мәсіхшілердің Құдайға деген қызметтерінде қандай міндеттері бар?

21 Иә, қызметтің аясын кеңейту үшін ашық тұрған есік көп. Әрине, көбіміздің Бетелде немесе шет елдерде қызмет етуге мүмкіндігіміз жоқ. Исаның өзі мәсіхшілердің жағдайлары әр түрлі болғандықтан, әр түрлі шамада “өнім” беретінін түсінген (Матай 13:23). Сондықтан мәсіхшілер ретіндегі біздің міндетіміз — жағдайымызды барынша тиімді қолдану, яғни мүмкіндігімізше Ехобаға толық қызмет ету. Осылай істейтін болсақ, Ехобаны мадақтаймыз және оның риза екеніне сенімді бола аламыз. Қарттар үйіндегі жасы келген Этель атты бауырласымыздың жағдайын алайық. Ол қарттар үйіндегі басқа адамдарға және телефон арқылы үнемі куәлік етеді. Жағдайының шектеулі болғанына қарамастан, ол шын жүректен қызмет етеді (Матай 22:37).

22. а) Құдайды тағы қалай мадақтай аламыз? ә) Бізді қандай ғажайып уақыт күтіп тұр?

22 Бірақ уағыздау Ехобаны мадақтаудың бір ғана жолы екенін естеріңнен шығармаңдар. Жұмыста, мектепте және үйде жүріс-тұрысымыз бен сыртқы көрінісіміз де үлгілі болатын болса, біз Ехобаның жүрегін қуанышқа бөлейміз (Нақыл сөздер 27:11). Нақыл сөздер 28:20-де: “Адал адам батаға бай”,— деген уәде жазылған. Сондықтан мол батаға ие болатынымызды біле отырып, Құдайға қызмет еткенде, ‘жомарт себуіміз’ керек (2 Қорынттықтарға 9:6). Сонда, шын мәнінде, мадақтауға лайықты Ехобаны “жаны барлар түгелдей” даңқтап жатқан ғажайып уақытта өмір сүретін артықшылығымыз болады (Забур 150:6).

[Сілтеме]

a “Жастардың сауалдары. Пайдалы кеңестер” кітабын Ехоба Куәгерлері басып шығарған.

Естеріңде ме?

• Қалайша Құдайдың қызметшілері оған “күні-түні” қызмет етеді?

• Ғад руы қандай қиындықтарға кезікті және бұдан бүгінгі мәсіхшілер неге үйренеді?

• Қалайша уағыздау қызметі Шайтанның шабуылдарынан қорған болады?

• Кейбіреулер қандай ‘ашық есікке’ кірген және қандай баталарға ие болған?

[25-беттегі сурет]

Қарақшы топтарға қарсы күрескен Ғад руы тәрізді мәсіхшілер де Шайтанның шабуылдарына қарсы күресулері керек

[26-беттегі суреттер]

Ізашар болу қызметтің басқа да түрлеріне есік ашады:

1. Халықаралық құрылыс бағдарлама

2. Бетелде қызмет ету

3. Миссионерлік қызмет

[27-беттегі сурет]

Қызметке шыққанда бауырластармен араласып, жігерленеміз

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу