Сіз Құдайды қуанта аласыз
БІЗ, шынында да, Құдайдың сезімдеріне әсер ете аламыз ба? Құдай қуана ала ма? Бір сөздікте “Құдай” сөзіне “құдіретті не жоғары болмыс” деп анықтама берілген. Ал егер осы құдіретті болмыс жай ғана күш болса ше? Онда осындай өзіндік қасиеті жоқ күшті қуантуға болады деп күтуімізге бола ма? Әрине, жоқ. Алайда Киелі кітаптың Құдай туралы не айтатынын қарастырып көрейікші.
“Құдайдың Өзі — Рух”,— деді Иса Мәсіх (Жохан 4:24). Рух — адамдікінен өзгеше өмірдің түрі. Рух адамның көзіне көрінбегенмен, оның ‘“рухани” денесі’ бар (1 Қорынттықтарға 15:44; Жохан 1:18). Бейнелі тілді қолданып, Киелі кітап Құдайды көзі, құлағы, қолы және тағы басқа мүшелері бар тұлға ретінде сипаттайдыa. Сонымен қатар Құдайдың Ехоба атты есімі бар (Забур 83:18, ЖД [82:19]). Олай болса, Киелі кітаптағы Құдай — рухани тұлға (Еврейлерге 9:24). “Ол — тірі Құдай және мәңгілік Патша” (Еремия 10:10).
Ехоба тірі тұлға болғандықтан, ойлануға және әрекет етуге қабілетті. Ол қасиеттері мен сезімдерін көрсетеді, жақсы көреді және жек көреді. Бұған қоса, Киелі кітап оған ненің ұнамды, ненің ұнамсыз екені жайлы өте көп айтады. Қолдан жасалған тәңірлер мен мүсіндер тек өздерін жасаушылардың ерекшеліктерін немесе қасиеттерін көрсететін айна іспетті болса, Құдіретті Құдай Ехоба — адамдардың бойына сол сезімдерді Қалыптастырушының өзі (Жаратылыс 1:27; Ишая 44:7—11).
Ехоба — ‘бақытты Құдай’ екендігіне дау жоқ (1 Тімотеге 1:11, ЖД). Ол жаратылыстарына қуанып қана қоймай, өз ниетін жүзеге асырудан да рақат табады. Ишая пайғамбар арқылы Ехоба: “Өзіме ұнайтындарды [“Өзімді рақатқа бөлейтінді”, ЖД] іске асыратын боламын... Мен осы ниетімді жүзеге асырамын, солай шешкен соң орындаймын да”,— деп жариялайды (Ишая 46:9—11). Ал забур жыршысы: “Тәңір Өзінің істеріне қуансын!” — деп жырлаған (Забур 103:31). Алайда Құдайды қуанышқа бөлейтін тағы бір қайнар көз бар. Ол: “Ұлым, ақылды болып, менің жүрегімді қуант”,— дейді (Нақыл сөздер 27:11). Мұның нені білдіретінін ойлап көріңізші: біз Құдайды қуанта аламыз!
Қалай біз Құдайдың жүрегін қуанта аламыз?
Рубасы болған Нұх Ехобаның жүрегін қалай қуантқанын қарастырайықшы. “Жаратқан Иенің рақымына Нұх қана ие болды”, өйткені ол “замандастарының арасында әділ, мінсіз” болған. Сол кездегі зұлым адамдарға мүлдем ұқсамайтын Нұхтың сенімі мен мойынсұнғыштығы Құдайға ұнағаны сонша, оны “Құдаймен байланысып өмір сүрген адам еді” деуге болатын (Жаратылыс 6:6, 8, 9, 22). “Нұх... Құдайға сеніп, Оны терең қастерлегендіктен отбасын құтқару үшін кемесін жасап дайындады” (Еврейлерге 11:7). Ехобаның Нұхқа көңілі толып, әрі оған батасын беріп, отбасымен бірге адамзат тарихындағы сол аласапыран кезеңнен аман алып қалды.
Рубасы Ыбырайым да Ехобаның сезімдерінен жақсы хабардар еді. Оның Құдайдың ой-қалпын жақсы білетіндігі Ехоба Содом мен Ғомораны азғындығы үшін жоятыны туралы хабарлағанда айқын көрінді. Ыбырайым Ехобаны айтарлықтай жақсы білгендіктен, әділ адамды жауызбен бірге өлтіріп жіберуі мүмкін емес деп тұжырымдаған (Жаратылыс 18:17—33). Жылдар өте, Ыбырайым ‘Құдай баласын өлімнен қайта тірілтуге де құдіретті деп есептеп’, оның бұйрығына мойынсұнып, “Ысқақты құрбандыққа ұсынды” (Еврейлерге 11:17—19; Жаратылыс 22:1—18). Ыбырайымның Құдай сезімдеріне сонша сезімтал болып, әрі күшті сенім мен мойынсұнғыштық көрсеткені соншалық, ол ‘“Құдайдың досы” деген атаққа ие болды’ (Жақып 2:23).
Ехобаның жүрегін қуантуға барынша тырысқан өзге бір жан — ежелгі Исраил патшасы Дәуіт. Ехоба оған қатысты: “Мен көңілімнен шыққан адамды таптым, ол — Есей ұлы Дәуіт; сол Менің қалағанымның бәрін орындайды”,— деген (Елшілердің істері 13:22). Ғолият атты алыппен шайқасқа шығар алдында Дәуіт Ехобаға толық арқа сүйеп, исраилдіктердің патшасы Саулға: “Мені арыстан мен аюдың шеңгелінен құтқарып алған Жаратқан Ие мына філістірден де қорғайтын болады”,— деді. Ехоба Дәуіттің Ғолиятты жеңуіне көмектесіп, оның Өзіне толық арқа сүйегені үшін батасын берді (1 Патшалықтар 17:37, 45—54). Дәуіт Ехобаға тек істерімен ғана емес, ‘аузындағы сөздері әрі жан дүниесіндегі ойларымен’ де ‘ұнамды болғысы’ келген (Забур 18:15).
Біз туралы не деуге болады? Қалай біз Ехобаға ұнамды бола аламыз? Құдайдың сезімдері жайлы неғұрлым көбірек білген сайын, Ехобаның жүрегін қуанту үшін не істей алатынымызды соғұрлым көбірек түсінеміз. Олай болса, Киелі кітапты оқығанда, ‘Құдайдың еркі туралы тура білімге толып, өте парасатты да рухани көреген болып, осылайша Құдай халқына лайық, Оны риза қылатындай өмір сүру үшін’ Құдайдың сезімдері жайлы білуге барынша күш салғанымыз өте маңызды (Қолостықтарға 1:9, ЖД, 10). Білім болса, өз кезегінде, сенімге ие болуға көмектеседі. Ал бұл өте маңызды, өйткені “сенім артпай Құдайға ұнау мүмкін емес” (Еврейлерге 11:6). Иә, күшті сенім қалыптастыру мен өмірімізді Құдайдың еркіне сай ету арқылы оның жүрегін қуанта аламыз. Сонымен қатар біз Ехобаның жүрегін ауыртып алудан сақ болуға тиіспіз.
Құдайға қасірет шектірмейік
Ехобаның қалай қасірет шегуі мүмкін екенінің мысалын Нұхтың күндеріндегі оқиғадан көруге болады. Сол уақытта “жер беті... зұлымдыққа толды. Дүниенің әбден бұзылғанына Тәңір көзін жеткізді, себебі жер бетіндегі барлық адамдар азғындық өмір кешті”. Құдай осындай азғындық пен зұлымдықты көргенде, не сезінді екен? “Сонда Тәңір жер бетінде жаратып шығарған адамдардың осындай күнәлы болып кеткеніне қайғырып [“өкініп”, ЖД], қасірет шекті”,— дейді Киелі кітап (Жаратылыс 6:5, 6, 11, 12). Құдай адамдардың жүріс-тұрысының сонша зұлым болып кеткеніне өкініп, Топан судың алдындағы зұлым ұрпаққа қатысты көзқарасын өзгертті. Зұлымдығына қатты наразы болған Құдай оларға Жаратушы емес, жоюшы ретінде қарады.
Ехоба өз халқы, ежелгі Исраил халқы, қайта-қайта оның сезімін ескермей және сүйіспеншілікке толы нұсқауларына құлақ аспағанда да қасірет шекті. Забур жыршысы қайғырып былай деді: “Олар шөл далада Оның қаншама рет қитығына тиіп, елсіз далада қаншама рет ашуландырды! Құдайды қайта-қайта сынап, Исраилдің Қасиеттісін қорлады”. Әйтсе де, “Ол — рақымды, күнәны кешіріп, оларды жоймады, сан рет ашуын қайтарды және қаһарын төккен жоқ” (Забур 77:38—41). Тіпті осы бүлікшіл халық орынды түрде күнәларының зардабын көрсе де, Киелі кітап бізге ‘олар азап шеккен кездің бәрінде Жаратқан Ие бірге азап шеккенін’ айтады (Ишая 63:9).
Құдайдың өздеріне деген аяулы сезімдерінің соншама көп дәлеліне қарамастан, Исраил халқы “Құдайдың хабаршыларын мазақ қылып, сөздеріне күліп, пайғамбарларын келемеждей берді. Ақыр соңында Жаратқан Ие өз халқына әбден қаһарланды. Оларды енді аман қалдырудың ешбір шарасы қалмады” (2 Шежірелер 36:16). Соңында олардың алған беттерінен қайтпай жасай берген әрекеттері Құдайдың ‘Киелі Рухын қатты ренжіткені’ сонша, олар Ехобаның шапағатынан айырылды (Ишая 63:10). Бұл неге әкеп соқты? Құдай әділ түрде оларға қорғаныш болудан бас тартты да, бабылдықтар Яһуданы жаулап, Иерусалимді жойғанда, бастарына қайғы-қасірет төнді (2 Шежірелер 36:17—21). Адамдар Жаратушысы үшін жағымсыз да жанға батарлық күнәкар өмір салтын таңдайтын болса, қандай өкінішті!
Киелі кітапта жаман қылықтардың Құдайдың жанына қатты бататынын көрсететін дәлелдер бар (Забур 77:41). Құдайға жағымсыз, тіпті жиіркенішті істер мыналар: өр көкіректік, өтірік, кісі өлтіру, сиқырлықпен айналысу, бал ашу, ата-баба аруағына табыну, өнегесіздік, гомосексуализм, неке адалдығын бұзу, жақын туғанымен жыныстық қатынаста болу және қаріп-қасерлерге жәбір көрсету (Леуіліктер 18:9—29; 19:29; Заңды қайталау 18:9—12; Нақыл сөздер 6:16—19; Еремия 7:5—7; Малахи 2:14—16).
Ехоба жалған тәңірлерге құлшылық етуге қалай қарайды? Мысырдан шығу 20:4, 5-те: “Аспанда, жерде не суда бар нәрселердің ешқайсысынан өзіңе тәңір бейнелерін жасама! Сондайларға бас иіп табынып, құлшылық етпе!” — делінген. Не үшін? Себебі тәңір мүсіндері “Құдай үшін жиіркенішті” (Заңды қайталау 7:25, 26). Елші Жохан: “Балаларым менің, жалған тәңірлерден сақ болыңдар!” — деп ескерткен (1 Жохан 5:21). Ал елші Пауыл болса: “Сүйікті бауырластарым, жалған тәңірлерге құлшылық етуден аулақ жүріңдер!” — деп жазған (1 Қорынттықтарға 10:14).
Құдайдың қолдауын іздеңіз
Құдай ‘әділдермен қарым-қатынаста болады’. “Мінсіз жүргендерді Ол ұнатады” (Нақыл сөздер 3:32; 11:20). Бұған керісінше, Құдайдың әділ сезімдерін қасарысып елемей не ескермей оны қорлай беретіндер көп кешікпей-ақ оған ұнамды болмағандарының салдарын тартады (2 Салониқалықтарға 1:6—10). Расында да, ол жақында бүгінде кең етек жайып отырған зұлымдықты жояды (Забур 36:9—11; Софония 2:2, 3).
Әйтсе де, Киелі кітап Ехоба “ешкімнің де тозаққа түсуін [“жойылуын”, ЖД] емес, барлық адамдардың теріс жолдан қайтып, күнәларына өкініп, арылуын қалайды!” — деп ашық айтып отыр (2 Петір 3:9). Ол түзелгісі келмейтіндерге өзінің наразылығын көрсеткеннен гөрі, өзін жақсы көретін әділдерге сүйіспеншілік көрсетуді қатты қалайды. Ехоба “күнәкардың өлгенін емес, қайта, өз жолынан қайтып, тірі қалғанын қалайды”, міне, оған жағымдысы осы (Езекиел 33:11).
Олай болса, Ехобаның қаһарына ілігіп не керек!? “Иеміздің жанашырлығы мен қайырымдылығы қандай зор!” (Жақып 5:11). Құдайдың сезімдері бар екеніне толық сенімді бола отырып, ‘барлық уайымдарыңызды Құдайға сеніп тапсыра’ аласыз, ‘себебі Ол қамыңызды ойлайды!’ (1 Петір 5:7). Құдайдың жүрегін қуантатындардың оның қолдауына ие болуға және онымен дос болуға деген керемет мүмкіндігі бар екеніне сенімді болыңыз. Олай болса, қазір ‘Құдайға не ұнайтынын біліп алу’ бұрынғыға қарағанда әлдеқайда маңызды (Ефестіктерге 5:10).
Құдай мейірімін түсіріп, қасиеттері мен сезімдерін ашқаны қандай керемет! Оның жүрегін қуанту сіздің де қолыңыздан келеді. Егерде осылай етуді қаласаңыз, төңірегіңізде тұратын Ехоба Куәгерлерімен байланысуға шақырамыз. Олар Құдайға ұнамды болудың мүмкін екенін және бұған ұмтылғандарының өздері үшін қандай пайдасы болғаны жайлы айтып беруге қуанышты болады.
[Сілтеме]
a “Неге Киелі кітап Құдайды адамдарға тән ерекшеліктермен сипаттайды?” деп аталатын қоршауды қараңыз.
[5-беттегі қоршау]
Неге Киелі кітап Құдайды адамдарға тән ерекшеліктермен сипаттайды?
“Құдайдың Өзі — Рух” болғандықтан, біз оны тәндік көзімізбен көре алмаймыз (Жохан 4:24). Сондықтан да Құдайдың құдіретін, ұлылығы мен іс-әрекеттерін терең түсінуге көмектесу үшін Киелі кітап теңеу, метафора, антропоморфизм сияқты бейнелі тілді қолданады. Антропоморфизм (грекше “адам пішімі”) адамға тән қасиеттер мен ерекшеліктерді табиғаттан тыс күштерге телу дегенді білдіреді. Құдайдың рухани тәні қандай болатынын білмегендіктен де, Киелі кітап Оның көзі, құлағы, қолы, саусақтары және аяғы бар деп айтады (Мысырдан шығу 3:20; 31:18, сілтемеге қараңыз; Забур 17:10; 33:16).
Құдайды осылай сипаттау оның рухани тәнінде адамдікі сияқты дене мүшелері бар дегенді білдірмейді. Антропоморфизмдерді тура мағынада түсінбеу керек. Олар жай ғана Құдай туралы жақсырақ түсінуге көмектеседі. Мұндай бейнелі тілді қолданбаса, жұмыр басты пенделер үшін Құдайдың болмысын ұғыну қиын, бәлкім, мүмкін болмас та еді. Алайда бұл Ехоба Құдайға тән қасиеттерді адамдар ойлап шығарған дегенді білдірмейді. Киелі кітап Құдай адамға емес, адам Құдайға ұқсап жаратылғанын анық айтады (Жаратылыс 1:27). Құдай оны өз “рухының жетелеуімен” жаздырғандықтан, онда жазылған өзіне тән қасиеттердің сипаттамасын да өзі берген, әрі тап сол қасиеттерді адами жаратылыстарының бойына әр түрлі деңгейде дарытқан да өзі (2 Тімотеге 3:16, 17). Бұл қасиеттер — адамның Құдайға емес, керісінше, Құдайдың адамға берген қасиеттері.
[3-беттегі сурет]
Нұх Құдайдың шапағатына ие болған
[4-беттегі сурет]
Ыбырайым Құдайдың сезімін түсінген
[5-беттегі сурет]
Киелі кітапты оқып, Құдайдың жүрегін қалай қуантуды үйрене аласыз
[6-беттегі сурет]
Дәуіт Ехобаға толық сенім артқан
[3-беттегі түпдерек]
Courtesy of Anglo-Australian Observatory, photograph by David Malin