Діннің әсері жақсы ма, жаман ба?
“МЕН мәсіхшілікке қарыздармын және соңғы 2 000 жылғы дүниеміз де оған қарыздар деп ойлаймын” (Two Thousand Years — The First Millennium: The Birth of Christianity to the Crusades басылымының алғы сөзі).
“Мәсіхшілікті” қолдайтын бұл сөздердің авторы — ағылшын жазушысы әрі диктор Мелвин Брэгг. Оның сөздерінен өз діндеріне аса борыштымыз деп санайтын жер жүзіндегі миллиондаған адамның сезімі көрінеді. Ондай адамдар діннің өмірлеріне күшті әсер етіп жатқанына сенімді. Мысалы, бір жазушының айтуынша, ислам “зор өркениет құрып... [ол] бүкіл дүниеге игі әсер еткен”.
Діннің әсері
Алайда Брэгтің келесі сөздері жалпы алғанда діннің әсері шынында да жақсы ма деген күрделі сұрақ тудырады. Ол: “Мәсіхшілік тағы да маған мына бір жайтты түсіндіруге міндетті”,— деп жазды. Қандай жайтты? “Оның “тарихы” жиі фанатизм, зұлымдық, айуандық және ырыққа көнбейтін надандық дегендерге толы болуы”,— деді ол.
Бәлкім, көпшілік дүние жүзінің тарихына қарағанда фанатизм, зұлымдық, айуандық және надандық басым көп діндерде болған жайт дер. Бұндай адамдардың ойынша, дін адал және қасиетті болғансып, адамзаттың қамқоршысы болып көрінеді, ал шын мәнінде екі жүзді және өтірікші (Матай 23:27, 28). Бір энциклопедияда: “Әдебиеттерімізде діннің өркениет үшін ерекше маңыздылығы жайлы тақырып ең жиі кездесетін тақырып. Сонымен қатар тарихи деректердің растығына бұдан артық күмән тудыратын тақырып жоқ”,— делінген (A Rationalist Encyclopedia).
Қай газетті ашып қарасаңыз да, дінбасыларының сүйіспеншілік, тыныштық пен рақымдылықты уағыздайтынын, алайда жеккөрушілік отын тұтатып, Құдай дей тұра, қанды қақтығыстарды ақтап жатқанының көптеген мысалдарын көресіз. Сондықтан да, көпшіліктің дін негізінен өмірге зиян келтіріп жатыр деп ойлайтыны таңғалдырмайды.
Діннің мүлдем болмағаны жақсы ма?
Ағылшын пәлсапашысы Бертран Расселл сияқты кейбіреулер тіпті уақыт өте келе, “діни сенімдердің барлығы да құрығаны” жақсы болар еді деген тұжырымға келген. Олар діндердің жойылуы адамзат проблемаларын біржола шешудің жалғыз жолы деп ойлайды. Алайда олар дінге қарсы адамдар да өз дініне берілгендер сияқты жеккөрушілік пен төзімсіздік отын тұтатуы мүмкін екенін ескергісі келмейтін болар. Діни тақырыптың жазушысы Карен Армстронг ‘жоқ дегенде Холокосттің өзі атеистік идеологияның да кез келген дінаралық қақтығыс сияқты қантөгіске соқтыратынын көрсеткенін’ есімізге салады (The Battle for God — Fundamentalism in Judaism, Christianity and Islam).
Сонымен діннің әсері шын мәнінде жақсы ма, әлде ол адамзаттың проблемаларының басты себебі ме? Барлық дінді құртумен бұл проблемаларды шешуге бола ма? Бұған қатысты Киелі кітаптың не айтатыны келесі мақалада қарастырылады. Мұның жауабы сізді таңғалдыруы мүмкін.