Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w04 1.2. 28—32 бет.
  • “Бұл дүниенің сахналық көрінісі өзгеруде”

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • “Бұл дүниенің сахналық көрінісі өзгеруде”
  • 2004 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Құпия ашылды!
  • ‘Соңғы күндер’ екені дәлелденді
  • Қойылымның соңғы көрінісі
  • Ең керемет өмір алда!
  • «Соңғы дәуірде» өмір сүріп жатқанымыздың дәлелдері
    Құдай шынымен біздің қамымызды ойлайды ма?
  • Ехобаның күнін естеріңде берік ұстаңдар
    Жалғыз шынайы Құдайға ғибадат етіңдер
2004 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w04 1.2. 28—32 бет.

“Бұл дүниенің сахналық көрінісі өзгеруде”

“Менің айтайын дегенім мынау, бауырластарым: осы заманның ақыры таяп қалды” (1 ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 7:29).

1, 2. Өз заманыңда қандай өзгерістерді көрдің?

ӨМІРГЕ келіп, көз ашқалы қандай өзгерістер болғанын көрдің? Бірнешеуін атап шыға аласың ба? Мысалы, медицина саласының дамығаны байқалады. Осы саладағы ізденіс жұмыстарының арқасында ХХ ғасырдың басында кейбір елдердегі 50 жастан кем болған халық өмірінің орташа ұзақтығы 70 тен асты. Сондай-ақ радио, теледидар, ұялы телефон мен факс байланысының беретін пайдасын ойлап қарашы. Білім, көлік және құқық қорғау жағы да ілгерілеп, миллиондаған адамның өмірін жақсартқанын ұмытпаған жөн.

2 Әрине, өзгерістердің бәрі бірдей жақсылық әкелген жоқ. Қылмыстың белең алуы, құлықтылықтың құлдырауы, есірткі қабылдаудың кең жайылуы, ажырасудың көбеюі, ақшаның құнсыздануы, терроризм қаупінің күшеюі өмірге күшті әсер етіп жатқанын да елемеуге болмайды. Қандай болған күнде де, елші Пауылдың: “Бұл дүниенің сахналық көрінісі өзгеруде”,— деген сөздерімен келісерсің (1 Қорынттықтарға 7:31, ЖД).

3. “Бұл дүниенің сахналық көрінісі өзгеруде” деуімен Пауыл нені айтқысы келген?

3 Пауыл бұл жерде дүниені сахнаға теңеп тұр. Сахнаға шыққан әртістер — саясаттағы, діндегі, мәдениеттегі атақты адамдар — көрініс көрсетіп, рөлдерін ойнап болған соң, сахнаны келесі топқа босатады. Бұл ғасырлар бойы жалғасып келеді. Бұрынғы кездері күшті билеушілер әулеті онжылдықтар, тіпті бірнеше ғасыр бойы билік тұтқасын ұстаған, сондықтан өзгеріс баяу жүретін. Қазір олай емес, беделді көсемдер өлтіріліп, тарих барысы күрт өзгеріп кетуі мүмкін. Шынында да, қазір аумалы-төкпелі кезең, ертеңгі күннің қандай боларын білмейміз.

4. а) Мәсіхшілер дүниеде болып жатқан оқиғаларға байланысты қандай дұрыс көзқараста болу керек? ә) Қандай екі түрлі дәлелді қарастырамыз?

4 Дүние — сахна, ал оның көсемдері әртістер болса, онда мәсіхшілердің көрермен болғаны.a Алайда мәсіхшілер “осы күнәкар дүниенің адамдары” болмағандықтан, оларды қойылымның өзі де, тіпті кімнің ойнап жатқаны да онша қызықтырмайды (Жохан 17:16). Қайта, оларды қойылымның шарықтау шегіне — қайғылы соңына — жетіп қалған көрсететін белгілер қызықтырады. Өйткені Ехоба көптен күткен әділдер өмір сүретін жаңа дүние орнатпас бұрын, осы зұлым дүниені жоюға тиіс екенін біледі.b Ендеше, соңғы күндері өмір сүріп жатқанымызды және жаңа дүниенің табалдырығында тұрғанымызды көрсететін екі түрлі дәлелді қарастырайық. Біріншісі — Киелі кітап уақытнамасы, екіншісі — дүниедегі жағдайдың нашарлауы (Матай 24:21; 2 Петір 3:13).

Құпия ашылды!

5. ‘Сенбейтін халықтар дәурені’ деген не және неге ол бізді қызықтырады?

5 Уақытнама уақыт пен оқиғаның байланысын зерттейді. Иса осы дүниенің көсемдері жердегі жағдайларды Құдай Патшалығының қатысуынсыз басқаратын кезең жайлы айтқан болатын. Бұл кезеңді ол ‘сенбейтін халықтар дәурені’ деп атады (Лұқа 21:24). Осы уақыттың соңында заңды Билеушісі Иса болып табылатын Құдайдың көктегі Патшалығы билік етуге келеді. Иса алдымен “жауларының арасында” билік етеді (Забур 110:2, ЖД; [109:2]). Содан кейін Даниял 2:44 сәйкес, Патшалық адамдардың барлық үкіметін ‘қиратып, талқандап’, өзі мәңгі тұрады.

6. ‘Сенбейтін халықтар дәурені’ қашан басталды, қанша уақытқа созылды және қашан бітті?

6 Қашан ‘сенбейтін халықтар дәурені’ бітіп, Құдай Патшалығы билік жүргізеді? “Соңғы күндерге дейін жасырулы” болған бұл сұрақтың жауабын Киелі кітап уақытнамасының көмегімен табуға болады (Даниял 12:9). Соңғы күндер жақындаған сайын, Ехоба бұл құпияның мәнін Киелі кітапты кішіпейілдікпен зерттейтін топқа біртіндеп аша бастады. Олар Құдай рухының көмегімен ‘сенбейтін халықтар дәуренінің’ б. з. б. 607 жылы Иерусалим қираған кезде басталғанын және ол дәуреннің 2 520 жылға созылғанын анықтады. Бұдан ‘сенбейтін халықтар дәуренінің’ 1914 жылы аяқталғанын есептеп шығарды. Сондай-ақ олар 1914 жылы зұлым дүниенің соңғы күндері басталғанын да анық түсінді. Сен Киелі кітап зерттеушісі ретінде 1914 жылды қалай есептеп шығаруға болатынын Жазбалардың көмегімен түсіндіріп бере аласың ба?c

7. Даниял кітабында айтылған жеті кезең қашан басталғанын, ұзақтығын және қашан біткенін анықтауға қандай Жазба орындары көмектеседі?

7 Бұл құпияның кілті Даниял кітабында жатыр. Ехоба ‘сенбейтін халықтар дәурені’ басталған б. з. б. 607 жылы Иерусалимді Набуходоносор патша арқылы жойды, сол себепті оған халықтардың Құдайдан тәуелсіз билігі бейнелі мағыналы жеті кезеңге созылатынын ашты (Езекиел 21:26, 27; Даниял 4:16, 23—25). Бұл жеті кезең қанша уақыт? Аян 11:2, 3 пен 12:6, 14-тармақтарына сәйкес, үш жарым кезең 1260 күнге тең. Жеті кезең бұдан екі есе көп, яғни 2520 күн. Есептеу бұнымен біткен жоқ, өйткені Ехоба Даниялдың замандасы Езекиел пайғамбарға бұл бейнелі кезеңді түсіндіретін ережені айтқан: “Күнді жылға, күнді жылға теңеп, белгілеп бердім саған” (Езекиел 4:6). Демек, жеті мерзім шын мәнінде 2520 жылға созылмақ еді. Б. з. б. 607 жылдан бастап 2520 жыл санасақ, ‘сенбейтін халықтар дәурені’ 1914 жылы бітті деген тұжырым жасай аламыз.

‘Соңғы күндер’ екені дәлелденді

8. 1914 жылдан бері дүние жүзінің ахуалы нашарлағанына қандай дәлел келтіре аласыңдар?

8 1914 жылдан бері дүние жүзінде орын алған оқиғалар Киелі кітап уақытнамасына негізделген жоғарыдағы түсініктің дұрыстығын дәлелдейді. Исаның өзі “ақыр заманның” жақындағанын соғыстар, ашаршылық, індеттер білдіретінін айтқан (Матай 24:3—8; Аян 6:2—8). 1914 жылдан бері дәл осындай жайттар болып жатыр. Бұған қоса елші Пауыл адамдардың бір-біріне деген көзқарасының да өзгеретінін айтқан. Бұл өзгерістің де тура орындалып жатқанының куәсі болып жүрміз (2 Тімотеге 3:1—5).

9. 1914 жылдан бері дүниенің жағдайына қатысты қандай пікірлер бар?

9 Шынында да, 1914 жылдан бері “бұл дүниенің сахналық көрінісі” қатты өзгерді ме? Профессор Роберт Вол “1914 жылдың ұрпағы” атты кітапта мынадай жайға көңіл бөлген: “Соғысты бастан кешіргендер 1914 жылдың тамыз айында бір дәуренінің бітіп, басқасының басталғанына сенімді әрі бұдан ешқашан бас тартпайды” (The Generation of 1914). Бұл тұжырымды қолдап, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының психика бөлімінің меңгерушісі Жорж Алберто Коста-и-Сильва: “Біз өзгерістер тым тез болып жатқан, соның салдарынан қорқыныш пен стресс бұрын-соңды болмаған межеге жеткен кезеңде өмір сүрудеміз”,— деп жазды. Бұның растығына өз жағдайыңда көзің жетті ме?

10. 1914 жылдан бері дүниедегі жағдайдың нашарлау себебін Киелі кітап қалай түсіндіреді?

10 Дүниедегі жағдайдың мұншалық нашарлауына кім кінәлі? Аян 12:7—9-да айыпкердің беті ашылып: “Көкте соғыс бұрқ ете түсті. Михаил [Иса Мәсіх] мен оның қол астындағы періштелері айдаһарға [Шайтан Ібіліске] қарсы аттанды. Айдаһар өз нөкерлерімен бірге оларға қарсы шайқасты, бірақ төтеп бере алмады. Бұдан былай соларға көктен орын берілмеді. Осылайша үлкен айдаһар — бүкіл әлемді алдап келген әзәзіл... жер бетіне лақтырылды”,— делінген. Демек, жердің астаң-кестеңін шығарған — Шайтан Ібіліс. 1914 жылы “жер мен теңізде тұратындарға қасірет” келді, “себебі әзәзіл төменге... түсті. Ол өз уақытының аз қалғанын білгендіктен қатты ашулы” (Аян 12:10, 12).

Қойылымның соңғы көрінісі

11. а) Шайтан ‘бүкіл әлемді алдау’ үшін қандай әдістерді қолдануда? ә) Елші Пауыл Шайтанның әрекетіне көңілімізді қалай бұрады?

11 Күні бітуге жақын қалғанын білетін Шайтан 1914 жылдан бері ‘бүкіл әлемді алдауын’ үдетіп келеді. Шебер алдаушы болып алған ол шымылдықтың артында тұрып, дүние жүзінің сахнасына көсемдер мен жаңалық ашушылар сияқты әртістерді шығарып отыр (2 Тімотеге 3:13; 1 Жохан 5:19). Оның бір мақсаты — өзінің, яғни Шайтанның, басшылық ету әдісінің арқасында адамзат нағыз тыныштыққа қол жеткізеді дегенге иландыру. Жалпы алғанда, оның үгіттеу ісі нәтижелі болып жатыр, өйткені әлемдегі жағдайдың күннен-күнге нашарлауына қарамай, адамдар әлі де өз күштеріне сенеді. Елші Пауыл осы зұлым дүние жойылудың қарсаңында Шайтанның үгіт-насихаты әсіресе айқын болатыны жайлы пайғамбарлық жазған. Ол былай деген: “Жұрт “Бәрі тыныш, қауіпсіз” деп жүргенде апат аяғы ауыр әйелдің толғағындай табан астынан болады” (1 Салониқалықтарға 5:3; Аян 16:13).

12. Бейбітшілік орнату үшін қазіргі күні қандай толассыз әрекеттер жасалуда?

12 Соңғы жылдары саясаткерлер түрлі бағдарламаларына сипаттама бергенде, бейбітшілік пен қауіпсіздік деген сөздерді жиі қолданып жүр. Тіпті 1986 жылды Халықаралық бейбітшілік жылы деп атады, бірақ ол жыл атына лайық болмай шықты. Әлем басшыларының бұндай әрекеттері 1 Салоникалықтарға 5:3-тегі сөздердің толық орындалуы ма, әлде Пауыл әлемнің назарын өзіне аударатын айрықша әрі нақты оқиғаны айтқан ба?

13. Пауыл пайғамбарлығында “Бәрі тыныш, қауіпсіз” деп жар салғаннан кейін болатын жойылуды неге теңеді және бұдан біз қандай тұжырымға келеміз?

13 Киелі кітаптағы пайғамбарлықтар жиі орындалған соң не орындалып жатқанда толық түсінікті болатындықтан, бізге күте тұру және бақылап отыру қажет. Алайда Пауылдың “Бәрі тыныш, қауіпсіз” деген сөздерден кейін кенеттен болатын жойылуды әйелдің толғағына теңегені қызық. Шамамен тоғыз ай бойы жүкті әйел құрсағындағы баласының дамып жатқанын сезеді. Бұны ол жүрегінің соққанынан немесе қозғалғанынан, тіпті тепкенінен байқай алады. Нәрестенің жарық дүниеге келер кезі жақындаған сайын белгісі айқындала береді. Айы-күні толғанда, әйелді кенеттен толғақ қысып, ол қатты азаптанады да, соңынан көптен күткен қуанышты сәт келіп, нәресте туылады. Дәл осылайша, “Бәрі тыныш, қауіпсіз” деп жар салатын пайғамбарлық қалай орындалса да, ол кенет басталатын ауыр азапқа ұласады, алайда жақсылықпен бітеді, яғни зұлым дүние жойылып, жаңа дүние басталады.

14. Жалпы алғанда, алдағы оқиғалар қалай өрбиді және немен бітеді?

14 Адал мәсіхшілер болғалы тұрған қорқынышты жойылу көрінісін сырттан бақылайды. Алдымен, жер бетіндегі патшалар (Шайтан ұйымының саяси бөлігі) Ұлы Бабылдың жақтаушыларына (діни бөлігіне) қарсы шығып, оны жояды (Аян 17:1, 15—18). Осылайша, кенеттен Шайтанның патшалығы өз-өзімен шарпысып, екіге бөлініп қалады, ал Шайтан бұған кедергі жасай алмайды (Матай 12:25, 26). Ехоба жердегі патшалардың ‘жүректеріне әсер етіп, өз мақсатын [“ойын”, ЖД] жүзеге асыртқызады’, яғни діни қарсыластарынан жер бетін тазартқызады. Жалған дін жойылған соң, Иса Мәсіх көктегі әскерімен келіп, Шайтанның ұйымының қалған бөлігін, сауда-саттық пен саяси бөлігін, біржолата құртады. Ақыр соңында, Шайтанның өзі тұсалады. Сөйтіп сахна шымылдығы түсіріледі де, ұзаққа созылған қойылым бітеді (Аян 16:14—16; 19:11—21; 20:1—3).

15, 16. Уақыттың ‘таяп қалғаны’ жайлы ескерту өмірімізге қалай әсер ету керек?

15 Бұлардың бәрі қашан орындалады? Күні мен сағатын білмейміз (Матай 24:36). Алайда бізге ол уақыттың ‘таяп қалғаны’ белгілі (1 Қорынттықтарға 7:29). Олай болса, қалған уақытты парасаттылықпен жұмсағанымыз маңызды. Қалайша? Әлдеқайда маңызды істер үшін онша маңызы жоқ тірліктерге кететін ‘қолайлы уақыттың төлемін өтеп алу’ керек деп түсіндірді елші Пауыл. Неге? “Өйткені бұл күндер зұлымдыққа толы”. Сондай-ақ бізге қатысты ‘Ехобаның еркін ұға түссек’, аз ғана қалған қымбат уақытымызды босқа жұмсамаймыз (Ефестіктерге 5:15—17, ЖД; 1 Петір 4:1—4).

16 Бар дүние құрып кететінін білгендігіміз жеке басымызға қалай әсер ету керек? Елші Петір біздің игілігіміз үшін былай деп жазды: “Бар дүние осылайша құрып кететіндіктен, сендер қандай болуларың керек? Жүріс-тұрыстарың Тәңірге бағышталып, қасиетті де Оған ұнамды болуға тиіс!” (2 Петір 3:11). Қандай адам болуымыз керек десейші! Петірдің дана кеңесіне сәйкес, біз: 1) жүріс-тұрысымыздың қасиетті болуын, 2) құлшыныспен атқарып жатқан қызметімізден Ехобаға деген шын сүйіспеншілік байқалуын мұқият қадағалап отыруымыз керек.

17. Адал мәсіхшілер Шайтанның қандай торларынан сақтанулары керек?

17 Құдайға деген сүйіспеншілік дүниенің азғыруларына берілмеуге көмектеседі. Осы зұлым дүниені не күтіп тұрғанын ескеретін болсақ, жанның рақатын ғана ойлататын қазіргі өмірдің алдамшы қызығына берілу қауіпті. Осы дүниеде өмір сүріп, еңбек етіп жүргенімізбен, оның қам-қарекетіне тым беріліп кетпеуге қатысты берілген дана кеңеске құлақ асқанымыз абзал (1 Қорынттықтарға 7:31). Шынында да, бұл дүниенің үгіт-насихатына берілмеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тиіспіз. Бұл дүние өзінің қиындықтарын шеше алмайды. Ол ұзаққа бара да алмайды. Бұған неліктен соншалық сенімді бола аламыз? Өйткені Құдай Сөзінде: “Осы дүние мен оның ләззаты өткінші, ал Құдайдың еркін орындаушы мәңгі өмір сүреді”,— делінген (1 Жохан 2:17).

Ең керемет өмір алда!

18, 19. Жаңа дүниеден қандай өзгеріс күтесің және неліктен ол кез күтуге тұрады?

18 Ехоба жақында Шайтан мен оның жақтастарын құртады. Одан кейін аман қалған адал адамдар Құдайдың батасын ала отырып, “сахнада” мәңгі сақталатын өзгерістер жасайды. Ол жерде енді соғыс деген болмайды; Құдай ‘дүниедегі соғыстарды тоқтатады’ (Забур 45:10). Ашаршылықтың орнына, “жерде, тау басында нан мол болады” (Забур 71:16). Түрме, полиция учаскелері, жыныстық жолмен жұғатын сырқаттар, есірткі ханзадасы (наркобарон), ажырасу, банкроттық пен терроризм дегендер болмайды (Забур 36:29; Ишая 33:24; Аян 21:3—5).

19 Молалар қаңырап бос қалады, сахнада жаңа адамдар — қайта тірілгендер — пайда болады. Бір ұрпақтың адамдары басқа ұрпақтың адамдарымен кездесіп, ұзақ уақытқа айырылысқан жақын адамдар бір-бірімен ыстық құшақта көріскендері қандай қуаныш! Ақыр соңында жер бетіндегі адамдардың бірі қалмай, Ехобаға ғибадат ететін болады (Аян 5:13). Өзгеріс толық біткен шақта перде көтеріледі де, көз алдымызда жұмаққа айналған жердің көрінісі ашылады. Осындай жаңа сахнаны көргенде қандай сезімде боласың? “Осы кезді ұзақ күтіп едім, күткеніме тұрады екен!” — дерің сөзсіз.

[Сілтемелер]

a Басқа бір контексте Пауыл майланған мәсіхшілердің ‘періштелер мен адамдарға масқара көрініс болғандықтарын’ жазған (1 Қорынттықтарға 4:9).

b Мысалы, Даниял 11:40, 44, 45-те айтылған “солтүстік патшаны” анықтайтын белгіге қатысты мәліметті “Даниялдың пайғамбарлығына көңіл аударыңдар!” кітабының 280, 281-ші беттерінен табуға болады.

c Киелі кітаптың өзі Иерусалим яһудилердің б. з. б. 537 жылы еліне қайта оралардан 70 жыл бұрын қирағанын айтқан (Еремия 25:11, 12; Даниял 9:1—3). ‘Сенбейтін халықтар дәурені’ Ехоба Куәгерлері басып шығарған “Жазбалар туралы пікір алысу” (ағ.) кітабының 95—97 беттерінде егжей-тегжейлі талқыланады.

Қалай жауап берер едіңдер?

• Елші Пауылдың “бұл дүниенің сахналық көрінісі өзгеруде” деген сөздері біздің күнімізде қалай орындалып жатыр?

• Киелі кітап уақытнамасынан ‘сенбейтін халықтар дәуренінің’ соңы қалай анықталды?

• Өзгеріп жатқан дүниедегі жағдайлар 1914 жылы ‘соңғы күндердің’ басталғанын қалай дәлелдейді?

• Уақыттың ‘таяп қалғаны’ бізге қалай әсер ету керек?

[30-беттегі сурет]

Ақыры, құпия мәлім болды!

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу