Киелі кітап некелеріңді нығайта алады
НЕКЕ... Бұл — кейбіреулерге жағымды сөз болса, өзгелер үшін жанға батарлық сөз. “Мен өзімді ажырасып кеткендей сезінем. Ешкімге керексіз, жалғыздық сезім маза бермейді”,— деп мұңын шақты бір келіншек.
Неліктен бір-бірін сүюге, бір-біріне қамқор болуға ант берген екі жан бір-бірінен суынып кетеді? Жиі мұндай жағдай адамдар некенің мәнін жете түсінбегендіктен болады. “Біз некеге ешбір дайындықсыз тұрамыз”,— деді бір медициналық тақырыптарға жазатын журналист.
Бүгінгі таңда шамалы адамның ғана неке туралы түсінігі бар екенін неке мәселесіне қатысты ұлттық бағдарлама көлемінде Ратгерс университетінің (АҚШ, Нью-Джерси штаты) жүргізген зерттеуі растап отыр. “Бұл зерттеуге қатысушылардың көпшілігі — ата-аналары некеде бақытсыз болған не болмаса ажырасып кеткендер,— деді осы бағдарламаның басқарушысы.— Олар сәтсіз некенің не екенін жақсы біледі, ал жақсы некенің қандай болу керектігін елестетулері қиын. Кейбіреулер сәтті некені әке-шешесінің қарым-қатынасына толық қарама-қайшы нәрсе деп қана сипаттайды”.
Ал мәсіхшілер отбасында кездесетін проблемалардан аулақ па? Олай емес. Бірінші ғасырдың өзінде кейбір мәсіхшілер өз некелерінде жұбайымен ‘қатынасын үзуге ұмтылмасын’ деген нақты кеңеске мұқтаж болған (1 Қорынттықтарға 7:27). Әрине, кез келген кемелсіз екі адамның некесінде қиыншылықтар болмай тұрмайтыны белгілі, бірақ біз көмексіз емеспіз. Ерлі-зайыптылар Киелі кітаптың принциптерін қолдана отырып, отбасындағы қарым-қатынастарын жақсарта алады.
Рас, Киелі кітап — неке мәселесі жайлы оқулық емес. Әйтсе де оны некенің негізін қалаушы Құдай өз киелі рухының жетелеуімен жаздырғандықтан, оның ішіндегі принциптер біз үшін пайдалы деп қисынды түрде айта аламыз. Ишая пайғамбар арқылы Ехоба Құдай: “Мен, Құдай Иелерің, сендерге пайдалыны үйретіп, түзу жолмен бастап алып жүремін. О, егер өсиеттеріме құлақ ассаңдар ғой! Сонда сендердегі амандық пен тыныштық сарқылмас өзен секілді, әділдік те теңіз толқындарындай шексіз болар еді!”— деп айтқан (Ишая 48:17, 18).
Бір кездері жұбайың екеуіңді байланыстырып тұрған сүйіспеншіліктерің суына бастады ма? Өзіңді сүйіспеншілігі жоқ некенің құрығына ілініп қалғандай сезінесің бе? 26 жыл тұрмыс құрған бір әйел: “Мұндай некедегі қарым-қатынастың азабын айтып жеткізе алмассың. Бұл азап ешқашан таусылмайды, одан еш құтылмайсың”,— деді. Некем сәтсіз болып шықты деген оймен өмір сүре бергенше, неге отбасындағы қарым-қатынасты өзгертуге тырыспасқа? Келесі мақалада жұбайлардың қарым-қатынастарының бір қыры — адалдықты күшейте түсулеріне Киелі кітаптың принциптері қалай көмектесетіні талқыланады.