“Міне, ол біздің Құдайымыз!”
Талқылауға арналған осы және келесі мақалалар 2002 — 2003 жылдары бүкіл жер шарында өткен облыстық конгресте жарыққа шыққаны жөнінде хабарланған “Ехобаға жақындаңдар” (ор.) деп аталатын кітапқа негізделген.
“Міне, Ол біздің Құдайымыз! біз Оған үміт артып едік, Ол бізді құтқарды! Бұл — Тәңір [“Ехоба”, ЖД]” (ИШАЯ 25:9).
1, 2. а) Ехоба рубасы Ыбырайымды қалай деп атаған және осыған қатысты қандай сұрақ туындауы мүмкін? ә) Құдаймен тығыз қарым-қатынасқа қол жеткізудің мүмкін екендігіне Киелі кітап қалай кепілдік береді?
“МЕНІҢ... ДОСЫМ”. Көк пен жердің Жаратушысы Ехоба рубасы Ыбрайым жөнінде осылай деген болатын (Ишая 41:8, сілтемені қара). Қарапайым адам Құдіретті Тәңірдің досы. Міне, ғажап! Бәлкім, сен “Құдайға жақындау мен үшін мүмкін бе?” — деп таңданатын боларсың.
2 Киелі кітап Құдаймен тығыз қарым-қатынасқа қол жеткізудің мүмкін екендігіне сендіреді. Ыбырайым осындай достық сый-құрметке ие болды, өйткені ол “Құдайға сенді” (Жақып 2:23). Бүгінгі күні де “Оның [Ехобаның] қарым-қатынасы әділдермен” (Нақыл сөздер 3:32). Киелі кітаптағы Жақып 4:8-де бізді былай деп шақырады: “Құдайға жақындаңдар, сонда Ол да сендерге жақындайды”. Егер де біз Ехобаға қадамдар жасап жақындайтын болсақ, ол да бізге жауап қатады. Сөз жоқ, ол да бізге жақындайды. Бірақ Құдай рухымен жазылған осы сөздер бірінші қадамды біз, күнәкар, кемелсіз адамдар, жасайды дегенді білдіре ме? Әрине, жоқ. Ехобамен тығыз қарым-қатынастың мүмкін болған себебі — сүйіспеншілікке толы Құдайымыздың өзінің маңызды екі қадам жасағанының арқасы (Забур 25:14, ЖД [24:14]).
3. Ехоба өзімен достық қарым-қатынаста болуымыз үшін қандай екі қадам жасаған?
3 Біріншіден, Ехоба Исаны “көптеген адамдардың азаттық төлемін өтеу үшін” жіберген (Матай 20:28). Сондықтан Құдайға жақындауға мүмкіншілік беретін — тек қана осы азаттық төлем. Киелі кітапта былай делінген: “Біз сүйеміз, себебі Ол бізді алдымен сүйді” (1 Жохан 4:19). Иә, Құдай ‘бізді алдымен сүйгендіктен’, арадағы достықтың негізін оның өзі қалаған. Екіншіден, Ехоба өзінің кім екенін бізге ашқан. Біздің әлдекіммен тығыз достық қарым-қатынасымыз сол адаммен жақсы таныса түскенде және оның қасиеттерін көріп, бағалай бастағанда пайда болады. Мынау туралы ойланып көрші. Егерде Ехоба жасырын, танып білу мүмкін емес Құдай болғанда, біз оған ешқашан жақындай алмас едік. Бірақ Ехоба бізден өзін жасырмайды, керісінше, өзінің кім екенін білгенімізді қалайды (Ишая 45:19). Өзінің Сөзі Киелі кітапта біз түсінетін тілмен өзі туралы мәлімдейді, мұнысымен ол тек бізді жақсы көретінін білдіріп қана қоймай, сондай-ақ өзі жөнінде жақыннан танығанымызды әрі көктегі Әкеміз ретінде сүйгенімізді қалайтынын көрсетеді.
4. Ехобаның қасиеттерімен жақсырақ танысқан сайын, бізде Ехобаға деген қандай сезім пайда бола бастайды?
4 Кішкентай баланың достарына өзінің әкесін көрсетіп, қуанышы қойнына сыймай, мақтанышпен: “Бұл менің әкем” — деп айтқанын көрген кезің болды ма? Ехобаның қызметшілерінің де Құдайларына осыған ұқсас сезімде болуларына толық негіз бар. Киелі кітапта Құдайдың адал қызметшілерінің: “Міне, Ол біздің Құдайымыз!” — деп шаттанатын уақыт жөнінде алдын ала айтылған (Ишая 25:8, 9). Ехобаның қасиеттерін терең біле берген сайын, бұл жарық дүниеде оның нағыз жақсы Әке әрі ең жақын дос екендігін анағұрлым терең сезінетін боламыз. Иә, Ехобаның қасиеттерін түсінгендігіміз онымен тығыз қарым-қатынаста болуға талпындырады. Ал енді Киелі кітапта Ехобаның негізгі қасиеттері — күш, әділдік, даналық, сүйіспеншілік — қалай ашылатындығын қарастырып көрейік. Біз бұл мақалада осы қасиеттердің алғашқы үшеуін қарастырамыз.
“Оның күші... зор”
5. Неге тек қана Ехоба “Құдіретті Құдай” деп аталады және ол құдіретті күшін қалай қолданады?
5 Ехобаның “күші... зор” (Әйүп 37:23). Еремия 10:6-да былай айтылған: “Уа Жаратқан, Саған тең келетін ешкім жоқ! Сен ұлысың және Сенің есімің құдіретті де зор!” Ехобаның күшінің барлық жаратылыстарынан өзгешелігі — оның құдірет күшінің шексіздігі. Сол себептен тек қана ол “Құдіретті Құдай” деп аталады (Аян 15:3). Ехоба өзінің құдіретті күшін жаратуға, жоюға, қорғауға, қайта қалпына келтіруге қолданады. Оның жаратуға және қорғауға қолданатын күшінің мысалын қарастырып көрейік.
6, 7. Күннің қуаты қандай және ол қандай маңызы бар шындық жөнінде куәлік етеді?
6 Егерде сен күн сәулесін шашқан көктемнің жайма шуақ күні сыртта жүрген болсаң, нені сезінер едің? Әрине, нұр шашқан күннің жылуын. Шын мәнісінде, осыдан біз Ехобаның жаратушы күшінің әрекетін көруімізге болады. Күннің қуаты қандай? Целси өлшемі бойынша күннің ядросындағы температура 15 миллион градусқа дейін барады. Егерде осы күннің ядросынан түйреуіштің басындай бөлігін алып, жерге орналастыратын болса, онда бұл кішкентай ғана “пешке” 140 шақырымнан артық жақындай алмайтын едің. Күн әрбір секундта жүз миллиондаған ядролық бомбаның жарылысына тең келетін жылуды бөліп шығарады. Сонымен қатар жер орбитасы термоядролық жылу көзінен ең жақсы қашықтықта орналасқан. Егерде жер күнге сәл ғана жақындаса, ондағы су буға айналып, ал сәл ғана алшақтаса, судың бәрі де қатып қалған болар еді. Қай жаққа жылжымасын мұның екеуі де жер шарындағы тіршілікті құртып жіберген болар еді.
7 Адамдардың тіршілік етуі — толығымен күнге байланысты, осыған қарамастан олардың басым көпшілігі күнге үйреншікті нәрсе ретінде қарайды. Сол себепті мұндай адамдар күннің бізді не нәрсеге үйрете алатындығына мән бермейді. Забур 73:16-да Ехоба жөнінде былай делінген: “Шамшырақтар мен күнді Сен дайындадың”. Иә, Күн “көк пен жердің жаратушысы” Ехобаның даңқын көрсетеді (Забур 145:6). Бірақ бұл — Ехобаның өте зор күшін көрсететін сансыз жаратылыстарының ішіндегі біреуі ғана. Ехобаның жарату күші туралы көбірек біле берген сайын, оны терең қастерлейтін боламыз.
8, 9. а) Ехобаның өзіне ғибадат етушілерін қорғап, қамқорлық көрсетуге дайын екендігін, қандай толқытатын көрнекі мысалдан көруге болады? ә) Киелі кітап жазылған уақытта қойшы өзінің қойларын қалай қорғаған және бұл бізді Ұлы Шопанымыз жөнінде не нәрсеге үйретеді?
8 Сонымен қатар Ехоба зор күшін өзінің қызыметшілерін қорғау үшін және оларға қамқорлық жасау үшін қолданады. Киелі кітапта Ехобаның қорғап, қамқорлық жасайтынын айтып, уәде беретіндігін көрсететін айқын, кейде тіпті жүректі елжірететін бейнелер бар. Мысал ретінде Ишая 40:11-ді қарастырайық. Бұл жерде Ехоба өзін Шопанға ұқсатып, ал өзінің халқын қоймен теңестіреді. Біз былай деп оқимыз: “Тәңір Ие оларды ізгі шопандай бағады: “қозыларын” қолына алып, кеудесіне басып көтеріп, “саулықтарын” жайлап алға бастап жүреді”. Бұл тармақта не жөнінде айтылып тұрғанын көз алдыңа елестетіп көрші!
9 Үй жануарларының арасынан қойға ұқсаған дәрменсіз жануарлар аз-кемді. Киелі кітап жазылып жатқан заманда шопандарға өз қойларын қасқыр, аю, арыстандардан қорғау үшін өжеттілік керек болған (1 Патшалықтар 17:34—36; Жохан 10:10—13). Бірақ кейде қорғап, қамқор болу үшін қойшының тарапынан мейрімділік қажет еді. Мысалы, кейде саулық қорадан айтарлықтай алыста төлдеп те қалатын болған. Осындайда жаңа туған дәрменсіз қошақанды аман алып қалу үшін шопан не істеген? Ол оны “кеудесіне басып”, бәлкім бірнеше күн бойы, сыртқы киімінің қатпарымен орап алып жүрсе керек. Неге шопан кішкентай қозыны кеудесіне басып, көтеріп алды екен? Бәлкім, шопанның назарын өзіне аударып, қозы оның аяқ жағына келіп жаймен сүйкенген шығар. Қалай болғанда да, қозыға қорғаныш болу үшін шопанның өзі еңкейіп, мейірімділікпен оны қолына алып, ‘кеудесіне басу’ керек болатын. Шопанның кеудесінде ол өзін қауіпсіз сезінер еді. Қандай көңіл толқытатын көрнекі мысал десеңші! Бұл Ұлы Шопанымыздың өз қызметшілерін қорғауға дайын екендігін көрсетпей ме!?
10. Бүгінде Ехоба бізді қалай қорғайды және неліктен осындай қорғаныш біз үшін өте маңызды?
10 Ехоба тек қана қорғаныш болуға уәде етіп қойған жоқ. Киелі кітап жазылып жатқан уақытта “Өзіне ұнамды өмір сүретіндерді көріп жатқан қуғын-сүргіннен құтқарып” қалуға күшінің жететіндігін керемет түрде көрсеткен (2 Петір 2:9). Біздің күндеріміз жөнінде не деуге болады? Қазіргі таңдағы барлық бақытсыздықтан қорғап қалу үшін, ол өзінің күшін қолданбайтынын білеміз. Дегенмен де, ол одан да маңыздырақ рухани жағынан қорғанышпен қамтамасыз етіп отыр. Қиыншылықтарға төзіп, онымен қарым-қатынасымызды сақтап қалуымыз үшін бізді сүйетін Құдайымыз керек-жарақпен қамтамасыз ету арқылы рухани жағынан залал келтіретін нәрселерден қорғап отыр. Мысалыға, Лұқа 11:13-те былай делінеді: “Сонымен өздерің күнәкар бола тұра балаларыңа жақсылық жасауды білесіңдер, көктегі Әкенің Өзінен сұрағандарға Киелі Рухын сыйлайтыны ешбір шүбәсіз!” Осы Құдайдың зор күшінің арқасында кез келген сынақтар мен қиыншылықтарға төтеп бере аламыз (2 Қорынттықтарға 4:7). Ехобаның көмегімен өмірімізді бірнеше жылға ғана емес, мәңгілікке сақтай аламыз. Егерде мұны жадымызда ұстайтын болсақ, осы дүниенің қайғы-қасіретінің қайсысы болмасын, шындығында да “уақытша” әрі “жеңіл” болып көрінеді (2 Қорынттықтарға 4:17). Бұл біздің пайдамыз үшін күшін осындай сүйіспеншілікпен қолданып отырған Құдайға жақындауға талпындырмайды ма?
“Ехоба әділдікті сүйеді”
11, 12. а) Неге Ехобаның әділдігі бізді оған жақындатады? ә) Ехобаның әділдігі жөнінде Дәуіт қандай тұжырымға келген және оның Құдай рухының көмегімен жазған сөздері біздің көңілімізге қалай жұбаныш ұялатады?
11 Ехоба әрдайым әділдікпен және туралықпен әрекет етеді және ол адамдардың түріне қарамайды. Құдайдың әділдігі сезімсіз, салқын, безбүйрек, өзіне адам жуытпайтындай емес, қайта Ехобаның қасиеттері бізді өзіне жақындауға талпындырады. Киелі кітап Ехобаның әділдігін жүрекке жылы тиетіндей етіп сипаттайды. Олай болса, Ехобаның өз әділдігін үш салада қалай көрсететіндігін қарастырып көрейік.
12 Біріншіден, Ехобаның әділдігі өзінің қызметшілеріне шексіз берілгендік пен адалдық танытуға талпындырады. Забур жыршысы Дәуіт жеке басынан өткізген жағдайлардан Ехобаның әділдігінің осы қырына көзін жеткізген. Ол Құдайдың көрсеткен әділ жолымен ойланғанда және Ехобаның жеке өзімен қандай қарым-қатынаста болғаны жөнінде қарастырғанда қандай тұжырымға келді екен? Дәуіт: “Тәңір әділеттілікті [“әділдікті”, ЖД] сүйеді және Өзінің қасиеттілерін [“шын берілгендерін”, ЖД] тастамайды; олар мәңгілікке сақталады”,— деген (Забур 36:28). Қандай көңілге жұбаныш ұялататын сенімді сөздер! Біздің Құдайымыз өзіне шын берілгендерді бір сәтке де қалдырмайды. Біз әрқашан оның достығына сенім арта аламыз және оның қамқорлығын сезіне аламыз. Бұған кепілдік беріп отырған — оның әділдігі! (Нақыл сөздер 2:7, 8).
13. Ехобаның жәбір көргендерге қамқорлығын исраилдіктерге берген Заңынан қалай айқын көруге болады?
13 Екіншіден, Құдай әділдігінің арқасында қайғырғандардың мұқтаждықтарына түсінікпен қарайды. Ехобаның жәбір көргендерге деген қамқорлығын исраилдіктерге берген Заңынан анық көруге болады. Мысалы, Заңда жесірлер мен жетімдерге қандай көмек көрсетілу керек екендігі жөнінде ескерту жасалған болатын (Заңды қайталау 24:17—21). Осындай отбасыларына қаншалықты қиын екенін түсіне отырып, Ехоба оларға әкелік қамқорлықпен Би және Қорғаушы рөлін өз қолына алды (Заңды қайталау 10:17, 18). Ол қорғанышы жоқ әйелдер мен балаларға жәбір көрсететін болса, олардың зар қаққан дауыстарына құлақ салатынын исраилдіктерге ескерткен еді. Мысырдан шығу 22:22—24 жазылғандай: ‘Мен (Жаратқан Ие) қаһарыма мінемін’ — деп Ехоба оларға жар салған. Дегенмен де, қаһарлану Құдайдың басты қасиеті болмаса да, егер өзгелерге, әсіресе әлсіз немесе қорғаушысы жоқ жандарға қасақана әділетсіздік жасалса, бұл оның әділ ашуын шақырады (Забур 102:6).
14. Ехобаның әділдігінің ең керемет дәлелі не болып табылады?
14 Үшіншіден, Киелі кітап Заңды қайталау 10:17-де Ехобаның ‘адамның бет-жүзіне қарамайтынына, ешкімнен сыйлық алмайтынына’ сендіреді. Күші немесе билігі бар адамдарға қарағанда, Ехоба адамдарды таңдағанда, олардың материалдық жағдайы немесе сыртқы түр-әлпетінің әсер етуіне жол бермейді. Құдайда алалаушылық немесе түрге қараушылық атымен жоқ. Оның түрге қарамайтындығының дәлелі, ол шынайы ғибадатқа және мәңгі өмір сүруге таңдаулы адамдарды шақырып отырған жоқ. Елшілердің істері 10:34, 35-те былай делінген: “Ол әр ұлттың Өзін қастерлеп, әділетке сай әрекет ететіндерін қабылдайды”. Расында да, мұндай керемет болашақ адамдардың әлеуметтік жағдайына, түр-түсіне немесе қай мемлекетте тұрып жатқанына қарамастан, адамзаттың барлығына ашылып отыр. Шынайы әділдіктің қандай керемет үлгісі десеңші! Шындығында да, Ехобаның әділдігі туралы қаншалықты біле бастасақ, соншалықты біздің оған жақындауға деген ықыласымыз арта түседі!
“О, неткен бай Құдайдың даналығы..!”
15. Даналық деген не және Ехоба оны қалай көрсетеді?
15 Елші Пауыл Римдіктерге 11:33-те жазылғандай жалынды сөздермен былай айтқан: “О, неткен бай Құдайдың даналығы,.. білік-парасаты!” Иә, Ехобаның сарқылмайтын даналығының әрбір қырын ойлаған сайын, жүрегіміз оны терең қастерлеуге талпындырады. Дегенмен де, бұл қасиетке қандай анықтама беруге болады? Даналыққа білімді, көрегендікті және түсіну қабілетін көздеген мақсатыңа жету үшін өмірде қолдануды жатқызуға болады. Өзінің шексіз білімін және терең түсіне білу қабілетін басшылыққа ала отырып, Ехоба әрқашан ең дұрыс шешімдерді қабылдап, оны керемет түрде жүзеге асырады.
16, 17. Ехобаның жаратылысы оның сарқылмайтын даналығын қалай айғақтап тұр? Мысал келтір.
16 Ехобаның сарқылмайтын даналығын нақты неден көруге болады? Забур 103:24-те былай делінеді: “Сенің істерің қаншалықты көп десеңші, Тәңірім! Сен барлығын да даналықпен жасағансың; жер беті Сенің шығармаларыңа толы”. Шындығында да, Ехобаның жаратқан жаратылыстарымен анағұрлым көбірек танысып, оны терең ұғынған сайын біздің жүрегіміз оның даналығын терең қастерлеуге талпындырады. Ғалымдар Ехобаның жаратылыстарын зерттеп, одан көптеген нәрселерді үйренгені жөнінде ойланып көрші! Арнайы биомиметика деп аталатын тіршілік құрылымының ерекшеліктерін қайталайтын инженерлік сала бар.
17 Мысалы, сенің өрмекшінің өрмегінің әсемдігі мен көркемдігін қызықтап қайран қалған кездерің аз емес шығар. Бұл — расында да таңғалдыратын құрылыс. Кейбір өрмекшінің нәзік жіңішке болып көрінетін жіпшелері пропорционалдық жағынан алғанда құрыштан немесе берен (оқ өткізбейтін сауыт) жасайтын талшықтан да мықты. Бұны қалай көз алдымызға келтіріп көрсек болады? Егерде өрмекшінің өрмегін балық аулайтын тордың көлеміндей етіп ұлғайтатын болса, онымен адам таситын ұшақты қағып алуға болады екен! Иә, расында да Ехоба бәрін ‘даналықпен жасаған’.
18. Өзінің Сөзі Киелі кітапты жазуға адамдарды қолданғанынан Ехобаның даналығын қалай көруге болады?
18 Ехобаның даналығының ең зор дәлелін оның Сөзі Киелі кітаптан табуға болады. Бұл кітаптың беттерінде жазылған дана кеңестер ең жақсы өмір жолына нұсқау береді (Ишая 48:17). Ехобаның тең келмейтін даналығын, сондай-ақ Киелі кітаптың қалай жазылғандығынан да көруге болады. Қалайша? Өзінің даналығымен Ехоба Сөзін жаздыруға адамдарды таңдаған. Егерде Ехоба Сөзін жазуға періштелерді қолданғанда, ол адамдар жазғандай тартымды болар ма еді? Періштелер Құдайды өздерінің көктегі көзқарастарымен сипаттап жазып, сонымен берілгендіктерін көрсеткен болар еді. Олай болған жағдайда, білімдері және тәжірибелері біздікінен әлдеқайда жоғары құдіретті рухани кемелді жаратылыстардың ой-қалыптарын түсіне алар ма едік? (Еврейлерге 2:6, 7).
19. Киелі кітапты жазуға адамдарды қолданғанның арқасында, бұл кітап адам жүрегіне мейлінше жақын және түсінуге оңай екенін қандай мысалдан көруге болады?
19 Құдай Киелі кітапты жазуға адамдарды қолданғанының арқасында, ол кітап адам жүрегіне мейлінше жақын және түсінуге оңай. Осы кітапты жазған адамдар да біз сияқты пенде болған. Кемелсіз болғандықтан, олар да сынақтарға кезігіп, біз кездестіретін қиыншылықтарды бастарынан өткізіп отырған. Кейбір жағдайларда олар өздерімен не болғандарын айтып, не сезінгендерін және ішкі сезімдері мен қайғысын жазып қалдырған (2 Қорынттықтарға 12:7—10). Осылай олар бірде-бір періште айтып жеткізе алмайтын нәрселерді жазып қалдырған. Мысалы, Забурдың 50-тарауында жазылған Дәуіттің сөздерін алып қарайық. Екінші тармағына сәйкес, Дәуіт бұл жырды ауыр күнә жасап қойғаннан кейін құрастырып жазған. Забур жыршысы жүрегіндегісін ағыл-тегіл айтып, жасаған күнәсына қатты өкінген және Құдайдың кешіруін сұраған. 4-ші және 5-ші тармақтарда былай делінген: “Мені әділетсіздігімнен арылтып, күнәларымнан түгел тазарта гөр! Қылмыстарымды жақсы білемін де, күнәларым әрдайым тұр есімде”. Енді 7-ші тармаққа көңіл аударайық: “Мен күнәкар боп дүниеге келдім, құрсақта жатқанда-ақ күнәкар едім”. Ал 19-шы тармақта ол былай деп қосты: “Ал Құдайға ұнамды сый, құрбандық — күнәсына шынымен өкінген рух, шын өкініп, бағынған жүрекке Сен теріс қарамайсың, уа, Құдай Ием”. Забур жыршысын жан дүниенің қандай ауыртпалығы мен қайғысы қармап алғанын сезіп тұрсың ба? Кемелсіз адам баласынан басқа кім бұндай сезімді айтып жеткізе алар еді?
20, 21. а) Киелі кітапты адам баласы жазғанына қарамастан, кітаптың ішіндегілерін неліктен Ехобаның даналығы деп айтуға болады? ә) Келесі мақалада не талқыланатын болады?
20 Ехоба өз Сөзін адамдарды қолданып жазғанының арқасында, біз қажетті ‘Құдай Рухының жетелеуімен жазылған’ әрі адам баласына түсінікті етіп жазылған хабар алдық (2 Тімотеге 3:16). Иә, Жазбаны жазған адамдардың бәрі де Киелі рухтың жетелеуімен жазған. Сондықтан олар өздерінің емес, Ехобаның дана сөздерін жазған. Бұл даналыққа толығымен сенім артуға болады. Бұл біздің даналығымыздан өте жоғары болғаны сонша, Құдай сүйіспеншілікпен былай деп шақырады: “Тәңірге шын жүрегіңмен арқа сүйе және өз ақылыңа сүйенбе. Барлық жолдарыңда Оны таны, сонда Ол жолыңа бағыт береді” (Нақыл сөздер 3:5, 6). Осы ұлағатты дана кеңесіне көңіл қоятын болсақ, біз данышпан Құдайға жақындай түсеміз.
21 Ехобаның ерекше және ең көңіл аудартатын қасиеті — сүйіспеншілік. Ехоба сүйіспеншілікті қалай көрсеткенін және қалай көрсетіп жатқанын келесі мақалада талқылайтын боламыз.
Естеріңе түсіре аласыңдар ма?
• Өзімен тығыз қарым-қатынасты дамыта алуымыз үшін Ехоба қандай қадамдар жасаған?
• Ехоба өзінің жарату үшін және құтқару үшін қолданатын күшін қалай танытатынын қандай мысалдар көрсетеді?
• Ехоба қандай жолдармен әділдігін көрсетеді?
• Жаратылыстан және Киелі кітаптан Ехобаның даналығы қалай көрінеді?