Сен ізгі хабарға сенесің бе?
“Құдай патшалығы таяп қалды. Теріс жолдан қайтып, ізгі хабарға сеніңдер” (МАРҚА 1:15, ЖД).
1, 2. Марқа 1:14, 15-тармақтарын қалай түсіндірер едіңдер?
БІЗДІҢ ЗАМАНЫМЫЗДЫҢ 30 жылы. Иса Мәсіх Ғалилея өлкесіндегі маңызды қызметін бастады. Ол “Құдайдың ізгі хабарын” уағыздап, ғалилеялықтардың көбісін оның: “Белгіленген уақыт бітіп, Құдай патшалығы таяп қалды. Теріс жолдан қайтып, ізгі хабарға сеніңдер”,— деген сөздері толғантты (Марқа 1:14, 15).
2 Исаға қызметін бастау үшін, ал халыққа Құдайға ұнамды болатын шешім жасау үшін “белгіленген уақыт” келген еді. “Құдай патшалығы таяп қалды”, өйткені тағайындалған Патша Иса адамдардың арасында болатын. Оның уағызы жүрегі ізгі адамдарды теріс жолдан қайтуға талпындырды. Алайда ‘ізгі хабарға сенетіндерін’ олардың қалай көрсетулеріне болар еді? Ал біздің ше?
3. Адамдар ізгі хабарға сенетінін қалай көрсеткен және көрсетіп жүр?
3 Иса сияқты елші Петір де теріс жолдан қайтуға шақырған. Ол б. з. 33 жылы Иерусалимдегі Алғашқы өнім мейрамында яһудилерге үн қатып былай деді: “Әркім күнәсі кешірілу үшін теріс жолдан қайтып, шомылдыру рәсімінен өтсін! Сонда сендер Құдайдың сыйын — Өзінің Киелі Рухын қабылдайсыңдар”. Мыңдаған адамдар теріс жолдан қайтып, шомылдыру рәсімінен өтіп, Исаның ізбасарлары болды (Елшілердің істері 2:38, 41; 4:4). Б. з. 36 жылы теріс жолдан қайтқан басқа ұлт адамдары да солай етті (Елшілердің істері 10:1—48). Сол сияқты бүгінгі таңда да ізгі хабарға деген сенім мыңдаған адамдарды күнәларына өкініп, Құдайға бағышталып, шомылдыру рәсімінен өтуге талпындыруда. Олар құтқарылу туралы ізгі хабарды қабылдап, Исаның төлем құрбандығына сенім танытуда. Сондай-ақ олар әділетті өмір сүріп, Құдай Патшалығының жағында тұр.
4. Сенім деген не?
4 Алайда сенім деген не? Елші Пауыл: “Сенім дегеніміз — үміттенгеннің жүзеге асуы, әрі көзге көрінбейтін жайттарға дәлел келтіру”,— деген (Еврейлерге 11:1, сілтемені қара). Сеніміміз Құдайдың өз Сөзіндегі уәделерінің барлығын қазірдің өзінде орындалып қойғандай қарастыруға нық сенімділік береді. Мұны бізде меншік құқығымызды растайтын құжаттың бар болғанымен салыстыруға болады. Сонымен қатар сенім — бар ‘жайттардың дәлелі’, немесе көзге көрінбейтін нәрсенің бар екендігіне деген сенімділік. Ақыл-санамыз бен ризашылыққа толы жүрегіміз мұндай нәрселердің, көзбен көре алмасақ та, бар екеніне сендіреді (2 Қорынттықтарға 5:7; Ефестіктерге 1:18).
Бізге сенім қажет!
5. Неге сенімнің маңызы аса зор?
5 Біз рухани нәрселерге деген қажеттіліктермен туылғанбыз, бірақ сенім бойымызға туа бітпеген. Оның үстіне, “адамдардың бәрінде бірдей сенім жоқ” (2 Салониқалықтарға 3:2). Сөйтсе де Құдайдың уәде етілген игіліктерін иемдену үшін, мәсіхшілердің сенімі болу керек (Еврейлерге 6:12). Сенім көрсеткен көптеген адамдарды мысалға келтірген соң, Пауыл былай деп жазды: “Осылай өз сенімдерін айқын паш еткен қалың тобыр бізді жарыстағы жанкүйерлердей қоршап тұр. Сондықтан да бізге бөгет болатынның барлығынан, әсіресе тез шырмап алатын әрбір күнәдан арылып, алдымыздағы “жарысты” қажырлылықпен аяқтайық! Басқа жаққа мойын бұрмай, бар назарымызды Исаға аударайық! Бастапқыда сенім жолын салған Ол бізді сеніміміз арқылы Құдай белгілеген мақсатымызға жеткізеді де” (Еврейлерге 12:1, 2). ‘Тез шырмап алатын күнә’ деген не? Бұл сенбеушілік немесе адамның бір кездері болған сенімін жоғалтып алуы. Сенімімізді берік сақтау үшін ‘бар назарымызды Исаға аударып’, соның үлгісіне еліктеуіміз керек. Сонымен қатар біз азғындықтан бас тартуымыз, тәндік құмарлықтармен күресуіміз және дүниеқоңыздықтан, осы дүниелік пәлсапа мен Киелі кітапқа негізделмейтін салт-жоралардан аулақ болуымыз қажет (Ғалаттықтарға 5:19—21; Қолостықтарға 2:8; 1 Тімотеге 6:9, 10; Яһуда 3, 4). Оған қоса, Құдайдың бізбен бірге екендігіне, сондай-ақ оның Сөзіндегі өсиеттердің расында да пайдалы екендігіне сенуге тиіспіз.
6, 7. Неге сенім сұрап дұға ету орынды?
6 Сенім — адам өзінің еркінің күштілігінің арқасында дамыта алатын нәрсе емес. Ол — Құдайдың киелі рухының жемісінің, немесе әрекет етуші күшінің, құрамдас бөлігі (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Сенімімізді нығайту керек болса ше? Иса: “Өздерің күнәкар бола тұра балаларыңа жақсылық жасауды білесіңдер, көктегі Әкенің Өзінен сұрағандарға Киелі Рухын сыйлайтыны ешбір шүбәсыз!” — деген (Лұқа 11:13). Иә, киелі рух сұрап дұға ете берейік, өйткені ол басымызға қандай қиын жағдай түскеніне қарамастан, бойымызда Құдайдың еркін орындауымызға қажетті сенім дамыта алады (Ефестіктерге 3:20).
7 Құдайдан сенімімізді арттыруды сұраған орынды. Иса жын соққан бір балақайды сауықтырмас бұрын баланың әкесі: “Мен сенемін. Сенімім жетіспегенде оны нығайта көріңіз!” — деп жалбарынды (Марқа 9:24). Шәкірттері Исадан: “Сенімімізді арттыра көріңіз”,— деп өтінген (Лұқа 17:5). Сондықтан Құдайдың біздің дұғаларымызға жауап беретініне күмәнданбастан, сенім беруін сұрап дұға ете берейік (1 Жохан 5:14).
Құдай Сөзіне сенгеннің маңызы зор
8. Құдай Сөзіне деген сенім бізге қалай көмектесе алады?
8 Өз жанын құрбан етіп өлерінен аз уақыт бұрын Иса шәкірттеріне: “Көңілдерің толқымасын! Құдайға сеніңдер және Маған да сеніңдер!” — деген (Жохан 14:1). Мәсіхшілер ретінде біз Құдайға және оның Ұлына сенеміз. Ал Құдай Сөзіне ше? Егер Құдай Сөзін зерттеп, оның бізге ең жақсы өсиеттер мен басшылық беретініне еш күмәнданбай өмірімізде қолданар болсақ, ол біздің өмірімізге жақсы жағынан қатты әсер етеді (Еврейлерге 4:12).
9, 10. Жақып 1:5—8 тармақтарында сенім туралы айтылған сөздерді қалай түсіндірер едіңдер?
9 Біз кемелсізбіз әрі өміріміз әбігерге толы. Бірақ Құдай Сөзіне деген сенім біз үшін нағыз көмек болады (Әйүп 14:1). Мысалы, қандай да бір қиын жағдайға ұшырап, не істеу керек екенін білмей дағдарып қалдық делік. Құдай Сөзі бізге мынадай кеңес береді: “Кейбіреулерің даналыққа мұқтаж болсаңдар, Құдайдан сұраңдар, Ол береді де; Тәңіріміз еш жазғырмай-ақ бәріне жомарттықпен бере салады. Тек шүбәланбай, сеніммен сұрауларың керек. Күмәнданған адам жел айдап, соқтығысқан теңіз толқынына ұқсас. Мұндай кісі Жаратқан Иеден бір нәрсе аламын деп күтпесін: Ол екі ойлы, барлық іс-әрекетінде тұрақсыз адам” (Жақып 1:5—8).
10 Ехоба Құдай даналық жетіспегендіктен, өзіне дұға етіп сұрағанымыз үшін бізді жазғырмайды. Қайта, басымызға түскен қиыншылықтарға дұрыс қарауымызға көмектеседі. Мүмкін бауырластарымыз бізге көмегі тиетін тармақтарға көңілімізді аударар немесе Киелі кітапты зерттеп отырып, сондай тармақтарды өзіміз байқайтын шығармыз. Яки Ехобаның киелі рухының басшылығы басқалай көрінер. ‘Шүбәланбай, сеніммен сұрайтын’ болсақ, көктегі Әкеміз қиыншылықтарға төтеп бере алуымызға қажетті даналық сыйлайды. Ал егер жел айдаған теңіз толқынына ұқсайтын болсақ, Құдайдан бір нәрсе аламын деп күтпесек те болады. Неге? Өйткені бұл біздің дұғада немесе тағы басқа нәрседе, тіпті сенім танытуда да, екі ойлы әрі тұрақсыз екенімізді көрсетер еді. Демек, біз Құдай Сөзіне және ондағы басшылыққа берік сенуіміз керек. Құдай Сөзінің көмектесетініне және жол сілтейтініне қатысты бірнеше мысалды қарастырып көрейік.
Сенім және күнкөріс
11. Құдай Сөзі күнделікті қажеттіліктерге қатысты бізді не нәрсеге сендіреді?
11 Мұқтаждық көріп не кедейлікте өмір сүріп жатқан болсақ ше? Құдай Сөзіне деген сеніміміз Ехоба күнделікті қажеттіліктерімізді қамтамасыз етеді, ал болашақта өзін сүйетіндерге молшылық сыйлайды деп күтуімізге негіз болады (Забур 71:16; Лұқа 11:2, 3). Ехобаның Ілияс пайғамбарды аштық кезінде қалай ас-сумен қамтамасыз еткені туралы ой жүгірткеніміз бізге жігер береді. Кейінірек, Ехоба керемет түрде ұн мен майды көбейтіп отырып, бір әйел мен оның баласының және Ілиястың өмірін сақтап қалған (3 Патшалықтар 17:2—16). Сол сияқты Иерусалимді бабылдықтар қоршауға алғанда, Ехоба Еремияны да ас-сусыз қалдырмаған (Еремия 37:21). Ілияс пен Еремияның ішер ас-суы көп болмағанымен, Ехоба олардың қамын жеген. Ол бүгінде өзіне сенім танытып жүргендерге де солай етеді (Матай 6:11, 25—34).
12. Күнделікті нанымызды тауып жеуге бізге не көмектеседі?
12 Сенім мен Киелі кітап принциптерін ұстанғанымыз бізді байытып жібермегенмен, нанымызды тауып жеуге көмектеседі. Мысал үшін: Киелі кітап адал, епті әрі еңбекқор болуға шақырады (Нақыл сөздер 22:29; Екклесиаст 5:18, 19; 2 Қорынттықтарға 8:21). Егер біз өзімізді жақсы жұмысшы ретінде танытсақ, мұнымыз елеусіз қалмайды. Жақсы жұмыс табу оңайға соқпайтын жерлердің өзінде адал, шебер әрі ынталы жұмысшылар үшін жақсы мүмкіндіктер бар. Мұндай жұмысшылардың табысы аз болса да, әдетте қажетті нәрселерінің бәрі болады, сондай-ақ маңдай терімен тапқан нандарын жеп отырғаны оларды қанағат сезіміне бөлейді (2 Салониқалықтарға 3:11, 12).
Сенім қайғы-қасіретке төтеп беруге көмектеседі
13, 14. Қалай сенім қайғыға төтеп беруге көмектеседі?
13 Құдай Сөзі өзімізге қымбат адамның өліміне қайғырудың табиғи нәрсе екенін көрсетеді. Құдайға адал болған ру басы Ыбырайым сүйікті әйелі Сараны жоқтап қайғырған (Жаратылыс 23:2). Дәуіт ұлы Абессаломның өлімі туралы естігенде, қасірет шекті (2 Патшалықтар 18:33). Тіпті кемелді адам Иса да досы Елазар қайтыс болғанда, көзіне жас алған (Жохан 11:35, 36). Жақын адамымыздың өлімі бізді қатты қайғыға батырады, алайда Құдай Сөзіндегі уәделер оған төтеп беруге көмектеседі.
14 Пауыл: “Сенушілерді де, күнәкарларды да қайта тірілтеді деп күтіп, мен де олар сияқты Оған үмітімді артамын”,— деген (Елшілердің істері 24:15). Біз Құдайдың миллиондаған адамдарды қайта өмірге әкелетініне деген ниетіне сенуіміз керек (Жохан 5:28, 29). Олардың арасында қазір өлім ұйқысында Құдайдың жаңа дүниесінде қайта тірілетін уақыттарын күтіп жатқан Ыбырайым мен Сара, Ысқақ пен Рабиға, Жақып пен Лия да болады (Жаратылыс 49:29—32). Өмірден өткен жақындарымыз жер бетінде өмір сүру үшін өлім ұйқысынан оянғанда қандай зор қуаныш болады десеңші! (Аян 20:11—15). Қазір сеніміміз бізді қайғы-қасіреттен толық арылтпаса да, Құдаймен тығыз байланыста болуымызға мүмкіндік беріп, жақын адамның өлімінің жанымызға батқан қасіретіне төтеп беруге көмектеседі (Забур 120:1—3; 2 Қорынттықтарға 1:3).
Сенім мұңайған шақтарда нығайтады
15, 16. а) Неге сенім танытып жүргендердің мүңаюы жаңалық емес деуге болады? ә) Қайғы-мұңмен күресуге не көмектеседі?
15 Сонымен қатар Құдай Сөзінен сенім танытқандардың өздері де мұңайып, жаны күйзелуі мүмкін екені көрінеді. Ауыр сынаққа ұшыраған Әйүп Құдай өзінен бас тартты деп ойлаған (Әйүп 29:2—5). Нехемияны Иерусалимнің ойрандалып, қабырғасының құлап жатқаны қамықтырған (Нехемия 2:1—3). Петір Исадан танғаннан кейін, мұңға батқаны соншалық, ‘қатты жылаған’ (Лұқа 22:62). Пауыл болса, Салониқадағы бауырластарын ‘жасқаншақтарға [“көңіліне қаяу түскендерге”, ЖД] жігер беруге’ шақырған (1 Салониқалықтарға 5:14). Демек, сенім танытып жүргендердің мұңаюы жаңалық емес. Алайда мұнымен қалай күресуге болады?
16 Мұңаю бірден бірнеше қиыншылыққа ұшыратуы мүмкін. Бірақ олардың бәрін біріктіріп, үлкен бір проблема ретінде қарастырмаған дұрыс. Бәлкім, Киелі кітаптың принциптерін ұстана отырып, оларды бір-бірлеп шеше алатын болармыз. Бұл қандай да бір дәрежеде қайғы-мұңнан арылуға көмектеседі. Іс-әрекетімізде байсалды болу мен тынығып демалуға жеткілікті уақыт бөлгеніміздің де пайдасы болуы мүмкін. Бір нәрсеге сенімді болуымызға болады: Құдайға және оның Сөзіне деген сенім рухани күйіміздің жақсы болуына ықпал етеді, өйткені бұл Құдайдың біздің қамымызды ойлайтындығына деген сенімділігімізді арттырады.
17. Ехобаның біздің қамымызды ойлайтынын қайдан білеміз?
17 Петір бізді мынадай сөздермен жұбатады: “Құдайдың құдіретті қолының астына бой ұсыныңдар; Өзі белгілеген уақыты жеткенде сендерді жоғарылатпақ. Барлық уайымдарыңды Құдайға сеніп тапсырыңдар, себебі Ол қамдарыңды ойлайды!” (1 Петір 5:6, 7). Забур жыршысы: “Ехоба жығылып бара жатқандардың бәрін қолдап, бүгілгендердің бәрін тұрғызады”,— деп жырлаған (Забур 144:14). Бұл сөздерге сенуге бізде барлық негіз бар, өйткені олар Құдай Сөзінде жазылған ғой. Қайғы-мұңнан айыға алмаған күннің өзінде, барлық уайымымызды көктегі сүйіспеншілікке толы Әкемізге сеніп тапсыра алатынымызды білгеніміз қалайша нығайтады десеңші!
Сенім және өзге сынақтар
18, 19. Қалай сенім сырқат кезімізде төзуге және сырқат бауырластарымызды жұбатуға көмектеседі?
18 Өзіміздің не жақын адамымыздың қатты науқастанып қалуы сенімімізді барынша сынауы мүмкін. Киелі кітапта Епафродит, Тімоте және Трофим сияқты мәсіхшілердің керемет түрде сауықтырылғандары туралы айтылмағанмен, Ехобаның оларға төтеп беруге күш бергені сөзсіз (Філіпіліктерге 2:25—30; 1 Тімотеге 5:23; 2 Тімотеге 4:20). Оның үстіне, ‘кедейді ойлайтындар’ жөнінде Забур жыршысы: “Сырқаттанып, төсек тартып жатқанда, Тәңір оған күш береді. Сырқат кезінде Сен оның төсегін мүлдем өзгертесің”,— деп жырлаған (Забур 40:2—4). Забур жыршысының сөздері сырқаттанып жатқан бауырластарымызды жұбатуға қалай көмектеседі?
19 Сырқаттарды рухани қолдаудың бір жолы — науқастанып жатқандармен бірге және олар үшін дұға ету. Біз Құдайдан оларды керемет түрде сауықтырып жіберуді сұрамағанмен, ауырып жүрген кездерінде төзімді болулары үшін, рухтарын мойымайтындай берік етуін және рухани жағынан нығайтуын сұрап дұға етуімізге болады. Сонда Ехоба оларды қолдайды, әрі “тұрғындардың бірде-біреуі: — Мен аурумын” деп айтпайтын уақытты күтуге деген сенімдері нығая түседі (Ишая 33:24). Қайта тірілген Иса Мәсіх пен Құдай Патшалығы арқылы мойынсұнғыш адамзаттың барлығы күнә, ауру мен өлімнен мәңгіге құтылатын кездің келетінін білгендігіміз қандай зор жұбаныш береді! Осындай керемет болашақ үшін, біз ‘дерттердің бәрінен сауықтыратын’ Ехобаға ризамыз (Забур 102:1—3; Аян 21:1—5).
20. Неге сенім кәріліктің ‘ауыр күндеріне’ төзуге көмектеседі деуге болады?
20 Сенім саулық пен қауқар кеткен кәріліктің ‘ауыр күндеріне’ төзуге көмектеседі (Екклесиаст 12:1—7). Сондықтан егде тартқан бауырластарымыз Забур жыршысының қартайған шағында жырлап айтқан дұғасына үн қосуларына болады: “Үміт артарым Сенсің, Тәңір Құдайым... Қартайған шағымда бас тартпашы менен, қуатым кеткенде тастап кетпеші мені” (Забур 70:5, 9). Забур жыршысының Ехобаның қолдауына мұқтаж екенін сезінгені сияқты мұны көп жыл бойы Құдайға қызмет етіп, енді қартайған көптеген бауырластарымыз да сезінеді. Олардың сенімдері бар, сондықтан Ехобаның ‘мәңгі қолдарының’ қамқорлығында болатындарына күмәнданбауларына да болады (Заңды қайталау 33:27).
Құдай Сөзіне деген сенімдеріңді сақтаңдар
21, 22. Сеніміміз бар болса, Құдаймен қарым-қатынасымызға қалай әсер етеді?
21 Ізгі хабарға және жалпы Құдай Сөзіне сенгеніміз Ехобаға жақындай түсуімізге көмектеседі (Жақып 4:8). Рас, ол — Әлемнің Әміршісі, бірақ сонымен қатар ол біздің Жаратушымыз әрі Әкеміз (Ишая 64:8; Матай 6:9; Елшілердің істері 4:24). Забур жыршысы: “Сен менің Әкемсің, Құдайымсың әрі құтқарушы жартасымсың”,— деп жырлаған (Забур 88:27). Ехобаға және оның Сөзіне сенім танытатын болсақ, біздің де оны ‘құтқарушы жартасымыз’ деп есептеуімізге болады. Бұл жүрекке жылы тиетін қандай мәртебе десеңші!
22 Ехоба — рухтан туған мәсіхшілер мен олардың жерде өмір сүруге үміттенетін серіктерінің Әкесі (Римдіктерге 8:15). Ал көктегі Әкемізге деген сеніміміз әрқашан өзін ақтайды. Дәуіт: “Әкем мен анам мені тастап кетті, ал Тәңір мені қабыл алады”,— деген (Забур 26:10). Оның үстіне, Киелі кітап: “Жаратқан Ие... Өзінің ұлы даңқына бола меншікті халқын тастамақ та емес”,— деп сендіреді (1 Патшалықтар 12:22).
23. Ехобамен қарым-қатынасымызды сақтау үшін не қажет?
23 Ехобамен тығыз қарым-қатынаста болу үшін, әрине, ізгі хабарға сенуге және Киелі Жазбаларды Құдай Сөзі ретінде — шынында да бұл солай — қабылдауға тиіспіз (1 Салониқалықтарға 2:13). Біз толығымен Ехобаға сенуіміз әрі оның Сөзінің жолымызға шырақтай нұрын шашуына мүмкіндік беруіміз керек (Забур 118:105; Нақыл сөздер 3:5, 6). Оның мейір-шапағатын түсіріп, бізді қолдайтынына сенімді болып дұға еткенде, сеніміміз нығаяды.
24. Римдіктерге 14:8-де қандай жұбаныш беретін ой жазылған?
24 Сенім өзімізді Құдайға мәңгіге бағыштауға талпындырды. Сеніміміз берік болса, өмірден өтсек те, қайта тірілуге үміті бар Құдайға бағышталған оның қызметшісі болып қала береміз. Иә, “өмір сүрсек те, өлсек те, Иеміздің меншігіміз” (Римдіктерге 14:8). Осы жұбанышты ойды жүрегімізде сақтап, әрі қарай да Құдай Сөзіне және ізгі хабарға деген сенімімізді сақтай берелік.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Сенім деген не және ол бізге не үшін қажет?
• Неге ізгі хабарға және жалпы Құдай Сөзіне сенгеннің маңызы аса зор?
• Қалай сенім әр түрлі сынақтарға төтеп беруге көмектеседі?
• Сенімімізді сақтауға не көмектеседі?
[8-беттегі суреттер]
Ехоба Еремия мен Ілиясты қолдаған, өйткені олардың сенімі болған
[9-беттегі суреттер]
Әйүп, Петір, Нехемиялардың сенімі берік болған
[10-беттегі суреттер]
Ехобамен қарым-қатынасымызды сақтау үшін, ізгі хабарға сенуіміз керек