Кешірім сұрау неліктен сонша қиын?
ЕКІ мыңыншы жылдың шілдесінде Калифорния штатының (АҚШ) заң шығару жиналысы жаңа заң жобасын қабылдады. Бұл заң жобасына сәйкес жол-көлік оқиғасына айыпты адамдар зақым алғандарға жанашырлық танытса, жауапкершіліктен босатылады. Заң шығару органының бұған араласуы неге қажет болды? Жол-көлік оқиғасында әлдекім зақым не жарақат алған болса, апатқа қатысы барлар әдетте кешірім сұрап келмейтіндігі байқалған. Өйткені олар кешірім сұраса, сот оларды айыбын мойындағаны ретінде қарастырады деп қорқады. Ал өздерінің алдында дереу кешірім сұрау керек деп санайтындар ашуланып, болмашы жайдан үлкен дау шығаруы мүмкін.
Әрине, егер оқиғаға айыпты болмасақ кешірім сұраудың қажеті жоқ. Бір нәрсе айтпас бұрын жақсылап ойланып алу керек кездер де болады. Көне нақыл сөздер былай дейді: “Көп сөйлеген күнәға ұрынады, ал өз аузына ие болған — ақылды” (Нақыл сөздер 10:19; 27:12). Сондай-ақ мұндайда сыпайы және әдепті болған жөн.
Алайда кейбіреулер мәселе сот талқылауына қатысы болмаса да кешірім сұрамайды. Үй шаруасындағы әйел: “Менің күйеуім ешқашан кешірім сұрамайды”,— деп айтуы мүмкін. Бастық: “Менің қол астымдағылар өз қателіктерін мойындамайды, кешірім сұрауды да білмейді”,— деп наразылық танытуы мүмкін. Ал мектеп оқытушысынан: “Балалар кешірім сұрауға тәрбиеленбеген”,— деген сөздерді естуге болады.
Кейбіреулер ренжіген адамның кешіретіндігіне күмән келтіргендіктен уақытты соза береді. Сұраған кешірімдері елеусіз қалдырыла ма деп қауіптенген олар, ішкі жан дүниесін аша қоймайды. Екінші жағынан ренжіген адамдар ренжітушілерден қашқақтай беретін болса, ымыраға келу өте қиын болады.
Кешірім сұрауға кедергі болатын себептердің бірі — өзгелердің сезімдерімен санаспау. Адамдар: “Болар іс болды”,— деп ойлауы мүмкін. Аяғы неге әкеліп соғатынын шамалаған кейбіреулер “кешіріңіз” деуге бата алмайды. Әлдекім: “Мені кінәлап, шығынның орнын толтыруды талап етіп қалмай ма?” — деп қауіптенеді. Алайда қателікті мойындауға басты кедергі — менмендік. Кешірім сұрай алмайтын, тым менмен адам: “Мен өзімді кемсітіп, қатемді мойындағым келмейді. Абыройымды жоғалтып қайтемін”,— деп ойлайды.
Қандай себеп болса да, бір нәрсе анық: көптеген адамдарға кешірім сұрау өте қиын. Алайда кешірім сұрау соншалық қажет пе? Одан не пайда?
[3-беттегі сурет]
Балалар кешірім сұрауға тәрбиеленбеген
[3-беттегі сурет]
Менің қол астымдағылар өз қателіктерін мойындамайды
[3-беттегі сурет]
Менің күйеуім ешқашан кешірім сұрамайды