“Құдайдың ұлы істерінің” қозғау салуы
“Сол кісілердің өз тілдерімізде Құдайдың ұлы істерін жариялап жатқанын естіп тұрмыз!” (ЕЛШІЛЕРДІҢ ІСТЕРІ 2:11).
1, 2. Б. з. 33 жылы Алғашқы өнім мейрамында қандай оқиға болды?
БІЗДІҢ з. 33 жылының көктемі. Бір күні таңертең Иерусалимдегі жекеменшік үйлердің бірінде жиналған Иса Мәсіхтің шәкірттері, арасында ер кісілері де, әйелдері де бар, таңқаларлық бір оқиғаны бастан кешірді. “Кенеттен көктен бір қатты дауыл соққандай шу естіліп, олар отырған бүкіл үйді алып кетті. Оларға жалындай жалаңдаған тілдер көрінді де... бәрі Киелі Рухқа кенеліп... бөтен тілдерде сөйлей бастады” (Елшілердің істері 2:2—4, 15).
2 Олар отырған үйдің алдына көп халық жиналып қалды. Араларында Иерусалимге Алғашқы өнім мейрамын тойлауға келген, шетелде туып өскен “Құдайды қастерлейтін” яһудилер бар болатын. Шәкірттердің жиналғандардың өз тілдерінде “Құдайдың керемет істері” туралы айтып жатқанын естігенде халық қайран қалады. Мұны қалай түсінуге болады, сөйлеп жатқандардың бәрі ғалилеялықтар емес пе? (Елшілердің істері 2:5—8, 11).
3. Алғашқы өнім мейрамында Петір халыққа не айтты?
3 Сол ғалилеялықтардың бірі елші Петір еді. Ол бірнеше апта бұрын әділетсіз адамдардың Иса Мәсіхті өлтірткенін айтты. Құдай болса өзінің Ұлын өлімнен қайта тірілтіп алды. Сосын Иса өзінің көптеген шәкірттеріне, Петір мен сол жердегі басқаларға да көрінді. Осы оқиғадан он күн бұрын ғана Иса көкке көтерілген еді. Енді шәкірттеріне киелі рух төгіп отырған тап Исаның өзі. Алғашқы өнім мейрамын тойлауға келгендер үшін осының барлығының қандай да бір мағынасы бар ма? Әрине, бар. Исаның өлімі олардың күнәларының кешірілуіне және ‘Құдайдың сыйы Киелі Рухын қабылдауларына’ мүмкіндік берді. Бірақ бұл үшін олар Исаға сенетіндерін көрсетулері керек еді (Елшілердің істері 2:22—24, 32, 33, 38). “Құдайдың керемет істері” туралы естігендері халыққа қалай әсер етті екен? Сондай-ақ осы оқиға өзіміздің Ехобаға деген қызметімізге баға беруімізге қалай көмектеседі?
Әрекет етуге қозғау салу
4. Б. з. 33 жылының Алғашқы өнім мейрамында Жоелдің қандай пайғамбарлығы орындалды?
4 Иерусалимдегі шәкірттер киелі рухты қабылдай салысымен құтқарылу туралы ізгі хабарды, сол күні таңертең жиналған халықтан бастап, өзгелерге айта бастады. Олардың осылайша уағыздауымен сегіз ғасыр бұрын Петуелдің ұлы Жоел айтқан керемет пайғамбарлық орындалды: “Мен өзімнің Рухымды бүкіл адамзаттың үстіне төгемін. Ұл-қыздарың пайғамбарлық сөз айтады; Қарттарың түс көріп, жігіттерің аян алады. Сол күндері Мен құл-күңдерімнің үстіне де Рухымды төгемін. Иенің ұлы да қорқынышты күні келмей тұрып...” (Жоел 1:1; 2:28, 29, 31; Елшілердің істері 2:17, 18, 20).
5. Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер қай мағынада пайғамбарлық етулері керек еді? (Сілтемені қараңдар).
5 Бұл Құдай өзіне Дәуіт, Жоел, Дебора сияқты пайғамбарлар әулетін тағайындап, солар арқылы болашақты болжап отырады дегенді білдіре ме? Жоқ. Мәсіхші ‘ұл-қыздары’ мен ‘құл-күңдері’ Ехобаның рухы әсер етіп, Оның істеген және істеуге ниеттеніп жүрген ‘керемет істерін’ жариялау мағынасында пайғамбарлық еткен болар еді. Олар Ең жоғарғы Құдайдың атынан сөйлегенa. Алайда сол уақыттағы болған оқиға халыққа қалай әсер етті екен? (Еврейлерге 1:1, 2).
6. Петірді тыңдағандардың көбісі не істеуге талпынды?
6 Петірдің сөздері, оны тыңдағандардың көбісін әрекет етуге талпындырды. Олар “оның сөздерін шын жүректен қабылдап”, “шомылдыру рәсімінен өтті. Осылайша бұл күні қауымға үш мыңдай адам қосылды” (Елшілердің істері 2:41, ЖД). Сол яһудилер мен яһуди дініне кіргендердің Жазбалардан негізгі білімі бар-тын. Осы және Петірден естіп-білгендеріне деген сенімдері олардың “Құдай Әкенің, рухани Ұлының және Киелі Рухының атымен” шомылдыру рәсімінен өтулеріне негіз болды (Матай 28:19). Шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін “олар елшілердің беріп жүрген тәлімін... [алуды] жалғастыра берді”. Сонымен қатар жаңа сенімдерімен өзгелермен бөлісіп те жүрді. “Олар күн сайын ғибадатханада бір кісідей бірге болды;.. Құдайды дәріптеді. Оларды бүкіл халық ұнатты”. Олардың куәлік беру ісі жемісті болып, “Иеміз күн сайын тағы басқа адамдарды құтқарып, қауымына қосып отырды” (Елшілердің істері 2:42, 46, 47). Сол сенушілер тұратын елдердің көбісінде мәсіхшілердің қауымдары пайда бола бастады. Бір жағынан мұндай өсім — олар елдеріне оралған соң, ізгі хабарды құлшына уағыздағандарының арқасында болғаны сөзсіз (Қолостықтарға 1:23).
Құдай Сөзінің әсері күшті
7. а) Бүгінде барлық ұлттың адамдарын Ехобаның ұйымына не нәрсе жақындатып тартады? ә) Сендердің ойларыңша, дүниежүзілік және жергілікті танапта қандай өсім болуы мүмкін? (Сілтемеге қараңдар).
7 Бүгінгі Құдайдың қызметшісі болғысы келетіндер жөнінде не деуге болады? Олар да Құдай Сөзін мұқият зерттеулері керек. Киелі кітапты зерттеу барысында олар Ехобаны ‘рақымды да қайырымды... Қаһарлануға асықпайтын, сүйіспеншілігі берік, әрдайым сөзінде тұратын’ Құдай ретінде таниды (Мысырдан шығу 34:6; Елшілердің істері 13:48). Сондай-ақ Ехобаның мейірімділік танытып, Иса Мәсіх арқылы адамзаттың азаттық төлемін төлегені, сондай-ақ оның төгілген қаны оларды барлық күнәларынан тазартатыны жөнінде біледі (1 Жохан 1:7). Оның үстіне, бойларында Құдайдың ‘сенушілерді де, күнәкарларды да қайта тірілтуге’ ниеті бар екендігіне деген ризашылық пайда болады (Елшілердің істері 24:15). Жүректері сондай ‘керемет істердің’ Қайнар көзіне деген сүйіспеншілікке толып, осындай бағалы шындықтарды уағыздауға талпындыратын болады. Сосын бағышталған, шомылдыру рәсімінен өткен Құдайдың қызметшісі болады да, ‘Құдайды неғұрлым жақынырақ тануды’ жалғастыра беретін боладыb (Қолостықтарға 1:10ә; 2 Қорынттықтарға 5:14).
8—10. а) Бір бауырласымызбен болған оқиғадан Құдай Сөзінің ‘әсері күшті’ екені қалай көрінеді? ә) Осы оқиғадан сендер Ехоба жөнінде және оның өз қызметшілеріне қалай қарайтыны жөнінде не білдіңдер? (Мысырдан шығу 4:12).
8 Құдайдың қызметшілерінің Киелі кітапты зерттеу барысында алатын білімдері үстіртін емес. Бұл білім олардың жүрегіне жетіп, ой-қалпын өзгертіп, уақыт өте келе олардың болмысына айналады (Еврейлерге 4:12). Мысалы, Камилла деген бір әйел қартаң кісілерге қараушы болып жұмысқа орналасады. Ол қарайтын кісілердің арасында Марта деген Ехоба Куәгері болады. Марта кәріліктен ақылынан алжасып қалған болатын, сондықтан оны үнемі қадағалап отыру қажет еді. Оған тамақ ішу керек екендігін, тіпті аузындағы тамағын жұту керек екендігін есіне салып отыру керек болатын. Алайда, өзіміз көретіндей, бір нәрсені ол жақсы есінде сақтаған еді.
9 Бір күні ол Камилланың жеке басының қиыншылықтарына қамығып, жылап отырғанын көреді. Марта оны құшақтап тұрып, Киелі кітапты зерттеуді ұсынады. Бірақ оның жағдайында Киелі кітапты зерттеу сабағын жүргізу мүмкін бе? Иә, мүмкін екен! Марта көп нәрсені ұмытып қалғанымен, өзінің керемет Құдайын және Киелі кітаптан білген бағалы шындықты ұмытпапты. Зерттеу барысында Марта Камилладан әрбір абзац пен келтірілген тармақтарды оқып шығып, сосын сол беттің төменгі жағында орналасқан сұрақты оқып, жауап беруін сұрайтын. Осылайша біраз уақыт өтеді. Мартаның мүмкіншіліктерінің шектеулі екендігіне қарамастан, Камилланың Киелі кітаптан алған білімі тереңдей береді. Марта Камилланың Құдайға қызмет етуді қалайтын басқа да адамдармен араласуы керек екенін түсінеді. Сөйтіп, оқушысының Патшалық Сарайына бара алуы үшін оған өзінің аяқ киімі мен көйлегін береді.
10 Мартаның өзіне соншалықты көңіл бөлгені, сондай-ақ оның көрсеткен үлгісі мен сенімінің беріктігі Камиллаға қатты әсер етеді. Камилла Мартаның Киелі кітаптан үйретуге тырысып жатқан нәрсесі өте маңызды болғаны ғой деген пікірге келеді. Өйткені Марта Киелі жазбалардағы білетіндерінен басқасының бәрін дерлік ұмытып қалған ғой. Кейінірек Камилланы басқа жерге ауыстырғанда, ол әрекет ететін кездің келгенін түсінеді. Ең бірінші мүмкіндікті пайдаланып, ол Марта берген көйлек пен аяқ киімді киіп, Патшалық Сарайына келеді де, онымен Киелі кітапты зерттеуді сұрайды. Содан Камилла рухани өсіп, суға шомылдыру рәсімінен өтеді.
Ехобаның нормаларына сай болуға талпыну
11. Патшалық туралы хабардың бізге әсер еткендігі уағыздау ісінде құлшыныс танытудан басқа тағы не нәрседе көрінеді?
11 Бүгінде дүние жүзі бойынша алты миллионнан аса Ехоба Куәгерлері Мартаға, сондай-ақ енді Камиллаға да ұқсап Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды уағыздауда (Матай 24:14; 28:19, 20). Бірінші ғасырдағы мәсіхшілерге сияқты оларға да “Құдайдың керемет істері” қатты әсер еткен. Олар өздеріне Ехобаның есімімен аталу мәртебесі берілгенін және Ехобаның киелі рухын төгіп отырғанын жақсы түсінеді. Сонымен қатар олар ‘Құдай халқына лайық, Оны риза қылатындай өмір сүру’ үшін өмірлерінде оның нормаларын ұстануға бар күштерін салуда. Бұған Құдайдың киім мен сыртқы көрініске қатысты нормалары да жатады (Қолостықтарға 1:10а; Титке 2:10).
12. 1 Тімотеге 2:9, 10-тармақтарда киім мен сыртқы көрініске қатысты қандай нақты кеңес берілген?
12 Иә, Ехоба біздің сыртқы көрінісіміздің қандай болу керек екеніне қатысты нормалар орнатқан. Сондай талаптардың кейбіреулерін Пауыл атап өткен. “Әйелдер әдеппен әрленіп-сәнденсін: шаштарын тым баптай бермей, алтын, маржан және қымбат киімге үйір болмай, киімдері қарапайым да сыпайы болсын. Оларды істеген игі істері көркейтсін. Бұл Құдайға ұнамды болуға ұмтылған әйелдерге лайық”c. Осы сөздерден не нәрсеге үйренуге болады? (1 Тімотеге 2:9, 10).
13. а) ‘Әдеппен әрленіп-сәндену’ деген нені білдіреді? ә) Неге Ехобаның нормалары ақылға қонарлық деуге болады?
13 Пауылдың сөздерінен мәсіхшілердің ‘әдеппен әрленіп-сәнденуі’ керек екені көрінеді. Оларға салдыр-салақ, ұқыпсыз немесе алқам-салқам болып жүруге болмайды. Барлық адамдар, тіпті қарапайым өмір сүретіндер де, киімдерінің ұқыпты, таза әрі әдепті болуын қадағалау арқылы ақылға қонымды осы нормаларға сай болуларына болады. Мысалы, оңтүстік-Африканың бір елінде Куәгерлер облыстық конгреске бару үшін жыл сайын көп шақырым жерді джунглиден өтіп, сосын ұзақ уақыт шағын қайықпен жүзеді екен. Жиі әлдебіреулері суға құлап кетіп немесе бұтаға киімдерін жыртып алып жатады. Сондықтан бауырластар конгресс өтетін жерге жеткенде, мұнтаздай таза, жып-жинақы бола бермейді. Сөйтсе де олар конгреске киетін киімдерінің түймесін тігіп, сырмасын жөнге келтіріп, жуып, үтікке басып қоюға уақыт табады. Олар Ехобаның дастарқанынан дәм татуға шақырылғандарын бағалап, соған лайық киініп баруды қалайды.
14. а) “Қарапайым да сыпайы” киіну деген не? ә) ‘Құдайға ұнамды болуға ұмтылатындарға’ лайық киіну деген біз үшін нені білдіреді?
14 Әрі қарай Пауыл “қарапайым да сыпайы” киіну керектігімізді айтқан. Бұл көзге ұратын, оғаш, орынсыз сезім оятатын, ашық-шашық немесе соңғы сән үлгісіне сай әсіре әсем киім кимеуді білдіреді. Оның үстіне біздің киімімізден ‘Құдайға ұнамды болуға ұмтылатынымыз’ көрініп тұруы керек. Бұл ойландыратын нәрсе, солай емес пе? Жиналысқа барар кезде ғана әдепті киініп, қалған уақытта әдептілік жөнінде ұмытып кеткеніміз дұрыс болмас еді. Біз тәуліктегі 24 сағат бойы мәсіхші әрі Құдайдың қызметшілеріміз ғой, сондықтан сыртқы көрінісімізден әрқашан осы көріну керек. Жұмыс пен мектепке киетін киіміміздің не нәрсемен айналысқалы жатқанымызға сай болу керек екендігі түсінікті нәрсе. Сөйткенмен де, қалай болған күнде де, қарапайым әрі өз-өзімізді сыйлайтынымызды көрсетіп киінуіміз керек. Киім киісіміз әрдайым Құдайға сенетінімізді көрсетіп тұратын болса, еш уақытта сыртқы көрінісімізден ұялып бейресми куәлік етуден бас тартпайтын боламыз (1 Петір 3:15).
“Осы күнәкар дүниені... сүймеңдер!”
15, 16. а) Неге біз киім мен сыртқы көрініске қатысты осы дүниеге еліктемегеніміздің маңызы зор? (1 Жохан 5:19) ә) Неге біз осы дүниенің сән үлгісіне еліктеуден аулақ болуымыз керек?
15 1 Жохан 2:15, 16-тармақтарда жазылған кеңес те киім мен сыртқы көрініске қатысты басшылық болып табылады. Біз мынаны оқимыз: “Осы күнәкар дүниені және ондағы еш нәрсені сүймеңдер! Осы дүниені сүйгендердің Әкеге сүйіспеншілігі жоқ. Себебі осы дүниеге тән нәрселердің бәрі: күнәкар адамның құмарлықтары, көзінің қомағайлығы, мал-мүлікке мастануы Әкеден емес, осы дүниеден бастау алған”.
16 Қандай орынды кеңес десеңші! Қазір, қысым барынша үдеп тұрған заманда, осы дүниенің не киіп не қоюымызға өктемдік етуіне жол бермеуіміз керек. Соңғы жылдары киім кию үлгілері жақсарып жатқан жоқ, керісінше. Тіпті іскер адамдар мен сыйлы мамандық иелерінің киім киісі де мәсіхшілер үшін үлгі боларлықтай емес. Бұл ‘Құтқарушымыз Құдайдың ілімін көркейткіміз’ келсе, ‘күнәкар дүниенің өмір сүру салтын үлгі етпеуіміз’ керектігін неліктен есте ұстауға тиіс екендігіміздің тағы бір себебі болып табылады (Римдіктерге 12:2; Титке 2:10).
17. а) Киім-кешек аларда немесе киім үлгісін таңдарда өзімізге қандай сұрақтар қоюға болады? ә) Неге отағалары отбасы мүшелерінің қалай киініп жүргендерін қадағалаулары керек?
17 Қандай да бір киім сатып алмас бұрын өзімізден былай деп сұрағанымыз абзал: неге маған осындай киім үлгісі ұнайды? Өзіме ұнайтын атақты адамдардың бірін есіме салғандықтан емес пе? Тәуелсіздік пен бүлікшілік рухы тән кейбір көше бұзақылары тобының киім үлгісіне жатпай ма? Сондай-ақ сол киімнің өзіне де жөндеп қарағанымыз дұрыс. Егер ол көйлек не белдемше болса, ұзындығы қандай? Пішімі ше? Қарапайым ба, мәсіхшілерге лайық па, әрі өз-өзіңді сыйлайтыныңды көрсетіп тұра ма, жоқ әлде тым тырысып қалған, орынсыз сезім оятатын, яки алқам-салқам ба? Өздеріңнен былай деп сұраңдар: осы киімді киер болсам, әлдебіреудің сеніміне нұқсан келтірмей ме? (2 Қорынттықтарға 6:3, 4). Неге біз мұны ескеруіміз керек? Өйткені Киелі кітапта: “Мәсіх те Өзіне емес, көктегі Әкеге ұнайтынды істеді”,— делінген (Римдіктерге 15:3). Мәсіхші отағалары отбасы мүшелерінің қалай киініп жүргенін қадағалаулары керек. Отағалары даңқты Құдайларын сыйлайтындығын көрсетіп, қажет кезінде тайсалмастан сүйіспеншілікке толы кеңес берулері керек (Жақып 3:13).
18. Қалай киініп жүргенімізге мұқият болуымызға не нәрсе талпындырады?
18 Біз Ехобаның хабарын уағыздап жүрміз, ал Ехоба — айбынды салтанаттылық пен қасиеттіліктің бейнесі (Ишая 6:3). Киелі кітап бізді мынаған шақырады: “Сүйікті рухани баласы ретінде Құдайдан үлгі алыңдар” (Ефестіктерге 5:1). Киім және сыртқы көрінісімізбен біз көктегі Әкемізді я мадақтаймыз, я масқаралаймыз. Біз оның жүрегін қуантқымыз келеді емес пе?! (Нақыл сөздер 27:11).
19. “Құдайдың керемет істері” жөнінде өзгелерге айтқанымыздың қандай пайдасы бар?
19 Өздерің білген “Құдайдың керемет істері” сендерді қандай сезімге бөлейді? Расында да, шындықты білгеніміз қандай керемет бата десеңдерші! Иса Мәсіхтің төгілген қанына сенгендіктен күнәларымыз кешірілді (Елшілердің істері 2:38). Бұл бізге Құдай алдында сөз еркіндігін берді. Біз үміті жоқтар іспетті өлімнен қорықпаймыз. Өйткені Иса бізге “қабірдегілердің бәрі Құдайдың рухани Ұлының даусын еститін уақыт болады. Сонда өлгендер қабірден шығады” деп уәде етті ғой (Жохан 5:28, 29). Ехоба мейірімділікпен осының бәрін бізге ашты. Оның үстіне ол бізге киелі рухын төгіп отыр. Осындай игі сыйларына деген ризашылығымыз бізді оның жоғары нормаларын бағалап әрі оның ‘керемет істерін’ өзгелерге жариялауға талпындыра берсін!
[Сілтемелер]
a Мұса мен Һаронға перғауынмен сөйлесіп, Құдайдың халқын босатуын талап етуді тапсырып жатып, Ехоба Мұсаға былай деді: “Мен сені перғауынның алдында құдай... етемін, ағаң Һарон... пайғамбарың болады” (Мысырдан шығу 7:1). Пайғамбар ретінде сөйлеген Һарон болашақта болатын оқиғаларды болжамаған, Мұсаның атынан сөйлеген.
b 2002 жылы 28 наурызда өткен жыл сайынғы Иеміздің кешіне келген қисапсыз мол адамдардың миллиондағаны әлі Ехобаның белсенді қызметшілері емес. Біз сол қызығушылардың көбісінің жүректері ізгі хабардың жариялаушысы ретінде мәртебелі қызметке атсалысуға мүмкіндігінше тез талпындырса екен деп дұға етудеміз.
c Пауылдың сөздері мәсіхші әйелдерге арналғанмен, ондағы принцип қауымдағы ер кісілер мен жастарға да қатысты.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Б. з. 33 жылғы Алғашқы өнім мейрамында халық қандай ‘керемет істер’ жөнінде естіді және олар оны қалай қабыл алды?
• Қалай Иса Мәсіхтің шәкірті болуға болады және оның шәкірті болу неден тұрады?
• Неге киіміміз бен сыртқы көрінісімізді қадағалап жүргеннің маңызы зор?
• Қалай киіну немесе қандай үлгідегі киімді киюге қатысты нені ескерген жөн?
[29-беттегі сурет]
Петір Исаның өлімнен қайта тірілгенін жария етті
[31-беттегі суреттер]
Мәсіхші ата-аналар отбасы мүшелерінің сыртқы көрінісін қадағалаулары керек
[32-беттегі суреттер]
Сыртқы көріністеріңмен Құдайды дәріптеп жүрсіңдер ме?