Олар шындық жолымен келеді
“Рухани балаларымның шындық жолымен жүріп жатқанын естуден артық маған қуаныш жоқ” (3 ЖОХАН 4).
1. ‘Ізгі хабардың шындық жолының’ негізгі көңіл аударатыны не?
ЕХОБАҒА “рухпен және шындықпен” ғибадат ететіндер ғана ұнамды (Жохан 4:24, ЖД). Олар Киелі кітапқа негізделген мәсіхшілердің ілімдерін толықтай қабылдап, шындыққа бойсұнады. ‘Ізгі хабардың шындық жолының’ негізгі көңіл аударатыны — Иса Мәсіх және Патшалық арқылы Ехобаның билік ету құқығының ақталуы (Ғалаттықтарға 2:14). Құдай жалғандықты жақсы көретіндердің ‘өтірікке илануларына’ жол бергенімен, адамның аман қалуы — ізгі хабарға сенгеніне және шындық жолымен жүргеніне байланысты (2 Салониқалықтарға 2:9—12; Ефестіктерге 1:13, 14).
2. Не нәрсеге Жохан ерекше қуанды және ол Гаймен қандай қарым-қатынаста болған?
2 Патшалықты жариялаушылар — “шындық жолындағы қызметтестер”. Олар да елші Жохан мен оның досы Гай іспетті шындық жолын берік ұстанып, сонымен жүреді. Гайды ойына алып, Жохан былай деген: “Рухани балаларымның шындық жолымен жүріп жатқанын естуден артық маған қуаныш жоқ” (3 Жохан 3—7; 8, ЖД). Гайды шындық жолымен таныстырған Жохан болмаған күнде де, ол Гайды рухани балаларының бірі дей алатын. Өйткені Гай одан жастау болса керек, сондай-ақ Жоханның егде тартқан жасын, мәсіхші ретінде толысқандығы мен әкелік мейірін де ескерген дұрыс.
Шындық және мәсіхшілердің ғибадаты
3. Ертедегі мәсіхшілер не үшін қауым болып кездесетін және оның олар үшін қандай пайдасы болған?
3 Шындық жолымен жүруді үйрену үшін ертедегі мәсіхшілер қауым болып кездесетін. Олардың кездесулері жиі жер үйлерде өтетін (Римдіктерге 16:3—5). Осылайша олар жігер алып, бір-бірін сүйіспеншілік пен игі істерге талпындыратын (Еврейлерге 10:24, 25). Кейінірек өздерін мәсіхшіміз дейтіндер жөнінде Тертуллиан (шам. б. з. 155 жыл мен 220 жылдан кейінгі уақыт аралығында) былай деп жазған: “Біз Құдайдың кітабын оқуға жиналамыз... Сол Киелі сөздердің сенімімізге азық болары, үмітімізді шарықтатып, сенімімізді арттыра түсері сөзсіз” (Apology, 39-тарау).
4. Мәсіхшілердің кездесулерінде ән айту бұрын қандай орын алған, ал қазір ше?
4 Ертедегі мәсіхшілердің кездесулерінде ән айту дағдылы нәрсе болса керек (Ефестіктерге 5:19; Қолостықтарға 3:16). Профессор Генри Чадвик ІІ ғасырдың сыншысы Цельстің өздерін мәсіхші деп атайтындарың сазды әндерінің “әуені әдемі болғаны сонша, адамның сезіміне әсер етеді” деп есептегенін және бұл “оның ашуын келтіргенін” жазған. Сонымен қатар Чадвик: “Александриялық Климент мәсіхшілер қандай музыка қолдануы керек екендігі жөніндегі мәселені бірінші болып көтерген. Ол мұндай музыка эротикалық билер биленетін музыкаға ұқсамауы керек деген шешімге келді”,— деп ескерді (The Early Church, 274—275-беттер). Алғашқы мәсіхшілердің кездесулерінде ән айтқаны күмәнсіз, сол сияқты Ехоба Куәгерлері де Киелі кітапқа негізделген әндер айтады. Олардың арасында Құдайды және Патшалықты дәріптейтін керемет әнұрандар да бар.
5. а) Ертедегі мәсіхшілердің қауымында рухани басшылық қалай жүргізілген? ә) Шынайы мәсіхшілер Матай 23:8, 9 тармақтарда айтылған Исаның сөздерін қалай ұстанған?
5 Ертедегі мәсіхшілердің қауымдарында бақылаушылар шындыққа үйреткен, ал қызмет көмекшілері бауырластарына түрлі қызмет көрсеткен (Філіпіліктерге 1:1). Басқарушы кеңес Құдай Сөзі мен киелі рухтың жетекшілігіне сүйеніп, рухани жағынан басшылық еткен (Елшілердің істері 15:6, 23—31). Діни лауазымдар қолданылмаған, өйткені Иса шәкірттеріне былай деген: “Алайда сендер “ұстаз” деп аталмаңдар! Ұстаздарың Біреу-ақ, ал бәрің де өзара бауырлассыңдар. Жер бетіндегі ешкімге “әке” деген рухани атақ бермеңдер! Бірден-бір рухани Әкелерің көкте ғой” (Матай 23:8, 9). Осы және басқа да көптеген мәселелерде ертедегі мәсіхшілер мен Ехоба Куәгерлерінің арасында ұқсастық бар.
Шындықты уағыздағаны үшін қудалану
6, 7. Уағыздап жүрген хабарлары бейбіт болса да, мәсіхшілер не нәрселерге кезігеді?
6 Ертедегі мәсіхшілердің уағыздаған хабары бейбіт болғанмен, Исаны қудалағандай оларды да қудалаған (Жохан 15:20; 17:14). Тарихшы Джон фон Мосхайм бірінші ғасырдағы мәсіхшілерді “үкіметке қауіп төндіруді ешқашан ойларына да алмайтын, ең зиянсыз топ” деп атаған. Д-р Мосхаймның айтуынша, “мәсіхшілердің ғибадатының ешбір өзге халықтың қасиетті салт-жораларына ұқсамайтын қарапайымдылығы римдіктердің ашуын келтіретін” болған. Сосын ол былай деп қосты: “Олар құрбандық шалмайтын, олардың ғибадатханалары, діни мүсін-бейнелері, абыздары да, абыздарға арналған ордендері де болмаған; бұларсыз діннің болуы мүмкін емес деп есептейтін надан көпшіліктің тарапынан қорлық көруге осының өзі жеткілікті еді. Мәсіхшілерді атеистердің бір түрі деп қабылдайтын, ал римдіктердің заңы бойынша, атеист ретінде кінә тағылғандар қоғам үшін қауіпті болып есептелетін”.
7 Пұтқа табынушылықтың арқасында күн көріп жүрген абыздар, ұсталар мен өзгелер халықты жалған тәңірлерге табынуға қатысты салт-жораларға қатыспайтын мәсіхшілерге қарсы арандататын (Елшілердің істері 19:23—40; 1 Қорынттықтарға 10:14). Тертуллиан былай деп жазған: “[Жаулары] елде болып жатқан бақытсыздық та, халықтың ұшыраған қайғы-қасіреті де, бәрі-бәрі мәсіхшілердің кесірінен деп есептейтін. Егер Тибр қабырғаға дейін көтеріліп кетсе, Ніл танаптарға жайылмай қалса, жаңбыр жаумаса, жер сілкінісі бола қалса, аштық не індет жайласа, дереу: — Мәсіхшілерді арыстанның алдына апарыңдар! — деп айғайлайды”. Иә, бастарына қандай ауыртпалық түссе де шынайы мәсіхшілер ‘жалған тәңірлерден сақ болады’ (1 Жохан 5:21).
Шындық және діни мейрамдар
8. Неге шындық жолымен жүретіндер “Рождество” мейрамын тойламайды?
8 Шындық жолымен жүретіндер Киелі кітапқа негізделмейтін мейрамдарды тойлаудан аулақ болады, өйткені “жарық пен түнек қалай тығыз байланыста тұрмақ?” (2 Қорынттықтарға 6:14—18). Мысалы, олар 25 желтоқсанда тойланатын “Рождество” мейрамына қатыспайды. “Уорлд бук” энциклопедиясы: “Мәсіхтің қай күні туғанын ешкім білмейді”,— деп мойындайды. “Қазақ Совет Энциклопедиясында” былай делінген: “Шын мәнінде бұл мейрам ертеректе христиан дінінен бұрын шыққан, ал христиандар оны өз дініне бейімдеген. Р[ождество] мейрамы көптеген халықтарда христиан дініне дейін дәстүрге айналған тіршілік иесі күн құдайына... табыну рәсімінің ықпалымен пайда болған”. Макклинток және Стронгтың энциклопедиясында: “Құдай Рождество мейрамын тойлауды бұйырмаған, ол Ж[аңа] Ө[сиетке] де негізделмеген”,— деп ескерілген. Бір кітапта: “Мал... қорада қыстайтын; осының өзі қыста тойланатын Рождество мейрамының датасының дұрыстығының екіталай екендігіне нұсқайды, өйткені Ізгі хабардың мәлімдемесіне сәйкес, қойшылар күзекте болған”,— делінген (Daily Life in the Time of Jesus) (Лұқа 2:8—11).
9. Неге ертедегі мәсіхшілер Пасханы тойламаған және бүгіндегі Ехобаның қызметшілері неге тойламайды?
9 Христиандар тойлайтын Пасха Мәсіхтің қайта тірілуін еске алу үшін тойланады-мыс, бірақ беделді мәлімет көздері аталмыш мейрамды жалған тәңірлерге ғибадат етумен байланыстырады. Бір Киелі кітап сөздігінде Пасха “бастапқыда ағылшын-саксон тілінде Эастра [немесе Эостра] деген есіммен белгілі тевтондықтардың жарық пен көктем құдайына арналған мейрамы” болғаны айтылған (The Westminster Dictionary of the Bible). Қандай болған күнде де, “Британ энциклопедиясында” (11-ші басылым) айтылғандай, “Жаңа Өсиетте Мәсіхтің қайта тірілуін тойлау туралы ешқандай нұсқау жоқ”. Ертедегі мәсіхшілер Пасханы тойламаған, Ехоба Куәгерлері де тойламайды.
10. Иса нені ендірді және оны дұрыс атап өтетіндер кімдер?
10 Иса ізбасарларына туған күнін немесе қайта тірілген күнін тойлауды бұйырған жоқ. Бірақ өзінің құрбандық өлімін Еске алу кешін ендірген (Римдіктерге 5:8). Шын мәнінде, Иса тек осы оқиғаны ғана атап өтуді бұйырған (Лұқа 22:19, 20). Еске алу кешін Ехоба Куәгерлері осы күнге дейін атап өтеді (1 Қорынттықтарға 11:20—26).
Шындық бүкіл жер шарына жариялануда
11, 12. Шындық жолымен жүретіндер уағыздау ісін қалай ұдайы қолдап отырған?
11 Шындықты білетіндер ізгі хабарды уағыздау үшін уақытын, қажыр-қайраты мен қаржы-қаражатын жұмсауды мәртебе деп есептейді (Марқа 13:10). Ертедегі мәсіхшілердің уағыздау ісі ерікті садақалармен қаржыландырылып отырған (2 Қорынттықтарға 8:12; 9:7). Тертуллиан былай деп жазды: “Бізде қаржы жәшігі сияқты нәрсе бар болғанмен, ондағы қаржы дін саудаға салынатындай, беделді лауазымдар үшін төленген ақы емес. Біздің жәшігімізге жаңа айдың бірінші күні немесе қалаған уақытында, тек қалайтын болса әрі мүмкіндігі болса, әркім азғана садақа жасайды; ешкім ешкімді мәжбүрлемейді, өйткені бұл — ерікті садақа” (Apology, 39-тарау).
12 Ехоба Куәгерлері атқарып жүрген дүниежүзілік Патшалықты уағыздау ісі де ерікті садақалармен қаржыландырылады. Куәгерлер ғана емес, осы істі бағалайтын қызығушылар да оны қолдауды мәртебе деп есептейді. Осы жағынан да ертедегі мәсіхшілер мен Ехоба Куәгерлерінің арасында ұқсастық бар.
Шындық және жүріс-тұрыс
13. Ехоба Куәгерлері жүріс-тұрысқа қатысты қандай кеңеске құлақ асады?
13 Шындық жолымен жүрушілер ретінде ертедегі мәсіхшілер елші Петірдің келесі сөздеріне мойынсұнатын: “Құдайға мойынсұнбайтын халықтар арасында адал өмір сүріңдер [“жүріс-тұрыстарың үлгілі болсын”, ЖД]! Олар сендерді жамандық жасаушылар деп айыптайды. Алайда өз көздерімен көріп жүрген игі істеріңе бола, Тәңір бізді құтқаруға келген күні олар Оны мадақтайтын болады” (1 Петір 2:12). Ехоба Куәгерлері осы сөздерді бар көңілдерімен қабыл алады.
14. Мәсіхшілердің өнегесіз ойын-сауыққа деген көзқарастары қандай?
14 Жолдан таюшылық басталған кездің өзінде, өздерін мәсіхшіміз дейтіндер азғын іс-әрекеттен бойларын аулақ ұстайтын. Шіркеу тарихының професоры У. Д. Киллен: “Екінші және үшінші ғасырда үлкен қалалардың тұрғындарын театр баурап алған-ды. Актёрлар ұяттан безген азғын адамдар болатын. Олардың қойылымдары сол заманға тән өз құмарлықтарын қанағаттандыруға бағытталатын... Барлық шынайы мәсіхшілер театрға жеркене қарайтын. Ондағы азғындықтан аза бойлары тік тұратын; олардың үнемі жалған тәңірлерге жалбарынып еркек құдайлар мен әйел құдайлардан көмек сұрағандары мәсіхшілердің діни сезімін қорлайтын”,— деп жазды (The Ancient Church, 318—319 беттер). Бүгінде де Исаның шынайы ізбасарлары өнегесіз, азғындыққа еліктіретін нәрселерден бойларын аулақ ұстайды (Ефестіктерге 5:3—5).
Шындық және ‘мемлекеттік билік’
15, 16. ‘Мемлекеттік билігі барлар’ деген кімдер және шындық жолымен жүретіндер оларға қалай қарайды?
15 Ертедегі мәсіхшілердің мінез-құлқы мен жүріс-тұрыстарының жақсы болғанына қарамастан, Рим императорларының көбісі олар туралы бұрыс көзқараста болатын. Тарихшы Э. Дж. Хардидің айтуынша, оларды “жексұрын фонаттар” деп есептейтін. Бетанияның әміршісі Кіші Плиний мен Траян императордың бір-біріне жазған хаттарына қарағанда, басшылар мәсіхшілік туралы жалпы дұрыс пікірде болмаған. Ал мәсіхшілер үкіметке қалай қараған?
16 Ертедегі мәсіхшілер сияқты Ехоба Куәгерлері де “мемлекеттік билігі барларға” салыстырмалы түрде бағынады (Римдіктерге 13:1—7). Егер адамдардың қойған талаптары Құдайдың еркіне қайшы болса, олар келесі сөздерді ұстанады: “Адамдарды емес, Құдайды көбірек тыңдау керек!” (Елшілердің істері 5:29). Бір кітапта былай делінген: “Мәсіхшілер императорға табынбағанмен, ереуілдер жасамайтын; олардың діндері қаншалықты өзгеше болып көрінгенмен, сондай-ақ басқа ұлт адамдарына қаншалықты ұнамсыз болғанмен, империяға ешқандай қауіп төндірмейтін” (After Jesus — The Triumph of Christianity).
17. а) Ертедегі мәсіхшілер қандай үкіметтің жағында болған? ә) Қалай Мәсіхтің шынайы ізбасарлары Ишая 2:4-ке сәйкес әрекет еткен?
17 Ертедегі мәсіхшілер Құдай Патшалығының жағында болатын, тіпті Ыбырайым, Ысқақ, Жақып сияқты рубасылары да уәде етілген ‘сәулетшісі де, құрылысшысы да Құдайдың Өзі болған... қаланың пайда болатынына’ сенетіндіктерін көрсеткен (Еврейлерге 11:8—10). Иелері Иса сияқты Мәсіхтің шәкірттері де ‘осы дүниелік емес’ (Жохан 17:14—16). Соғыс пен адамдар арасындағы қақтығыстар жөнінде айтар болсақ, ертедегі мәсіхшілер бейбітшілік жағында болатын, өйткені олар ‘қылышын соқаға, найзасын ораққа айналдырған’ еді (Ишая 2:4). Шіркеу тарихының лекторы Джеффри Натталл қызық ұқсастыққа көңіл бөлген: “Мұны мойындау біз үшін ауыр болар, сөйтсе де ертедегі мәсіхшілердің соғысқа қатысты көзқарастары өздерін Ехоба Куәгерлері деп атайтындардың көзқарасына қатты ұқсайды”.
18. Неліктен ешбір үкімет басшыларына Ехоба Куәгерлерінен қорқудың қажеті жоқ?
18 Бейтараптық көзқарасты сақтаған әрі ‘мемлекеттік билігі барларға’ мойынсұнған ертедегі мәсіхшілер саяси құрылымдардың ешбіріне қауіп төндірмеген. Ехоба Куәгерлері жөнінде де солай деуге болады. “Тек өзімдікі дұрыс дейтіндер мен күмәншіл адамдар ғана Ехоба Куәгерлері қандай да бір саяси құрылысқа қауіп төндіреді деп есептейді,— деп жазды солтүстік Америкада бас мақалалар жазатын бір автор. Олардың ұйымы — мемлекет үшін ең қауіпсіз әрі бейбіт сүйгіш діни ұйым”. Көзі ашық үкімет өкілдері Ехоба Куәгерлерінен қорқудың қажеті жоқ екенін біледі.
19. Алым-салық төлеуге қатысты ертедегі мәсіхшілер мен Ехоба Куәгерлері жөнінде не деуге болады?
19 Ертедегі мәсіхшілердің ‘мемлекттік билікті’ сыйлайтындықтары, өзге нәрселермен қоса, алым-салық төлеуден қашпайтындықтарынан көрінетін. Юстин Мученик Рим императоры Антонин Пийге (б. д. 138—161) мәсіхшілердің алым-салықты “өзгелердей емес, даярлықпен” төлейтіні туралы жазған (First Apology, 17-тарау). Тертуллиан болса, Рим мемлекетінің басшыларына алым-салықты адал төлеп жүргендері үшін салық жинаушылардың “мәсіхшілерге рақмет айтулары” керек екендерін айтқан (Apology, 42-тарау). Мәсіхшілер Pax Romana, немесе Рим әлемінің, құқықтық тәртібі, жақсы жолдары, теңіз жолдарымен салыстырмалы түрде қауіпсіз саяхаттауға болатыны сияқты игіліктерін қолданатын. Мәсіхшілер қоғам алдындағы міндетін мойындап, Исаның: “Патшаға тиістісін патшаға, ал Құдайға тиістісін Құдайға беріңдер!” — деген сөздеріне құлақ асатын (Марқа 12:17). Ехобаның бүгінгі күнгі қызметшілері осы сөздерге сай өмір сүреді. Оларды адалдығы үшін, мысалы, алым-салықты адал төлейтіндіктері үшін, мақтап жатады (Еврейлерге 13:18).
Шындық біріктіреді
20, 21. Ертедегі мәсіхшілер өзара тату бауырластар екенін қалай көрсеткен және мұны Ехобаның бүгінгі қызметшілері қалай көрсетіп жүр?
20 Ертедегі мәсіхшілер шындық жолымен жүргендіктен, өзара бірлікте болатын. Ехоба Куәгерлері жөнінде де солай деуге болады (Елшілердің істері 10:34, 35). “Московское время” газетінде жарияланған бір хатта былай делінген: “[Ехоба Куәгерлері] жағымды, мейірімді әрі момын адамдар ретінде белгілі, олармен тіл табысу оңай. Олар айналадағыларына ешқашан қысым жасамайды және қандай дінді ұстанатынына қарамастан әрқашан барлық адамдармен тату қарым-қатынаста... Олардың арасында парақор, маскүнем немесе нашақорлар жоқ, әрі мұның себебін түсіну оңай: олар не айтып, не істесе де Киелі кітапқа негізделген сенімдеріне сай әрекет етуге тырысады. Дүние жүзіндегі адамдар Ехоба Куәгерлері сияқты Киелі кітапта жазылғандарға сай өмір сүруге ең болмағанда тырысар болса, өзіміз тұрып жатқан зұлым дүние тіптен өзгеше болар еді”.
21 Бір энциклопедияда: “Ертедегі шіркеу өзін бұрын өштесіп жүретін екі топ, яғни яһудилер мен яһуди еместер, енді ынтымақ пен бірлікте өмір сүріп жатқан жаңадан пайда болған жалғыз “адамзат қоғамы” деп есептейтін”,— делінген (Encyclopedia of Early Christianity). Ехоба Куәгерлері де өзара тату дүниежүзілік бауырластықты — нағыз жаңа дүние қоғамын — құрайды (Ефестіктерге 2:11—18; 1 Петір 5:9; 2 Петір 3:13). Претория (ОАО) қаласында “Шоу-Граундста” өткен конгреске жиналған Куәгерлердің жүріс-тұрысын бақылаған, сол кешеннің қауіпсіздікті қорғау бөлімінің бастығы: “[Олардың] бәрі өте ілтипатты еді, бір-бірімен достық пейілмен сөйлесетін. Осында болған соңғы бірнеше күндегі жүріс-тұрыстары олардың керемет адамдар екендігінің және бір отбасының мүшелеріндей ынтымақта өмір сүретіндігінің дәлелі”,— деп ескерді.
Шындықты үйретіп жүргендері үшін берілген сый
22. Мәсіхшілердің ‘шындықты ашып’ жүргенінің арқасында не болып жатыр?
22 Пауыл және өзге де мәсіхшілер жүріс-тұрыстарымен және уағыздау ісімен ‘шындықты ашқан’ (2 Қорынттықтарға 4:2). Ехоба Куәгерлерінің де солай етіп жүргенімен келісесіңдер ғой, солай емес пе? Бүкіл жер бетінде адамдар Құдайға шындықпен ғибадат ете бастап, барған сайын ‘Жаратқан Иенің Киелі үйі тұрған тауына’ көптеп келіп жатыр (Ишая 2:2, 3). Жыл сайын мыңдаған адамдар Құдайға бағышталғандарын көрсетіп, суға шомылдыру рәсімінен өтуде, соның нәтижесінде көптеген жаңа қауымдар құрылуда.
23. Барлық халықтарды шындыққа үйретіп жүргендерге сендер қалай қарайсыңдар?
23 Ехобаның қызметшілері әр түрлі адамдардан тұратын болғанмен, оларды шынайы ғибадат біріктірген. Олар өзара сүйіспеншілік танытады, сондықтан Исаның шәкірттері ретінде танылады (Жохан 13:35). ‘Шынымен [олардың] араларында Құдай барын’ көріп жүрсіңдер ме? (1 Қорынттықтарға 14:25). Сендер де барлық халықтарға шындықты үйретушілердің қатарындасыңдар ма? Солай болса, шындық үшін ұдайы ризашылық білдіріп, мәңгі бақи шындық жолымен жүре беріңдер.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Ертедегі мәсіхшілер мен Ехоба Куәгерлерінің арасында қандай ұқсастық бар?
• Шындық жолымен жүретіндер тек қандай діни мейрамды атап өтеді?
• ‘Мемлекеттік билігі барлар’ деген кімдер және мәсіхшілердің оларға деген көзқарасы қандай?
• Шындық қалай біріктіреді?
[17-беттегі сурет]
Шындық жолында жүргендер қауым кездесулерін Құдайдың сыйы ретінде қарастырған
[18-беттегі суреттер]
Иса ізбасарларына өзінің құрбандық өлімін Еске алу кешін атап өтуді бұйырған
[20-беттегі сурет]
Ертедегі мәсіхшілер іспетті Ехоба Куәгерлері де ‘мемлекеттік билігі барларды’ сыйлайды