Өзімізді де, өзгелерді де мәсіхшілерге тән өнегелілікке үйретудеміз
“Сен басқаларды үйретіп жүрсең де, қалайша өзіңді үйретпейсің?!” (РИМДІКТЕРГЕ 2:21, ЖД).
1, 2. Қандай себептермен Киелі кітапты зерттеуді қалауға болады?
КИЕЛІ КІТАПТЫ зерттеуге себеп аз емес. Сендер, бәлкім, адамдар, оқиғалар, мекен-жайлар мен басқа да нәрселер жөніндегі айғақтарды білгілерің келетін болар. Киелі кітаптың ілімін Үшбірлік немесе тозақ оты сияқты жалған ілімдерден ажырата білу үшін расында да онда не жазылғанын білгілерің келетін шығар (Жохан 8:32). Сонымен қатар Ехобаға көбірек ұқсап және оның алдында шындыққа сай әрекет ету үшін, Оны жақыннан тануды қалайтын боларсыңдар (3 Патшалықтар 15:4, 5).
2 Киелі кітапты зерттеудің тағы да бір келелі себебі — өзгелерді, яғни туыстарымыз бен таныстарымызды, тіпті әлі өзіміз танымайтын адамдарды үйретуге деген дайындық. Ал шынайы мәсіхшілер үшін бұл қажетсіз нәрсе емес. Иса шәкірттеріне былай деген: “Күллі халықтарға барыңдар! Оларды Менің шәкірттерім етіп... сендерге өсиет еткендерімнің бәрін де ұстануға үйретіңдер!” (Матай 28:19, 20).
3, 4. Неге Исаның өсиетіне сәйкес, үйрету мақтауға тұрарлық іс?
3 Өзгелерді үйретуге ниеттеніп, Киелі кітапты зерттеу мақтауға тұрарлық әрекет әрі терең қанағат сезіміне бөлейді. Әуел заманнан-ақ мұғалім деген сыйлы мамандық болған. Бір энциклопедияда былай делінген: “Көптеген ересек иудейлер мұғалімдер өмір жолын көрсетеді деп есептеп, балаларға ата-аналарынан гөрі, мұғалімдерді көбірек құрмет тұтуға үйрететін” (Encarta Encyclopedia). Әсіресе мәсіхшілердің Құдай Сөзін зерттегенде алдымен өздерін үйретіп, сосын өзгелерді үйреткендері мақтауға тұрарлық.
4 “Өзге мамандықтарға қарағанда, мұғалімдердің саны бәрінен де көп. Дүние жүзі бойынша шамамен 48 миллион адам мұғалім болып жұмыс істейді” (“Уорлд бук” энциклопедиясы, ағ.). Осы дүниенің мұғалімдеріне балалардың санасы сеніп тапсырылады және олардың ықпалы балаларға көп жылдар бойы әсер етеді. Ал Исаның өзгелерді үйретуге қатысты берген өсиетіне мойынсұнар болсақ, мұның нәтижесі анағұрлым ұзақ болады, өйткені олардың мәңгілік болашағы бізге байланысты болуы мүмкін ғой. Елші Пауыл Тімотені: “Өзіңе де, үйретіп отырған іліміңе де мұқият ықылас аудар. Осыларды ұдайы атқара бер, сонда өзіңді және тыңдаушыларыңды күнәнің ықпалынан аман сақтайтын боласың”,— деп шақырғанда осыны ерекше атап өткен (1 Тімотеге 4:16). Иә, өзгелерді үйрету олардың аман қалуымен тығыз байланысты.
5. Неге мәсіхшілердің үйрету ісі басқалардың барлығынан да жоғары?
5 Өзімізді де, өзгелерді де үйрету тапсырмасы ең жоғарғы Қайнар бұлақтан, Әлемнің Әміршісінен, келген. Осының өзі мұндай үйрету ісін осы дүниенікінен, мейлі, бастауыш мектептегі тәлім немесе мамандарды дайындау, тіпті дәрігерлік дайындық болсын, кез келгенінен жоғары қояды. Мәсіхшілердің тәлімі адамды Құдай Ұлы Мәсіх Исаға еліктеуді үйренуден, сондай-ақ өзгелерге де соны үйретуден тұрады (Жохан 15:10).
Өзімізді үйретудің қажеті не?
6, 7. а) Неге біз ең алдымен өзімізді үйретуіміз керек? ә) Неге І ғасырдағы Яһуди тәлімгерлері үйретуге жарамсыз болды?
6 Неге ең алдымен өзімізді үйретуіміз керек делінеді? Өйткені олай етпесек, өзгелерді дұрыстап үйрете алмаймыз. Мұны Пауыл өз заманындағы яһудилерге жазған хатында ерекше атап өткен; мұның қазіргі мәсіхшілер үшін де маңызы зор. Пауыл былай деп сұрайды: “Сен басқаларды үйретіп жүрсең де, қалайша өз іліміңді өзің ұстанбайсың [“өзіңді үйретпейсің”‚ ЖД]?! “Ұрлама” дей тұра ұрлағаның не? “Неке адалдығын бұзба” дей тұра оны өзің бұзғаның қалай? Жалған тәңірлердің мүсіндерін жек көресің, ал ғибадатханаларын тонап, өзіңді былғағаның не? Таурат заңымыз бар деп мақтанғанмен сол заңды бұзып, Құдайды қорлайсың!” (Римдіктерге 2:21—23, сілтемені қара).
7 Осындай риторикалық сұрақтармен Пауыл Он өсиетте тікелей айыпталатын екі күнәға нұсқаған: ұрлық және зинақорлық жасау (Мысырдан шығу 20:14, 15). Пауылдың заманында кейбір яһудилер өздерінде Құдай Заңы бар екендігін мақтан тұтатын. Олар ‘Таураттан тәлім алып, ненің жақсы-жаман екенін анықтай алатын. Өздерін соқырларға жетекші, қараңғыда адасқандарға жарық, надандарға тәрбиеші, сәбидей білімсіздерге ұстаз деп ойлайтын’ (Римдіктерге 2:17—20). Алайда жасырын ұрлық немесе зинақорлық жасайтын екі жүзділер де бар еді. Олардың мұндай әрекеттері Таурат заңын да, оның Авторын да масқаралайтын. Олардың тәлімгер болуға жарамсыз болғанын көріп отырмыз, өйткені олар өзге түгіл өздерін де үйретпейтін.
8. Пауылдың заманындағы кейбір яһудилер қай мағынада ‘ғибадатханаларды тонаған’ болуы мүмкін?
8 Пауыл ғибадатханаларды тонау жөнінде де әңгіме еткен. Расында да яһудилер ұрлық жасайтын болған ба? Мұнымен Пауыл не айтқысы келді екен? Тап осы үзіндіге қатысты мәліметтің аздығынан, ашығын айтқанда, яһудилердің қай мағынада ‘ғибадатханаларды тонағанын’ кесіп айту қиын. Бірде Ефес қаласының хатшысы Пауылдың серіктерінің ‘ғибадатхананы тонамағаны’ туралы айтқан, бұдан кейбіреулер яһудилер сондай әрекетке бара алады деген пікірде болған деген тұжырым жасауға болады (Елшілердің істері 19:29—37). Яһудилер жаулап алушылар немесе діни фанаттар тонаған басқа ұлттардың ғибадатханасының бағалы заттарын өздері қолданған не сатқан болар. Құдайдың Заңына сәйкес, жалған тәңірлердің мүсіндерінің алтыны мен күмісін жеке мүддесіне қолдану үшін алып қалуға болмайтын, олар жойылуға тиіс-тін (Заңды қайталау 7:25)a. Сондықтан, бәлкім, Пауыл Құдайдың бұйрығына немкетті қарап, басқа ұлттардың ғибадатханаларынан алынған заттарды қолданып жүрген яһудилер жөнінде айтқан болар.
9. Иерусалим ғибадатханасындағы қандай бұрыс істерді ғибадатхананы тонағанға теңеуге болар еді?
9 Ал бір жағынан, Иосиф Флавий Заң мұғалімі басқарған төрт яһудидің кесірінен Римде болған аты шулы оқиға туралы әңгімелейді. Сол төртеуі яһуди дінін қабылдаған бір римдік әйелді Иерусалим ғибадатханасына алтын, тағы басқа құнды заттарын садақаға бергізеді. Сосын қолдарына тиген асыл заттарды өздері иемденедіb. Бұл ғибадатхананы тонау емей немене?! Ал өзге біреулері құрбандыққа жарамсыз мал шалуымен және ғибадатхананы “қарақшылар ордасына” айналдырып, сол жерде сауда-саттыққа жол беруімен қандай да бір мағынада Құдайға ғибадат ететін орынды тонаған (Матай 21:12, 13; Малахи 1:12—14; 3:8, 9).
Мәсіхшілерге тән өнегелілікке үйрету
10. Римдіктерге 2:21—23 тармақтарда жазылған біздің ескеруіміз керек сөздердің түйіні неде?
10 Бірінші ғасырда орын алған Пауыл айтқан ұрлық, зинақорлық жасау мен ғибадатханаларды тонау нені білдірмесін, біз оның сөздерінің түйінін түсінуіміз керек. Ол былай деп сұрады (ЖД): “Сен басқаларды үйретіп жүрсең де, қалайша өзіңді үйретпейсің?!” Бір ескере кетерлік жай — Пауылдың мысалдары өнегелілікке қатысты болған. Ол Киелі кітап ілімдері жөнінде немесе тарих жөнінде әңгіме қозғап отырған жоқ. Мұнда әңгімеленіп отырған өзіміз бен өзгелерді үйрету — мәсіхшілерге тән өнегелілікке қатысты.
11. Неге Киелі кітапты зерттеу барысында мәсіхшілерге тән өнегелілікке көңіл қойған дұрыс?
11 Римдіктерге 2:21—23 тармақтарда жазылған сөздерді ұстану үшін, Құдай Сөзіндегі мәсіхшілерге тән өнегелілікке үйренуіміз, соған сәйкес әрекет етуіміз және өзіміз үйренген нәрселерді өзгелерге үйретуіміз керек. Сондықтан Киелі кітапты зерттеу барысында мәсіхшілерге тән өнегелілік негізделген Ехобаның нормалары кездесетін жерлерді мұқият қарастырыңдар. Киелі кітапта кездесетін кеңестер мен мысалдардың үстінен ой жүгіртіңдер. Білген нәрселеріңді іс жүзінде батыл қолданыңдар. Киелі кітаптың ілімдерін ұстану үшін өжеттілік пен қайсарлық керек. Кемелсіз адамдарға қандай да бір жағдайда мәсіхшілерге тән өнегелілікке сай келмейтін қылық жасап, сосын онысын ақтайтын себеп табу оп-оңай. Пауыл әңгімелеген яһудилер өздерін ақтау үшін немесе өзгелерді адастыру үшін амал-айла ойлап табуға шебер болған болса керек. Бірақ Пауылдың сөзінен көрініп тұрғандай, мәсіхшілерге тән өнегелілік нормаларын төмендетуге немесе өз бетімізше бұзуға болмайды.
12. Қалай жүріс-тұрыс Ехобаның атына әсер етеді және неге мұны есте ұстаған дұрыс?
12 Елші Пауыл Киелі кітаптағы өнегелілік принциптерін біліп алып, өмірде қолдану керектігінің басты себебін ерекше атап көрсетті. Яһудилердің жаман қылықтары Ехобаның атына кір келтіретін: ‘Таурат заңымыз бар деп мақтанғанмен сол заңды бұзып, Құдайды қорлайсың! Сол сияқты, басқа ұлттардың арасында сендерге бола Құдайдың аты қорланды’ (Римдіктерге 2:23, 24). Бұл сөздер қазіргі уақытқа да қатысты; егер мәсіхшілерге тән өнегелілікке немкетті қарайтын болсақ, оның Қайнар көзін масқаралаймыз. Сондай-ақ, керісінше, Құдайдың нормаларын берік ұстану арқылы оны мадақтаймыз (Ишая 52:5; Езекиел 36:20). Осыны білгендіктен өнегелілік принциптерін ұстануға қарағанда бұзу жеңілірек болып тұрған жағдайларда да оларды бұзбауға белімізді бекем буамыз. Алайда Пауылдың сөздері бізді тағы да бір нәрсеге үйретеді. Жүріс-тұрысымыздың Құдайдың атына әсер ететінін білетіндіктен, осы білімімізді өзгелермен бөлісуіміз керек. Өзгелерді үйреткен кезде, танысып жатқан өнегелілік нормаларын өмірлерінде қалай қолданатындығы Ехобаның атына әсер ететінін түсінуге көмектесіңдер. Әңгіме мәсіхшілерге тән өнегеліліктің біздің денсаулығымыздың жақсы болуына немесе бақытты болуымызға ықпал ететіндігінде ғана емес. Өнегелілік нормаларын ұстану-ұстанбау солардың Қайнар көзі әрі соларды ұстануға шақырып отырған Тұлғаның атына әсер етеді (Забур 73:10; Жақып 3:17).
13. а) Өнегелілікке қатысты сұрақтарда Киелі кітап бізге қалай көмектеседі? ә) 1 Салониқалықтарға 4:3—7 тармақтарда айтылған кеңестің түйіні неде?
13 Өнегелілік нормаларын ұстану-ұстанбау өзгелерге де әсер етеді. Мұның растығы Құдайдың өнегелілік нормаларын ұстанудың қаншалықты бағалы екендігін және немкетті қарағанның түбі неге апаратынын көрсететін Құдай Сөзіндегі мысалдардан көрінеді (Жаратылыс 39:1—9, 21; Ешуа 7:1—25). Өнегелілікке қатысты берілген тікелей кеңестерді де кездестіруге болады, мысалы, келесі кеңес: “Құдай сендердің күнәдан таза жүріп, бүкіл өмірлеріңнің Өзіне бағышталуын қалайды; бұл азғындықтан аулақ жүрулеріңді де білдіреді: әркім өз денесін қасиетпен, құрметпен күте білсін, Құдайды танымайтын ұлттарға ұқсап құмарлықтарға салынбасын, ешқайсың да заңды аттап, пайдакүнемдікпен бауырластарыңды алдап кетпеңдер [“ешкім бұл мәселеде бауырласына кесірін тигізіп, оның құқығына қол сұқпасын”, ЖД]!.. Құдай бізді әдепсіз емес, қасиетті өмір сүруге шақырды” (1 Салониқалықтарға 4:3—7).
14. 1 Салониқалықтарға 4:3—7 тармақтарда берілген кеңеске қатысты өзімізге қандай сұрақтар қоюға болады?
14 Бұл үзіндіден азғындықтың мәсіхшілерге тән өнегелілікке қайшы нәрсе екендігі айқын көрінеді. Алайда осындай үзінділерді тереңірек зерттеуге болады. Осылай мұқият зерттеп, ұзақ ой жүгіртсек, оларды тура әрі терең түсінетін боламыз. Мысалы, неге Пауылдың “ешкім бұл мәселеде бауырласына кесірін тигізіп, оның құқығына қол сұқпасын” деген сөздерінің үстінен ой жүгіртіп көрмеске? Әңгіме қандай құқық жөнінде болып отыр және осы үзіндіні терең түсінгеніміз мәсіхшілерге тән өнегелілікті ұстануымыз үшін қалай қосымша қозғаушы күш болады? Қалайша осындай зерттеулердің нәтижесі өзгелерді жақсырақ үйретуге және оларға Құдайды мадақтауға көмектесуге мүмкіндік береді?
Өзгелерді үйрету үшін зерттеу
15. Өзімізді үйрету үшін зерттеу барысында қандай құралдарды қолдануға болады?
15 Өзімізді немесе өзгелерді үйрету үшін зерттеу жүргізу барысында туатын сұрақтарға жауап табу үшін Ехоба Куәгерлерінде түрлі құралдар бар. Осындай құралдардың бірі — көп тілдерде басылып шыққан “Күзет Мұнарасы басылымдарының индексі”. Соның көмегімен Ехоба Куәгерлерінің Киелі кітапқа негізделген басылымдарынан мәлімет табуға болады. Мәліметті тақырыппен не Жазба орнымен іздеуге болады. Сондай-ақ көптеген негізгі тілдерде Күзет Мұнарасының кітапханасы бар. Бұл — компакт-дискіге жазылған көптеген электрондық түрдегі басылымдардан тұратын компьютерлік бағдарлама. Ол сан-алуан тақырыптарды зерттеп, Жазба орындары талқыланған мақалаларды табуға көмектеседі. Осы құралдардың бірі не екеуі де өздерің түсінетін тілде бар болса, Құдай Сөзін зерттеу барысында өзгелерді үйрету үшін қолданыңдар.
16, 17. а) 1 Салониқалықтарға 4:6-да айтылған құқықтың астарында не жатқанын айқындайтын түсініктемелерді қайдан табуға болады? ә) Қалай азғындық жасаушы өзгелердің құқығына қол сұғады?
16 Мысал ретінде жоғарыда келтірілген 1 Салониқалықтарға 4:3—7 тармақтарды алайық. Мұнда құқық жөнінде сұрақ туған-ды. Кімнің құқығы жөнінде? Және қалай оған қол сұғуға болады? Жоғарыда ескерілген құралдардың көмегімен осы тармақтарда Пауылдың қандай құқық жөнінде айтқанына қатысты бірқатар түсініктемелер табуға болады. Мұндай түсініктемелерді “Киелі жазбаларды түсіну” энциклопедиясының (ағ.) 1-томының 863, 864-беттерінен, “Нағыз бейбітшілік пен қауіпсіздік. Оларды қалай табуға болады?” (ағ.) кітабының 145-бетінен және “Күзет мұнарасы” журналының 1989 жылғы 15-қыркүйектегі санының 31-бетінен (ағ.) табуға болады.
17 Зерттеу барысында Пауылдың сөздерінің қаншалықты дұрыс екендігіне көздерің жетеді. Азғындық жасайтын адам Құдайға қарсы күнә жасайды, ал өзі қандай да бір ауру жұқтырып алуы мүмкін (1 Қорынттықтарға 6:18, 19; Еврейлерге 13:4). Азғындық жасайтын еркек өзімен бірге күнә жасаған әйелдің түрлі құқығына қол сұғады. Оның арын жерге таптап, жаман атты қылады. Ал егер ол тұрмыс құрмаған болса, тұрмысқа қыздық абыройын сақтап, кіршіксіз болып шығу құқығын, ал болашақ күйеуінің қалыңдығын кіршіксіз күйінде алу құқығын аяқ асты етеді. Егер ол тұрмыстағы әйел болса, оның әке-шешесі мен ата-енесін қайғыға батырады. Сонымен қатар азғындық жасайтын еркек өз отбасын өнегелі отбасы атану құқығынан айырады. Егер ол мәсіхшілер қауымының мүшесі болса, қауымның атына кір келтіреді (1 Қорынттықтарға 5:1).
18. Киелі кітапты зерттеу мәсіхшілерге тән өнегелілікке қандай пайдасын тигізеді?
18 Осындай түсініктемелер жоғарыда келтірілген тармақтардың мағынасын терең ашады емес пе?! Мұндай зерттеудің өте бағалы екендігі сөзсіз. Зерттеу арқылы біз өзімізді үйретеміз. Құдай Сөзінің шынайы, әсері де күшті екендігіне сеніміміз арта түседі. Ешқандай азғырылуға қарамастан, мәсіхшілерге тән өнегелілікті ұстануға бекінеміз. Үйретуші ретіндегі тәжірибеміздің қалай өсетінін ойлап көріңдерші! Мысалы, әлдекімге Киелі кітаптан тәлім бергенде 1 Салониқалықтарға 4:3—7 тармақтардың мағынасын толық ашып бере аламыз, мұнымен оның мәсіхшілерге тән өнегелілікті терең түсініп, бағалауына көмектесеміз. Осылайша, зерттеу өзімізге де, көптеген өзгелерге де Құдайды мадақтауға көмектеседі. Жоғарыда Пауылдың Салониқалықтарға жазған хатына қатысты бір ғана мысал қарастырылды. Мәсіхшілерге тән өнегеліліктің басқа да қырлары бар, демек, Киелі кітапта зерттегенде, өмірде қолданданда және өзгелерді үйреткенде қажетті болатын өзге де көптеген мысалдар мен кеңестер бар.
19. Неге мәсіхшілерге тән өнегелілікті ұстанғанның маңызы зор?
19 Мәсіхшілерге тән өнегелілікті ұстанудың даналыққа жататынына сенімді болуымызға болады. Жақып 3:17-де Ехобадан шыққан ‘көктен келген даналықтың’ “ең алдымен пәк таза” екендігі айтылған. Әңгіме Құдайдың өнегелілік нормалары жөнінде болып отырғаны анық. Сондай-ақ, Ехоба өзінің атынан сөйлеп, Киелі кітапқа негізделген ілімді таратушылардың ең алдымен өздері ‘пәктігімен’ үлгі көрсетулерін талап етеді (1 Тімотеге 4:12). Бұл Пауыл мен Тімоте сияқты ертедегі мәсіхшілердің өмірінен көрінеді. Олар өздерін өнегесіз қылықтан аулақ ұстаған, Пауыл болса былай деп жазды: ‘Араларыңда неке адалдығын бұзу, әр қилы азғындық пен аш көздіктің тіпті аттары да аталмасын. Құдайдың адамдарына бұлардан аулақ жүру лайық. Сендерге әдепсіздік жасау, ақымақ сөз бен тұрпайы қалжың айту жарасымсыз’ (Ефестіктерге 5:3, 4).
20, 21. Неге біз 1 Жохан 5:3-те жазылған сөздермен келісеміз?
20 Құдай Сөзінде жазылған өнегелілік нормалары анық әрі нақты, сөйтсе де тым ауыр емес. Мұның рас екендігі өзге елшілердің бәрінен де ұзақ жасаған Жоханға аян еді. Ондаған жылдар бойы өмірлік тәжірибе жинаған ол мәсіхшілерге тән өнегеліліктің зиянды емес екендігін білетін. Қайта, ол — пайдалы, ол — игі әрі батаға ие етеді. Жохан: “Ал өсиеттерін орындағанымыз — Құдайды сүйгеніміз; оларды орындау қиын емес”,— деп жазуымен осыны ерекше атап өтті (1 Жохан 5:3).
21 Алайда Жоханның сөздеріне сәйкес, Құдайға мойынсұнып, мәсіхшілерге тән өнегелілікті ұстану даналыққа жатады. Бұлай болуы ең алдымен мұның бізді қиыншылықтардан, яғни бұрыс әрекет жасап қойып опық жеуден, сақтайтындықтан ғана емес. Жохан бізге дұрыс көзқараста болуға көмектеседі, яғни Құдайдың өнегелілік нормаларын ұстану арқылы бірінші кезекте Ехоба Құдайға деген сүйіспеншілігімізді көрсетеміз. Демек, Жохан біздің осындай керемет мүмкіндігімізді пайдалана алатынымызды айтқысы келген. Расында да, өзімізді де, өзгелерді де Құдайды сүюге үйрету үшін, оның жоғарғы нормаларын мойындау және ұстану керек. Демек, өзімізді де, өзгелерді де мәсіхшілерге тән өнегелілікке үйретуіміз керек.
[Сілтемелер]
a Иосиф Флавий яһудилерді қасиетті нәрселерді қорлаудан аулақ етіп суреттегенмен, Құдайдың заңдарының бірін ол басқа сөздермен былай жеткізген: “Өзге үкіметтер сиынатын құдайларды ешкім де қорламасын. Сондай-ақ өзгелердің ғибадатханаларын тонауға және қандай да бір құдайға бағышталған сый-тартуды өзіне иемденуге жол берілмесін!” (курсив біздікі — Ред.) (Jewish Antiquities 4-том, 8-тарау, 10-параграф).
b “Jewish Antiquities” 18-кітап, 3-тарау, 5-параграф.
Естеріңе түсіре аласыңдар ма?
• Өзгелерді үйретпес бұрын өзімізді үйрету үшін неге зерттеумен айналысу керек?
• Қалай біздің жүріс-тұрысымыз Ехобаның атына әсер етеді?
• Азғындық жасаушы кімнің құқығына қол сұғады?
• Мәсіхшілерге тән өнегелілікке қатысты сендер не нәрсеге бел будыңдар?
[18-беттегі сурет]
‘Өсиеттерін орындау қиын емес’