Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w02 1.5. 13—17 бет.
  • ‘Шаншылып түйрелу азабына’ төтеп беріңдер

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • ‘Шаншылып түйрелу азабына’ төтеп беріңдер
  • 2002 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • ‘Шаншылып түйрелу азабына’ төтеп берудің жолдары
  • Ехобаның теңдесі жоқ көмегі
  • Қиыншылықтарға төтеп бергендер
  • Шыдамдылық бақытты етеді
  • Олар ‘тәндеріндегі шаншылып түйрелу азабына’ төтеп берді
    2002 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Пауылдың “тәніне қадалған тікен”
    “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптері (2019)
  • Күшсіз болғанда, күштіміз
    2008 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Ехоба сізге күш береді
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2021
Көбірек мәлімет
2002 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w02 1.5. 13—17 бет.

‘Шаншылып түйрелу азабына’ төтеп беріңдер

“Менің рақымым саған жетер” (2 ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 12:9).

1, 2. а) Неге біз қиыншылықтарға кезіккенде таңданбауымыз керек? ә) Неге қиыншылықтарға кезіккенде сенімділік сақтай аламыз?

“МӘСІХ ИСАМЕН жүріп, Құдайға ұнамды өмір сүргісі келетіндердің бәрі де қуғындалатын болады” (2 Тімотеге 3:12). Неге? Өйткені Шайтанның пайымдауынша, адамдар Құдайға өз пайдасы үшін ғана қызмет етеді, сондықтан осыны дәлелдеу үшін Шайтан қолынан келгеннің бәрін істеуде. Бірде Иса өзінің адал елшілеріне: “Жұрттың бидайды қауызынан ажырататыны сияқты, әзәзіл шайтанға да сендерді сынақтан өткізуге жол берілді”,— деп ескертті (Лұқа 22:31). Шайтанның бізді әр түрлі жолдармен сынауына Құдайдың жол бергенін Иса білетін. Әрине, бұл біздің басымызға түсіп жүрген қиыншылықтардың барлығына Шайтан мен оның жын-перілері кінәлі дегенді білдірмейді (Екклесиаст 9:11). Бірақ Шайтан бізді таза жолдан тайдыру үшін, кез келген мүмкіндікті қуана-қуана қолданады.

2 Киелі кітапта қиыншылықтарға кезіккенде, таңданбауымыз керек екендігі жөнінде жазылған. Басымызға қандай қиыншылық түспесін, біз таңданбауымыз да, саспауымыз да керек (1 Петір 4:12). Дүниенің төрт бұрышындағы бауырластарымыз да, дәл сондай азаптарды бастарынан кешіп жүр ғой (1 Петір 5:9). Шайтан бүгінгі күні Құдайдың әрбір қызметшісіне қатты қысым көрсетуде. Қиыншылыққа ұшыраған сайын, біздің қиналып жатқанымызды көріп, Шайтан шаттанып қуанады. Осыны көздеп, ол өзінің билігіндегі дүниені қолданып, ‘шаншылып түйрелу азабын’ көбейтуде немесе ушықтыруда (2 Қорынттықтарға 12:7). Сөйткенмен де, бұл, Шайтан бізді таза жолдан тайдыра алады дегенді білдірмейді. Ехоба бізді ‘құтылып шығудың лайықты жолымен қамтамасыз етіп’, ‘шаншылып түйрелу азабы’ іспетті қиыншылықтарға төтеп беруімізге көмектеседі (1 Қорынттықтарға 10:13).

‘Шаншылып түйрелу азабына’ төтеп берудің жолдары

3. Пауылдың ‘шаншылып түйрелу азабынан’ арылтуды өтініп сұраған дұғасына Ехоба қалай жауап берді?

3 Елші Пауыл ‘шаншылып түйрелу азабынан’ арылтуды сұрап, Құдайға дұға еткен. “Үш рет Иемізге сиынып, бұл азапты өзімнен аластатуын өтіндім”. Пауылдың жалбарынып сұраған дұғасына Ехобаның берген жауабы қандай болды екен? “Менің рақымым саған жетер: күшсіз жағдайыңда Менің құдіретім толықтай іске аса алады” (2 Қорынттықтарға 12:8, 9). Осы сөздердің үстінен ой жүгіртіп, оның өзімізді ‘шаншып түйреп’ жүрген қиыншылықтарға төтеп беруімізге қалай көмектесетінін көрейік.

4. Қалай Ехоба Пауылға рақымын түсірген?

4 Құдайдың Пауылды бұған дейін де, оған Мәсіх арқылы рақымын түсіргенін бағалауға шақырғанына көңіл аударыңдаршы. Пауыл көл-көсір батаға ие болған ғой. Кезінде ол Исаның шәкірттерін қатты қудаласа да, Ехоба оған сүйіспеншілік танытып, Иса Мәсіхтің шәкірті болуға ерекше мүмкіндік берді (Елшілердің істері 7:58; 8:3; 9:1—4). Сосын оған әр түрлі қызықты-қызықты тапсырмалар берді. Бұл біз үшін сабақ: қандай қиын кезеңдерді бастан өткізіп жүрсек те, ризашылық білдіруге тұрарлық көптеген баталарымыз бар. Ехобаның бізге жасап жатқан игі істерін ешқашан ешқандай қиыншылықтар ұмыттырмағай! (Забур 30:20).

5, 6. а) Ехоба Пауылға Өзінің құдіретінің ‘күшсіз жағдайда толықтай іске асатынын’ қалай көрсетті? ә) Пауылдың үлгісі Шайтанның өтірікші екенін қалай дәлелдейді?

5 Тағы қай мағынада Ехобаның бізге рақымын түсіргені жеткілікті? Басымызға түскен қиыншылықтарға төтеп беру үшін, Құдайдың бізге беретін күші жетіп артылады (Ефестіктерге 3:20). Ехоба Пауылға Оның кұдіреті ‘күшсіз жағдайда толықтай іске асатынын’ көрсетті. Қалайша? Құдай Пауылға сүйіспеншілік көрсетіп, басына түскен қиыншылықтарға төтеп беруге қажетті күш берді. Ал оның шыдамдылығы мен Ехобаға арқа сүйегендігі өзгелердің барлығына сол дәрменсіз, күнәкар адамның бойында Құдайдың күші билігін жүргізіп жатқанын паш етті. Бұл адамдар өздеріне ыңғайлы, әрі жеңіл болған уақытта ғана Құдайға қызмет етеді дейтін Ібіліске қалай әсер етті екен? Пауылдың шыдамдылық танытқаны, сол жалақордың жағына салып жібергенмен тең болды!

6 Пауыл — Құдайға қарсы күрестегі Шайтанның бұрынғы одақтасы, мәсіхшілердің менмен қудалаушысы, әрі парызшыл — бір кездері ауқатты өмір кешкен болуы керек, өйткені ол туылғаннан үстем тап мүшесіне жатқан ғой. Ал енді болса, “елшілердің ең кішісі” ретінде Ехоба мен Мәсіхке қызмет етіп жүр (1 Қорынттықтарға 15:9, СА). Сонымен қатар ол кішіпейілділік көрсетіп, І ғасырдағы мәсіхшілердің басқарушы кеңесіне мойынсұнатын. Пауыл ‘шаншылып түйрелу азабына’ қарамастан, шыдамды болды. Шайтанның өкінішіне орай, өмірдің тауқыметі Пауылдың құлшынысын бәсеңдетпеді. Ол Мәсіхтің көктегі патшалығында онымен бірге патшалық етуге деген үмітін ешқашан ұмытқан емес (2 Тімотеге 2:12; 4:18). Ешқандай “шаншылып түйрелу азабы”, тіпті ең ауыры да, оның құлшынысын бәсеңсіте алмады. Біздің де құлшынысымыз ешқашан бәсеңсімегей! Қиыншылықтарға кезіккенде, Ехоба бізге күш беруімен Шайтанның өтірікші екенін дәлелдеуімізге көмектесіп, мерейімізді өсіріп отыр (Нақыл сөздер 27:11).

Ехобаның теңдесі жоқ көмегі

7, 8. а) Бүгінгі күні Ехоба өзінің қызметшілерін қалай қолдап отыр? ә) Не себепті ‘шаншылып түйрелу азабына’ төтеп беру үшін күнделікті Киелі кітапты оқып, зерттеу қажет?

7 Бүгінде Ехоба адал мәсіхшілерді өзінің киелі рухы, Сөзі, сондай-ақ мәсіхшіл бауырластығымыз арқылы қолдап отыр. Елші Пауыл сияқты, біз де, Ехобаға дұға етіп, бар уайымымызды тапсыруымызға болады (Забур 54:23). Ехоба бізді қиыншылықтардан азат етпейтін болғанмен, қандай ауыр қиыншылықтар болса да, жеңіп шығуымыз үшін даналық береді. Сонымен қатар қиыншылықтарға төтеп беруімізге көмектесетін төзімділік, немесе ‘шексіз зор құдірет’, береді (2 Қорынттықтарға 4:7).

8 Мұндай көмекті біз қалай аламыз? Ол үшін Құдай Сөзін мұқият зерттеу керек. Біз одан нағыз жұбаныш табамыз (Забур 93:19). Киелі кітаптан біз Құдайдың қызметшілерінің Оған жалбарына көмек сұраған дұғаларын оқимыз. Оларға жауап бергенде, Ехоба жиі көңілге жұбаныш беретін сөздер қолданған. Бұл сөздер біз үшін ой азығы болып табылады. Құдай Сөзін зерттегеніміз бізге күш береді, бұдан біз ‘шексіз зор құдіреттің өзімізден емес, Құдайдан екенін анық’ көреміз. Әлдену үшін күнделікті ас ішуіміз керектігі сияқты, біз күнделікті Құдайдың сөздерімен қоректенуіміз керек. Біз солай етіп жүрміз бе? Солай етіп жүрген болсақ, “шексіз зор құдіреттің” бүгінгі күні ‘шаншылып түйрелу азабына’ төтеп беруімізге қалай көмектесіп жатқанын көретін боламыз.

9. Ақсақалдар қиыншылықтардан жапа шегіп жүргендерге қалай қолдау көрсете алады?

9 Құдайдан қорқатын ақсақалдар тар жол тайғақ кешу кезінде, біз үшін “желден қорған, жауын-шашынды дауылдан панадай” болады. Киелі рухтың жетелеуімен жазылған осы сөздерге сай болуға талпынатын ақсақалдар қасірет шегіп жүргендерге ‘не айту керегін’ сұрап, кішіпейілділікпен шын жүректен Ехобаға дұға етеді. Ақсақалдардың сөздері көңілімізді сергітіп, жұбататын жанға жайлы жаңбыр іспетті болуы мүмкін. Рухани бауырластары қандай да бір ‘шаншылып түйрелу азабынан’ жапа шегіп, қиналып жүрген болса, ақсақалдар осындай “жабырқап жүргендерді жұбатып”, оларға бар көңілдерімен қолдау көрсетеді (Ишая 32:2; 50:4; 1 Салониқалықтарға 5:14).

10, 11. Құдайдың қызметшілері ауыр сынақтардан жапа шегіп жүргендерді қалай жігерлендіре алады?

10 Ехобаның қызметшілерінің барлығы дүниежүзілік тату мәсіхшіл отбасының мүшелері. Иә, біз ‘өзара байланысқан мүшелерміз’, сол себепті “бір-бірімізді сүюіміз керек” (Римдіктерге 12:5; 1 Жохан 4:11). Біз осы міндетімізді қалай орындап жүрміз? 1 Петір 3:8-ге сәйкес, өзара ‘қуаныш пен қайғыға ортақтас, бір-бірімізді туған бауырлардай сүйетін, қайырымды’ болу арқылы орындап жүрміз. Ал ‘шаншылып түйрелу азабынан’ өзгелерге қарағанда көбірек зардап шегіп жүрген адамға — мейлі ол жас болсын, кәрі болсын — барлығымыз ерекше көңіл бөлуіміз керек. Қалайша?

11 Жапа шегіп жүргендерге қайырымды болуға тырысуымыз керек. Егер біз өзімізді салқын ұстасақ, қатыгез немесе ықылассыз болсақ, өзіміз аңдамай жаны жаралы адамның қасіретін ушықтырып алуымыз мүмкін. Адамның қасірет шегіп жүргенін білгеніміз бізді не айтып жатқанымызға және қалай айтып жатқанымызға, сондай-ақ не істеп, не қойып жатқанымызға мұқият болуға талпындыруы тиіс. Қандай жағдай болмасын, біздің дұрыс көзқараста болғанымыз, сондай-ақ ‘шаншылып түйрелу азабынан’ күйзеліп жүрген адамды жігерлендіруіміз оның титтей болса да жеңілдеп қалуына көмектеседі. Осылайша оларға біз нағыз жұбаныш боламыз (Қолостықтарға 4:11).

Қиыншылықтарға төтеп бергендер

12—14. а) Қатерлі ісік ауруына шалдыққан бауырласымыз не істеген? ә) Бауырластары қалай оған қамқорлық көрсетіп, жігерлендірген?

12 Соңғы күндердің ақыры таяған сайын, адамдардың күнделікті тартып жүрген азаптары көбейе түсуде (Матай 24:8). Жер бетіндегі адамдардың барлығы азап шегіп жүргенге ұқсайды, әсіресе Ехобаның еркін орындауға тырысып жүрген оның адал қызметшілері жөнінде осылай деуге болады. Толық уақытты қызмет ететін бір мәсіхшінің басына түскен жағдайды қарастырып көрелік. Ол қатерлі ісік ауруына шалдығады да, ота жасап, оның сілекей және лимфа бездерін алып тастайды. Өзінің осындай ауруы бар екенін біле сала, күйеуі екеуі Ехобаға жалбарына ұзақ дұға етеді. Бауырласымыз айтқандай, кейінірек олардың көңілінде сөзбен айтып жеткізе алмастай тыныштық орнайды. Бауырласымыздың көптеген қиыншылықтарды бастан өткізуіне тура келеді, әсіресе алған емінің жанама әсерінен жапа шеккенде, ауыр кезеңді бастан кешіреді.

13 Басына түскен жағдайға төтеп беру үшін, бауырласымыз өзінің ауруы туралы мүмкіндігінше көп мәлімет жинауға тырысады. Дәрігерлерден кеңес алады. “Күзет мұнарасы”, “Ояныңдар!” журналдарынан, сондай-ақ мәсіхшілердің басқа да басылымдарынан өзінікіндей аурумен ауырғандарына қарамастан, еңсесі түспеген адамдардың өмірбаянын оқиды. Сонымен қатар Киелі кітаптағы Ехобаның қиын кездерде халқын қолдауға құдіреті жететіндігін көрсететін тармақтарды, сондай-ақ басқа да пайдалы мәліметтер оқиды.

14 Жабырқаңқы күймен қалай күресуге болатындығы жайлы бір мақалада келесі Жазба орны келтірілген болатын: “Жекеленген жеке басының ғана қамын ойлайды” (Нақыл сөздер 18:1, ЖД). Сол себепті мақалада “тұйық мінездікке салынбауға” кеңес берілген болатынa. Бауырласымыз былай деп әңгімеледі: “Көбісі маған өздерінің мен үшін дұға етіп жүргендерін айтатын; өзгелері телефон соғатын. Екі ақсақал үнемі менің жағдайымды сұрап-біліп тұратын. Көптеген гүл мен открытка алатынмын. Тіпті кейбіреулері тамақ істеп беретін. Сондай-ақ көбісі мені ауруханадағы процедураларыма апарып келуге ниет білдіріп, көмектерін ұсынатын”.

15—17. а) Бір бауырласымыз жол апатынан кейін басына түскен қиыншылықтарға қалай төтеп берген? ә) Қауым мүшелері оған қалай қолдау көрсеткен?

15 Нью-Мексикода (АҚШ) тұратын Ехобаға ұзақ уақыт бойы қызмет еткен бір бауырласымыз екі рет жол апатына ұшырайды. Оның мойны мен иықтары жарақаттанады да, бұл оның денсаулығын нашарлатып жібереді, өйткені ол жиырма бес жыл бойы артритпен ауыратын. Бауырласымыз былай деп әңгімелеп берді: “Мен үшін басымды тік ұстау, екі килограммнан артық жүк көтеру өте ауыр болды. Бірақ бар көңіліммен дұға еткенім көмек беретін. “Күзет мұнарасы” журналындағы өзіміз талқылап жүрген мақалалар да мен үшін үлкен көмек болатын. Осындай мақалалардың бірінде Миха 6:8 тармағы келтіріліп, Құдайдың алдында кішіпейілділікпен жүру деген мүмкіншіліктеріміздің шегін түсінуді де білдіретіні ескерілген еді. Бұл мақала, қызмет етуге өзім қалаған уақыттан аз уақыт бөлсем де, өз мүмкіншіліктерімді ескеріп, ұнжырғамның түспеуі керек екенін түсінуіме көмектесті. Ең бастысы — Құдайға шын көңіліңмен қызмет ету”.

16 Ол әңгімесін жалғастырып, былай деді: “Ақсақалдар қауым кездесулерінен қалмауға және қызметке шығуға тырысып жүргенім үшін мені үнемі мақтайтын. Жастар көрген жерде құшағын жайып амандасатын. Ізашарлар болса, төзімді болып, менің жағдайыма қарай жиі жоспарларын өзгертіп отыратын. Ауа райы жаман болса қамқорлық көрсетіп, қайта баруға немесе Киелі кітапты зерттеп жүрген адамға баруға шақыратын. Сондай-ақ өзім сөмке көтеріп жүре алмайтын болғандықтан, бауырластар әдебиеттерімді өздерінің сөмкелеріне салып жүретін”.

17 Қауым ақсақалдары мен бір сенімдегі бауырластардың жоғарыда әңгімеленген екі бауырласымыздың ‘шаншылып түйрелу азабы’ іспетті әлсіздіктеріне төтеп беруіне қалай көмектескеніне көңіл бөліңдерші. Бауырластары олардың рухани, тәндік және сезімдеріне қатысты мұқтаждықтарын ескере отырып, қамқорлықпен іс жүзінде көмек көрсеткен. Әңгімеленген оқиғалар сендерді де қиыншылықтардан жапа шегіп жүргендерге көмектесуге талпындырады ма? Жастар, қауымдарыңдағы ‘шаншылып түйрелу азабынан’ жапа шегіп жүргендерге сендер де көмектесе аласыңдар (Нақыл сөздер 20:29).

18. “Күзет мұнарасы” және “Ояныңдар!” журналдарында басылатын бауырластардың өмірбаяны бізді қалай жігерлендіреді?

18 “Күзет мұнарасы” және “Ояныңдар!” журналдарында қиыншылықтарға төтеп берген, немесе әлі де олармен күресіп жүрген Ехоба Куәгерлерінің өмірбаяны мен көптеген оқиғалар басылады. Осындай мақалаларды үзбей оқысаңдар, дүние жүзіндегі рухани бауырластарымыздың қаншамасы экономикалық қиыншылықтардан жапа шегіп, әр түрлі апаттардың салдарынан жақындарынан айырылып, сондай-ақ соғыс жүріп жатқан жерлерде қауіпті уақытта өмір сүріп жатқандарын көресіңдер. Әлдебіреулер жанға бататын науқастан зардап шегуде. Олардың көбі сау адам үшін еш қиындық тудырмайтын оп-оңай нәрсенің өзін істей алмайды. Сондай аурулармен науқастанатын адамдар үшін бұл — ауыр сынақ, әсіресе мұның салдарынан олар қалағанынша мәсіхшілердің қызметіне қатыса алмайтын болса, тіптен ауыр. Мұндай бауырластарымыз бір сенімдегілердің — жастар мен кәрілердің — өздеріне көрсеткен көмектеріне қалайша шексіз риза десеңші!

Шыдамдылық бақытты етеді

19. Неге Пауыл “шаншылып түйрелу азабы” іспетті қиыншылықтарға және әлсіз екендігіне қарамастан қуанышты бола алды?

19 Пауыл Құдайдың күш-қуат бергенін көріп, қуанып шаттанған. Ол былай деді: “Мәсіхтің құдіретінің бойымда орнығуы үшін, азаптан арылуды сұраудың орнына күшсіздігіме қуана-қуана мақтанамын. Сонымен, басымнан әлсіздік, қорлық, мұқтаждық, қуғын-сүргін, қысымшылық өткізгенде Мәсіхке бола ризамын, себебі өзім күшсіз болғанымда Ол арқылы күштімін” (2 Қорынттықтарға 12:9, 10). Өз басынан өткізгендіктен, Пауыл сеніммен былай деді: “Мұны бір нәрсе қажет болғандықтан айтып тұрған жоқпын, мен қандай жағдай болмасын, қолдағы барға қанағат етуге үйрендім; жоқшылықта да, молшылықта да өмір сүре аламын. Мен не тоя тамақ жейін, не аш жүрейін, молшылықта немесе мұқтаждықта болайын, қай жағдайда да қанағат етудің құпиясымен жақсы танысып алдым. Себебі маған күш-қуат беретін Мәсіхпен [“маған күш-қуат берушімен”, ЖД] бірге болсам, бәріне де төзе аламын.” (Філіпіліктерге 4:11—13).

20, 21. а) Неге біз ‘көрінбейтін нәрселердің’ үстінен ой жүгірту арқылы қуанышқа бөленеміз? ә) Қазір ‘көрінбейтін нәрселердің’ қайсысын жұмақ орнаған жер бетінде көруді қалар едіңдер?

20 Сондықтан “шаншылып түйрелу азабы” іспетті қиыншылықтарға ұшырағанда, біз қуанамыз, себебі осылайша Ехобаның құдіреті адамның күшсіз жағдайында толықтай іске асатынын паш етеміз. Пауыл былай деп жазды: “Еш мойымаймыз... жанымыз күн сайын жаңара түсуде. Уақытша көретін жеңіл азаптарымыз бізді өздерінен әлдеқайда зор, тіпті шексіз, әрі мәңгілік ұлылыққа жеткізеді! Сонымен... көрінбейтін нәрселерге назар тігеміз. Себебі... көрінбейтіндер — мәңгілік” (2 Қорынттықтарға 4:16—18).

21 Бүгінгі күні Ехобаның қызметшілерінің көбісі жер бетіндегі жұмақта өмір сүріп, Құдайдың уәде еткен баталарына ие болып, қуанышқа бөленуді үміт етеді. Мұндай баталар қазір біз үшін көзге ‘көрінбейтін нәрсе’ іспетті. Алайда сол баталардың барлығын өз көзімізбен көретін уақыт тез жақындап келеді, әрі олар бізді мәңгілік рақатқа бөлейді. Осындай баталардың бірі — ‘шаншылып түйрелу азабы’ іспетті қиыншылықтар болмайтын өмір. Құдай Ұлы ‘Шайтанның ісін талқандайды’ және ‘өлімнің әміршісін, яғни Шайтанды, жеңеді’ (1 Жохан 3:8; Еврейлерге 2:14).

22. Бізде қандай сенімділік болу керек?

22 Сондықтан бүгінде қандай ‘шаншылып түйрелу азабынан’ жапа шегіп жүрсек те, берілмегейміз. Сонда біз Пауыл сияқты, өзімізді қолдап отырған Ехобаның арқасында күшті боламыз. Жер бетіндегі жұмақта өмір сүрген кезімізде, Құдайымыз Ехобаны бізге жасаған керемет игіліктері үшін күнделікті мадақтайтын боламыз (Забур 102:2).

[Сілтеме]

a “Ояныңдар!” журналының 2000 жыл 8 мамыр айындағы санының (ор.) “Киелі кітаптың көзқарасы” айдарындағы “Жабырқаңқылықпен қалай күресуге болады?” мақаласын қараңдар.

Қалай жауап берер едіңдер?

• Неге және қалай Шайтан біздің еңсемізді түсіргісі келеді?

• Қалайша ‘күшсіз жағдайда’ Ехобаның ‘құдіреті толықтай іске асады’?

• Әр түрлі қиыншылықтардан жапа шегіп жүргендерді ақсақалдар мен өзге бауырластар қалай жігерлендіре алады?

[13-беттегі сурет]

Пауыл үш рет Құдайға дұға етіп, ‘шаншылып түйрелу азабын’ өзінен аластатуын өтінген

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу