“Құдай Патшалығында көрісеміз”
“Қымбатты досым, Руперт! Бүгін мен өлім жазасына кесілдім. Мен үшін қайғырма. Өзіңді де, отбасыңды да жақсы көретінімді айтқым келеді. Құдай Патшалығында көрісеміз”.
ФРАНЦ ДРОЗГ бұл сөздерді 1942 жылдың маусым айының 8 жұлдызында фашистер ату жазасын іске асырардан аз ғана уақыт бұрын жазған болатын. Ол не үшін ату жазасына кесілді екен?
Марибордағы (Словения) ұлт азаттық мұражайындағы мәліметке сәйкес, отыз сегіз жастағы бұл темір ұстасы, немістер жаулап алған Словенияда орналасқан немістердің әскери тобына (Wehrmannschaft) қосылудан бас тартқан болатын. Ол Бибельфоршер, немесе Киелі кітапты Зерттеуші, болған еді. Ол кезде Ехоба Куәгерлері солай деп аталатын. Өзінің Құдай Патшалығына бағынатынын айтқан ол, Ишая 2:4-тегі принципті ұстанып, фашистердің әскери әрекеттерін қолдаудан бас тартты (Матай 6:33).
Өзі туып-өскен Пту қаласында Франц Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды құлшыныспен жариялаушы ретінде танымал еді (Матай 24:14). Ол көптеген қиыншылықтарға қарамастан, 1942 жылы тұтқындалғанға дейін ізгі хабарды уағыздаумен болды.
Словенияда көптеген Ехоба Куәгерлерін фашистер аяусыз қудалаған еді. Франц діни нанымдары үшін қудаланғандардың алғашқыларының бірі еді. Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер сияқты оны да “Құдай Патшалығының заманына жеткенше әлі талай азап шегеміз” деген сөздер жігерлендірген еді (Елшілердің істері 14:22). Оның көктен билік жүргізетін үкіметтің шын мәнінде болатынына деген сенімін “Құдай Патшалығында көрісеміз” деген соңғы сөздерінен көруге болады.
[32-беттегі сурет рұқсатымен]
Франц Дрозг: Photo Archive-Museum of National Liberation Maribor, Slovenia; хат: Original kept in Museum of National Liberation Maribor, Slovenia