Оқырмандардың сауалдары
Ехоба Ыбырайыммен келісімді Ур қаласында жасасты ма, әлде Харанда ма?
Ехобаның Ыбырайыммен келісім жасасқаны жөнінде алғаш рет Жаратылыс 12:1—3 дейінгі тармақтарда жазылған. Онда былай делінген: “Жаратқан Ие Ыбырамға сөзін арнап былай деп бұйырған еді: — Сен еліңді, туған-туысқандарыңды, әкеңнің үйін тастап, Мен саған көрсететін елге көш! Мен сен арқылы ұлы халық жасаймын... Сен арқылы Мен жер бетіндегі барлық ұлттарды жарылқаймын”a. Ехоба Ыбырайыммен келісімді Ур қаласында жасасып, кейін Харанда екінші мәрте қайталаған болса керек.
Бірінші ғасырда Степан Ехобаның Ыбырайымға Қанахан еліне көшуді бұйырғаны туралы айтқан болатын. Жоғарғы кеңестің мүшелеріне ол былай деді: “Арғы атамыз Ыбырайым Харан деген жерге әлі орын теппей тұрып, Месопотамияда жүрген кезінде оған салтанатты ұлылыққа бөленген Құдай аян беріп: “Сен еліңді, туған-туысқандарыңды тастап, Мен саған көрсететін елге көш!” — деген” (Елшілердің істері 7:2, 3). Ыбырайымның туып-өскен жері Ур болатын және Степан айтқандай, ол, Ехобаның Қанаханға көшу жайындағы бұйрығын алғаш рет сол жерде естіген болатын (Жаратылыс 15:7; Нехемия 9:7). Степан Құдайдың Ыбырайыммен келісім жасасқанын айтпаған, алайда Жаратылыс 12:1—3 дейінгі тармақтарында ол келісім Құдайдың Қанаханға көшуге бұйрық беруімен байланысты айтылған. Сол себепті Ехоба Ыбырайыммен келісімді Ур қаласында жасасты деп тұжырымдауға негіз бар.
Алайда, Жаратылыс кітабын мұқият оқыр болсақ, Ехобаның Қанахан жерінде де бірнеше жағдайда қайталап, келісімнің кейбір жақтарына байланысты толығырақ мәлімет бергені сияқты, Ыбырайымға Харан жерінде де оны қайталағанын көруге болады (Жаратылыс 15:5; 17:1—5; 18:18; 22:16—18). Жаратылыс 11:31, 32-ге сәйкес, Ыбырайымның әкесі Тарах Ыбырайымды, Сарайды және Лутты ертіп, Қанахан жеріне бару үшін Ур қаласынан жолға шыққан. Олар Харанға келді де, Тарах қайтыс болғанға дейін сол жерде қоныстанып қалды. Ыбырайым Харанда тұрған уақытында дәулетті болып үлгерді (Жаратылыс 12:5). Біраз уақыт өткен соң Ыбырайымның ағасы Нахор да сонда көшті.
Тарахтың қайтыс болғаны жөніндегі хабардан соң Киелі кітапта Ехобаның Ыбырайымға айтқан сөздері жөнінде айтыла келіп, әрі қарай былай делінген: “Ыбырам Жаратқан Иенің айтуымен жолға шықты” (Жаратылыс 12:4). Осылайша, Жаратылыс 11:31—12:4 дейінгі тармақтардан, Ехобаның Жаратылыс 12:1—3 дейінгі тармақтардағы сөздерді Тарах қайтыс болған соң айтқандығын анық көруге болады. Олай болса, Ыбырайым Ехобаның өзі көрсететін жерге көш деген бұйрығын Ур қаласында естігені сияқты бұл жерде де екінші рет естіп, мойынсұнғыштықпен Хараннан жолға шыққан.
Жаратылыс 12:1-ге сәйкес, Ехоба Ыбырайымға былай деп бұйырды: “Сен еліңді, туған-туысқандарыңды, әкеңнің үйін тастап, Мен саған көрсететін елге көш”. Бір кездері Ыбырайымның ‘елі’ Ур болған еді, оның әкесінің ‘үйі’ де сонда болған. Алайда Ыбырайымның әкесі өзінің үй-ішін Харанға көшірді де, Ыбырайым ол жерді өзімнің елім деп атады. Көп жылдар өткен соң, Ысқаққа жар алып келуі үшін бас қызметшісін ‘туған жеріне, туысқандарына’ жіберген кезде, бас қызметшісі “Нахор қаласына беттеді” (Харанға немесе оған жақын жерге) (Жаратылыс 24:4, 10). Сол жерде бас қызметші Нахордың үлкен отбасынан, яғни Ыбырайымның туысқандарының ішінен Рабиғаны кездестірді (Жаратылыс 22:20—24; 24:15, 24, 29; 27:42, 43).
Жоғарғы кеңестің алдындағы сөзінде Степан Ыбырайым туралы былай деген еді: “Әкесі өлгеннен кейін Құдай оны сол жақтан сендер қазір тұрып жатқан осы жерге көшірді” (Елшілердің істері 7:4). Бұл сөздер Ехобаның Ыбырайыммен Харан жерінде сөйлескенін көрсетеді. Жаратылыс 12:1—3 дейінгі тармақтарда жазылғандай, ол жерде Ехоба Ыбырайыммен жасасқан келісімін қайталады деп ойлаудың негізі бар, өйткені ол келісім Ыбырайым Қанахан еліне көшіп келген соң барып, күшіне енген болатын. Осылайша осы деректердің барлығын қарастыра келіп, Ехоба Ыбырайыммен келісімді Ур қаласында жасасып, кейін Харанда екінші мәрте қайталаған деген тұжырым жасаймыз.
Жылан Едем бағында жақсылық пен жамандықты танытатын ағашқа қатысты Құдайдың заңын бұздыру мақсатындағы ойын Хауаға қалай жеткізді?
Жаратылыс 3:1-де былай делінген: “Құдай Ие жаратқан жабайы хайуанаттардың ішіндегі ең қуы жылан еді. Ол әйелге сұрақ қойып: — Құдай сендерге бақтағы ешбір ағаштың жемісін жемеңдер деп шынымен айтты ма? — деді”. Жыланның Хауа анамен қалай сөйлескені жөнінде әр түрлі пікірлер бар. Кейбіреулердің пікірінше, жылан дене қимылы немесе белгілер арқылы сөйлескен. Мысалы, ағылшындық шіркеу қызметшісі Джозеф Бенсон былай деген еді: “Ең дұрысы, ол қандай да бір белгілер арқылы ымдап сөйлескен болса керек. Кейбіреулер тіпті ол кезде жыландардың ойлау және сөйлеу қабілеті болған деседі... алайда бұған еш дәлел жоқ”.
Алайда жылан тек дене қимылы арқылы, Хауаға тыйым салынған ағаштың жемісін жесең жақсы мен жаманды ажырата білетін Құдай сияқты боласың деген ойды қалай жеткізе алуы мүмкін? Оның үстіне Хауа да әңгімеге араласып, жылан қойған сұраққа жауап берді ғой (Жаратылыс 3:2—5). Жылан тек қана белгілермен және дене қимылы арқылы сөйлесті деген көзқарасқа сенер болсақ, онда Хауаның да дене қимылы арқылы жауап бергені, ал Киелі кітаптан Хауаның сөйлегенін көреміз.
Осы оқиғаға нұсқай отырып елші Пауыл мәсіхшілерге былай деп ескертті: “Әзәзіл жыланның қулықпен Хауа ананы алдап, күнәға батырғанындай, кейбіреулер сендердің ой-саналарыңды... ауытқытып жүрмесін деп уайымдаймын”. Пауыл айтып отырған қауіп ‘жалған елшілерден, алдамшы қызметкерлерден’ келген. “Озат елшілердің” тек дене қимылы мен белгілері мұндай қауіп тудырмас еді. Қауіп төндірген олардың сөздері, яғни өзгелерді адастыру үшін айтылған қулық сөздері еді (2 Қорынттықтарға 11:3—5, 13).
Едем бағында Хауаны алдау үшін сөйлеу қабілеті қолданылғанымен, жаратылысынан жыланның дыбыс шымылдығы болған деп айтуға еш себеп жоқ. Жыланға оның қажеті де болмаған. Құдайдың періштесі есек арқылы Балағамға тіл қатқан кезде, ол жануар үшін адам сияқты көмейдің керегі болған жоқ (Руларды санау 22:26—31). Бұл ‘тілсіз есекке тіл бітіп, адам секілді сөйлеткен’ рухани әлемнен келген күштің әсері болатын (2 Петір 2:16).
Хауаға сөйлеген жыланның артында тұрған рухани жаратылыс Киелі кітапта “әзәзіл, әрі шайтан есімді, ежелден бері келе жатқан абжылан” ретінде суреттелген (Аян 12:9). Хауа естіп, жауап берген сөздерді ‘өңін айналдырып, нұрлы періште болып көрінетін’ Шайтан айтқан болатын (2 Қорынттықтарға 11:14).
[Сілтеме]
a Ехоба Ыбырамның есімін Ыбырайым деп тоқсан тоғыз жасында Қанахан қаласында өзгертті (Жаратылыс 17:1, 5).
[31-беттегі сурет]
‘Ненің жақсы, ненің жаман екенін айырып, Құдай сияқты боласыңдар’