Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w01 1.5. 3—6 бет.
  • Шынайы бақытты табудың жолы

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Шынайы бақытты табудың жолы
  • 2001 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Рухани мұқтаждықтарыңды ойлаңдар
  • Қарапайым өмір кеш
  • Бақыт және өз қадірін сезіну
  • Бақытты болу үшін үміттің маңызы зор
  • Бақытқа қалай қол жеткізуге болады?
    2010 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Шынайы бақыттың сыры
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2022
2001 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w01 1.5. 3—6 бет.

Шынайы бақытты табудың жолы

БУДДИСТЕРДІҢ дінбасы далай-лама: “Өмірдегі ең басты мақсатымыз бақытқа жетудің жолын іздеу деп санаймын”,— деген болатын. Сонан соң ол ниет, ақыл-ойды түзету және жүректі оятудың арқасында бақытқа жетуге болатынына сенетіндігін түсіндірді. “Толығымен бақытты болу үшін керекті жалғыз құрал — ақыл-ой”,— деді ол. Оның ойынша, Құдайға сену қажет емесa.

Керісінше, Құдайға деген берік сенімі болған және тәлімдері ғасырлар бойы жүздеген миллион адамдарға әсер етіп жатқан Исаның мысалын қарастырайықшы. Иса адамзаттың бақытты болғанын қалаған. Ол өзінің әйгілі Таудағы уағызын тоғыз рет қайталанған “бақытты” деген сөзбен бастаған (Матай 5:1—12). Сол уағызында ол тыңдаушыларын ақыл-ойлары мен жүректерін тексеруге, тазалауға және тәрбиелеуге — яғни ашу шақыратын, өнегесіз және өзімшіл ойлардан арылып, бейбіт, таза және сүйіспеншілікке толы ойлар дамытуға — шақырды (Матай 5:21, 22, 27, 28; 6:19—21). Кейіннен оның шәкірттерінің бірі шақырғандай, ‘шынайы, игі, әділ, таза, ұнамды, тартымды, адамгершілікті, мақтаулы’ нәрселерді ‘есімізде ұстауымыз’ керек (Філіпіліктерге 4:8).

Иса шынайы бақыттың өзгелермен қарым-қатынасқа да байланысты екенін білген. Біз, адамдар, табиғатымыздан адам баласына үйірсекпіз, сондықтан егер өзгелерден бөлектенетін болсақ немесе әрқашан айналамыздағылармен дау-жанжал шығаратын болсақ, шынайы бақытты бола алмаймыз. Өзгелердің бізді сүйетінін сезінсек және өзіміз өзгелерді сүйсек қана бақытты бола аламыз. Иса үйреткендей, мұндай сүйіспеншіліктің негізі — Құдаймен қарым-қатынаста болу. Осыған байланысты, Исаның тәлімдері далай-ламаның тәлімдеріне қарағанда өзгеше, өйткені Исаның тәліміне сәйкес адамдар Құдайсыз шынайы бақытқа жете алмайды. Неліктен олай екен? (Матай 4:4; 22:37—39).

Рухани мұқтаждықтарыңды ойлаңдар

Таудағы уағызында Иса: “Рухани мұқтаждықтарын мойындағандар бақытты”,— деген болатын (Матай 5:3). Иса неліктен бұлай деді екен? Себебі адамдар жануарлардай емес, олардың рухани мұқтаждықтары бар. Құдайға рухани жағынан ұқсас жаратылғандықтан, біз белгілі мөлшерде сүйіспеншілік, әділдік, мейірімділік және даналық сияқты Құдайға тән қасиеттерді дамыта аламыз (Жаратылыс 1:27; Мика 6:8; 1 Жохан 4:8). Өміріміздің қандай да бір мақсаты болғанын қалағанымыз да рухани мұқтаждықтарымызға жатады.

Рухани мұқтаждықтарымызды қалай қанағаттандыруға болады? Әрине, қиялға берілу немесе жай ғана іс-әрекетіміз бен ойымызды тексеру арқылы емес. Иса: “Адам тек нанмен ғана емес, Құдайдың аузынан шыққан әрбір сөзімен өмір сүреді”,— деген болатын (Матай 4:4). Исаның Құдайды біздің өміріміз үшін маңызды ‘әрбір сөздің’ қайнар көзі деп отырғанына көңіл аударыңыздаршы. Кейбір сұрақтарға жауап табуға тек Ехоба ғана көмектесе алады. Бұны түсінгеніміз өмірдің мәні мен бақытты болудың жолы жайлы теориялар көбейіп кеткен бүгінгі уақытта әсіресе маңызды. Кітап дүкендері денсаулық, байлық және бақыт уәде ететін кітаптарға толы. Интернетте “бақыт” тақырыбына арналған арнайы сайттар құрылған.

Сөйткенмен де бұл мәселеге байланысты адамдардың ой-пікірлері жиі нәтижесіз болып жатады. Ол өз дегенін қанағаттандыруға немесе өзін дәріптеуге бағытталған. Ол мардымсыз білім мен тәжірибеге және жиі теріс түсінікке негізделген. Мысалы, “эволюциялық психология” теориясына сәйкес, адамның сезімдері біздің түп аталарымыз деп болжау жасалып жүрген жануарлардан бастау алады. Ал күн санап өсіп келе жатқан өз бетінше оқып үйренуге арналған кітаптардың авторларының пікірлері осы теорияға негізделген. Шындығына келгенде, Жаратушымызды есепке алмайтын теорияға негізделген бақытты болуға деген ұмтылыстардың ешқайсысы да нәтижелі болмайды және ақыр аяғында көңіл қалдырады. Ежелгі уақытта өмір сүрген пайғамбар: “Дана адамдар күлкіге қалды... міне, олар Тәңірдің сөзін қабыл алмады; сонда олардың даналығы неде?” — деген еді (Еремия 8:9).

Ехоба Құдай біздің болмысымызды және ненің бізді шынайы бақытқа бөлейтінін біледі. Ол адамды не үшін жерге қоныстандырғанын және болашақта оларды не күтіп тұрғанын біледі, сондай-ақ осы мәліметтермен Киелі кітап арқылы бізбен бөлісіп отыр. Құдайдың рухының жетелеуімен жазылған бұл кітаптағы көрсетілген нәрселер әділ болуға бейім адамдарға әсер етіп, оларды бақытқа бөлейді (Лұқа 10:21; Жохан 8:32). Исаның екі шәкіртімен осылай болған еді. Иса қайтыс болған кезде олар қатты қайғыда еді. Бірақ кейіннен, қайта тірілген Исаның өз аузынан Құдайдың адамзатты құтқаруға деген ниетіне байланысты оның маңызды рөлі жайында білген кезде олар: “Ол жолшыбай бірге келе жатып, бізге Киелі жазбалардың мәнін ашып бергенде жүректеріміз жалындап кеткен жоқ па еді?” — деді (Лұқа 24:32).

Киелі кітапта жазылған шындықтың өмірімізге басшылық етуіне жол берген кезімізде қуанышымыз ұлғая түседі. Бұл жағынан алып қарағанда, бақытты кемпірқосақпен салыстыруға болады. Кемпірқосақ белгілі бір қолайлы жағдайларда көрінеді, ал жағдай аса қолайлы болатын болса, ол анығырақ көрінеді, тіпті екіншісі пайда болады. Ал қазір Киелі кітаптың ілімдерін қолданған сайын адам қалай әлдеқайда бақытты бола түсетінін көрсететін кейбір мысалдарды қарастырайық.

Қарапайым өмір кеш

Алдымен Исаның байлыққа байланысты берген кеңесіне көңіл аударыңызшы. Байлық қумауға кеңес берген ол: “Көзің кіршіксіз таза [“қарапайым”, ЖД] болғанда өмірің түгелдей нұрға кенеледі”,— деп, таңғаларлық нәрсе айтты (Матай 6:19—22). Турасын айтқанда ол, егер байлықты, билікті немесе адамдар алдына қойып жататын өзге де мақсаттарды көксер болсақ, олардан әлдеқайда маңыздырақ нәрселерді көзден таса етіп аламыз. Өйткені Иса тағы бір жағдайда: “Байлығы қанша зор болса да, адам сол арқылы өз өмірінің иесі бола алмайды”,— деген болатын (Лұқа 12:15). Егер Құдаймен қарым-қатынасымыз, отбасының қамы және осыған байланысты басқа да шын мәнінде маңызды нәрселерді бірінші орынға қоятын болсақ, біздің ‘көзіміз’ керексіз нәрселермен көмескіленбеген, қарапайым болады.

Назар аударыңызшы, бұл жерде Иса тақуа болуды (аскетизм) немесе өз мүддесін түгелдей құрбан етуді уағыздаған жоқ. Исаның өзі де тақуа болмаған (Матай 11:19; Жохан 2:1—11). Керісінше, ол өмірді баюдың мүмкіндігі ғана деп қарастыратын адамдардың өмірдің өзін жоғалтып алатынын айтқан.

Жас шағында байлыққа қол жеткізгендер жайында Сан-Франциско қаласында (АҚШ) тұратын бір психотерапевт ақшаның кесірінен олардың “стреске ұшырайтынын және мазалары кететінін” айтты. Әрі қарай ол: “Олар екі-үш үй, машина сатып алады, ақшаларын әр нәрсеге бір жұмсайды. Бұл әрекеттерінен еш пайда көрмеген соң (бақыт таппағандықтан), олар өз өмірлерін қалай құруды білмей жабырқап, мәнсіздік күй кешеді”,— деді. Керісінше, Исаның материалдық жағынан қарапайымдау өмір сүріп, рухани нәрселерге уақыт бөлу жайындағы кеңесіне құлақ асатындардың шынайы бақытқа бөленулеріне мүмкіндіктері зор.

Гавайида тұратын Том деген құрылысшы экономикалық жағдайы төмен Тынық мұхиты аралдарында мінажат ететін орындар соғуға көмектесу үшін еріктілер тобына қосылған еді. Том осы аралдағы қарапайым адамдар жөнінде біраз нәрселерді көңіліне түйеді. Ол былай дейді: “Менің осы аралдарда тұратын мәсіхші бауырластарым шын мәнінде бақытты еді. Олар бақыттың сыры ақша мен дүние-мүлікте емес екендігіне менің анық көз жеткізуіме көмектесті”. Сондай-ақ ол өзімен бірге сол аралдарда өз еркімен еңбек еткен өзге бауырластарын да бақылап, олардың өмірлеріне разы екенін байқады. “Олардың қыруар ақша табуға мүмкіндіктері бар еді. Бірақ олар әрдайым рухани нәрселерді бірінші орынға қойып, қарапайым өмір кешуді ұйғарды”,— дейді Том. Бұның барлығының Томға қатты әсер еткені сондай, отбасына және рухани мақсаттарға уақыты көп болуы үшін, ол өзінің өмірін жеңілдетті. Және бұл әрекеті үшін ол ешқашан өкінген емес.

Бақыт және өз қадірін сезіну

Бақытты болу үшін өзін-өзі сыйлап, өз қадірін сезінген өте маңызды. Адамның кемелсіздігінен және әлсіздіктерінің салдарынан кейбіреулер өздеріне көңілі толмайды және көп адамдарды мұндай сезім бала күнінен билеген. Әбден қалыптасып қалған мұндай сезімдерді жеңу қиын болуы мүмкін, бірақ оларды жеңуге болады. Ең бастысы — Құдай Сөзін қолдана білу.

Киелі кітап Жаратушымыздың бізге деген сезімі қандай екенін түсіндіреді. Адамдардың көзқарасынан, тіпті өзіміздің де көзқарасымыздан, Құдайдың көзқарасы әлдеқайда маңыздырақ екенімен келісетін шығарсыз? Сүйіспеншіліктің бейнесі болып табылатын Құдай біз жайында жаман ойламайды немесе кек сақтамайды. Ол біздің қандай екенімізді және қандай өзгеріс жасай алатынымызды біледі (1 Патшалық 16:7; 1 Жохан 4:8). Ол өзіне ұнауға тырысатындарды қадір тұтады; иә, кемелсіздіктеріне қарамастан қалаулылар ретінде қарастырады (Даниял 9:23; Нағай 2:7).

Әрине, Құдай біздің әлсіздіктеріміз бен жасап жатқан күнәларымызға көз жұмып қарамайды. Ол біздің дұрыс әрекет етуге шын ниетпен тырысқанымызды күтеді және осылай еткен кезімізде бізге көмектеседі (Лұқа 13:24). Сөйткенмен де, Киелі кітап: “Әкенің сәбиіне жаны ашығанындай Иеміз де Өзін қастерлегендерге дәл сондай жанашырлық танытады”,— дейді. Сондай-ақ онда: “Тәңірім, егер сен заңсыздықтарды байқайтын болсаң,— Тәңірім, кім төзе алсын? Бірақ Сен кешірімшілсің, Саған зор құрмет көрсетілсін”,— делінген (Забур 102:13; 129:3, 4).

Сол себепті өздеріңізге Құдайдың көзімен қарауға үйреніңіздер. Оның өзін сүйетіндерді қалаулы санайтынын және оларға өздерін төмен санағандарына қарамастан сенім білдіретінін білгені адамның әлдеқайда бақытты болуына көмектеседі (1 Жохан 3:19, 20).

Бақытты болу үшін үміттің маңызы зор

Соңғы кезде дамыған оң психология тұжырымдамасына сәйкес, жағымды ой мен адамның өзінің жақсы жақтарын көре білуге талпынуына негізделген оптимистік көзқарас бақытқа жетелейді. Өмірге және болашаққа деген оптимистік көзқарас бақытты болуымызға септігін тигізетінін ешкім де теріске шығара қоймас. Алайда мұндай оптимистік көзқарас біреудің арманына емес, деректерге негізделуі тиіс. Сондай-ақ, соғыс, аштық, жұқпалы ауру, қоршаған ортаның ластануы, қартаю, ауру немесе өлім сияқты адамның бақытты болуына кедергі жасайтын нәрселер оптимизм мен дұрыс ойлаудың арқасында жойыла салмайды. Сөйткенмен де оптимизмнің өмірдегі өз орны бар.

Бір қызығы, Киелі кітапта оптимизм деген сөз қолданылмайды; онда едәуір салмақты “үміт” деген сөз қолданылған. Бір сөздік Киелі кітапта қолданылған “үміт” сөзіне “қандай да бір жақсы нәрсені сеніммен күту... жақсылықты қуанышпен күту” деген анықтама береді (Vine’s Complete Expository Dictionary). Киелі кітаптағы қолданысында “үміт” сөзі жай оптимизмнен күштірек. Ол нақты бір нәрсеге байланысты (Ефестіктерге 4:4; 1 Петір 1:3). Мысалы, мәсіхшілер жоғарыда аталып өткен жағымсыз нәрселердің барлығының жақында жойылатынынына үміт артады (Забур 36:9—11, 29). Бірақ бұл ғана емес.

Мәсіхшілер әділ адамдар кемелділікке жетіп, жұмақ орнаған жерде өмір сүретін уақытты асыға күтуде (Лұқа 23:42, 43). Осы үміт жайында Аян 21:3, 4-те: “Қараңдар, Құдайдың адамдар арасындағы мекені! Ол солармен бірге тұрып, олар Оның халқы болмақ... Ол барлық көздің жастарын сүртіп тастап жұбатады. Енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды. Себебі бұрынғы әлем құрып, жоқ болды”,— делінген.

Қазіргі жағдайлары өздері қалағандай болмаған күннің өзінде, осындай болашақты күтіп отырған адамдардың барлығының да бақытты болуларына толық негіз бар (Жақып 1:12). Сол себепті, неге сізге Киелі кітапты зерттеп, оған неліктен сенуіңізге болатынын анықтамасқа? Киелі кітапты оқуға күнделікті уақыт бөлу арқылы үмітіңізді арттыра түсіңіз. Осылай етер болсаңыз, рухани байи түсесіз, адамдардың бақытты болуына кедергі жасайтын нәрселерден аулақ боласыз және қанағат сезіміне бөленесіз. Иә, бақыттың кілті Құдайдың еркін орындауда (Екклесиаст 12:13). Киелі кітап өсиеттерін орындауға негізделген өмір — бақытты өмір, өйткені Иса: “Құдай Сөзін естіп, оны орындаушылар... бақытты!” — деген болатын (Лұқа 11:28).

[Сілтеме]

a Буддистер үшін Құдайға сену міндетті түрде емес.

[5-беттегі суреттер]

Байлық жинау, өзгелерден бөлектену немесе адамзаттың шектеулі біліміне арқа сүйеу арқылы бақытты болу мүмкін емес

[6-беттегі сурет]

Құдай Сөзін орындауға негізделген өмір — бақытты өмір

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу