Ехобаны қаһарын төгетін күні келмей тұрып іздеңдер
“Тәңірді іздеңдер; ақиқатты іздеңдер, кіші пейілділікті іздеңдер; мүмкін сонда сендер Тәңірдің қаһары қайнаған күні аман қаларсыңдар” (СОФОНИЯ 2:3).
1. Софония пайғамбарлық етуін бастағанда Яһудадағы рухани ахуал қандай еді?
СОФОНИЯ пайғамбарлық етуін Яһуда халқының тарихындағы аса қиын кезеңде бастаған. Яһудадағы рухани ахуал өте нашар болатын. Халық Ехобаға жүгінудің орнына басқа ұлттардың діни қызметкерлері мен жұлдызнамашыларынан басшылық іздейтін. Бағалға табыну кеңінен етек алған болатын, оған құнарлылық салт-жоралары да кіретін. Басшылар — әміршілер, беделділер мен билер — өздері қорғауға тиіс адамдарды қанайтын (Софония 1:9; 3:3). Сондықтан неге Ехобаның Яһуда мен Иерусалимді жою үшін ‘құдіретті қолын созатындығы’ түсінікті (Софония 1:4).
2. Яһудадағы Құдайға адал қызмет етіп жүргендердің қандай үміттері болды?
2 Десе де, жағдай қаншалықты ауыр болғанмен, яһудалықтар үшін, күңгірт болса да, үміт сәулесі бар еді. Патша тағында Амонның ұлы Жосия отырған болатын. Жосия жас өспірім шағынан Ехобаны шын жүректен жақсы көретін. Егер жаңа патша Яһудада шынайы мінажатты қалпына келтірсе, бұл Құдайға адал қызмет етіп жүрген азғантай адамдарға қандай жігер берер еді десеңші! Кім білсін, бәлкім, оларға өзгелер де қосылып, Ехобаның қаһарын төгетін күні олар да аман қалар ма еді.
Аман қалу үшін қойылатын талаптар
3, 4. ‘Тәңірдің қаһарын төгетін күні’ аман қалу үшін қандай үш талапты орындау керек?
3 Ехоба қаһарын төгетін күні аман қалуға болар ма еді? Иә, Софония 2:2, 3-тармақтарында жазылған үш талапты орындағандар аман қалар еді. Осы тармақтарды оқығанда онда қойылған сол үш талапқа ерекше көңіл бөлейікші. Софония былай деп жазды: “Құдайдың шешімі келмес бұрын — күн ұшырған топан сияқты тез өтіп кетеді; сендерге қарсы Тәңірдің ашуының өрті лауламас бұрын, Тәңірдің қаһарын сендерге төгетін күні келмес бұрын, Оның заңын орындайтын жер бетіндегі барлық момындар — Тәңірді іздеңдер; ақиқатты іздеңдер, кіші пейілділікті іздеңдер; мүмкін сонда сендер Тәңірдің қаһары қайнаған күні аман қаларсыңдар”.
4 Сонымен, аман қалу үшін 1) Ехобаны іздеу керек болатын, 2) ақиқатты іздеу керек болатын және 3) кіші пейілділікті іздеу керек болатын. Бүгінгі күні осы қойылған талаптардың біз үшін де маңызы зор. Неге? Өйткені б. з. б. VI ғасырда Яһуда мен Иерусалимнің жазадан қашып құтыла алмағанындай, таяп келе жатқан “үлкен апатта” да Ехоба христиан әлемін, сондай-ақ барлық әділетсіздерді жауапқа тартады (Матай 24:21). Сол уақытта аман қалғысы келгендер қазірден бастап батыл әрекет етулері керек. Сонда олар не істеулері керек? Кеш қалмай тұрғанда, Ехобаны, ақиқатты және кіші пейілділікті іздеулері керек.
5. Бүгінгі күні ‘Ехобаны іздеу’ нені білдіреді?
5 Бәлкім, сен: “Өзін Құдайға арнаған, суға шомылдыру рәсімінен өткен Ехоба Куәгері ретінде оған қызмет етіп жүрмін ғой, мен сол талаптарға сай емеспін бе?” — дерсің. Өзімізді Ехобаға арнағанымыз — түпкі мақсатқа жеткендігіміздің белгісі емес. Исраил Құдайға бағышталған, немесе өзін оған арнаған, халық болатын, соған қарамастан, Софонияның кезінде өмір сүрген Яһуда халқы Құдайға бағышталғандықтарына сай өмір сүрмеген. Осының нәтижесінде Құдай ақыр аяғында олардан бас тартты. Бүгінгі күні Ехобаны іздеуге оның ұйымында болып, онымен жақын әрі жылы қарым-қатынас дамыту және оны үзбеу кіреді. Бұл — Құдайдың қандай да бір нәрсеге деген көзқарасын білуді және Оның сезімін ескеруді білдіреді. Біз Киелі кітапты мұқият зерттеп, оның үстінен ой жүгіртіп, әрі алған білімімізді өмірімізде қолданғанда Ехобаны іздейміз. Сонымен қатар, бар көңілімізбен дұға ететін болсақ және киелі рухтың басшылығына мойынсұнатын болсақ, біздің Ехобаның басшылығын іздегеніміз. Осындай әрекеттер арқылы біздің Ехобамен қарым-қатынасымыз нығаяды, сондай-ақ оған ‘шын жүрегімізбен, жан-тәнімізбен және бар күшімізбен‘ қызмет етуге талпынатын боламыз (Заңды қайталау 6:5; Ғалаттықтарға 5:22—25; Філіпіліктерге 4:6, 7; Аян 4:11).
6. Қалай біз ‘әділдікті іздейміз’ және неге біз мұны осы зұлым дүниенің арасында жүріп те істей аламыз?
6 Софония 2:3-те айтылған бізден талап етілетін екінші нәрсе — “ақиқатты іздеу”. Көпшілігіміз мәсіхші ретінде суға шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын өмірімізде үлкен өзгерістер жасадық, алайда біз Құдайдың әділетті нормаларын өмір бойы ұстануымыз керек. Кейбіреулер бастапқыда Құдайдың нормаларын ұстанып жүріп, бірақ кейінірек осы дүниенің әсеріне түсіп аттарына кір келтірді. Айналамыздағы адамдар әдепсіз жыныстық қатынаста, өтірік айтуда және басқа да жаман істер жасауда тұрған ештеңе жоқ деп есептейтін болғандықтан, әділдікті іздеу оңай нәрсе емес екендігі рас. Сөйтсе де, Ехобаға ұнамды болуға деген ыстық ықыласымыз осы дүниенің адамдарына ұнамды болуды қалаумен, яғни өзге жұрт сияқты болуды қалаумен, күресуімізге көмектеседі. Яһудалықтар айналасындағы Құдайдан безген көршілеріне еліктегендіктен, Ехобаға ұнамды болудан қалған болатын. Осы дүниеге еліктегеннен гөрі, әрқашан ‘Құдайға рухани жағынан ұқсас жаратылған жаңа, шынымен әділетті де қасиетті адам болуға’ талпынып, ‘Құдайдан үлгі алайық’ (Ефестіктерге 4:24; 5:1).
7. Қалай біз ‘кіші пейілділікті іздеуіміз’ керек?
7 Софония 2:3-те жазылған үшінші басты ой мынадай: егер біз Ехоба қаһарын төккен күні аман қалғымыз келсе, ‘кіші пейілділікті іздеуіміз’ керек. Біз кіші пейілділердің қатарына жатпайтын адамдармен — ер кісілермен, әйелдермен және балалармен — күнделікті кездесіп отырамыз. Олар үшін кіші пейілділік — кемшілік. Олардың ойынша, мінездің жұмсақтығы — әлсіздіктің белгісі. Мұндай адамдар тым көп нәрсені талап етеді, өзімшіл, әрі менмен. Олар өздерінің “қақысы бар” деп ойлайтын нәрселерге, сондай-ақ қалаған нәрселеріне қайткен күнде де қол жеткізуге даяр. Осындай көзқарастардың біздің де ой-санамызға әсер етуіне жол берер болсақ, қандай өкінішті болар еді! Әсіресе қазіргі уақытта біз кіші пейілділікті іздеуіміз керек. Қалайша? Құдайға мойынсұнғыш болу арқылы, оның өсиеттеріне құлақ асу арқылы, әрі оның еркіне бойсұну арқылы.
Неге “мүмкін” аман қаларсыңдар?
8. Неге Софония 2:3-те “мүмкін” аман қаларсыңдар делінген?
8 Софония 2:3-те айтылған сөздерге көңіл аударыңдаршы: “Мүмкін сонда сендер Тәңірдің қаһары қайнаған күні аман қаларсыңдар”. ‘Жер бетіндегі момындарға’ үн қата отырып, неге Софония “мүмкін” аман қаларсыңдар деген? Момын адамдар дұрыс қадамдар жасағандарымен, менменсіп кетпеуі керек болатын. Олар әлі адалдықтарын сақтап, өмір жолын бітірген жоқ еді. Әлдекімнің күнә жасап қоюы мүмкін болатын. Бізге қатысты да тап солай. Иса былай деген: “Ақырына дейін табандылық көрсеткен әркім құтқарылады” (Матай 24:13). Ехоба қаһарын төккен күні аман қалу үшін, әрі қарай да шындықтың жолымен жүре беру керек. Сендер солай етуге бел будыңдар ма?
9. Жас патша Жосия қандай дұрыс қадамдар жасады?
9 Софония пайғамбардың сөздері Жосия патшаны Ехобаны іздеуге талпындырған болса керек. Киелі жазбаларда былай делінген: “Патшалық құруының сегізінші жылында, әлі де жас өспірім [шамамен 16 жас] кезінде, Жосия түп атасы Дәуіт сиынған Құдайға бет бұрып, Оның еркін сұрай бастады [“Дәуіт сиынған Құдайды іздей бастады”, ЖД].“ (2 Шежіре 34:3). Сонымен қатар Жосия ‘ақиқатты іздеуден’ таймаған. Біз былай деп оқимыз: ‘Он екінші жылында Жосия Яһуда мен Иерусалимді биіктеу жерлердегі табыну орындарынан, жалған тәңірлерге бағышталған бағаналардан және ағаштан ойылып не қолдан құйылып жасалған мүсіндерден арылта бастады. Жосияның қызметшілері оның бақылауымен Бағалға арналған құрбандық үстелдерін қиратты’ (2 Шежіре 34:3, 4). Яһуда елін жалған тәңірлерге бас июшіліктен және соған қатысты барлық нәрселерден тазарту арқылы Жосия Ехобаға ұнамды болуға тырысып, ‘кіші пейілділікті’ де іздеген ‘іздеген’. Мұндай әрекеттер ондағы басқа да кіші пейілді адамдарды қалайша қуантты десеңші!
10. Б. з. б. 607 жылы қандай оқиға болды, бірақ кімдер аман қалды?
10 Жосия патшалық еткен уақытта еврейлердің көпшілігі қайтадан Ехобаға бет бұрды. Алайда Жосия өлген соң халықтың басым көпшілігі бұрынғы жолына қайта түсіп, Құдайға мүлдем ұнамайтын іс-әрекеттер жасай бастады. Ехоба жария еткендей, б. з. б. 607 жылы бабылдықтар Яһуда патшалығын басып алып, оның астанасы Иерусалимді күйретті. Десе де, әлі де болса үміт бар еді. Еремия пайғамбар, эфиопиялық Авдемелех, Ионадавтың ұрпақтары және басқа да Құдайға адал болған адамдар “Тәңірдің қаһары қайнаған күні” аман қалды (Еремия 35:18, 19; 39:11, 12, 15—18).
Құдайдың жаулары, тыңдаңдар!
11. Неге бүгінгі күні Құдайға адал болып қалу оңай емес, алайда Ехобаның халқының жауларының не нәрсеге көңіл аударғандары артық болмас еді?
11 Ехобаның қаһары қайнаған күні осы дүниенің жойылғанын күтіп жүрген уақытта біз “алуан түрлі сынаққа” кезігеміз (Жақып 1:2). Діни сенім бостандығын ресми түрде мойындайтын бірқатар елдерде Құдайдың халқын қатты қуғынға ұшырату үшін, дінбасылары өздерінің үкімет басшыларына ықпал ете алатындықтарын пайдалануға тырысып бағуда. Арсыз адамдар Құдайдың қызметшілеріне “қауіпті секта” деген таңба салып, лақап сөз таратуда. Ехоба олардың іс-әрекеттерін көріп отыр, әрі оларды жазасыз қалдырмайды. Құдайдың халқына қарсы шыққандардың, мысалы філістірлердің, қандай күйге ұшырағанына Ехобаның жауларының көңіл аударғаны артық болмас еді. Пайғамбарлықта былай делінген: “Газа иесіз қалады, Ашқалон қаңырап бос қалады, Азот шаңқай түсте қуылады, ал Ақарон түп-тамырымен жоқ болады”. Філістірлердің қалалары Газа, Ашқалон, Азот пен Ақарондар жойылуға тиіс болатын (Софония 2:4—7).
12. Філістір елі, Моаб және Аммондармен не болды?
12 Пайғамбарлықта әрі қарай былай делінген: “Менің халқымды қорлап, оның жеріне кекірейе көз салғандарын, Моабтың оларды келеке еткенін және Аммонның балағаттағанын естідім” (Софония 2:8). Рас, Мысыр мен Эфиопия бабылдықтардың шапқыншылығынан жапа шеккен болатын. Алайда Ыбырайымның немере інісі Луттан тараған Моаб пен Аммон халықтарына Құдай қандай үкім шығарды екен? Ехоба алдын ала былай деді: “Моаб Содом сияқты, Аммонның ұлдары Ғомора сияқты болады”. Содом мен Ғомора жойылғанда аман қалған үлкен аналары Луттың қыздарындай емес, өр көкірек Моаб пен Аммон Құдайдың үкімінен қашып құтыла алмады (Софония 2:9—12; Жаратылыс 19:16, 23—26, 36—38). Філістір елі мен оның қалалары қазір қайда? Бір кездердегі өр көкірек Моаб пен Аммон қайда? Қанша іздесеңдер де оларды таппайсыңдар.
13. Археологтар Ниневиден не тапты?
13 Софония Ассур империясы құдіреттілігінің шарықтау шегіне жеткенде өмір сүрген болатын. Ассур патшалығының астанасы Ниневиден тапқан патша сарайының бір бөлігін археолог Остен Лейард былай суреттеді: “[Сарайдың ішінің] төбесі... бояумен өрнектеліп, гүлдер немесе жануарлардың мүсіндері бейнеленген төрт бұрышты ұяшықтарға бөлінген. Ұяшықтардың кейбіреулері пілдің сүйегімен оюланып безендірілген, сонымен қатар олардың әрқайсысы керемет қоршаумен көмкеріліп, жапсырма әшекейлермен безендірілген. Арқалықтары, сондай-ақ сарайдың қабырғалары, бәлкім, алтын не күміс жалатқан болуы керек, тіпті алтын-күміспен қапталған болуы да мүмкін. Сарайдың ішіндегі ағаштан жасалған нәрселер үшін сирек кездесетін ағаштар қолданылған, әсіресе балқарағай көзге түседі”. Десе де, Софонияның пайғамбарлығында айтылғандай, Ассур патшалығы жойылуға, ал оның астанасы Ниневи “шөл далаға” айналуға тиіс болатын (Софония 2:13).
14. Софонияның пайғамбарлығы Ниневиде қалай орындалды?
14 Софония осы пайғамбарлықты айтқаннан кейін не бары он бес жыл өткен соң, құдіретті Ниневи күйретілді, ал оның салтанатты патша сарайынан үйінді ғана қалды. Иә, өр көкірек қала жермен-жексен болды. Апаттың қаншалықты көлемді болғаны келесі сөздермен шешен жеткізілген: “Оның ойып жасалған әшекейлерінде бірқазан мен кірпі түнейтін болады; терезелерден олардың дауыстары естілетін болады, есіктің тіреуіштерінен қирағанның белгісі байқалатын болады” (Софония 2:14, 15). Ниневидің салтанатты сарайлары кірпілер мен бірқазандардың тұрағына айналатын еді. Қаланың көшелерінде сауда жасаушылардың дауыстары, жауынгерлердің айғайы мен абыздардың әндері естілмейтін еді. Бір кездері абыр-сабыр шулы болған қалада енді терезелерден ғана қорқынышты үндер естілетін, бәлкім, бұл құстың мұңды әні немесе желдің гуілі болса керек. Құдайдың жауларының бәрі де осындай күйге ұшырағай!
15. Моаб, Аммон, Філістір елі мен Ассурдың басына түскен жағдайдан не нәрсеге үйренуге болады?
15 Моаб, Аммон, Філістір елі мен Ассурдың басына түскен жағдайдан қандай тұжырым жасауға болады? Мынадай: бізге жауларымыздан қорқудың қажеті жоқ. Құдай өзінің халқына қарсыласқандардың не істеп жатқандарын көріп отыр. Бұрынғы кезде Ехоба өзінің жауларына қарсы әрекет жасаған болатын. Сол сияқты, бүгінгі күні де бүкіл жер бетінің тұрғындарына оның соттайтын күні келеді. Бірақ олардың барлығы жойылмайды — “әрбір... халықтан” “ешбір адам баласы санай алмайтындай өте үлкен тобыр” аман қалады (Аян 7:9). Сендер де сол адамдардың арасында бола аласыңдар, бірақ ол үшін сендер әрі қарай да Ехобаны, әділдікті және кіші пейілділікті іздей берулерің керек.
Арсыз зұлымдар қасіретке қалады!
16. Софонияның пайғамбарлығында Яһуданың әміршілері мен дінбасылары жөнінде не айтылған және неге бұл сөздер христиан әлемін тұпа-тура суреттейді?
16 Софонияның пайғамбарлығында қайтадан Яһуда мен Иерусалимге көңіл аударылады. Софония 3:1, 2-де былай делінген: “Былғанған, арамдалған, қиянатшыл қала қасіретке қалады! Дауысқа құлақ аспайды, өсиетті тыңдамайды, Тәңірге сенім артпайды, Құдайына жақындамайды”. Ехобаның ақылға шақырғанына халықтың құлақ аспағандығы өкінішті-ақ! Әміршілердің, төрелер мен билердің рақымсыздығында шек жоқ. Софония ар-ұжданнан айырылған дінбасыларын былай деп әшкерелейді: “Оның пайғамбарлары — жеңілтек [“арсыз”, ЖД], опасыз; діни қызметкерлері қасиеттіні арамдап, заңды аяқ асты етеді” (Софония 3:3, 4). Бұл сөздер бүгіндегі христиан әлемінің пайғамбарлары мен діни қызметкерлерін қалайша тұпа-тура суреттейді десеңші! Олар Киелі кітапты аударғанда Құдайдың есімін арсыздықпен алып тастап, өздері қызметшісі атанып жүрген Құдай жөнінде жалған нәрселерге үйретеді.
17. Бізді тыңдасын-тыңдамасын неге ізгі хабарды жариялауымыз керек?
17 Ертеде Ехоба халқына өзінің не істейтінін қамқорлықпен ашып отырған. Ол халықты күнәларына өкінуге шақыру үшін өзінің қызметшілерін, яғни пайғамбарларын, олардың арасында Еремия мен Софония да бар, жіберіп отырған. Иә, “Тәңір... әділетсіздік жасамайды, таң атқан сайын әрдайым әділетті үкімдерін көрсетеді”. Сондағы нәтиже қандай болды екен? “Бірақ әділетсіз ұятты білмейді”,— деді Софония (Софония 3:5). Осыған ұқсас ескерту қазір де жариялануда. Егер ізгі хабарды жариялаушы болсаңдар, сендер де адамдарға ескерту жасау ісіне қатысып жүрсіңдер. Сол себепті ізгі хабарды жариялауды тоқтатпаңдар! Сендерді тыңдасын-тыңдамасын, Құдайға адал қызмет етіп жүрген болсаңдар, сендердің қызметтерің Құдайдың көз алдында бекер емес. Құдайдың еркін құлшына орындап жүрсеңдер, ұялудың қажеті жоқ.
18. Софония 3:6 қалай орындалады?
18 Ехобаның соты христиан әлемінің ойрандалуымен аяқталмайды. Ехоба жер бетіндегі барлық адамдарды айыптайды: “Мен халықтарды жойдым, олардың қамалдары қиратылды; көшелерін қаңыратып бос қалдырдым, сондықтан ешкім онда жүрмейді; олардың қалалары талқандалды” (Софония 3:6). Бұл сөздер әбден сенуге тұрарлық, сол себепті Ехоба халықтарды қыратынын жүзеге асырып қойған сияқты айтып отыр. Моаб, Аммон және Філістір елінің қалалары қандай күйге ұшырады? Ассурдың астанасы Ниневи ше? Осы халықтардың жойылғандығы қазіргі халықтарға ескерту болып табылады. Құдайды келеке еткендер жазасыз қалмайды.
Ехобаны іздеуді тоқтатпаңдар
19. Біздің өзімізге ойлануға талпындыратын қандай сұрақтар қойғанымыз дұрыс болар еді?
19 Софония өмір сүрген уақытта Құдайдың қаһары “қайтпастан барлық әрекеттерінде жамандық істеуге тырысып баққандарға” төгілген болатын (Софония 3:7). Біз өмір сүріп жатқан уақытта да тап солай болады. Сендер Ехобаның қаһарын төгетін күні жақын екендігінің дәлелдерін көресіңдер ме? Құдайдың Сөзін үзбестен, күнделікті оқу арқылы ‘Ехобаны іздеп’ жүрсіңдер ме? Құдайдың жоғары құлықтылық нормаларына сәйкес өмір сүрулеріңмен ‘әділдікті іздеп’ жүрсіңдер ме? Барлық нәрседе Құдайға мойынсұнып, оның құтқарылу үшін істеген және істеп жатқан барлық әрекеттерін бойсұнушылықпен қабылдап, ‘кіші пейілділікті іздеп’ жүрсіңдер ме?
20 Софонияның пайғамбарлығы жөніндегі соңғы мақалада біз қандай сұрақтарды қарастырамыз?
20 Әрі қарай да адалдықпен Ехобаны, әділдікті және кіші пейілділікті іздеуді жалғастыра берер болсақ, біз қазіргі уақыттың өзінде, яғни сенімімізді сынайтын ‘соңғы күндердің’ өзінде, көптеген баталарға ие боламыз (2 Тімотеге 3:1—5; Нақыл сөздер 10:22). Алайда мынадай сұрақтар туады: қазіргі уақыттағы қызметшілеріне Ехоба батасын қалай беріп отыр және Софонияның пайғамбарлығына сәйкес зор екпінмен жақындап келе жатқан Ехобаның қаһарын төгетін күні аман қалғандар қандай баталар алуға үміттенеді?
Қалай жауап берер едіңдер?
• Адамдар қалай ‘Ехобаны іздейді’?
• ‘Әділдікті іздеу’ деген не?
• Қалай біз ‘кіші пейілділікті іздей’ аламыз?
• Неге біз Ехобаны, әділдікті және кіші пейілділікті үнемі іздеуіміз керек?
[15-беттегі сурет]
Үлкен тобыр Ехобаны іздеуде, сондықтан Ехобаның қаһарын төккен күні олар аман қалады