Өнегелілік тазалыққа деген Құдайға ұнамды көзқарас
“Мен, Құдай Иелерің, сендерге пайдалыны үйретіп, түзу жолмен бастап алып жүремін” (ИШАЯ 48:17).
1, 2. а) Жалпы адамдар жыныстық қатынасқа қалай қарайды? ә) Мәсіхшілердің жыныстық қатынасқа деген көзқарасы қандай?
БҮГІНГІ күні жер шарының көптеген бөліктерінде өнегелілікке байланысты қандай көзқарас ұстанатынын шешу әркімнің өз шаруасы ретінде қарастырылады. Адамдар жыныстық қатынасты некемен ғана шектелмейтін және қалаған кезінде айналысуға болатын өзінің ыстық сезімін білдірудің табиғи жолы ретінде қарастырады. Егер ешкімге зияны болмаса, қалай әрекет етуді өзі шешкеннің еш сөкеттігі жоқ деп ойлайды олар. Олардың көзқарасы бойынша, өнегелілік істерге байланысты — әсіресе жыныстық қатынас мәселесінде — ешкімді соттауға болмайды.
2 Ал Ехобаны білетін адамдардың көзқарасы бұдан өзгеше. Ехобаны сүйгендіктен және оған ұнағысы келгендіктен олар Жазбалардың басшылығын қуана-қуана ұстанады. Олар Ехобаның өздерін сүйетінін және шындығында да пайдалы, әрі бақытты ететін басшылық беретінін түсінеді (Ишая 48:17). Құдай өмірдің Қайнар көзі болғандықтан, олардың өз тәндерін, әсіресе өмір беруге тікелей қатысты жыныстық қатынасқа байланысты, қалай қолдануы керек екендігі жайлы басшылықты содан іздегендері парасаттылық болар еді.
Сүюші Жаратушының сыйы
3. Христиан әлеміндегі көптеген адамдарды жыныстық қатынасқа байланысты не нәрсеге үйреткен және бұл Киелі кітапқа қаншалықты сай келеді?
3 Бүгінгі күнгі дінсіз адамдардың көзқарасына қарама-қайшы, христиан әлемінің кейбір өкілдері жыныстық қатынас ұятты, күнә нәрсе және Едем бағындағы “алғашқы күнә” Хауаның Адамды жыныстық қатынасқа азғыруында деп үйретеді. Мұндай көзқарас киелі рухтың жетелеуімен жазылған Жазбаларға қайшы келеді. Киелі кітапта алғашқы жұп туралы “Адам мен оның әйелі” деп айтылған (Жаратылыс 2:25). “Өсіп-өніп көбейіңдер! Ұрпақтарың жайылып, жер бетін толтырыңдар!” деген кезде Құдай оларға балалы болуды нұсқаған еді (Жаратылыс 1:28). Құдайдың алдымен Адам мен Хауаға балалы болыңдар деп бұйырып, соңынан осы тапсырманы орындағандары үшін оларды жазалауы қисынсыз болар еді (Забур 18:9).
4. Құдайдың ниеті бойынша жыныстық қатынас не үшін берілген еді?
4 Алғашқы адам жұбына берілген, содан соң Нұх пен балаларына қайталанған бұл тапсырмадан біз жыныстық қатынастың негізгі мақсаты балалы болу екенін білеміз (Жаратылыс 9:1). Бірақ Құдай Сөзі Құдайдың қызметшілері тек балалы болу үшін ғана жыныстық қатынасқа түсуге міндетті емес екенін көрсетеді. Мұндай қатынас ерлі-зайыптылардың ішкі жан дүниесіне байланысты мұқтаждықтары мен тәндік мұқтаждықтарын жөнімен қамтамасыз етеді және олар бұдан ләззат алады. Және осылай олар бір-біріне деген нәзік сезімдерін білдіреді (Жаратылыс 26:8, 9; Нақыл сөздер 5:18, 19; 1 Қорынттықтарға 7:3—5).
Құдай белгілеген шектеулер
5. Құдай жыныстық қатынасқа байланысты қандай тыйым салды?
5 Жыныстық құштарлық Құдайдың сыйы болғанымен, ол жүгенсіз болмауы керек. Бұл принцип тіпті некеде тұрған адамдарға да қатысты (Ефестіктерге 5:28—30; 1 Петір 3:1, 7). Некеден тыс жыныстық қатынасқа тыйым салынған. Киелі кітапта бұл туралы анық айтылған. Исраил халқына берілген заңда: “Неке адалдығын бұзба”,— делінген (Мысырдан көшіп шығу 20:14). Кейінірек Иса “азғындық” пен “неке адалдығын бұзуды” жүректен шығып, адамды арамдайтын “жаман ойларға” қосты (Марқа 7:21, 22). Киелі рухтың жетелеуімен елші Пауыл Қорынттағы мәсіхшілерге “азғындықтан аулақ” болуға кеңес берді (1 Қорынттықтарға 6:18). Және Еврейлерге жазған хатында Пауыл: “Некеге барлығың да құрметпен қарап, жар төсегін былғамаңдар! Азғындар және неке адалдығын бұзғандар Құдай сотына түспек”,— деді (Еврейлерге 13:4).
6. Киелі кітапқа сәйкес, азғындыққа не жатады?
6 “Азғындық” деген сөз нені білдіреді? Осы сөзбен жеткізіліп отырған гректің порнея деген сөзі кейде некеде тұрмаған адамдардың арасындағы жыныстық қатынасты білдіреді (1 Қорынттықтарға 6:9). Матай 5:32 және Матай 19:9 сияқты өзге жерлерде бұл сөздің мағынасы кең: ол неке адалдығын бұзуға, жақын туғанымен және жануарлармен жыныстық қатынаста болуға да қатысты. Оральды, анальды жыныстық қатынас және өзгенің жыныс мүшесін сипалау сияқты некеде тұрмаған адамдардың бір-бірімен қатынасы да порнеяны білдіруі мүмкін. Осы істердің бәрі де Киелі кітапта тікелей немесе жанама түрде айыпталады (Леуі 20:10, 13, 15, 16; Римдіктерге 1:24, 26, 27, 32)a.
Құдайдың өнегелілік заңдарының пайдасы
7. Өнегелілік тазалық сақтағанымыздың қандай пайдасы бар?
7 Кемелсіз адамдар үшін Ехобаның жыныстық қатынасқа қатысты берген басшылығын ұстану қиын болуы мүмкін. XII ғасырдағы әйгілі еврей пәлсапашысы Маймонид былай деп жазған: “Бүкіл Таурат [Мұсаның заңы] бойынша тыйым салынған нәрселердің ең қиыны — қан араласу мен заңсыз жыныстық қатынас”. Бірақ Құдайдың басшылығын ұстанғанымыздың пайдасы зор (Ишая 48:18). Мысалы, осы мәселеге байланысты басшылығын ұстанар болсақ, жыныстық қатынас арқылы берілетін, кейбіреулері жазылмайтын және өліммен аяқталатын, аурулардан өзімізді қорғаймызb. Некеге тұрмай тұрып жүкті болудан аман боламыз. Құдайдың даналығымен өмір сүрсек, ар-ұжданымыз да таза болады. Осылай етер болсақ өзімізді сыйлайтын боламыз және туыстарымыз, жарымыз, балаларымыз, өзге мәсіхші бауырластарымыз сияқты айналамыздағыларға сыйлы боламыз. Сондай-ақ, біздің жыныстық қатынасқа деген таза әрі дұрыс көзқарасымыз болады да, бұл некеде бақытты болуымызға себеп болады. Бір мәсіхші қыз былай деп жазды: “Құдай Сөзіндегі шындық — ең жақсы қорғаныш. Мен тұрмысқа шығатын уақытты күтіп жүрмін. Тұрмысқа шыққан кезімде мен мәсіхші күйеуіме арымды таза сақтағанымды мақтанышпен айта аламын”.
8. Біздің адал іс-әрекетіміз таза мінажатқа қалай қолғабыс болуы мүмкін?
8 Сонымен қатар, өнегелі істеріміздің арқасында шынайы мінажатқа байланысты бұрыс пікірлерді сейілтіп, адамдарды өзіміз мінажат ететін Құдайға тарта аламыз. Елші Петір: “Құдайға мойынсұнбайтын халықтар арасында адал өмір сүріңдер! Олар сендерді жамандық жасаушылар деп айыптайды. Алайда өз көздерімен көріп жүрген игі істеріңе бола, Тәңір бізді құтқаруға келген күні олар Оны мадақтайтын болады”,— деп жазды (1 Петір 2:12). Тіпті біздің өнегелі істерімізді Ехобаға қызмет етпейтіндер мойындап, құптамаса да, көктегі Әкеміздің көріп отырғанына, құптайтынына және тіпті оның басшылығын ұстану үшін күш салып жүргенімізге қуанатынына сенімді бола аламыз (Нақыл сөздер 27:11; Еврейлерге 4:13).
9. Неліктен себебін толық түсінбесек те, Құдайдың басшылығына сенім артуымыз керек? Мысал келтір.
9 Құдайға сену дегеніміз, оның кейбір басшылықты беру себебін толықтай түсінбесек те, оның біз үшін ненің жақсы екенін білетініне сенімді болуды да білдіреді. Мұсаның заңынан мысал қарастырып көрейік. Әскери қосқа байланысты ереженің бірі нәжісті қостың сыртына көміп тастау болатын (Заңды қайталау 23:13, 14). Сірә, исраилдіктер бұның себебін түсінбесе керек, кейбіреулер мұны қажеті жоқ нәрсе деп те ойласа керек. Бірақ кейінірек медицина бұл заңның су көздерін ластанудан сақтауға көмектесіп, шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа арқылы таралатын аурулардан қорғағанын түсінді. Сол іспетті, Құдайдың жыныстық қатынасты тек жар төсегімен шектеуінің де рухани, әлеуметтік, адамның ішкі жан дүниесіне байланысты, физиологиялық және психологиялық себептері бар. Киелі кітапта жазылған өнегелілік тазалықты сақтаған кейбір адамдардың мысалын қарастырайық.
Жүсіп өнегелілігі үшін батаға ие болды
10. Жүсіпті кімнің азғырғысы келді және ол қалай жауап берді?
10 Сендер, бәлкім, Киелі кітапта жазылған Жақыптың ұлы Жүсіптің үлгілі іс-әрекетімен таныс боларсыңдар. Ол 17 жасында Мысыр перғауынының сақшыларының басшысы Потифардың құлы болады. Жүсіпке Ехобаның батасы қонып, уақыт өте келе ол Потифардың бүкіл үйін басқарады. 20 жасқа келгенде Жүсіп “дене бітімі келісті келбетті” жігіт болады. Оған Потифардың әйелінің көңілі кетіп, азғырмақшы болады. Жүсіп онымен келіскені тек қожайынын сату ғана емес, “Құдайдың көз алдында күнә” екенін түсіндіріп, өзінің көзқарасын анық көрсетеді. Жүсіп неліктен осылай ойлады екен? (Жаратылыс 39:1—9).
11, 12. Азғындық жасауға немесе неке адалдығын бұзуға тыйым салу туралы жазба түрінде заң болмаса да, Жүсіптің ондай істерден аулақ болуына қандай себептер болды?
11 Жүсіп мұндай шешімді адамдардан қорыққаннан қабылдамаса керек. Оның отбасы алыста тұратын, ал әкесі болса оны өлдіге санайтын. Егер Жүсіп азғындық жасайтын болса, отбасы ол туралы ешқашан білмес еді. Кей кездері үйде болмайтын болғандықтан бұл күнәны Потифар мен оның қызметшілері де білмес еді (Жаратылыс 39:11). Бірақ, Жүсіп мұндай істі Құдайдан жасырып қалу мүмкін емес екенін білді.
12 Жүсіптің олай етуіне Ехоба туралы білімі себеп болса керек. Ехобаның Едем бағында: “Сондықтан еркек әке-шешесін тастап, әйеліне қосылады, сөйтіп екеуі біртұтас болады”,— деп жариялағанын оның білгені шүбәсыз (Жаратылыс 2:24). Сондай-ақ, Жүсіп өзінің үлкен әжесі Сараны азғырмақшы болған філістір патшасына Ехобаның не айтқанын білген болса керек. Ехоба ол патшаға: “Осы әйелдің кесірінен сен өлесің, себебі оның күйеуі бар... Сол себептен де, сені Маған қарсы күнә жасаудан сақтап, оған жақындатпадым”,— деген еді (Жаратылыс 20:3, 6). Осылайша, Ехобаның заңдары әлі жазба түрінде болмаса да, оның неке жайлы ойы анық еді. Өнегелілік туралы түсінігі мен Ехобаға жағуды қалағанының арқасында Жүсіп өнегесіз істен бас тартты.
13. Жүсіптің не себепті Потифардың әйелінен аулақ жүруге мүмкіндігі болмаған болса керек?
13 Бірақ, Потифардың әйелі “күн сайын қайта-қайта”мазалап, өзімен бірге жатуды өтінуін қоймады. Жүсіп неліктен жай ғана одан аулақ жүрмеді екен? Оның құл ретінде атқаратын міндеттері болды және ол бұл жағдайды еш өзгерте алмайтын еді. Археологиялық мәліметтерге қарағанда, Мысырдың үйлерінде қоймаға бару үшін үйдің негізгі бөлмесінен өту керек болған. Демек, Жүсіптің Потифардың әйелінен аулақ жүруіне мүмкіндік болмаған (Жаратылыс 39:10).
14. а) Жүсіп Потифардың әйелінен қашып кеткеннен соң не болды? ә) Адалдығы үшін Ехоба Жүсіпке қалай батасын берді?
14 Бір күні олар үйде жеке қалады. Потифардың әйелі Жүсіпті ұстай алып: “Жүр, бірге болайық”,— деп қоймайды. Ол болса қаша жөнеледі. Оның бас тартқанына қорланған әйел, оны мені зорламақшы болды деп айыптайды. Нәтижесінде не болды екен? Адалдығы үшін Ехоба оған сол заматта батасын төкті ме екен? Жоқ, Жүсіпті түрмеге жауып, аяғын кісендеп тастады (Жаратылыс 39:12—20; Забур 104:18). Ехоба әділетсіздікті көріп, ақыр аяғында Жүсіпті жоғары дәрежеге көтерді де, ол түрмеден шығып сарайда қызмет етті. Ол Мысырдағы екінші адам болды және жар сүйіп, балалы болды (Жаратылыс 41:14, 15, 39—45, 50—52). Және Құдайдың қызметшілері үстінен ой жүгіртуі үшін 3 500 жыл бұрын Жүсіптің адалдығы туралы хабар жазылып қалдырылды. Құдайдың заңдарын берік ұстанғаны үшін қандай керемет баталарға ие болған десеңші! Сол сияқты, біз де бүгін өнегелілік нормаларын ұстанғанымыздың пайдасын бірден көрмеуіміз мүмкін, бірақ біз Ехобаның көріп тұрғанына және уақытында батасын беретініне сенімді бола аламыз (2 Шежіре 16:9).
Аюптың ‘көздерімен бітім жасауы’
15. Аюп өзінің көздерімен қандай бітім жасады?
15 Адалдығын сақтаған тағы бір кісі Аюп болған. Шайтан жіберген сынақтың кезінде Аюп өзінің өткен өміріне шолу жасап, егер басқа да нәрселермен бірге Ехобаның жыныстық өнегеге байланысты принциптерін бұзған болсам, қатаң жазаны көтеруге дайын болар едім деп жария етті. Аюп былай деді: “Бойжеткендерге ойым кетпес үшін, мен көздеріммен бітім жасадым” (Аюп 31:1). Бұл сөздерімен Аюп Ехобаға деген адалдығын сақтау үшін тіпті әйелдерге тесіле қарамауға бел буғанын айтқысы келді. Әрине, ол күнделікті өмірінде әйелдерді көріп жүрген. Сондай-ақ ол қажет кезінде оларға көмектескен де болса керек. Бірақ оларға ойының кетуін Аюп бұрыс санаған. Сынақтар басталар алдында ол “бүкіл Шығыс ұлдарынан асып түскен әйгілі”, өте дәулетті адам болған (Аюп 1:3). Бірақ ол өзінің байлығын көп әйелдерді қызықтыру үшін қолданған жоқ. Оның жастау әйелдермен заңсыз жыныстық қатынасқа түсуді армандамағаны да анық.
16. а) Аюп неліктен некедегі мәсіхшілер үшін керемет үлгі болып табылады? ә) Малахияның күндеріндегі адамдардың іс-әрекетінің Аюптың іс-әрекетінен қандай өзгешілігі болды, ал бүгінгі күн туралы не айтуға болады?
16 Осылайша, тыныш уақытта да, қиын уақыттарда да Аюп өнегелілік тазалықты сақтаған. Ехоба мұның бәрін көрді және оған молынан батасын берді (Аюп 1:10; 42:12). Некеде тұрған мәсіхші ерлер мен әйелдер үшін Аюп қандай керемет үлгі қалдырған десеңші! Ехобаның оны өте жақсы көргені таңғаларлық емес! Керісінше, бүгінгі күні көп адамдардың іс-әрекеті Малахияның күндерінде болған жағдайға көбірек ұқсас. Пайғамбар көбінесе жастау әйелдерге үйлену үшін өз әйелдерін тастап кетіп жатқан күйеулерді ашық сынады. Ехобаға құрбандық шалатын орын күйеуі тастап кеткен әйелдердің көз жастарына толды да, Құдай осылайша әйеліне ‘опасыздық жасағандарды’ айыптады (Малахия 2:13—16).
Пәк жас әйел
17. Суламита қай жағынан ‘бекітулі баққа’ ұқсас болды?
17 Адалдығын сақтаған үшінші адам Суламита атты қыз болатын. Өзі жас, өзі сұлу Суламитаға тек шопан жігіт қана емес, Исраилдің дәулетті патшасы Сүлеймен де ғашық болып қалады. Сүлеймен жазған Өлеңдердің өлеңіндегі керемет әңгімеде айтылған Суламита өзінің адалдығын сақтайды және сонысымен айналасындағылардың құрметіне бөленеді. Ол қыздың жүрегін жаулап ала алмаса да, Сүлеймен Құдайдың рухының жетелеуімен ол туралы әңгімені жазып қалдырды. Өзі сүйген шопан жігіт те оны пәктігі үшін құрметтеген. Бір жолы ол Суламитаны ‘бекітулі баққа’ теңеді (Өлеңдердің өлеңі 4:12). Ежелгі Исраилдің әдемі бақтарында керемет әр түрлі көкөністер, хош иісті гүлдер және биік талдар болатын. Мұндай бақтарды әдетте шарбақпен немесе дуалмен қоршап қоятын да, оған құлыптаулы тұратын қақпа арқылы ғана кіруге болатын (Ишая 5:5). Шопан жігітке Суламитаның өнегелілік тазалығы мен сүйкімділігі осындай ерекше әдемі бақтай болды. Оның ары таза болған. Ол өзінің нәзік сезімін тек болашақ күйеуіне ғана сыйлар еді.
18. Жүсіп, Аюп және Суламита туралы мәліметтер біздің есімізге нені салады?
18 Суламита өнегелілік тазалығымен бүгінгі күнгі мәсіхші әйелдерге керемет үлгі қалдырды. Ехоба Суламита қыздың өнегелілігін көріп, жоғары бағалады да, Жүсіп пен Аюпқа бергендей, оған да батасын берді. Және біз басшылыққа алуымыз үшін, олардың өнегелі әрекеттері Құдай Сөзінде жазылып қалдырылды. Біздің бүгінгі өнегелілігімізді сақтауға тырысқанымыз Киелі кітапқа жазылмағанымен, Ехобаның өзінің еркін орындағандарға арналған “естелік кітабы” бар. Ехобаның ‘зейін қойып’ отырғанын және біздің шын берілгендікпен өнегелілік тазалықты сақтауға тырысқанымызға қуанатынын ешқашан ұмытпайық (Малахия 3:16).
19. а) Өнегелілік тазалыққа деген көзқарасымыз қандай болу керек? ә) Келесі мақалада не талқыланады?
19 Сенбейтіндер бізді келемеждеуі мүмкін болса да, сүйіспеншілікке толы Жаратушымызға мойынсұнатынымызға қуаныштымыз. Біз жоғары нормаларды — Құдайдың нормаларын — ұстанамыз. Біз бұны мақтан тұтып, бағалай білуіміз керек. Өнегелілік тазалығымызды сақтап, біз Құдайдың баталарына қуана аламыз және болашақтағы сарқылмас керемет баталарға үміттене аламыз. Бірақ өнегелілік тазалықты іс жүзінде қалай сақтауға болады? Келесі мақалада осы маңызды сұрақ талқыланады.
[Сілтемелер]
a “Күзет мұнарасының” 1984 жылғы 1 желтоқсандағы нөмірін қара, 20—23 беттер, (ор.).
b Өкінішке орай, кінәсыз мәсіхші Құдайдың басшылығын ұстанбайтын мәсіхші емес жұбайынан жыныстық қатынас арқылы берілетін ауруды жұқтырып алатын жағдайлар болып тұрады.
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Киелі кітап жыныстық қатынасқа байланысты нені үйретеді?
• Киелі кітапқа сәйкес, “азғындық” сөзі нені білдіреді?
• Өнегелілік тазалықты сақтаудың қандай пайдасы бар?
• Жүсіп, Аюп, Суламиталар неліктен бүгінгі мәсіхшілер үшін керемет үлгі болып табылады?
[21-беттегі сурет]
Жүсіп өнегесіздіктен қашты
[22-беттегі сурет]
Суламита ‘бекітулі бақтай’ болды
[23-беттегі сурет]
Аюп өзінің “көздерімен бітім жасады”