Күте біліңдер!
“Құтқарушы Құдайымды күтетін боламын. Құдайым мені естиді” (МИКА 7:7, ЖД).
1, 2. а) Исраилдіктер шөл далада болған кездерінде дұрыс ойламағандықтан қандай зиян шекті? ә) Дұрыс ойлауды үйренбеген мәсіхшімен не болуы мүмкін?
ОЙ БАҒЫТЫМЫЗҒА байланысты өмірдегі көп нәрсе туралы ойымыз жақсы не жаман болуы мүмкін. Исраилдіктер шөл далада болған кездерінде, керемет арқылы маннамен қамтамасыз етілді. Олар тіршіліктің белгісі жоқ айналаға қарап, тағаммен қамтамасыз еткені үшін Ехобаға терең ризашылық сезінулері керек еді. Бұл олардың ойының дұрыстығын көрсетер еді. Оның орнына, олар Мысырдағы әр алуан тағамды естеріне алып, манна дәмді емес деп наразылық білдірді. Олардың ой бағыты қаншалықты бұрыс болған десеңші! (Санақ 11:4—6).
2 Ой бағытына байланысты бүгінгі күнгі мәсіхшілер де әр нәрсеге қуанышпен немесе жақтырмай қарауы мүмкін. Ойы дұрыс болмаса, мәсіхші қуанышын оңай жоғалтып алады, ал бұл — қауіпті, өйткені Нехемия былай деген болатын: “Тәңірдің алдындағы қуаныш сендерге күш береді” (Нехемия 8:10). Дұрыс ойлай білгеніміз және қуанышымызды жоғалтпағанымыз рухани күшті болып қалуымызға көмектеседі және қауымдағы татулық пен бірлікке септігін тигізеді (Римдіктерге 15:13; Філіпіліктерге 1:25).
3. Ой бағытының дұрыс болғаны Еремияға қиын уақытта қалай көмектесті?
3 Қиын уақытта өмір сүргеніне қарамастан, Еремия дұрыс ойлай білген. Тіпті б. з. б. 607 жылы Иерусалимнің күйреуіне байланысты сұмдық апатты басынан кешсе де, ол жаман жағын ғана көрген жоқ. Ехоба исраилдіктерді ұмытпайтын еді және халық түгел жойылып кетпейтін еді. Еремияның зары кітабында Еремия былай деп жазды: “Тәңірдің қайырымдылығының арқасында жойылып кетпедік, өйткені Оның қайырымдылығы таусылған жоқ. Ол таң атқан сайын жаңарып тұрады; Сен шексіз берілгенсің!” (Еремияның зары 3:22, 23). Тарих бойында Құдайдың қызметшілері өте қиын жағдайларда дұрыс ойлай білген, тіпті қуаныштарын да жоғалтпауға тырысқан (2 Қорынттықтарға 7:4; 1 Салониқалықтарға 1:6; Жақып 1:2).
4. Иса қандай ой бағытын сақтады және ол оған қалай көмектесті?
4 Еремиядан кейін 600 жыл өткен соң, Исаның дұрыс ойлай білгені оның төзімді болуына көмектесті. Біз былай деп оқимыз: “Алдында күтіп тұрған қуаныш үшін ол, масқаралықты елең қылмай, азап бағанасында қажырлылық танытты, сөйтіп Құдайдың тағының оң жағына отырды” (Еврейлерге 12:2, ЖД). Қандай қарсылыққа немесе қуғынға ұшырамасын — тіпті азап бағанасында қиналған кезінде де — Иса ‘алдында күтіп тұрған қуанышты’ есінен шығармады. Ол қуаныш — Ехобаның Әлемнің Әміршісі екендігін дәлелдеп, оның есімін киелі етуге және де болашақта тілалғыш адам баласына молынан бата төгуге деген үміті еді.
Күтуді үйреніңдер
5. Күте білгеніміз қандай жағдайда әр нәрсеге дұрыс көзқараспен қарауымызға көмектеседі?
5 Егер Иса сияқты ой қалпын дамытар болсақ, тіпті кейбір нәрселер біз күткен уақытта және біз қалағандай болмаса да, Ехобаның алдындағы қуанышымызды жоғалтпаймыз. Мика пайғамбар былай деген: “Құтқарушы Құдайымды күтетін боламын” (Мика 7:7, ЖД; Еремияның зары 3:21). Біз де күте білетінімізді көрсете аламыз. Қалай? Оның бірнеше жолы бар. Біріншіден, біз билік берілген бауырласымыз дұрыс істемеді, тез арада жағдайды жөндеу керек деп ойлауымыз мүмкін. Егер күте білетін болсақ, өзімізге келесі сұрақтарды қоюымызға болады: шынымен ол дұрыс істемеді ме екен, әлде мен қателестім бе? Егер ол қателескен болса, Ехоба оның жөнделетінін және бірден шара қолданудың қажет емес екенін біліп, істің солай болуына жол бермеді ме екен?
6. Күте білгені әркімге өзінің қиыншылықтарымен күресуіне қалай көмектеседі?
6 Жеке басымыздың қиыншылықтары мазалап жүрсе, немесе өзіміздің әлсіздігімізбен күресіп жүрсек, күте білуіміз қажет. Ехобадан көмек сұрасақ та проблема шешілмей жатыр делік. Бұл жағдайда ше? Ол проблеманы шешу үшін қолымыздан келгенін істей беруіміз керек және Исаның: “Сұраңдар, сонда Құдай өздеріңе береді; іздеңдер, сонда табасыңдар; есікті қағыңдар, сонда сендерге ашылады деймін”,— деген сөздеріне сенім артуымыз керек (Лұқа 11:9). Үздіксіз дұға етіп, Ехобаны күт. Қолайлы уақытта және өзі қалаған жолмен Ехоба сенің дұғаларыңа жауап береді (1 Салониқалықтарға 5:17).
7. Күте білгеніміз уақыт өткен сайын анықталып отырған Киелі кітапқа негізделген түсінікке байланысты көзқарасымыздың дұрыс болуына қалай көмектеседі?
7 Киелі кітаптағы пайғамбарлықтар орындалған сайын, біз Жазбаларды айқынырақ түсінудеміз. Бірақ, кейде кейбір нәрселердің анық түсіндірмесі кешігіп жатыр деп ойлауымыз мүмкін. Егер ол біз күткен уақытта ашылмаса, күтуге дайынбыз ба? Ехобаның “Мәсіх іске асыратын құпия жоспарды” шамамен 4000 жыл бойы біртіндеп ашқанды жөн көргенін ұмытпаңдар (Ефестіктерге 3:3—6). Сондықтан біздің шыдамсыздық танытуымызға қандай да бір себеп бар ма екен? ‘Адал және ақылды қызметшінің’ Ехобаның халқына “ас-суын уақытында” беруге тағайындалғанына күмәнымыз бар ма? (Матай 24:45). Барлығын толық түсінбегенімізге бола, неліктен өзімізді Құдай сыйлаған қуаныштан айыруымыз керек? Өзінің “сырын” қашан және қалай ашатынын Ехобаның өзі шешетінін ұмытпайық (Амос 3:7).
8. Ехобаның төзімділігінің көпшілік үшін пайдалы екендігінің қандай дәлелі бар?
8 Кейбіреулер көп жылдар бойы адал қызмет етіп, ‘Ехобаның ұлы да, қорқынышты күнін’ көрмейміз бе деп ойлап, сары уайымға салынуы мүмкін (Жоел 2:30, 31). Бірақ олар бұл жайдың жақсы жақтарына көңіл бұратын болса, жігер алуларына болады. Петір мынадай кеңес берген: “Иеміздің төзімділігін құтқарылудың мүмкіндігі деп санаңдар” (2 Петір 3:15). Ехобаның төзімділігінің арқасында өзге де миллиондаған адамдар шындықты білді. Бұл керемет емес пе? Ехоба ұзағырақ төзген сайын біздің де ‘құтқарылуымызға сай іс-әрекет жасап, соны толығымен жүзеге асыруға ұмтылуға; Құдайды терең қастерлеп, Оған ұнамайтын нәрселерден қатты жиіркене’ білуге көбірек уақытымыз бар (Філіпіліктерге 2:12; 2 Петір 3:11, 12).
9. Ехобаға қызмет етуде мүмкіншіліктеріміз шектеулі болған жағдайда күте білгеніміз бұл жағдайға төзе білуімізге қалай көмектеседі?
9 Күте білгеніміз қарсылық, ауру, кәрілік немесе басқа да қиыншылықтар Ехобаға қызметімізде кедергі болған кезде сары уайымға салынбауымызға көмектеседі. Ехоба бізден шын көңілімізбен қызмет еткенімізді күтеді (Римдіктерге 12:1). Бірақ ‘бишара мен кедейді аяйтын’ Құдай Ұлы бізден шамамыздан тыс нәрсе талап етпейді; Ехоба да шамадан тыс талап етпейді (Забур 71:13). Сондықтан біз — осы дүниеде немесе келе жатқан жаңа дүниеде — жағдайымыздың өзгеруін төзімділікпен күтіп, қолымыздан келгенін істеуге шақырылудамыз. Естеріңде болсын, “Оның атына бола, сендердің қасиеттілерге ертеде де, қазір де қызмет етіп істеген сүйіспеншілікке толы еңбектерің мен істеріңді ұмытатындай, Құдай әділетсіз емес” (Еврейлерге 6:10).
10. Әлдекімнің күте білгені Құдайға ұнамайтын қандай мінезден аулақ болуына көмектесе алады? Түсіндір.
10 Сонымен қатар, күтуге дайын болғанымыз менмендіктен аулақ болуымызға көмектеседі. Шындық жолдан тайып кеткен кейбіреулердің күткісі келмеген еді. Олардың Киелі кітапқа берілген түсіндірмені немесе ұйымдастыру істерін өзгерту керек деп ойлаулары мүмкін. Иә, олар Ехобаның адал және ақылды қызметші арқылы өзгерістерді біз ойлаған уақытта емес, Өзі белгілеген уақытта істейтінін мойындамады. Және барлық өзгерістер біздің емес, Ехобаның еркіне сай болуы керек. Шындық жолдан тайғандар менмендік қасиеттің өздерінің дұрыс ойын бұзып, бұрыс қадам жасатуына жол берді. Егер оларда Мәсіхтің ой қалпы болғанда, қуаныштарын жоғалтпай, Ехобаның халқының арасында қалған болар еді (Філіпіліктерге 2:5—8).
11. Кімге еліктеп, күтуге кеткен уақытты пайдалы жұмсай аламыз?
11 Әрине, күте білгеніміз жалқау болу немесе уақытты бос өткізу дегенді білдірмейді. Біздің істейтін нәрсеміз жоқ емес. Мысалы, біз Киелі кітапты жеке мұқият зерттеп, адал пайғамбарлар, тіпті періштелер сияқты, рухани нәрселерге деген аса қызығушылық көрсетуіміз керек. Бұл жайлы Петір былай деген: “Пайғамбарлардың ізденістері мен зерттеулері осы құтқарылуға қатысты... оған періштелер де қызығып, түсінуге ұмтылады” (1 Петір 1:10—12). Тек қана жеке оқып білу емес, сонымен қатар қауым кездесулеріне үнемі қатысып, дұға айту да қажет (Жақып 4:8). Рухани тағамды жүйелі түрде қабылдауы және бауырлас мәсіхшілермен тығыз қарым-қатынаста болуы арқылы өзінің рухани мұқтаждықтарын сезінетін адамдар Исаның ой қалпына ие екендіктерін танытады (Матай 5:3).
Өмір шындығына сай көзқарас
12. а) Адам мен Хауа кімге тәуелсіз болғысы келді? ә) Адамдардың Адам ата мен Хауа анаға еліктеуінің нәтижесі қандай болды?
12 Құдай алғашқы адам жұбын жаратқан кезде, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін шешу құқын өзіне қалдырды (Жаратылыс 2:16, 17). Адам мен Хауа Құдайдан тәуелсіз болғысы келді, ал оның бүкіл дүниедегі өмірге қалай әсер еткенін біз бүгін айналамызды қоршаған ортадан көріп отырмыз. Елші Пауыл былай деген: “Бір адам арқылы дүниеге күнә, ал күнә арқылы өлім келді. Адамдардың бәрі де ажалды болды, өйткені барлығы күнә жасады” (Римдіктерге 5:12). Адам ата өмір сүрген уақыттан бастап адамзаттың алты мың жыл тарихы Еремияның сөздерінің рас екенін көрсетеді: “Тәңірім, адамның жолы өз еркінде емес екенін, өзінің қадамына бағыт беру жүрушінің билігінде емес екенін білемін” (Еремия 10:23). Еремияның сөздерінің рас екендігін мойындау — пессимист болу деген сөз емес. Бұл, керісінше, көзқарастың өмір шындығына сай екендігін білдіреді. Пайғамбардың сөздері ғасырлар бойы ’адам адамның үстінен оған зиян келтіріп билік етуінің’ себебі адамдардың Құдайдан тәуелсіз басқарып жатқандығында екенін түсіндіреді (Екклесиаст 8:9).
13. Адамзаттың мүмкіндіктеріне байланысты Ехоба Куәгерлері қандай өмір шындығына сай көзқарас танытады?
13 Адамзаттың жағдайын ескеріп, Ехоба Куәгерлері осы дүниенің жетістікке жету мүмкіндігінің шектеулі екенін анық түсінеді. Ой бағытымыздың дұрыс болғаны қуанышымызды жоғалтпауға көмектеседі, бірақ қиыншылықтың бәрін шешпейді. 1950 жылдардың басында американдық бір діни қызметкер “Жақсы нәрселерді ойлай білудің күші” («The Power of Positive Thinking») деп аталатын көпшілікке танымал кітабын басып шығарды. Бұл кітапта, егер ой бағытымыз дұрыс болса, ең үлкен кедергілерді жеңіп шығуға болатыны айтылған. Дұрыс ойлай білгеннің керемет екендігі анық. Дегенмен білім, шеберлік, қаражат және көптеген басқа да факторлар әрқайсымыздың не істей алатынымызға әсер ететінін тәжірибе көрсетіп отыр. Сондай-ақ тек дұрыс ойлай білу арқылы адамзат дүниежүзілік проблемаларды нәтижелі түрде шеше алмайды, өйткені олар тым күрделі!
14. Ехоба Куәгерлері жаман жағына көңіл бөлгіш деуге бола ма? Түсіндір.
14 Мұндай нәрселерге деген дұрыс көзқарасы үшін, кейде Ехоба Куәгерлерін жаман жағына көңіл бөлгіш деп кінәлап жатады. Шын мәнінде, олар адамдарға адамзаттың өмірін біржолата жақсарта алатын жалғыз тұлға жайлы айтуға талпынады. Осылай ете отырып, олар Мәсіхтің ой қалпына еліктейді (Римдіктерге 15:2). Және олар адамдарға Құдаймен жақсы қарым-қатынас дамытуға көмектесуде. Ақырында, бұның шексіз игілікке жеткізетінін олар біледі (Матай 28:19, 20; 1 Тімотеге 4:16).
15. Ехоба Куәгерлері атқарып жүрген іс қалай адамдарды жақсы жаққа өзгертуде?
15 Ехоба Куәгерлері айналасындағы болып жатқан әлеуметтік проблемаларды — әсіресе Киелі кітап қолдамайтын әдеттерді — назардан тыс қалдырмайды. Шындықты білуге қызығатын адам Ехоба Куәгері болмас бұрын өмірін өзгертеді; көбінесе олардың Құдайға ұнамайтын жаман қылықтарымен күресуіне тура келеді (1 Қорынттықтарға 6:9—11). Осылайша Ехоба Куәгерлері жүрегі ізгі адамдардың маскүнемдікті, нашақорлықты, азғындық жолды және құмар ойынды тастауларына көмектесті. Осылай өмір жолын өзгерткен адамдар отбасын адал жолмен қамтамасыз етуге әрі оған жауапкершілікпен қарауға үйренді (1 Тімотеге 5:8). Жеке адамдарға және отбасыларына осындай көмек көрсетілген кезде, нашақорлық пен отбасындағы зорлық, т. с. с. қоғамның проблемалары азаяды. Заңды ұстанатын азамат болуларымен және өзгелерге өмірлерін жақсы жаққа өзгертуге көмектесулерімен Ехоба Куәгерлері әлеуметтік проблемалармен айналысатын әкімшілік агенттіктерінің ауыртпалығын азайтады.
16. Ехоба Куәгерлері неліктен адамзаттың жағдайын жақсартуға бағытталған осы дүниелік қозғалыстарға араласпайды?
16 Сонымен, Ехоба Куәгерлері адамдардың моральдық ахуалын өзгертті ме екен? Иә, өткен онжылдықта белсенді Куәгерлердің саны, біразы кем 3 800 000-нан 6 000 000-ға жуық адамға өсті. Демек, 2 200 000 адамға өскен, ал олардың көбісі мәсіхші болу үшін жаман қылықтарынан арылды. Қаншама көп адамның өмірі өзгерген десеңші! Сөйткенмен де, бұл сан сол уақыт аралығындағы дүние жүзінің тұрғындарының 875 000 000 адамға өскен санымен салыстырғанда өте аз! Ехоба Куәгерлері бүкіл адамзаттың ішінде өмір жолына түсетін адамдардың саны аз болатынын түсінгенмен, шындықты тыңдағысы келген адамдарға көмектесіп, қуанышқа бөленуде (Матай 7:13, 14). Куәгерлер тек қана Құдай жүзеге асыратын бүкіл дүние жүзі бойынша болатын жақсы өзгерістерді күтуде. Ал жақсы ниетпен басталатын, бірақ көңіл қалдыратын тіпті зорлық-зомбылықпен бітетін осы дүниелік қозғалыстарға қатыспайды (2 Петір 3:13).
17. Иса айналасындағыларға көмектесу үшін нені істеп, нені істеген жоқ?
17 Осылай етуімен Ехоба Куәгерлері Ехобаға деген сенімдерін көрсетеді. Жерде болған кезінде Иса да осындай сенім танытқан еді. Ертеректе, бірінші ғасырда, Иса кереметтер жасап, ауруларды емдеді (Лұқа 6:17—19). Ол тіпті өлгендерді де қайта тірілткен (Лұқа 7:11—15; 8:49—56). Бірақ аурудан келетін қиындықтарды ол мүлдем жойған жоқ, адамның жауы — өлімді де толық құртқан жоқ. Ол Құдайдың белгілеген уақытының әлі келмегенін білді. Кемелді адам ретінде көп мүмкіндіктері болған Иса саяси және әлеуметтік күрделі қиыншылықтарды шешу үшін көп нәрселер істей алатын болған болса керек. Оның замандастарының кейбіреулері Исаның билікті қолына алып, қиыншылықтарды шешу үшін әрекет еткенін қаласа керек, бірақ ол одан бас тартты. Біз мынаны оқимыз: “Адамдар Иса жасаған осы кереметті көргенде: — Дүниеге келуге тиіс Пайғамбар — шынымен Осы! — деді. Олар Өзін патша ету үшін келіп, қапысызда ұстап алмақшы болғанын біліп, Иса тағы да жалғыз Өзі тауға кетіп қалды” (Жохан 6:14, 15).
18. а) Иса қалай әрқашан күтуге дайын екендігін көрсетті? ә) 1914 жылдан бастап Исаның жағдайы қалай өзгерді?
18 Иса саяси және таза әлеуметтік салада жұмыс істеуден бас тартты, өйткені ол патшалық билікті қолына алатын және барлық жердегі барлық адамдарды айықтыру үшін әрекет ететін уақытының әлі келмегенін білді. Тіпті өлмейтін рухани денеге ие болып аспанға көтерілген соң да, ол әрекет етпес бұрын Ехоба белгілеген уақытты даярлықпен күтті (Забур 109:1; Елшілердің істері 2:34, 35). Алайда, 1914 жылы Құдай Патшалығының тағына отырғаннан бері ол “жеңімпаз ретінде жеңіске жету үшін” әрекет етуде (Аян 6:2; 12:10). Өздерін христианбыз деп атап жүрген басқа адамдар Киелі кітаптың Патшалыққа қатысты ілімдерін білуден бас тартып жүрген уақытта, біз Исаның патшалық билігіне бағынып жүргенімізге қаншалықты қуаныштымыз десеңші!
Күту көңіл қалдыра ма, әлде қуаныштың қайнар көзі ме?
19. Күту қандай жағдайда ‘жүректі сыздатады’, ал қандай жағдайда ол қуанышқа бөлейді?
19 Сүлеймен күтудің көңіл қалдыруы мүмкін екенін білген. Ол былай деп жазды: “Ұзақ күткізген үміт жүрегіңді сыздатады, ал орындалған тілек өмір ағашы секілді” (Нақыл сөздер 13:12). Әрине, негізсіз нәрсені күту көңіл қалдырып, жүректі сыздатады. Бірақ, қуанышты оқиғаны күту — мүмкін үйлену тойын, балалы болуды немесе сүйген адамыңмен кездесуді күту болар — ол оқиға орындалмастан көп уақыт бұрын қуанышқа бөлейді. Ал егер болатын оқиғаға дайындалып, күтетін уакытты ақылдылықпен пайдаланатын болсақ, қуанышымыз ұлғая түседі.
20. а) Қандай керемет оқиғаларды сеніммен күтудеміз? ә) Құдайдың уәделерінің орындалуын күте отырып, қалай қуанышты бола аламыз?
20 Күткен нәрсеміздің орындалатынына толық сенімді болсақ, тіпті олардың қашан орындалатынын білмесек те, күтетін кезең ‘жүректі сыздатпауы керек’. Құдайдың адал қызметшілері Мәсіхтің Мың жылдық Патшалығының орнайтын уақыты жақын екенін біледі. Олар өлім мен аурудың жойылатынын көретіндеріне сенімді. Олар өздерінің сүйіктілерімен бірге миллиондаған қайта тірілген адамдарды қарсы алатын уақытты асыға, қуана күтуде (Аян 20:1—3, 6; 21:3, 4). Экологиялық дағдарыстың уақытында олар жерде сөзсіз орнайтын жұмақты ойлап қуануда (Ишая 35:1, 2, 7). Сондықтан да, күткен кездегі уақытты дұрыс жұмсап, ‘Иеміздің ісін әрдайым молынан істеген’ қаншалықты ақылдылық болған болар еді десеңші! (1 Қорынттықтарға 15:58). Әрқашан рухани тамақтанып отырыңдар. Ехобамен қарым-қатынастарыңды нығайта түсіңдер. Жүректері Ехобаға қызмет етуді қалайтын өзгелерді іздеңдер. Бір сенімдегілерді жігерлендіріңдер. Ехоба беріп отырған уақытты ең пайдалы нәрсеге жұмсаңдар. Сонда Ехобаны күту ешқашан ‘жүрегіңді сыздатпайды’. Керісінше, сендерді қуанышқа бөлейтін болады!
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Иса күте білгендігін қалай көрсетті?
• Қандай жағдайларда мәсіхшілердің күте білуі керек?
• Неліктен Ехоба Куәгерлері Ехобаны күтуге дайын?
• Ехобаны күтуді қалай қуаныштың қайнар көзі етуге болады?
[24-беттегі суреттер]
Иса алдында күтіп тұрған қуаныш үшін төзімділік танытты.
[25-беттегі сурет]
Көп жылдар қызмет еткен соң да қуанышымызды сақтауымызға болады.